Әлем картасындағы жаңа бренд
06.07.2018
1371
0

Зарема ШАУКЕНОВА,
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның
стратегиялық зерттеулер институтының
директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі


Бренд бұл – танымалдылық. Бірақ, Біз бұл сөзді көбіне-көп тауарға қатыстыра айтатынымыз, тағы бар. Әуелі, Астана – адами капитал, құрылыс пен халықаралық деңгейдегі келелі кеңестердің ордасы. Осы ретте, Астана дегенде көз алдыма бірден ағарып атқан таң, жандану, жаңғыру, жастар мен жаңашылдыққа толы идеялар елестейді. Жалпы, Астананың атын әйгілейтін нысандар аз емес. Айталық, Назарбаев университеті – жоғары оқу орнының өзіндік моделін түзіп, ғылым мен иновацияны ұштастыра алған тың жоба. Назарбаев Зияткерлік мектебі (НИШ) бұл – орталықтан өңге өңірлерге шуақ шаша тараған Елорданың бренді деп білемін. Байқасам, бүгіндері ондай мектептердің саны жиырмаға жетіпті.

Ұлттық медициналық холдинг – ме­дици­­налық туризмнің жаңа бір саласы. Аста­наға арнайы ат басын бұрған шетелдік қо­нақтар Әлемдік деңгейдегі медициналық кө­мек алуға келетіні шындық. Бұның қатарына, был­тырғы жылы Халықаралық көрме өткен «ЭКСПО» орталығын қосыңыз. Осы бір игі бас­таманың өзі «Жасыл технологиялар» ор­та­лығы, стартаптар, «Astana innovation», «Astana Ballet», «Ұлттық университет», т.б. маңыз­ды делінген дүниелер Елордаға ерекше кө­рік беретіні даусыз. Бұның бәрі, тұтастай ал­ғанда қаланың экономикалық һәм саяси имиджі мен образын құрайды. Соңғы уа­қытта, дипломатия мен келісімгершілік ая­сын­дағы «Астана Форматы» деген ұғым-түсі­нік пайда болды. Қуанатымыз, Жалпақ Жаһан алдында Астана – қақтығысқан қос тарап­ты ауызбіршілік пен достыққа шақырар шаһар есебінде көзге түсті. Жағрафия­лық тұр­ғыдан алғанда, Астана – Еуразия құрлы­ғында орын тепкен, Еуропа мен алыс-жақын Шығысты байланыстырып тұрған бітімі бө­лек кент. «Астана Форматы» дегеннен шыға­ды, осынау шаһар – Сириядағы жағдай мен Солтүстік Кореядағы жанжалды реттеуге, тұрақ­тандыруға байланысты басқосуларға тұғыртас болды. 2010 жылдың желтоқсанында өткен тарихи маңызы аса зор ЕҚЫҰ Самми­тінен басталған басқосуларды тізімдеп шық­сақ, дипломатияға оң ықпал ететін саяси сал­мағы бар жиындардың аз өтпегенін байқау қиын­ға соқпасы анық. Сондағы ЕҚЫҰ Заң­намасына негіз боп қабылданған «Астана дек­лара­циясы» атақты «Хельсинки деклара­циясымен» бір қатарда тұрғанын асқан мақ­танышпен айтқым келеді.
Және, 2003 жылдан бастап өткізіліп жүр­ген Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының Съезін атамай кетуге, тағы бол­мас. Бұл ел, зайырлы қоғам мен дірдер ара­сындағы байла­ныстың күн өткен сайын ны­ғая түсуіне үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Алла амандығын берсе, биыл сол Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер көшбас­шыларының VI Съе­зі өтеді. 2006 жылдан бері Съездер өтіп жүр­ген «Бейбітшілік пен келісім сарайы» да – Астана айбатын асқақтатып тұрған неше­ле­ген символикалық мәнге ие құрылыс ныса­нының бірі.
Жоғарыда Астана Еуразия құрлығында ор­на­ласқандығын айтқан ем, алайда жағра­фия­лық аспектімен қатар, Қазақстан Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың Жаһан жұртшылығы алдындағы беделі мен Елорда – толайым та­быс пен ерен еңбектің нышаны екенін де ес­тен шығармаған жөн. Келешекте, Аста­на­мыз – Лондон, Нью-Йорк, Сингапур мен Ду­бай сияқты өзіндік ерекшелігі бар үлкен қар­жы орталығына айналатынына сенімім мол. Астана – ашық қала. Оған дәлел – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автома­гистралі. 2016 жы­лы «Астана Экономикалық форумында» (АЭФ) Джек Ма «Жібек жолы» бойындағы «электронды жол» идеясын ұсынған еді. Осы тұр­ғыдан келгенде, Елорда – Еуропа мен Азия­ны байланыстырып тұратын алтын көпір іс­петтес. Біз бұрындары теория ретінде қа­был­даған дүниелер, міне бүгіндері іс жүзіне ас­қаны қуантпай қоймай­ды, әрине. Қала ары қарай да қарыштап дамуы үшін халықаралық туризм орталығына айналып, шетел азамат­тарымен диалог орната түсуі керек деп біле­мін. Бүгіндері Бас қала Сингапур мен өзге де мемлекеттердің көлік жүйесіндегі тәжірибесін өзі­не ендіруде. Әсілі, болашақта Бізге қоғам­дық көлікпен жүру – тиімді де қызықты болуы керек деген ойдамын. Ал, ол үшін бұ­ған тарифтік саясат оң әсер етуі қажет. Жұ­мысымызға неғұрлым ертерек жет­сек, со­ғұр­лым жолақы да аз дегендей…
Жеке автокөлік көбіне шаһар сыртындағы тұр­ғындарды тасымалдауға бағытталуы ләзім. Ұзын жолды қысқартып, алыстан ат терлетіп кел­ген туристер үшін автокөлікті жалға алу баға­сы да қолжетімді болумен қоса, тұтыну­шы­ның өзін жайлы сезінуі үшін машинаны тек­серуден өткізіп тұратын техникалық қыз­мет көрсету орталығы да ашылғаны абзал. Демек, қызмет көрсету сапасы күшеюі керек. Аз жыл ішінде, Астана – көлік-логистиканың күре жолы шоғырланған қалаға айналды. Оған сеп болған – «Нұрлы жол» бағдарламасы. Негізі, Елорданың – Орта Азияның сарапшылық-сарапта­малық ордасына айналу мүмкіндігі зор. Осы жылдың қыркүйегінде Астанада Қазақстан әлеуметтану­шыларының Конгрессін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кездегі Қазақстан бұл – инвесторлар көптеп тартылып жүрген ел. Меніңше, барлық нәрсе ыңғайлылық пен тиімділікке негізделгені абзал. Бізде бұрыннан келе жатқан нұсқаумен өмір сүру деген проблема бар. Лифтінің өзінде ешкім оқымайтын нұсқаулар ілініп тұра­ды. Ал, дамыған елдердегі ахуал мүлде бөлек. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Астананы дамытуға бағытталған басқосуда қала екі миллионға тарта тұрғынды сыйдыра алатындығы жөнінде айтқан-ды. Бәрі білетіндей, инвесторлар үшін инфрақұрылым қымбат. Ол үшін қала, ауыл мен аудан арасындағы бос кеңістікті мейлінше толтыруға тырысқан жөн. Батысқа қараңыз, онда қалада да, ауылда да өмір сүру, тұрақтау ыңғайлы. Астана алдында «Ақылды елу» қалаларының қатарына ену міндеті тұр. Онда электр қуаты мен суды үнемдеу, келісім-шарттардың жүзеге асуына барынша мүмкіндік тудыру, ақылды транспорт, интерьер, циклды экономика, қоқыстарды өңдеу сынды 5 критерийі бар. Қарап отырсам, қарқыны қатты урбанизация әлеуметтік жүйеге бірнеше міндет жүктейді екен. Тегінде, қалада адам ғұмырының ұзақтығы мен өмір сүру деңгейі өте жоғары болады. Мұнымен қатар, жалғыздық, қартаю, жастардың тәртібі мен тәрбиесі секілді қоғами мәселелер де жоқ емес. Шаһар инфрақұрылымы осынау өзекті проблемаларды мейлінше төмендетуге тырысады. Осы тұста, позитивті және негативті урбанизацияға тереңірек мән беруге тиіспіз. Позитивтісі смарт-қалалардың қалыптасуына жол ашса, ал негативті урбанизация үлкен шаһарлар жанынан бәсекеге қабілетсіз шағын аудандар мен лашықтардың көбеюіне алып келеді. Сол себепті де, жаһандық кентке айналу жолындағы мақсат-мұрат, бұл – реті келсе рейтинг жинау емес, уақыт талабына сәйкес жаңа технологияларды қолдану мен өмір сапасын арттыра түсу. Астанада Түркі академиясы орын тепкен. Одан бұрын, Қазақстанда түбі бір түркі жұртының рухани орталығы – Түркістан қаласы бар. Яғни, Астананы Арқа төсіне көшіру туралы бастаманың өзі басқа-басқа емес, көшпенділердің дүниетанымына сәйкес, тарихпен сабақтаса да астаса өрілгенін байқау әсте қиын емес. Ал Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құжаты сол Қазақ елінің ішкі территорияларын дамытуға бағытталған-ды. Мұны мәдени мұрамызды жүйелеуге жұмыс жасайтын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мысалынан көреміз. Немесе 12 сәуірде Мемлекет басшы­сының қатысуымен «Жаңа гуманитар­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тұсауы кесілгенін де білесіздер. Бұл жоба – аударма негізіндегі ғылыми еңбектер мен оқулықтарды игере отырып, оқудың, ғылым-білімнің қозғаушы күшіне айнал­мақ. Олар уақыт үнін іздеу жолын­дағы тың дүниелерге түпнегіз боп, тарих, психология, әлеуметтану, саясаттану, философия сияқты әлеуметтік ғылымдарға ден қоюға мүмкіндік бермек.
Түркітектес халықтардың бір бұтағы – Қазақ елі де Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан сынды Латын қарпіне көшуді қолға алған-ды. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея өз даму жолын таңдады. Олар иероглифтерге негізделген әліппесін сақтай келе, ағылшын тілін игеруді мақсұт тұтты. Бұл шешім тарихтан белгілі болғандай, бодандық және постбодандық кезеңімен тікелей байланысты. Біз бұнда тек Қытайды ғана емес, сонымен қатар Гонконг, Қытай Тайбэйі, Макао, Шанхайды да меңзеп отырмыз. Жан саны жағынан Қытай – әлемде бірінші орында тұрған ел есебінде, оның шетелде тұратын азаматтары мен ағылшын тілін меңгерген, замана көшіне ілескен студенттердің де бар екенін ескерген абзал. Астанада көптеген халықаралық жиын-шаралар өтіп тұратынын мақтаныш­пен айтуға тиіспіз. Елордаға 2012 жылғы ЕҚЫҰ Саммитінен бұрынғы Рим Папасы Иоанн Павел II-нің келуі – ел үшін елеулі оқиға болды деп есеп­тейміз. Ал Астана Экономикалық форумы (АЭФ) – түйткілді мәселерді шешуге жұмсалған керемет платформаға айналды. Бұл жиын аясында Елбасы «G-Global»-ды құру туралы бастама көтер­гені ел есінде. Қазақс­тан 2013 жылы Санкт-Петербург пен 2016 жылы Қытайдың Гуанжоуында өткен Үл­кен жиырмалық Самми­тіне шақырту алды. Айта кететін нәрсе, ұйымдастыру­шы – ел ортақ мүддеге сай қосымша екі мемле­кетті шақыруға құқы бар. 2017 жылы Германиядағы Үлкен жиырмалық Саммиті кезінде G-7/G-20 2019 жылдың 28-29 маусым аралығында Жапонияның Осака қаласында өтетін боп шешілген-ді. Сондықтан, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты қаперге алсақ, онда сол жиынға Біздің еліміз де қатыса алады деп айтуға негіз бар.
Шыны керек, көп нәрсе Мемлекет басшысына байланысты. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев – шетелге де, өз жұртына да абыройлы, алыс-жақын елдермен байланыс орнатқан Ұлт Көшбасшысы. Голландия, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания – елімізбен сауда және инвестиция саласы бойынша мықты байланыс орнатқан Еуропаның мойны озық республикалары. Осыған қарап-ақ, Қазақстанның сырттағы беделі қандай екенін байқау аса қиын емес. Мемлекетіміз Әлемге көпвекторлы саясаты мен ішкі саяси тұрақтылығын басшылыққа ала отырып, бәсекелестікке емес, қайта диалог орнатуға негізделген дамудың өзгеше үлгісін паш етті. Бұл тізімге Фиджи, Латын Америкасы, Жапония, Қытай, Малайзия, Индонезия, Сингапур, Иордания, Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Иран мен Түркияны енгізіңіз. Қорыта келе айта­рым, Астана – бейбіт өміріміздегі күрделі өзгеріс пен жаңашылдық символына айналған алып қала. Тегінде, даму – динамика, алдыға жылжу, өрістеу, өркендеу, ұдайы ізденіспен тікелей байланысты ұғым. Әгәрәки, мықты республика болуды аңсасақ, онда ойға алғанның барлығын дерлік жүзеге асыруға тиіспіз. Жас қала, бас қала Астана – дамудың даңғыл жолы мен заман рухына сәйкес басқару механизмін түзудің айнымас моделі.

Орыс тілінен аударған
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір