Батыс пен Шығысты астастырған…
06.07.2018
853
0

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


Тумысынан әр адамның тек өзіне ғана тән болмыс-бітімі бардай, әр қаланың мінезі және ең әуелі «киіз туырлықты, ағаш уықты» Алаш жұрты алдындағы аса абы­ройлы міндеті болады. Осы тұрғыдан келгенде, Арқа төсінде мықтап орын тепкен Елорданың да өзіндік мінезі бар. Оның өн бойында күш-қуат, үлкен идея, биік мақсат-мұратпен қатар, жан баласын жатсынбас ашықтық, ұстыны мығым ұстам, сары алтындай сабыр, менменсуден гөрі, мейірім, ерекше бір сүйкім бар. Астана – ойдың қаласы, Астана – сезімнің қаласы, Астана – кемел келешектің қаласы. Әдебиет, мәдениет, саясат, экономика, руханият, ғылым мен білімнің ошағы – бұрнағы Ақмола, бүгінгі Астана – түгін тартса майы шығар құнарлы топыраққа табаны тиген небір әулие-әнбиелер, хандар, би-шешендер, жыраулар, сал-серілер, батыр-баһадүрлер көптен аңсаған Азат Қазақстанның Бас қаласы, маңғаз Батыс пен нәзік Шығысты байланыстырған алтын көпірге айналды.

Қаланы қақ жарған ерке Есіл өткен дәуір естеліктерін ішіне бүк­кен қалпы баяу ғана ағып жатыр. Шыны керек, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың игі бастамасымен бой көтерген Елор­­дадағы «Бейбітшілік және ке­лі­сім сарайы», «Хан-Шатыр», «Бәй­­терек», «Нұр Әлем», «Қазақ елі», «Думан», «Астана опера» се­кіл­ді көркіне сәні ұласқан айтулы ны­­сан­дар көрген кісіні бөлекше әсер­ге бөлейтіні сөзсіз. Қазіргі жас та жасампаз қала – түрлі ха­лықаралық һәм республикалық әдеби-мәдени, саяси-эконо­ми­ка­лық, діни сипат­тағы бас­қо­су­лардың ор­дасы. Қа­зақ­тың қайраты мен ай­бары – Астана небары 20 жиырма жыл ішінде жалпақ Жаһан сана­сатын шаһар есебінде танылды. Бай­қасаңыз, 20 жыл деген ақ басты, сары тісті Тарих үшін көзді жұмып-ашқандай-ақ сәт шығар, алайда Еге­мен Қазақстан үшін бұл аз уақыт емес… «Айнала бұлақ басы – Тең, Азаулының Стамбұлдан несі кем?!» – деп ер Доспамбет толғанғандай қа­­зіргі кездегі Елорда Лондон, Бер­лин, Париж, Мадрид, Вашин­г­тон, Мәскеу сынды астаналармен иық тірестіретін деңгейге жетті дегенді үлкен сеніммен айта аламыз. Аста­на – кезіндегі Баласағұн, Янгикент, Сығанақ, Түркістан, бертіндегі Орын­бор, Қызылорда мен Алм­а­тының тарихи жалғасы, ұлты­мыз­дың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Елорда – халықтың мерейі, ел дамуы­на, өркендеуіне тың серпін бер­ген Бас шаһарымыз. Ол күн санап қанатын кеңге жайып, гүл­деніп келеді. Бұның бәрі қуантпай қой­майтыны, тағы рас. Өйткені, өсу бар, даму бар, ілгерілеу бар. Пре­зидент Нұрсұлтан Әбішұлының: «Мейлінше қысқа мерзімнің ішінде біз жаңа байтағымыз – Астананы кө­тердік», – деуінде түсінген адам үшін терең мән-мағына бар. «Бар­лық жол Римге бастайды» атты тәм­сілге сәйкес, Астана да жаңа­шыл­дыққа толы жоспарларға тұ­ғыр­тас болмақ.
Туған күнің құтты болсын Астана!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір