Ақындардың әулиесі
25.08.2015
1506
0

14Сағдолла Нұралиннің кезінде аға сұлтан Құнан­байдың немересі Әзімбай­дың Бердеш деген ұлының 1931 жылы Шәкәрім қажы­мен бірге Қытай жеріне қашып келе жат­қанда басынан өткізген жағ­дайларын, онан Бер­дештің Сағдолла Нұралинге Абай, Шәкәрім, Қажымұқан, Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы айт­­қандарын Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай байланысымен, нақ шындық болғаны үшін халыққа табыс қылу­­ды үміт етіп жолдадым.

Аға сұлтан Құнанбай қажының екінші ұлы Тәңірберді дегеннің Әзімбай деген болыс ұлынан туған Бердеш деген азамат 1931 жылы Советтер одағының ашаршылық, аяу­сыз тап күресі жылдарында Алтайдың Қа­ба ауданына қашып келіп, 1940 жылдарға дейін Қабада тұрып, онан Алтай ауданына ба­рып 1955 жылдары қайтадан Қазақстанға кө­шіп кетеді екен. Ол кісі Қабада тұрғанда Қа­бадағы ел ол кісінің мінезінен ығып көп жа­қындасып, сырласа алмайды екен. Бі­рақ, Сақаң онымен өте жақын болып сырла­сып жүріпті. Сақаңның айтуында бір жолы Бер­деш: «Мен осы жаққа келген соң Құ­нан­бай болғанды қояйын деп едім, сен бала түрт­кілеп сөйлетіп қоймадың ғой», – дей ке­ліп, Құнанбай ұрпақтары жайлы төмен­де­гідей әңгімені айтып берген екен.

Құнанбай ұрпақтарының қарашаңырағы Ос­пан еді. Ол Құнанбайдың өз кіндігінен ту­ған 6 ұлдың ең кішісі еді, Оспан 3 әйел ал­са да, бала болмаған. Оспан өлген соң оның үлкен әйелі Еркежанды Абай некелеп ала­ды, Еркежан отырған Оспан үйі Құ­нан­байдың қарашаңырағы есептеледі. Ос­пан­ның малы, жер-су, қыстау қора жайлары, жайлаудың шұрайлысы, қыстаудың түңкелісі сол үйге тән еді. Оспан 1891 жылы 39 жа­сын­да қайтыс болды. Менің әкем Әзімбай Абай­ға наразы болып, Құнанбайдың орнын сен басып қалдың деп дау шығарды. Араз­дық туылған соң Абай атамыз бұл істі Тобық­ты­ның игі жақсыларының берекелестіріп бі­тіруіне тапсырады. Сонан ел адамдарының кеңесі бойынша Оспанның саржорға атын, бір қора қойды қыстаулығымен, 200 жылқы бе­ріп, әкем Әзімбайды разы еткен еді.

Біз 1931 жылы Тарбағатай Бақты ше­кара­сынан Жұңго жеріне қашып өттік. Сол кез­де жоғары жік байлардың, билердің ұр­пақтары, оқымысты Қазақ зиялылары қу­ғын­ға түсіп, халық жаулары деген атпен түр­меге жабылып, тергеусіз-ақ атыла бас­та­ды, жер аударылды. Бұл қатарда біздң Шә­кәрім қажыға да қуғын түсіп, қолға алы­на­тын болғанда, біз 19-20 адам қашып шы­ғып Жұңго жеріне өтпек болып, Шыңғыс тауы­на шықтық. Қызыл армия артымыздан тү­сіп, қуып соғыс болды. Шәкәрім қажы бір топ аршаны паналап атып отырды, мен оның мылтығына оқ беріп тұрдым. Бір уа­қытта қажының «Алла» деген даусы шықты, кеудесінен оқ тиген екен, күн кешкіріп қал­ған еді, бізді қуғандар шегінді. Біз биік тұр­ғыны иелеп алған едік. Қажыға оқ тиген соң бәріміз шулап-шұрқырасып қажының қа­сына жиылдық. Сонда Шәкәрім қажы бізге: менің бұл дүниеден дәмім таусылды. Хош, елге сәлем айтыңдар! Өздерің маған ай­ланбай, бүгін түннен қалмай тез кетіңдер, Жұң­гоға өтетін екі шекара бар. Бірі – Сауыр, бұл Алтай абақ керей елі, керейде бұ­рын Мами деген адам болған. Қазір ол қай­тыс болған. Мамиден кейін керейден пә­лендей адам шықты деп естігем жоқ. Ке­рей елінің бізден іргесі ерте бөлініп кеткен еді, азып-тозып барғанда қалай қарайтынын кім білсін?! Екінші шекара – Тарбағатайдың Бақты деген жері. Онда барсаңдар, қалың найман бар. Найман бізбен бір ененің ұрпа­ғы, іргесі алыстамаған, қонысы жақын өс­кен ел еді, суық бауыр бола қоймас. Менің сүйе­гімді жайлауындағы қуысқа қойып, Жидебайдағы елге хабарлап кетіңдер. Солар жерлеп қояр», – деді де аузы жыбырдап иман айтып жан үзді. Сүйегін Абай қор­ға­ны­на қоюды өсиет етті, біз сүйекті өңгеріп өзі айтқан жерге апарып қойып, іңір қараң­ғы­сында Жидебайдағы тобықтының егін­шілеріне хабарлап, біз міне Жұңго жеріне кет­тік, сендер қажының сүйегін Абай қор­ға­нына апарып қойыңдап! – деп айтып қойып, бұл кедейлер ала ма, жоқ па, алмаса қарға-құзғынға жем қыла ма деп күмән­да­нып, екінші бір биікке шығып бақыладық. Ер­тесі таңмен бірге күн шыға Жидебайдағы егін­шілер жиылып келіп, тау басынан сүйек­ті алып түсті. Кешінде біз қабір басына ке­ліп құран оқып, қажының және Абай ата­мыз­дың қабіріне қош айтып, Тарбағатайды бет­ке алып жүріп кеттік. Күндіз тасада бе­кініп жатып, түнда жүріп бір жұма шамасында Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өт­тік», – депті.
***
Аукіш Шәкәрімнің атшысы болғандықтан, ұзақ жыл Шәкәрім қажыдан бір елі айы­рыл­ма­ған. Әуелі Шәкәрім қажыға барудан бұ­рын (Шәкәрім қажыға 46-47 жастарында бар­ған көрінеді) да өз ауылы Абай ауылынан бөлек болса да, көбінде Абай ауылында, Абай мәжілісінде болады екен. Сонда Абай алдында болатын мәжілістердің бә­рі­нен де хабарлы болады екен.
Абай айналасындағы ақындар жазған шы­ғармаларын оқып, орыс классиктерінен ау­дарғандарын айтып, талқылап дулап отыр­ғанда, Қиясбай бұлардың айтқандарын көзге ілмей: «Әй, Абай аға, осылардікі де өлең болды ма, өлеңді мына мен айтқандай жаз­са болмай ма?» – деп көлденеңнен сөз­ге килігеді екен. Сонда Абай Қиясбайдың сы­рын қанық білгендіктен, ал сен айтшы, мы­наларға өнеге боларлық өлеңіңді, – деп ішек-сілесі қата күледі екен. Сонда Қиясбай: «Керегенің басынан ат шаптырған, құдағи ер­кекпісің, ұрғашымысың, құба дөңге жүгі­ріп шыға келсем, түлкінің төрт күшігі мөңіреп тұр…» деген сықылдыларды айтады екен. Әлгі қызыл керістегі ақындар мұны естіп қа­рық болып күледі екен. Абай аға сол кез­де жарайды! Жарайды! Сонда бұйымтай бар ма? – деп сұраса, е, болады ғой, қысқа жіп күрмеуге келмейді ғой дегенде, Абай оған онда бір қой алып кет десе, Қиясбай өң­геріп жүруге байталдың мінезі шаргездеу еді, жалғыз мал жетекке жүрмес, бірнешеу болса айдап кетерге дегенде Абай оған: «Ол да болады, онда қойшыдан айдауға жүретін етіп 4-5 мал қосып ал» дейді екен. Сол Қияс­бай ұзын бойлы арықтау жан екен. Үстіне жаз­да артқы өңірі қызыл борлаттан, ал­дың­ғы бір өңірі ақ, бір өңірі көктен шапан киіп, бұ­тына борлаттан сым киіп жүретін адам екен.
Сол Аукіш ақсақал Қытай жеріне Тарба­ға­тайдың Бақты шекарасынан өтіп, содан Сауан арқылы Үрімжіге келіп, Үрімжінің оң­түстік тау бөктеріндегі (Нансон) Моргу деген жер­де қайтыс болған екен. Балалары қазір сол орында тұрады.

***
Шәкәрім Құдайбердіұлы Мәшһүр Жүсіп Кө­пейұлымен бір жыл туған құрдас екен. Оның үстіне ол екеуі де бүкіл қазаққа танымал білімді жандар болған соң, бірін-бірі жақ­сы түсініп, араласып тұрады екен. Шың­ғыс тауы баурайында бір жылы Мәшһүр Жү­­сіп Көпейұлы Шәкәрім қажымен дастар­хан­­дас болады, кеңестері аяқтап Мәшһүр Жүсіп аттанарда Шәкәрім қажыға: «Аумалы-төкпелі заман келе жатыр ғой, біреуіміздің ажалымыз Алладан, біреуіміздің ажалымыз адамнан болар», – депті. Сонда Шәкәрім қа­жы: «Пешенімізге жазылғанын көреміз», – депті. Мәшһүрдің өз үйінде Құдайдың ажа­лынан, ал Шәкәрім қажы Қытайға беттеп бара жатқанда Шыңғыс тауында қы­зыл әскердің оғынан қайтыс болады.

Оқырман қауымның есіне сала кетерлік жағдай – Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім қажы әрі құрдас ғұлама, әрі туыс болып келетіндігі. Мына жағдайларға назар аударыңыздаршы. Әбдірахман Абайұлы өз кезінде «Мәшһүр Жүсіптің білмейтіні жоқ екен-ау», – деп таң­данғанда ұлы Абай оған: «Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім құрдас, екеуі де дін жолында жүр­ген жандар. Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын, ол ақын болғанымен Құдайға жақын. Сон­дықтан Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой», – деген екен. Ал, Мәшһүр: «Сендер ана­­­ны да, мынаны да ақын дейсіңдер ғой, мен білетін ақындардың әулиесі – Құнан­бай­ұлы Абай. Ол сияқты өлең шығарған еш­қайсысы жоқ», – дейді екен.
Бір жолы сәлем беріп кіріп келген Мәш­һүр Жүсіпке Абай: «Мәшһүр болсаң айтшы, Құ­дай қайда?», – деп сұрайды. Мәшһүр отыр­мас­тан: «Құдай жүректе», – деп жауап бе­ре­ді.

Қалиолла Нұртазаұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір