БЕЛСЕБЕТ
29.06.2018
1442
0

Несібелі РАХМЕТ


(ӘҢГІМЕ)

Эх, велосипед! Велосипед! Кіп-кішкене томпиған қара қыз Құн­ды­зай­­дың тілімен қазақшалап айт­қан­да белсебет. Ол осы белсебетті қалай жақсы көретінін білсеңіздер ғой. Қат­ты жақсы көреді. Өте қатты. Жақсы көргені сол, осы екі аяқты арба күн­діз-түні ойынан шықпайды. Тіпті, кей­де түсіне енеді. Ал түсінде көрсе рахат! Аспан түстес көкпеңбек, кейде жапырақ түстес жасыл белсебетті теуіп, зулап жүреді. Үй-үйдің арасын­дағы тар жерлерде емес, ауыл сыр­тын­дағы мәшинелер жүретін үлкен жолға шығып алып зулайды. Кейде шөпке, бақшалыққа баратын айдау жолмен ызғытып келе жатады. Рахат! Нағыз рахат! Өйткені мұнда: «белсе­бе­тім­ді бер, белсебетімді бер, енді өзім тебем, сен көп тептің, өзімнің де ай­дағым келіп бара жатыр», – деп асық­тыратын Қымбат пен Гүлжауһар жоқ. Олардың жоқ болатыны – бұл алысқа-а қашып кетті ғой. Екеуінің белсебетін кезек-кезек сұрап алады да, анда-санда өстіп алы-ы-стағы әй­дүк жолдарда зулайды. Сондайда, яғни ен далада бір өзі зулап келе жатқанда, кеудесі қуанышқа толады. Шаттанады, мәз болады. Асықтыра­тын, «бер де бер», – деп безілдейтін, жынын келтіретін ешкім жоқ. Тек кей-кейде мұнымен жарысқан құсап ақ бауыр қарлығаш пен жұдырықтай жауторғай жанынан зу-зу етіп ұшып өтеді. Жақсысы, олардың мұнымен де, белсебетпен де шаруалары жоқ. Осылайша кеудесі қуанышқа толып, құстармен жарысып келе жатқанда астындағы белсебет өзінікі сияқты болып кетеді. Иә, үйдің жанындағы бірге ойнайтын достары – Қымбат­тыкі де, Гүлжауһардыкі де емес, тап өзінің белсебетіндей болады. Жүрегі жарылардай қуанып, мәз-мейрам күй кешіп, шаттанатыны да содан.
Эх, бірақ бұл Құндызайдың түсі ғой. Ал өңінде… Көбіне таңертең жә­не кешке қарай көрші балалар, бәрі ойнауға шыққанда Қымбат көк, Гүлжауһар жап-жасыл белсебеттерін мініп алып, олай да былай жүреді. Сон­да бұлардың көздерінің қызы­ға­тыны-ай. Әуелгі кездері Бақтияр, Ал­пысбай, Мирамкүл – бәрі-бәрі екеуінің соңына іркес-тіркес еріп жүретін. Кейін қойды. Өйткені, олар белсебет айдауды дұрыстап үйреніп алды да, құламайтын да, қиыс кетіп қалмайтын да болды. Ол ол ма, тіпті жеткізбейтінді шығарды. Сосын бұ­лар да ала өкпе болмай, кейін қайтып өзді-өзі ойнай беретін болды.
Ойнайтыны, ойнайды-ау, бірақ бәрінің де көкейінде «Белсебетпен бір рет зуласам ғой, шіркін!» – деген ойдың тұратыны анық. Әсіресе әлгі екі мақтаншақ қыз: «Ей, көрдіңдер ме, біз келдік» дегендей белсебет­тері­нің қоңырауларын сыңғыр-сыңғыр еткізіп, қастарына келіп тұра-тұра қалғанда бұлардың елеңдемеске лаждары болмайды. Сонан ойын­да­рын тоқтата қойып, орындарынан ұш­ып-ұшып тұрып жалынуды бас­тайды.
– Гүлжауһар, берші, бір айналып келейін.
– Қымбат, маған берші, сондай тепкім келіп тұр.
– Жоқ-жоқ, Қымбат, маған бер­ші, мен ең бірінші сұрадым ғой.
– Гүлжауһар, сен жақсысың, сон­дай жақсысың, маған бересің, ә?
– Жоқ, Мирамкүл, кеше ол маған берем деген.
– Саған емес, маған берем деді.
– Ей, ей, шуламаңдар, ешкімге де бермейміз, тағы да өзіміз тебеміз, со­сын тағы да, тағы да.
– Иә, әлі он, жиырма рет айнала­мыз, біліп қойыңдар.
– І-і-і…
– А-а-а…
– М-м-м…
– Мейлі ендеше…
Осылай деп амалсыз келісіп, ұн­жырғалары түскен балақайлар кері бұрылып, қайтадан өз ойындарына кіріседі. Ал Құндызай олай етпейді. Сол тұрған орнында селтиіп тұра бе­реді. Белсебеттерінің қоңырауларын сыңғыр-сыңғыр еткізіп кетіп бара жатқан екеуінің артынан қара-а-ап тұрады. «Шіркін-ай, – деп ойлайды сондайда. – Шіркін-ай, менде де осындай белсебет болса ғой. Көк белсебет. Жоқ-жоқ, көк емес, Гүл­жау­һар­дыкіндей жасыл. Жоқ, Қым­бат­тыкіндей көк. Ей, бірақ мейлі, әйтеуір белсебет болса болды. Сың­ғыр-сыңғыр ететін қоңырауы бар. Апасы мен әкесіне ылғи айтып, қың­қылдап-ақ жүр ғой. Ондайда әкесі:
– Әй, балам-ай, сәл шыдашы, ақшасы құрғырдың реті болмай жатыр. Алып берем, алып берем. Шөп орып, сатсам да алып берем, – дейді нық сөйлеп.
– А, алып бересің бе, жақсы бол­ды ғой, жақсы болды, – дейді бұл қуанып.
Ал апасы:
– Тәйт, қыз баланың белсебет теп­кенінің несі жақсы. Онан да кесте тігіп, тор тоқуды үйренбейсің бе? Қыздарға сол дұрыс. Белсебетті ер балдар тебеді. Қыз балдар теппейді, – дейді түсіндіруге тырысып.
Апасы осылай дегенмен, Құн­дызай қыз бала болса да, белсебет тепкісі келеді. Тепкісі келгенде қан­дай! Күнге шағылысып жалт-жұлт ете­тін аппақ қоңырауын сыңғыр-сыңғыр еткізіп қойып, ауыл сыртын­дағы үлке-е-ен жолда зулағысы кел­еді. Ал, анау, апасы түсіндірген кесте, тор тоқу дегендер… Айтпа, айтпа, ондайды бұл үйренбек түгілі, ойла­ғы­сы да келмейді. Үйдегі өзінен үлкен қыз­дар – апалары Құралай мен Айсәуле сияқты қолдары қалт етсе бол­ды кестелері мен қиық-қиық ма­таларын, торлары мен ине-жіптерін, крушоктарын алып іс тігуге отырғысы жоқ. Қазіргі бұның арманы – тек белсебет. Дәл қазір ғана емес, осы екі дөңгелекті зыр-зыр еткен керемет кө­лікке Құндызай бұрыннан да құмар тұғын. Оны айдап, желдей зулауды бұрыннан-ақ ұнататын. Тек бұрында белсебет қаладағы туысқандарының баласы Жарқында ғана бар болатын. Кей-кейде солардың үйіне қыдырып барғанда тебетін. Жарқын сондай жақсы бала. Белсебетін сұраса болды, дереу береді. Сосын «бол да бол, енді өзім тебем», – деп асықтырмайды. Қайта бұған көмектесіп, дарбазадан шығарып, «тратуар» деген тар жолға салып жібереді. Өзі соңынан қарап, қадағалап тұрады.
Құндызайға ең әуелі белсебет те­бу­ді үйреткен де осы Жарқын туысы. Қызығы – Құндызай ауылдағы ба­ла­лар сияқты белсебетке бірінші рет мінгенде құлап, қиқаңдап, рөліне еге бола алмай сасқалақтап, көп әуреге түскен жоқ. Жарқын мұны отырғы­зып, ері мен рөлінен ұстап сүйемел­деп, бір-екі рет жүргізіп көрсетіп еді, әрі қарай өзі үйреніп кетті. Сонан қалаға барса Жарқынның қоңыр белсебетінен түспейтін болды.
Сөйтіп жүргенде өздерінің кіп-кішкентай ауылы – Қоғалыдағы күнде бірге ойнайтын достары Гүл­жау­һар мен Қымбатта да белсебет пайда болды. Рас, әуелі пермеде бас­тық болып істейтін көкесі Гүлжау_һарға белсебет әперді. Оны көрген Қымбат атасына қиғылықты салды-ай кеп.
– Ата, ата маған белсебет керек. Гүлжауһарға көкесі алып беріпті. Қа­ла­дан әкепті. Маған да алып бер. Алып бересің, ә? Әйтпесе сенің балаң болмаймын, – деп атасын қорқытты.
– Алып берем, алып берем, бо­там, жақында пенсиямды алам, со­сын әперем, – деді атасы немересінің басынан сипап.
– Жоқ, жақында емес, қазір әпер, қазір әпер, әйтпесе сенің балаң болмаймын, папамның қызы болам.
– Қой, ботам, олай деме, сен ме­нің баламсың ғой, жарығым. Пенсия алайық…
– Ө-ө-ө-өһ-өһ, болмайым, бол­майым… ө-ө-ө-өһ-өһ. Бел-се-бет, бел-се-бет алып бе-е-ер!
Сонан не керек, Дауылбай ата ертеңіне таң азанымен тұрып, картон зауытқа жұмысшылар таситын портовый мәшинеге мінді. Ал түс ке­зін­де, бұлар киіз үйлерінде жәй­ба­рақат шайларын ішіп отырғанда:
– Ей, Алпысбай, Құндызай, Ми­рамкүл, Бақтияр, келіңдер, келіңдер! Атам маған белсебет әкелді, белсебет әкелді, келіңдер, көріңдер! – деп зыр жүгіріп айқайлаған Қымбаттың даусы естілді.
Қолындағы қанты мен кесесін қоя салған Құндызай есіктің дәке пер­десін серпіп жіберіп сыртқа ытып шықты. Анадай жерде Мирамкүл мен Бақтияр да Қымбаттың үйіне қарай жүгіріп бара жатыр. Олардың соңын ала бере екпіндетіп бұл да жетті. Сөй­тсе, тамның көлеңкесіне балалар мен бір-екі көрші ағалар жиналып қалып­ты. Орталарында су жаңа, көкпеңбек белсебет! Әдемісін-ай! Көкпеңбегін-ай! Бұл тіпті Гүлжауһардыкінен де әдемі сияқты.
Осылайша Дауылбай қарияның жалғыз ұлының жалғыз қызы, атасы­ның мойнына мініп отыратын ерке не­мересі Қымбатта да белсебет бол­ды.
Сол күннен бастап Құндызайдың көкейінде «Шіркін, менде де осын­дай белсебет болса» деген арман пай­да болды. Бұрын бүйтіп арманда-майтын. Өйткені, белсебет тек Жар­қын сияқты қаланың балаларында ғана болады деп ойлайтын. Сөйтсе жоқ. Ауылдағыларда да болады екен.
Е-е-ей, бірақ қазір бұған ешкім белсебет әперейін деп жатқан жоқ. Дауылбай қариядай атасы жоқ. Ылғи әдемі ойыншықтар мен сәнді киімдер сыйлайтын Гүлжауһардың перме бастық көкесіндей көкесі де болған емес! Сонда бұл не істемек? Не істе­сін, өсті-і-іп екеуінің белсебетте­ріне қызы-ғе-е-еп жүре береді.
Рас, Гүлжауһар да, Қымбат та жа­ман қыздар емес. Кей-кейде белсе­бет­­терін бір-екі айналып келуге береді. Тіпті кейде көңілденіп кетіп көбірек тептіретін кездері де болады. Ондайда бұл рахаттанып, желпініп, қуанышы кеудесіне сыймай, ғажайып күй кешеді. Бірақ ондай қуанышты сәттер үнемі бола бермейді. Сонан да бұл көбіне белсебеттері дөңгелек­тері­нің аппақ сымдары күнмен шағылы­сып жалт-жұлт етіп, қоңыраулары тынымсыз сыңғыр қағып әрлі-берлі зуылдап жүрген қос құрбысына
қыз­ы­ға қараумен болады.
Әсіресе бұлар бір-бірімен ренжі­сіп, ұрсысып қалған кезде қиын, өте қиын. Қызығудың көкесін де сол кез­де көреді бұл. Көрмей қайтеді, мұндай қырғи қабақ күндері олар бел­себеттерін бермек түгілі, рөлінен де ұстатпайды. Құндызайға ең ауыры да осы. Жап-жасыл, көкпеңбек бел­се­беттерге көзін салып, анадайдан телміре қарап тұрады. Сөйтіп тұрып ойлайды: «Не істесем екен, ә? Не іс­тесем екен? Гүлжауһармен қайтіп та­тулассам екен? Қымбатты көндіру қиын. Оның мінезі шатақ. Ал Гүл­жауһар шамалы жақсылау. Ол сосын суретті жақсы көреді. Талай рет ұрсысып қалғанда Құндызай оның дәптеріне үйдің, гүлдің, балықтың, көгершіннің, қоян мен күшіктің, жа­пырақтың, талдың суреттерін салып беріп, қайтадан достасып кеткен. Мүмкін осы жолы да солай істер, ә? Тіпті болмаса, дәптерінің бәрін толтырып салып берер. Иә, сөйтеді. Осылай еткені дұрыс».
Сонда балақайлар неге ренжіседі дейсіз ғой. Оған да себеп осы белсе­бет. Біреуі «берші», – дейді, біреуі «бермеймін», – дейді. Оның соңы кеп ұрсысуға, өкпелеп қалуға ұласады. Ал кейде бұлар: «Анау жерге дейін ғана барып қайтам», – деген уәделерінде тұрмай, алыстау жаққа кетіп қалып, темір тұлпарды ұзағырақ теуіп қояды. Сондай келісімді бұзып, белсебетке мінсе болды уәдені де, өзге дүниені де ұмытып, шығандап, шарықтап кететіннің бірі, бірі емес-ау бірегейі – осы Құндызай. «Енді өйтпеймін, енді өйтіп алысқа кетпеймін», – деп қанша айтады. Бірақ… бірақ… қай­тесің енді… Аяғы педальға тиді де­ген­ше тоқтау жоқ бұған, ой бір желпініп, қа­наттанып, құстай ұшып кетеді дей­сің. Тоқтай алмайды, кішкентай жер­де жүре алмайды, алысқа, алысқа ұзай­ды, ауыл сыртындағы үлке-е-ен жол­ға түсіп алып зулайды-ай кеп, зу­лайды.

***

Құндызай өстіп қос құрбысының көлігіне қызығып, оларға жалынумен жүргенде бір күні күтпеген оқиға орын алды. Ойында ештеңе жоқ, Гүлжауһардың жапырақ түстес жасыл белсебетімен ұзын жолда ұз-а-а-ақ зулады. Армансыз зулады, рахатта­нып зулады. Ал кеш батып, егесіне белсебетін әкеліп берген кезде қиын­ның қиыны болды. Екі бірдей жұды­ры­­ғын түйіп, ашудан жарылардай болып тұрған Гүлжауһар:
– Мә, саған! – деп бар күшімен кеудесінен итеріп кеп қалды.
Бұл ыңқ етіп белсебеттің үстіне құ­лап түсті. Басы тура дөңгелектің ор­тасына тиді. Осы кезде Гүлжауһар мұның басына тепкісі келді ме біл-мейді, әйтеуір дөңгелекті үсті-үстіне теуіп-теуіп жіберді. Дөңгелек зыр айналды.
– А-а-ай, а-а-ай, шашым, ша­шым, ба-а-сым, ба-а-сы-ы-ым.
Құндызайдың құлындағы даусы шықты. Әрі қарай досы мұны теуіп жатыр ма, жоқ дөңгелек жәй айналып жатырма, білмейді, әйтеуір аспан төңкеріліп, жер көшіп бара жатқан­дай болды. Арғы жағы беймәлім.
Есін медпункттің бөлмесінде жиды. Қасында ақ халат киген доқ­тыр, өзінің апасы, Құралай және Гүл­жауһардың апасы отыр екен.
– Өй, жәнім, көзін ашты ғой, – деді апасы даусы дірілдеп. Өзі жы­ла­ған ба, қалай, көзі қызарып кетіпті.
– Ой, айналайын, айналайын, тфә-тфә, бізді қатты қорқыттың ғой. Ештеңе қылмайды, – деді Гүлжау­һар­дың апасы кібіртіктей сөйлеп. – Ба­сың қаға тиіпті қайта. Құдай сақтаған. Ана қыздың жанын шығарам. Кешір, айналайын. Балалық жасаған ғой. Айып бізден. Енді таласпайтын боласыңдар. Запперме қайныма айтып, өзіңе бір белсебет алдырып берем…
– Керегі жоқ! Керегі жоқ! Белсе­бет­тің керегі жоқ! Керегі жоқ!
Құндызай қалай айқайлап жібер­ге­нін, неге айқайлағанын білмейді. Дәл сол сәтте «белсебет» деген сөзді естігенде басына біреу біз сұғып ал­ған­дай болды. Жүрегі соғып, миы шан­шып кетті. Тағы да аспан төң­ке­ріліп, жер көшіп бара жатқандай болды.
– Керек емес! Белсебет керек ем­ес! Керек емес! Ө-ө-өһ-өһ. Ба-а-а-сы-ым-м…
– Қоя ғой, қоя ғой, жәнім, жә­нім…
– Тыныш, тыныш, қазір басы­лады, қазір жақсы болады, – деп доқтыр укол салуға кірісті.
Сонан Құндызай оншақты күн­дей медпунктке қатынап ем алды. Басының жарасына май жақтырып, ине шаныштырады. Дәкесін ауысты­рып, сұйық дәрімен сүрткенде төбесі удай ашып, ауырады. Қанша өзін ұстап, мықты болайын десе де сол кезде бырт-бырт етіп көзінен жас шығып-шығып кетеді. «Құрысын бе­лсебеті, құрысын! Керек емес, ке­рек емес!» – деп еріксіз күбірлейді ондайда. Шашының түптері қол тигізбей қақсайды. «Қанталап кет­кен» – дейді. Айсәуле айтты. Қан­тала­май қайтсін, дөңгелектің темі­ріне оралып, онымен қоса айналған шашын ажыратып ала алмағасын «терісін жұлып кетер» – деп қай­шы­мен қиып-қиып жіберіпті апасы. Со­нан да қазір шашы үй әктейтін шөт­кеге ұқсап шұнтиып қалды. Бұ­рын бұрымдары тоқпақтай, ұзын еді.
Бұл «Керек емес» деген сөзді бекер айтпапты. Белсебет көрсе бітті, миы шаншып, жүрегі дүрсілдеп кететін болды. Аяқ-қолы дірілдеп қоя береді. Әнеукүні Құралай екеуі доқтырда жүргенде Гүлжауһардың көкесі бұған белсебет әкеліп, сарайға кіргізіп қойып кетіпті. Бірақ Құн­ды­зай оны барып көрген де жоқ. Ал естігенде көңілі жабырқап сала берді, жүрегі ауырғандай болды. Сосын өксіп-өксіп жылап жіберді. Өзін тоқтата алмай біраз жылады. Сол күні Айсәулеге қайта-қайта айтып, бел­се­бет­ті Гүлжауһардың үйіне апарғызып тастады. Әкесінің:
– Ағайыннан ұят болар, балам, – деген сөзіне құлақ асқан жоқ.

***

Осы оқиғадан кейін Құндызайға тек қана белсебет емес, көп нәрсе қы­зық болмай қалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір