Әлемдік үрдістегі сирек құбылыс
06.07.2018
1135
0

Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры


Жалпы адамзат тарихында мемлекеттің астана ауыс­тыруы адамды таңқалдыра­тындай оғаш оқиға емес. XVIII ғасырдан бері 69 ел өзінің астанасын бірнеше рет ауыстырғаны белгілі. Олардың ішінде АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Франция, Қытай сияқты бүгінгі күні жоғары деңгейде дамыған елдер де бар.
Әрине, әрбір елдің астана ауыстыруының өзіндік себеп­тері бар. Аса қуатты мемлекет АҚШ бір кезде Англияның Солтүстік Амери­кадағы отарларының тәуел­сіздік жолындағы күрес­те жеңіске жетуі нәтижесінде құрылған болатын. Сол күрестің кезінде астананы қайта-қайта ауыстыруға тура келді. Ақыры жаңа, тәуелсіз мемлекет құрылғаннан кейін бірқатар қалалар астана болу мәрте­бесіне өздерін лайықты санап, бақталаса бастады. Осындай жағдайда АҚШ парламенті жаңадан ғана біріккен штаттардың барлы­ғының көңілін табу үшін олардың барлығына бірдей қашықтықта жатқан жерде жаңа қала салуды ұйғарды. Осылайша 1790 жылы Вашингтон қаласының негізі салынды, қаланың атауы бірінші американ Президенті Джордж Вашингтонның құрметіне қойылды, ал астана тұрған штатқа Америка құрлығын ашқан Христофор Колумбтың құрметіне Колумбия деген ат берді. 1800 жылы Конгресс және барлық мемлекеттік мекемелер Фила­дельфиядан Вашинг­тон­ға көшіп келді. Канаданың астанасының ауысуы да оның өткен шақтағы отарлық тарихына байланысты еді. Елдің бұрын ағылшын отарлары болған бөлігінің бас қаласы Торонто мен француз отарлары болған бөлігінің бас қаласы Монреальдің арасын­дағы астана мәрте­бесіне талас келісімпаздық жолмен шеші­ліп, екі жақтың шекарасында орналасқан шағын қала Оттава астана болып жария­ланды.
Қазақстан астанасының қайта-қайта ауысуы да осын­дай өткен шақтағы мемлекет­тілігінің қалыптасу тарихына байланысты. Кеңестік кезеңде астана үш қаланың бірінен біріне ауысты, қазақ елінің бас қаласы әуелі Орын­бор болды, одан кейін Қызыл­ор­да мен Алматыға көшті. Бұл ауысулар Қазақс­тан­ның мемлекеттік егемен­дігінің жоқтығынан еді. Кеңес Одағының құрамын­дағы республи­калардың шека­ралары қозғалмалы болды, Орынбор басқа рес­публиканың жеріне қосылды да, астана тым шағын қала Қызылордаға, одан кейін Кеңес-Қытай шекарасында тұрған Алматы­а көшірілді. Бірінші көшіруде болашақ астана болатын қаланың тиімді инфрақұры­лымының болу қажеттілігі және жылдам өсу мүмкінші­ліктері ескеріл­месе, екінші көшіруде астананың мемле­кет­тік қауіпсіздіктің талап­тарына сай келу талабы ескерілген жоқ. Бұл, әрине, Қазақстан­ның бодан ел екенінің сал­дары еді.
Кеңес Одағының құра­мын­дағы Қазақстан дербес сыртқы саясат жүргізе алмайтын, тікелей қорғаныс стратегиясы да жасалмаған. Бодан ел халықаралық маңы­зы зор мұндай мәсе­лелер
үш бас та қатырып жат­пай­тын. Ал тәуелсіз мемлекет үшін бас қаланың жалпы ел террито­риясының гео­гра­фиялық орталығы болуы, демек шекаралардан алы­сырақта орналасуы айрықша қажетті шарт болып табы­лады. Осы шарттарға Астана қаласы әбден сәйкес келді. Тура осыған ұқсас оқиға Латын Америкасының үлкен елдерінің бірі Бразилияда болғаны белгілі. Мемлекет астанасының елдің шекарала­рынан алыс жерде болу шартымен Бразилия астана­сын жағалауда тұрған Рио-де-Жанейродан елдің халық сирек қоныстанған ішкергі өңірінде 1957-1960 жылдары арнайы салынған Бразилия қаласына ауыстырды. Пакистанның астанасын Кара­чиден Исламабадқа көшіруінің себептерінің бірі жақын көршісімен қарым-қатынастарының үнемі шиеленіс жағдайда болуына орай бас қаланы кауіпті ше­кара­лардан алысырақ әкету мақсаты болғанын байқай­мыз.
Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласының шағын қала Астанаға көшірілуі мен Бразилия астанасының жаңа ғана салына бастаған қалаға ауысуының ұқсастығы осы екі қаланың елдің шекара­лары­нан алыс болуымен ғана шектелмейді. Бұл қалалар астананың қала ретінде кеңею, өсу мүмкіндігінің мол екендігіне де сәйкес келеді. Алғашында Бразилия қаласы шамамен 500 мың халық тұратын астана болады деп жоспарланған еді. Ал бүгінгі күні бұл қалада 2 миллионнан астам халық өмір сүріп жа­тыр. Қазақстанның астанасы болған кезде ол елдімекенде 300 мыңдай тұрғын болса, биылғы жылы тұрғындар саны 1 миллионнан асты.
Бұрын орасан үлкен территориясы мен мол табиғи байлығы бар Орталық және Солтүстік Қазақстан аймағы астана болып отырған Алматыға қатысты алғанда периферия болып саналатын. Тың жерлерді игеру де бұл аймақтың табиғи даму үдерісін бұзып жіберді. Бұл осы аймақта урбанизация үдерісінің табиғи түрде, яғни, жергілікті халықтың қалаға ауысуы емес, басқа батыс кеңестік республикалар тұрғын­дарының ағылып келуі түрінде жүрді. Ұлттық эконо­мика тұрғысынан қарағанда астананы ауыстыру қаржы ағымдарының бағыт­тарын өзгертуге мүмкіндік берді. Бұл жас Астананың өсу перспек­тиваларын күшейту­мен қатар осы аймақтағы миграциялық үдерісте де түбірлі өзгерістер туғызды. Бас қаланың Астанаға ауысуы Орталық Қазақстанның енді өнеркәсіп орталығы ғана емес, іскерлік пен қаржылық ұясы болуына да жағдай туғызды. Тап осындай өзгерістерді Бразилияның жаңа астанасынан да көреміз. Бірнеше жылда ғана негізі қаланған Бразилиа қаласы 70-ші жылдарда кәсіпкерлік орталығына айналды, ол бүгінде елдің ұлттық жиын­тық өнімінің 3,5 пайызын береді.
Бүгінгі таңда астанасы орналасқан аймағында халық­тың тым тығыз қоныс­та­нуы, астананың экология­лық жағдайының күннен күнге нашарлай беруі, оның табиғи апаттар жиі болатын жерде орналасуы сияқты мәселелер мазасыздық туғы­зып отырған мемлекеттер баршылық. Мәселен, Индонезия халықтың орна­ласу тығыздығы аса жоғары Джакартадан астананы көші­ру идеясын үнемі талқылау­мен отыр. Тайландтың астанасын үнемі су тасқыны­на ұшырап отыратын Банг­коктан басқа қалаға көшіру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Иран мен Жапонияның қазіргі астаналарының жер сілкінісі жиі болатын жер­лерде орналасуы да осы елдер үшін шешімін таптыруы тиіс көкейкесті мәселе болып отыр. Алайда бұл мемлекеттер шұғыл шешім жасай алмай отыр. Осы жағдайларға қарайтын болсақ, Қазақс­танның астанасын жылдам шешіммен Астанаға көшіру – Елбасының ең басты көрегендігі дей аламыз.
Қазір кез келген шетел­діктер қызыға қарайтын Қазақстан Елордасының өркендей өріс жаюы – әрине, іскер басшының жүзеге асырып отырған мықты саясаты. Көрініс, көркі де өзге ешбір елдер орталығына ұқсамайтын шаһардың бүгінгі экономикалық, мәде­ни өрлеуі жұрт назарын аударып отырғаны да рас. Кешегі келеңсіз көріністі елдімекен бүгін өзгелерді де елең еткізер астанаға айналуы – әлемдік үрдісте сирек құбылыс. Құлақ естігенге емес, көз көргенге сенеді деген, міне, осы.
Жиырма жылда жаһанға танылған қаланың ертең жас ұрпақтар жалғастырар жаңалықтарын Көшбас­шы­мыз әлі де айқындай түсер.
Ең бастысы – ел іргесі тыныш болсын деп тілейік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір