Астана – бір әлем!
06.07.2018
1935
0

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург


Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі! Абыройы асқан Астана! Әлемді сүйсіндіріп таңғалдырған Астана! Дүниеге даңқы жайылған Астана! Қазақ елінің бағын жандырған Астана!

Сол қазақ елінің бүгінгі елордасы – Астана қаласы жайлы сыр толғар көңіл түкпірінде жатқан осы бір үш ауыз сөздің дәл осы бір сәтте жүрек­тен үн қатарын қайтерсіз! Тарихтың аса бір қысқа мерзімінде бой кө­те­ріп, әлемнің әрідегі заманда­рын­да, яғни ғасырлардан асып түсер кезең­дер­ден бері астана болып келе жат­қан талай да талай бір әйгілі де әйдік қалалардан өзінің сәні мен салтана­тын да, сәулеті мен дәулетін де асы­рып, адамзаттың бүгінгі өркениеті алдындағы өзінің тарихи миссиясын да адал атқарып, адам баласының жақсылықтар мен татулық, бірлік пен ынтымақтастық және бауыр­мал­дық үмітінің шырағын жағып ке­ле жатқан Астана даңқы әлемге қазақ елінің даңқы болып жайыл­ғандығын да айтқан ләзім.
Дүние жаралғалы әлемде бірде-бір мемлекеттің астанасы қатарымен төрт мәрте Әлем діндері лидерлері­нің басын қосып көрмегені шындық. Мі­не, сол басқосулар 2003 жылдан бері біздің Астанамызда өтіп келеді. Ұлы тарихтың осы бір ұлы жүгін лайықты көтере білген Астананың бүгінгі күні айдай әлем алдындағы жүзі жарқын, мерейі үстем, абыройы асқақ екен­дігі тағы да бар. Астана қаласымен аспандаған дүние алдын­дағы абы­ройы­мыз және де осы бір жарқын да үстем мерейіміз үшін біз ең әуелі бір ғана адамға – Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз­ды айтар едік.
Дүние қайыра бір бөліске тү­сіп, бодандықтың бұғауынан басы­мыз­ды енді шығарып ала бастаған тұста, ес жиналып, етек жабылмай жатқан шақта астананы ауыстырмақ түгілі мінген атыңнан ауып түсіп қалмауды ғана ойлар қилы да қиын кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың Алматыдағы астананы А­рқадағы Ақмолаға көшіру жөніндегі ойына әуелде бүкіл ел шошына қарады. Сен­беді, сенгілері келмеді. Ал енді Са­рыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі астанасы – Астана қаласына ел тәуелсіздігінің өткен кезеңдердегі орынтағына шығып қарайық та, көз салайық. Айтарға сөзің жоқ ! Таңдай қағып сүйсінесің де, тағы да сол Елбасының өз қо­лымен өз елінің жаңа елордасын салған, салып та жатқан тағы бір көзсіз ерлігін мойындап, соған бас иер едіңіз! – деген бұдан бұрын да бір айтқан пікірімізді қайталай отырып, тағы да осы шындыққа жүгін­генді жөн санадық.
«Біз Алатаудың бауырындағы Ал­матыға сия алмай емес, Алма­тыны қия алмай кетіп барамыз», – деген Елбасының осы бір ауыз жү­рек­жарды сөзі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп бара жатқан ердің жүрек лүпілі мен жауапкер­шілі­гіндей сезілері бар.
«Менің талай жылым Алма­ты­мен байланысты. Осында алғашқы немерелерім дүниеге келді. Бұл қала менің өзіме де, отбасыма да жаным­дай жақын» деп тұрған Елбасының («Еуразия жүрегінде», 19-бет) пер­зент­тік адал көңілі сол адалдықпен тәуелсіз елдің де жаңадан қалыптаса бастаған тағдырын да кеңінен пі­шуге мәжбүрледі.
Желмаямен желіп жүріп, жер ұйы­ғын іздеген Асанқайғы бабасын­дай Тәуелсіз елі үшін ендігі жер ұйығын іздеген Нұрсұлтан Назарбаев Есілдің бойына ел қондырып, ал­ғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақ­-
ор­далы Астананы дүние әкелгендігі біздің, яғни қазақ елінің Мәңгілік ел бола алатындығын дәлелдеп, осыған ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жет­кізіп, иландыра білген ұлылығы еді.
Енді келіп, ХХІ ғасырдағы қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуел­сіздігімізді бүгінгі Астанасыз көз алдыңызға елестетіп, бір байқаңыз­шы! Бұл Астана Тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?! Бұл Астана халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе? Бұл Астана дөң­геленген дүниенің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орна­тылған әлемнің төрт бұрышы­нан да көзге түсіп, көрінер, алтын тұғырлы ең заңғар да, ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын да тозбайтын мәң­гілі­гінің мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы Ескерткіш! Сол ұлы да қасиетті, киелі Ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өз халқының ал­дын­дағы перзенттік те президенттік парызына әмәнда адал болып келе жатқандығын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр, дара да дана қасиетін айғақтап тұр. Бұл Астана Елбасына өзінің жеке басының абыройы мен беделін асырып, асқақтату үшін қажеттілігі шамалы екендігін де ескерейік. Назарбаевтың бір басы­ның атағы мен абыройы, даңқы мен беделі әлемге әйгілі, ақылы мен пара­саты, сарабдал саясаткерлігі, адамзаттың адал да шынайы жана­шыры ретінде биік адами қасиеті, кісілік келбеті дүниеге танылғалы, мойындалғалы қашан!
Астана өзінің бүгінгі әлемдік өр­кениеттің сәулетімен де, шалқы­ған дәулетімен де, ынтымағы, бірлігі жарасқан әулетімен де, мәңгілік тіршіліктің аспанына ұмтылған заң­ғар биігімен де, нұрлы дүниеге нұр шашқан самала алау жарығымен де, көрген жанды сүйсіндіріп, жаныңа шуақ құяр жылуымен де, келген жанның барлығын жаңа бір үміттер­мен жетелей жөнелер көшесімен де, сая болар жасыл бағымен де ең әуелі қазақ баласы – біз үшін, біздің бола­ша­ғымыздың, біздің Тәуелсізді­гі­міз­дің баяндылығы үшін қажет екен­дігін ұғынатын кез келді! Астана бір әлем болса, сол әлемді танып ала бі­лу үш­ін әуелі қазақы сезімтал жү­рек пен қазақы жүйрік сенім, түйсік керек! Елбасы тарих беріп отырған мүмкін­дік­тің, яғни тәуел­сіздіктің арқасында қазақ даласына сол әлем орнап қалса екен деген бір ғана ізгі мұратты көздегені бар. Әлемнің бір-бір бөлшегін даламызға әкеліп орнатып бере алған Елбасы – бүгінгі Астананы салу арқылы барша қазақ жұртын егемендік жолында ерлік жасауға талпындырса, қазақ жұр­тына айдай әлемді сүйсін­дірте білген тағы бір кемеңгерлігі мен ерлігі болғандығын айтқан ләзім!
Әне, Ақорда! Көк күмбезінің ұшар басында көк байрағы желбіреп Ақорда тұр! Көне тарихтың көмбе­сінде қалған, талай шапқыншылық­тың шаңы мен топырағының ас­тын­да көміліп, жермен жексен болған талайғы бір ордалардың орнына тігілген арманды Ақорда ғой бұл! Ал­тын қыран да қауырсын қос қана­тымен жер әлемді көтеріп, ұшып келіп Ақордаға қонып тұр әне! Бұл қазақтың Ақордасының ұшар ба­сындағы алтын қыран сол жер әлем­нің үмітін арқалап, ел мен халқы­мыз­дың басына қонған бағы ғой! Үркітіп ала көрмейік, көз жазып қалып жүрмейік сол Қыраннан! Мәңгілігін бер осы бір үміт пен тілек­тің! Әне, «Қазақ Елі» мону­мен­ті! Ата-бабаларымыздың ақталған үміті мен орындалған санғасырлық ар­ман­ды мақсатындай асқақтап, бүгінгі барлық қазақстандықтардың ақ ниетіндей аспанға бой созып, шаншылған шынарындай ақ тұғыр­дың ұшар басында бар кеңіс­тік­ке жайған қуатты қанатымен дүниеге әріден көз салып отырған даланың алып Самұрық құсы Елбасының «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел бола­шағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген осы бірауыз сөзін әлемге паш етіп тұр! Әне, қазақ елі мен халқының көне тарихының бедерлі белгілерімен өрнектелген «Мәңгілік Ел» қақпасы! Сол мәңгілік елдікті ақыл-парасатымен де, айбынды ерлігімен де, кемелді шешен сөзімен де ұстап тұра алған халқымыздың қасиетті би-шешендері мен ерлері де, «Тайқазаны» сынды киелі жәдігерлері де, тәуелсіз еліміздің тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев сынды бүгінгінің кемең­ге­рімен де көріктеніп, көмкерілген сол киелі қақпаны өзімнің Қағба тасындай сезіндім де, өз немерелерім сегіз жасар Айана, тілдері енді шыға бастаған Ернұрым мен Даниалым­мен бірге жеті рет айнала жүрдім. Туған жерлерінің қасиетті топыр­а­ғын енді басып, өз қадамдарын енді жасаған ұрпақтарым үшін де осы ел, қазақ елі мәңгілік болса екен, сол мәңгілік елдің осы мәңгілік қақпасы арқылы мына қазақ еліне әрдайым тек қана ізгі көңілді достары ғана кіріп жүрсе екен деп тілеп тұрдым! Әмин, солай болсыншы әманда!
Әне, еркіндік пен елдіктің мәң­гі­лі­гінің символына айналған «Бәй­терек!». Бұл «Бәйтерек» барша қазақ жұртын биіктерге шақырып тұрар қуатымен де, өзінің асқақтығымен де, арманды болашағымен де қымбат тұғыр! Елдігіңді, сол елдігіңнің кеңдігі мен теңдігін, арманды бо­ла­ша­ғыңның бүгіннен де ертеңгі ке­мел­ділігін білгің келсе, қасиетті «Бәйтеректің» биігіне шығып тұр әрдайым!
Әне, былайғы жұрт «Пирамида» атап кеткен «Бейбітшілік пен келісім сарайы!». Қазақ жерінде тағдырлары табыстырған барлық ұлттар мен ұлыстардың келіскен ынтымағының, күшейген бірлігінің, бүгінгі барлық қазақстандықтардың нығайған достығы мен абыройының биігін­дей, бар ниеттері мен көңілдерінің жарастығы, бәрі-бәрі келіп бір арман мен мүдденің һәм мақсаты үшін түйіскен берік те биік. сали­қалы рухының айнасындай болып жар­қыл­дап тұр! Әне, «Хан Шаты­ры!». Сәулелі күннің ақ нұрына ма­лынып, мына кең де байтақ Ұлы Да­ланы небір жаугершілік шапқын­шы­лықтан қорғап қалған батыр­лардың қасиетті хас тұлпарының алтын тұяғындай болып, мына дүние атаулының да, қазақ жұр­тының да мәңгілігіне нүкте қойып тұрған қал­пымен көңіл қуанышына айналды!
Әне, қазақтың қасиетті даласы­ның кеңдігі мен теңдігі үшін сан ғасырлар бойы қорамсасына қол са­лып келген небір батырлары­мыздың жау шебіне шірене тартқан жебесіндей, болмаса талай бір дұш­па­нының кеудесіне қадалған найза­сының ұшындай болып немесе адамзат жаратылысынан бері жердің тартылыс күшін жойып, қазақ дала­сынан мәңгілік кеңістікке ұмтылған зымыранның белгісіндей орнай қалған «Минтранскомның» ғимара­ты да бүгінгі ойы да, ниеті мен мақ­саты да бөлек қазақ елі мен Астана­ның өз биігі!
Әне, төрткүл дүниенің төрт бұ­ры­шына сақтықпен құлағын түріп тына да тұра қалған қарт қытайдың өзіндей болып Сығанақ көшесіндегі «Бейжің сарайы» да қазақ жеріндегі өзіндік ол да бір әлем!
Астана! Өзіңнің құшағыңа тұр­ғылықты бір перзентің болып кір­гелі, яғни Көкшетаудан қоныс аударып, астаналық болған күннен бастап, мен өзіңнің әр көшеңнің, сәні мен салтанаты жарасқан әр са­райың­ның, әр үйлерің мен ғимарат­тарыңның сырын өзімше танып, түсінгім келді. Сөйттім де, ой тол­­ғадым. Әне, сайын дала сахара­сында бие байлап, қазақтың асыл дәмі қымызын сапырған халқы­мыздың қастерлеп ұстаған ысталған саба­сын­дай дөңгелене біткен ана бір үйлерді әлдебір «жеті бөшкеге» теңегенше, соларды Алтын саба де­сек жарасады. Еркіндіктің айдынын­да жүзіп бара жатқан анау бір алып кемені көрдіңіз бе? Сол ғимаратты «Матрац» дегендері несі екен?! Бұл «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсір­ген елміз, елес үмітте емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз» деп Елбасы айтқан тәуекелге бел буып, өз қайы­ғын тәуелсіздік атты мұхитқа салып, үмітті де кемел келешекті бетке алып айдынға шыққан бүгінгі Қазақс­тан­ның өзі емес пе?! Дүние мұхитын­да­ғы бүгінгі Қазақстанның алып та сәнді кемесі ғой бұл!
Астананың әр көпірін қазақ елі­нің бұлыңғыр өткенінен бүгінгі тә­-
у­ел­сіздік пен сенімді болашаққа өткен өткелдерінің бір нышаны деп танысам, алтын күмбезді мешіттерін даласының нұры, әр баласының иманға толған жүрегі деп сезініп келемін.
Астанада өткен «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» Халық­аралық форумы қазақ елінің елорда­сын әуелден «Достастықтың мәдени астанасы» деп таныған әлемнің көр­­некті қайраткерлері мен зиялы­ла­ры­ның үмітін тағы бір ақтағандай болды. Ел мен жер аралығына ше­кара сызықтары түскенімен, адам­дар­дың көңілдері мен ниеттерінің, жүректері мен ой мүдделерінің ара­лы­ғында ешқандай сызық жоқ екен­дігінің тағы бір куәсі болдық. Талай бір өнер мен мәдениеттің майтал­ман өкілдерінің бір-бірімен жадыраған жарқын көңілдері мен сағынышқа да, әлдебір ізгілікке де толы құшақ­тарының қауышқан­дығын көрдік.
Адамзат осы бір таза да сағы­нышты және адал көңілдерімен табысып, қауышып тұрулары ар­қылы ғана бүгінгі дүниені де, өздері мен өз мә­де­ниеттері һәм өркениет­терін де сақтап қала алатындығы жайлы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып келе жатқан ой оның әуелі өз Астанамызда жүзеге асы­рыла бастауы да Қазақ елі елорда­сының әлемдік деңгейге көтеріл­гендігінің бір айғағы деп бағалануы керек.
Иә, біздің Астана – әлемнің үмітті астанасы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір