Абай дүниеге келмегенде
Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан ұлттың тарихи тағдырындағы сөз жоқ болған даналықтың өлшемін тап басып айту, әрине, мүмкін емес. Ақиқаты – қашалып, қатталып қалған ғасырлар ғибраттары көмбе-көмбе екені аян. Енді Абайдың жөні бөлек. Ол берідегі дана. Абай дүниеге келмегенде, қазақ үшін ыңғайсыз, тіпті ұят болатын еді. Қазақпыз ғой, әйтеуір біреуді қолдан кемеңгер жасап та жіберетін бе едік, кім білсін.
Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы
Даналық – ұлыларға тиесілі. Абай сияқты. Әйтсе де, Абайға дейін де қазақтың қайда, қалай баруын кесіп-пішкен кемеңгерлердің де болғаны рас. Олардың өмір, адам, қоғам, оның ар-ұяты, абырой-атақ, ар-намыс тағы-тағылары таңбалап айтқан даналықтары кезегімен келіп отырған ұрпақтың жадында қалып отырды. Сол қазыналар Абайға ұстаздық етпеді дейсіз бе. Ешкім де аспаннан салбырап түспейді. Дана болып туар. Бірақ ұлт жасап келген ұлы ұстаздыққа ол да тәуелді. Әңгіме ата-бабадан қалған ғибраттарды өз түйсігімен жаңғыртып әкетіп, ақыл-ойдың, сананың реформаторлық сипатын танытуда. Абай сөйтті. Ол танымдық тұрғыда, ұлттық аядан шығындап шығып кетті. Өлеңдегі ой-жүйе өлшемінің өркениетін, пәлсапа мен поэзияның үздік үйлесімін жасай алды. Бұған, әрине, орыс ойшылдары мен ұлы ақындарының септігі аз тиген жоқ. Ақыр соңында Абай қазақты ғұмыр мәнін ұғыну тұрғысынан озық мәдени айналымға жетелеуді мақсат етті. Ол үшін ішкі реттілігін, прогреске ұмтылуын, саналық жаңаруын көкседі. Селт етпейтін көнбістігіне күйінді, аяусыз сынап-мінеді. Л.Толстой айтатын: «Қанша кітап жазсаң да, өмір өз жолымен жүреді»-інің кері, Абай қазақты өзгертемін деп өз жанын өзі аяусыз жеп, азап шеккенімен қазақ «Баяғы жартас, бір жартастығынан» айнымай қойды. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп опынып, өкінетін жері де осы.
Даналықты айтып отырғанда, сол даналықтың кейбір жағдайда, қазағына өзге бір тұстан өңмеңдеп келе жатқан орыс империясының отарлау саясатына еш көзқарас білдірмеуі.
Біздің қазіргі әдебиетімізді қайдам, ауыз әдебиетінің «Алтын» да, «Күміс» те ғасырларының болғаны күмәнсіз. Өкілдері Асан қайғы, Қазтуған, Доспанбет… Тағысын тағылар. «Еділге қолды салғаны…» деп еңіреген ерлер қандықол империяның отарлау саясатының ақыры қалың қазақтың қазанын төңкеріп, қабырғасын қаусатып, қаңғытып қоюға апаратынын айтып аңырамады ма, сонда ұлы Абай неге үнсіз қалды?! Осы сауалды көрнекті жазушы Төлен ағамыз төбесінен әділ қойып жүр. Орыс мәдениетінің қазақтың рухани әлеміне әсерін көксеген Абай отарлау саясатының зұлым әрекетін көзімен көріп отырып та үндемеді ғой. Сонда… Дана ақын нені ойлап, нені қойса да бір Құдайға аян.
Ал бүгінгі біздің ахуал қандай? Қазақпен қатынасымызды айтамын. Қаламгер ретінде ұлт болып ояну, ұлт болып қалыптасу – рухани өркениетке тәуелді екенін оның санасына жеткізе алып жүрміз бе. Қамсыздау жүрген қазақтың көңіл-күйін қан-көбелек ойнатып жіберетіндей шығармалар әкеле алдық па, дүниеге. Абай заманында қазақ атаулы хат танымады, алайда, өлең-жырды жабыла дерлік жатқа соқты ғой. Бүгінгі қазақ олай ету түгілі, хатқа түскен дап-дайын дүниені оқымайды. Ең басты себептің бірі, менімше, біздің шығармаларымыз көп жағдайда ешкімді елеңдетпейтін, бар айтары тұрмыстық деңгейдің ар жақ, бер жағындағы қиял мен қисыннан ада-күде жазбалар. Олай екен, қазақ оны неге, қалай оқиды. Олай екен, ақын, жазушылардың қазақтың рухани тәрбиесінде қандай әсер, ықпалы болуы мүмкін. Екіншіден, әдебиетті жалпы халықтың жан-дүниесімен жарастырып жібере алатындай жүйелі, пәрменді әрекет жоқ, бізде. Ұлттық мәдениетті сөз еткенде айтылып жататыны театр, кино, ән мен күй. Оған айтыс деген айналайынды қосақтап жүр. Ал ұлттың рухани әлеміндегі ең құдіретті құбылыс – әдебиет өзімен-өзі қалды. Біздің тәуелсіздігімізді алғанымызды күтіп жүргендей, дәл бүгінгі сәтте әлемде рухани отарлау саясаты құтырып тұр. Олардың насихаттамайтыны, уағыздамайтыны қалмады. Шетінен шеннен шығаратын әзәзілдік. Әзәзілдікке әліміз жетпей отыр. Ұлттық рухымыздың әлсіздігінен рухани айбынымыздың алаңын әлем-жәлем, әңкі-тәңкі, әр нәрсеге әләулаймен қарайтын әртіскештік басты.
Бәрін заманға саятындар көп. Тіршілікті компьютер, интернет-тағы-тағылар басып алды деп ақталып жатамыз. Құдай-ау, соның барлығына баяғыда қолы жеткен, қазір де күн сайын небір ғылыми технологияларды жүзеге асырып жатқан Жапонияда жетекті жазушылардың кітаптарының 150 мың данамен шығып жатуы қалай. Жапон халқы жаппай оқиды, өйткені. Рухани әлемі аса қуатты ұлт болып отырғаны да сол. Рухани әлемі аса қуатты ұлт алдымен ұлттық ар-намысты таңдайды. Олар өзінің әдебиеті арқылы өздерінің өткеніне, бүгініне, ертеңіне қызмет ететін ақыл-ойлары, пайым-парасаттары, мақсат-мұраттары, ұлттық дәстүр-салттарын, ой-сана деңгейлері өсуін талдайды, зерттейді, қорытынды шығарып, түзетулер енгізіп отырады. Ұлттық қалыптасу дегеніміздің өзі де, сірә осы.
Біз Абайымызбен мақтанамыз. Ал енді қалың қазағымызбен мақтану, ең басты ұлттық мұратымыз болып қала беретіні бір Құдайға аян. Соған жетер күннен асқан арманынан өткен ештеңе бола қоймас.