Домбыра үні күмбірлеп…
06.07.2018
2286
0

Қазақстан халқы шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өтетін болды. Биыл бұл мереке бірінші шілдеге сәйкес келді.

Осы күні Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен Астана және Алматы қалаларында домбыра күніне орай халыққа арналған мерекелік шара өтті. Астана қаласының «Қазақ Елі» монументі ескерткішінің алдында екі мың адам бір мезгілде «Көңіл ашар», «Адай», «Балбы­рауын», «Ерке Сылқым» және «Сарыарқа» сынды танымал күйлерді орындады. Домбыраның қоңыр үнін әуелеткен азаматтардың арасында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Қазақстан­ның Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, дирижер Арман Жүлдебаев, қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал музыканттар қатысты.
Сахнада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар Сазы» фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрі, Астана қаласы ұлттық аспаптар Мемлекеттік академиялық оркестрінің әртістері өнер көрсетті.
Мереке аясында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы домбырамен күй шертіп, ұлттық аспапты үйренушілерге шеберлік сағатын өткізді. Министр домбыра аспабының қазақ халқының өміріндегі ерек ролі туралы айта келе:
«Барша қазақстан­дықтарды осынау қасиетті мереке – Ұлттық домбыра күнімен» құттықтаймын. Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, қазақтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізген сенімді серігі. Ұрпақтан-ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, Ұлы Даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда жыл сайын домбыра күнін атап өту туралы шешіміне шын жүректен қуаныштымын. Бүгін осы мерекені атап өту үшін үлкен-кіші қалаларда қасиетті домбыраны қолына алған халық әр алаңды күймен көмкерді. Астананың өзінде 2000 домбырашы бір мезгілде бірнеше шығарма орындаған таңғажайып мерекені Елбасының өзі де тамашалады. Жылдар өте бүкіл қазақ халқы осы мерекеге домбыра ұстап шығып, шаттық күйін шертеді деп сенемін!», – деп мәлімдеді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір