Бастаманың басында, жайсаңдардың қасында жүретін…
29.06.2018
1176
0

Жұмабек КЕНЖАЛИН.


– Ереке, – деді Жүкең (Жұ­ма­бек Кенжалин) өзіне жарасты сол бір сыпайылық мінезімен, – га­зет­ті компью­терлендіруіміз қажет. Қа­зіргі заман сұранысы солай. (Ол кез­де «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болатын).
– Ол үшін не істеуіміз керек?
– Мен бар деген мекемелерге ба­ра­сың, сөйлес деген адамдармен сөй­лесесің.
– Олар мені қабылдай қояр ма екен?
– Тіл табысу – өзіңе сын. Қайт­­кенде де қаржы тауып, газетті ком­пьютерлендіруіміз – міндет. Ке­шіксек, өзгелерге күлкі бола­мыз.
– Министрліктен бөлінетін ақ­ша қайда?
– Онда бұл мәселеге тиесілі қар­жы қарастырылмаған.
– Жақсы, шама келгенше жұ­мыс істеуге тырысайық.
– Шаманы келтіру керек.
Сонымен іске кірісіп кеттік. Ал­ғашқы кездесуді даңқы дүркіреп тұр­ған Алматыдағы Сейфуллин – Әйтеке би көшелері қиылы­сындағы «Сарыарқа» корпорация­сы­ның президенті Еркін ағамыз­дан бастадық. Түр-тұлғасы Д.Қо­­наевтан аумай қалған ақсақал екен, ұлт­жан­­дылығы мен қазақылығын бір­ден танытты. Жылы қабылдап, ті­легімді қанағаттандырды.
Осылайша қаншама меке­ме­лердің есігін қағып, табалдырығы­нан аттадық. Бірен-сарандар бол­ма­са, көбі бетімізді қайтара қойған жоқ. Сөйтіп жүріп, жарты жылдың ішін­де төрт тұтас компьютерге қол жет­кіздік. Бірақ принтерлері – ст­рун­ный болатын. Сол принтерлер теңгенің құндырақ кезіндегі ба­ғам­мен 25-30 мың теңге тұратын. Ком­пьютерлендіру ақпарат құрал­дары арасында «Жас алаш» газе­тін­де ғана Нұртөре Жүсіптің бас­қаруы­мен жүріп жатқан еді.
Арада аз уақыт өткенде Жүкең та­ғы бір әңгіме қозғады. Бірқанша га­зет-журналдарды бір орталықта ұс­тап тұратын акционерлік қоғам құру мәселесі еді.
– Жоба жоғары жақпен келі­сіл­ді, – дейді.
– Енді не істеуіміз керек?
– Оның Жарғысын (Уставын) жа­сауымыз керек.
Сонымен тағы да іске кірістік. Кө­шіріп алып, өңдеп жіберетін ал­дымызда үлгі жоқ. Мен жасап алып келген қолжазбаны ол сыз­ғы­лайды. Ол жасап әкелген «дү­ние­ге» мен де шұқшиямын. Ақы­ры бір келісімді «Қазақ газеттері» ат­ты Акционерлік қоғамның Жар­ғысы жасалды. Машинкамен үш дана ғып бастырылған нұсқасын қол­тықтап ол министрлікке кетті. Со­дан үш айдай күтті. Ақыры жауап келді, өзін шақырды. Есеп-шот ашуға рұқсат берілген. Ал, «Қа­зақ газеттері» акционерлік қо­ғамын жұмыс істету үшін ал­ды­мен жоғарғы жақтың белгілеген мөл­шерінде Жарғылық қор (Ус­тавный фонд) болуы тиіс екен. Ен­ді сол істі жүзеге асыру керек бол­ды. Жұмабек іскер азамат­тар­мен, игі жақсылармен үздіксіз бай­­ланыста, жақын жанасып жү­ретін. Үлкенді, кішілердің кез кел­генімен тез тіл табысатын. Ана жақ­ты да, мына жақты да жағат­тау­мен Жарғылық қор да жа­сақ­талды. Гоголь, Зенков көшелері, қиы­лысындағы «Егемен Қа­зақ­стан», «Каз. Правда» газеттері ор­­­наласқан ғимараттың алтыншы қа­батын Кенжалиннің қызметіне тұ­тас берді. «Қазақ әдебиеті» га­зетін орынбасары болған Жүсіпбек Қор­ғасбекке табыстады. Әрине, ми­нистрліктің ұйғарымымен ғой.
Енді пыш-пыш көбейді.
– Ей, ол газеттің Бас редактор­лы­ғынан бекер кетті. Қоғам деген аты болмаса, министрлік пен ре­дак­ция ортасындағы қан-сөлсіз буын ғой.
– Бас редакторлық қызметке зар болып, әлі-ақ қаңғып қалады.
– Өзіне де сол керек. Отырған жы­лы орнынан қозғалып…
Газет редакциясы каби­не­тін­дегі кітап, қағаз, оны-мұ­ны­ларын жаңа офистегі кеңсесіне жеткізіп алуға машинасын бермей қой­ған­дар да болды. Өйткені, оныкі – ешкімге қажеті жоқ қызмет…
Арада аз уақыт өте « Қазақ әде­бие­ті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұл­дыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдары «Қазақ га­зет­тері» қоғамының қарамағына кі­ріп, есеп-шоттары жабылды, мөр, мөртабандары күшін жойып, тиіс­ті орындарға табысталды.
Осы тұста «Жекешеленген шаруа­шылық серіктестігі» дегенді де республикалық ақпарат құрал­да­ры арасында алғаш қабылдаған Жұмабек Кенжалин болғанын ауыз толтыра айта кетуіміз керек.
Сөйтіп Жүкең тағы бір баста­ма­ны тиянақтады. Кешегі өсек өр­біткендер оның алдында құрша жор­ғалады. Жұмабекте қабақ шы­ту деген болсашы… Газет-жур­нал­дар­дың «Дәуір» баспасына қарыз­да­ры түгел өтелді. Бір жарым жыл­дан асқан шамада Жүкең:
– Уһ-һ-һ! – деді.
– Не тындырдың?
– Қарыз атаулыдан құтылдық. Ен­ді біз алашақпыз.
– Алашағыңды қалай түсі­не­міз?
– Министрліктен бөлінген қар­жы өз игілігімізде. Ұжымның игі­лігінде.
– Маған бес жүз мың теңге ке­рек еді? (Қайтер екен деген әзіл еді).
– Ей, Еркін (Ереке дейтін), сен ме­ні орға жығайын деп отырсың ба?
– Игілігіміздегінің қызығын кө­рейік дегенім ғой…
– «Судың да сұрауы бар» де­мек­ші. Енді айлық, қаламақы уа­қы­ты­нан кешіктірілмейді. Пә­лен­бай уа­қыттан бері тиесілі тиын-тебендерін қолдарына ала ал­май, қаңсың­қы­рап жүргендерге бұл аз сый ма?
Жаңа жылдың алды еді.
– «Қаңсыңқырап» деге­нің­дей, қи­налып жүрген жұртыңа бір-бір ай­лық сыйақы (премия) жа­сап жі­бермейсің бе?
– Соны өзім де ойлап, ретін із­дес­тіріп отырмын.
Иә, ретін келтірді. Өліара ке­зеңде басылымдардың жа­зы­лы­мын өткен жылғы деңгейде сақтап қал­ғандары үшін деп, тайлы-таяқ­тарына дейін қал­дыр­май барлы­ғына бір-бір ай­лық сыйақы бер­­­гізді.
Қиянатқа аяғын аттап бас­пайтын еді ғой марқұм.
Жүкең ұстанған ұстанымы­нан еш қайтпайтын. Қаншама га­зет-журнал редакцияларында қыз­мет атқарды. Басқасы басқа, тіп­ті, жүргізушісін де (шофер) ауыс­тырмайтын. Серігі, сырласы бол­ған Бақыт Әжіғалиевты адал­дығы үшін жақсы көретін. Қан­дай жиын, отырыстарға барса да Ба­қыт­ты дастарханынан қал­дыр­май­тын. Әрі қызмет ба­бын­дағы шаруалар болмаса, үй жұ­мысына жолаттыртпайтын. Сен­бі, жек­сен­бі күндері «Неге ха­барласпай қойды?» деп бірін-бі­рі іздейтіндері қызық еді. Ба­қытты зейнеткер­лік­ке шығарып, өзі сол зейнетақыға жете алмай кеткені өкінішті-ақ!
Жұмабек бет түзеген саласы­на беріле кірісетін. Ғылымда сая­­­­сат­тануға есі ауды. Ұзақ зер­деледі. Ұштығы ұстатпайтын пә­ле ғой.
– Жүке, қоғамдық ғылым­дар­дың басқа салалары да же­тер­лік қой. Саясат – салдақы деп жат­паушы ма еді, – деймін құр­дас­тыққа басып.
– Қалай сен күстаналайсың? Бұл ғылым ғой, – дейді шыж-пыж болып.
– Ғылымның да еркек, ұрға­шы­сы болады, – деймін мен қа­сарысып.
– Ей, сенің шығармайтын пә­лең жоқ екен. Сонда еркек ғы­лымдар қайсысы, айтшы қа­не, – деп, түрі сұрланып кетті.
– Тіл, әдебиет, тарих, заң, эко­номика ғылымдары. Оған тех­ника, технология, энергети­ка, ауыл шаруашылығы, тағы басқа салаларды қосуға болады.
– Олардың еркек ғылым еке­нін қалай дәлелдейсің?
– Өйткені бұл саланы кезінде ер­кектер мен еркек мінезділер игер­ген.
– Бүйректен сыйрақ шыға­рып жүресің, – деді де машина­сы­на оты­рып, кетті де қалды.
Екі-үш күннен соң жолық­тық. Кө­кейінде титтей бір кірбің болса­шы…
Жұмабек кіндік қаны тамған Тор­ғай өңірін тіршілігінде мақ­тан тұту­мен кетті. Облыс болып бір­де бөлі­ніп, бірде қосылып жат­қанда Ғафу Қайырбеков пен Жұмабек Кенжалиндей маза­сыз­данғандар сирек.
– Табиғатының сәл жұтаң­ды­ғы Жаратушыдан ғой деп, – амал­сыз­дық танытатын. Ел аза­­маттарын ар­қа­сүйер тұтатын. Жү­регінде әр­қай­сысының оры­нын бөлек сақ­тай­тын.
Діні бөлек еді. Ойға алғанын орын­дауға тырысатын. Туысқан, бауыр-туған дегенде жаны ты­ным таппайтын.
– Шаңырақтың үлкені мен­мін, – деп жүріп, оқығанын оқыт­ты, ойдағы қырдағыларын жұ­мысқа орналастырды. Үйлен­дірді.
Үшінші жылғы студенттік құры­­лыс отрядының командирі қыз­­метін атқарып қайтқан жы­лы күзде сүйген қызы Әлима мен екеуі­­нің некелесу тойы өтті.
– Мен әке-шешемді тойдың құр­­метті қонағы тұтамын. Олардан бір тиын сұрап, қинаған жоқпын, –деді.
Отбасы, бала-шаға көзінің шы­ра­ғы еді. Жоғарғы оқу орнында оқып жүрген баласына:
– Жолақыға ақшаң бар ма, қи­на­лып қалмайсың ба? – деп теле­фон ша­лып жатқан осыны көрдім.
Кіші ұлы Жандос кездейсоқ жол апа­тына ұшырағанда тұлғалы қыз­меткер екенін ұмытты. Әке ретінде жа­нын беруге дайын еді. Дастанын ас­панында ұстады. Әлимасын ақ көр­пеге «бөлеген» күннен бастап ала­қанында әлди­леді.
Ал, курстастар дегенде көңіл-қо­шы өзгеріп сала беретін. Жұрт­шы­лықпен кездесу, басқосуларда әр­қай­сысын асқақтата таныс­тыратын.
– Әй, пәленшеке қайда? Жағ­дайы не боп жатыр? Неге іздемей­сің­дер? – деп буырқанатын.
«Қазақ әдебиеті» газетінде, «Қа­зақ газеттері» акционерлік қо­ға­мын­да қаншама жыл бірге істедік. Мен «намазды» бұзып қоямын, «тен­тектік» жасап қоямын. Шіркінде бір қа­бақ шыту деген болсашы!.. Бі­реу­дің соңынан «көку» Жұмабектің та­­би­ғатына мүлде жат. Оның ал­дында күлім­дегендерімен көзі жал­тара бере сыртынан көкитіндер жоқ емес еді. Қайсыбір үлкенді-кішілі кө­реалмаушылардың Азаматтық бол­­мысына тиіскендері де кездес­ті. Жү­кең мұртын саумалаған қал­пы мыс­қылды күлкісінен ауытқы­май­­ты­н. Курстастығымыз бен құр­­дас­­тығымыз айныған емес, қал­жың­даса беретінбіз.
– Ей, Жұмабек, қызмет десе, қыз­метің, жұдырық десе, жұдыры­ғың бар, ана «қисықезуді» қайқай­тып жібермейсің бе? – деймін ет­қызулыққа басып.
– Болмашыға былғанып қай­тем, Құ­дай өзі көріп тұр ғой, бірде бол­маса бірде сазайын тарттырар, – дейді, әрине, күшене күліп.
«Сол «болмашылар» жинақ­та­лып, «моторыңа» күш түсіріп, алып-соқ­ты-ау», деймін Жұма­бек­тің ру­хымен сырласқан қайсыбір сәттерде.
«Армансыз адам – қанатсыз құс» де­генді кім айтып еді?!. Орнында бардың оңалатынына үміт артасың.
Бастамалардың басында, жай­саң­дардың қасында жүретін Жү­кең ен­ді жоқ. Ілгергі буындағылар «Жыл тол­ды үлкен жүрек тоқтаға­лы» деп жа­татын. Сол үлкен жү­рек­тілердің бірі Сен едің, Жұмабек – Жүке! Жаз­мышқа не шара!..

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір