Деректі прозаның пәрмені қандай?!
29.06.2018
1193
1

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы


Деректі прозаның аты озып тұр. Бүгінгі өмірдің шындығын, бір­­ге тірлік кешіп жатқан заман­дас­тарымыздың ой-пиғылын біл­гісі келгендер – оқиды. Жаза­тын­дар аз емес. Бүгінде қарт қаламгер атан­ған Ғаббас Қабышұлы, Зәкір Асабаев және олардың соңынан іле­сіп келе жатқан Бейбіт Қой­шы­бай, Мархабат Байғұт, Көлбай Адыр­бекұлы, Қайнар Олжай, Бауыр­жан Омарұлы, Болат Шара­хым­бай… Өстіп тізе берсек, жалға­са беретін тізім бар.
Енді нақты әңгімеге көшейін. Әуелгі қолға алғаным – Тұрсынәлі Рыс­келдиевтің «Тажалға тосқауыл» романы. Бес жүз бетке жуық қо­мақты дү­ниенің бас кейіпкері – Елба­сы­мыз.
Бүгінгі көзіқарақты оқырман Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы кімдердің жазғанын, қалай жазғанын өте жақсы біледі. Осы кітаптар көшінің басында қаламы жүрдек журналист, ойы алымды-ша­лымды қаламгер Қайнар Ол­жайдың «Президент пырағы» тұр. Одан кейін Бейбіт Сапаралы Пре­зиденттің балалық шағы туралы кі­тап жазды. Одан соң да жаза­тын­дар көбейді. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің саяси-эко­номикалық өмірінде, қалып­тасу тарихында атқарғаны өте мол. Бей­бітшілікті сақтаудағы әлемдік ауқымда атсалысқан істері, бас­тамашы болған тірліктері жетіп ар­тылады. Солардың бірі – Семей полигонының жабылуы. Тұрсы­н­әлі ағамыз осыны өзекті тақырып етіп алған. Алайда, сан жылдар ажал ошағы болған атом сынақ­та­рының тоқтауына дейінгі Елба­сы­мыздың тағдыры, өсу жолы, то­лысуы, мемлекеттік қайраткер, сая­саткер биігіне жетуі оңай емес­тігін, оның да соқтықпалы-соқ­пақ­ты оқиғалары мол екенін автор жан-жақты көрсеткен.
Біз «Невада-Семей» қозғалы­сы­ның қалай басталғанын көзбен көр­ген ұрпақпыз. Осы өзіміздің кие­лі қарашаңырағымыздың ал­дын­дағы үлкен тастың қалай қойыл­ғаны да есімізде. Солардың ең әуелгі бастамашысы Семей об­лыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы Кешірім Бозтаев бол­ғаны жөнінде газеттерде орыс­ша да, қазақша да талай рет жа­зыл­ды. Мұның бәрі өткен тарих, ке­шегі күннің айдай ақиқаты Ол­жас Сүлейменовтің қозғалыс же­тек­шілігін қолға алып, сынақты тоқтату жолында қаншалықты күрес­керлік мінез көрсеткені де ұмытылмайтын оқиға. Бір сөзбен без­бендегенде, Тұрсынәлі Рыскел­диев осының бәрін қаламгерлік са­на сүзгісінен өткізіп, барынша бай, кестелі тілмен жазып шыққан. Сондықтан айтар ойымызды, осы кітаптың аңдатпасында жазылған­дай, «…әлемдік деңгейде жаңа стиль­мен жазылған роман дүниеге кел­ді» деп түйіндегенді жөн көр­дік.
Қолға алған екінші кітабымыз – Жұмабай Қайранбайдың сурет­ші туралы «Өнермен өрілген өмір» хикаяты. Бұл да қомақты, көлемі бес жүз беттен асып жығылатын кі­тап. Кейіпкері – Елбасының қолынан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алған, «Қазақстан Респуб­ликасы­ның Еңбек сіңірген қай­рат­кері» Жұмақын Қайранбаев. Ол Гоголь атындағы көркем-сурет училище­сінің түлегі. Одан кейін Ле­нинг­рад­тың Көркемсурет ака­демиясын бітір­ген. Сонда оқып жүріп, орыс қы­зы Ольгаға үйлене­ді. Оның ма­ман­дығы философ. Екеуі жұпт­асып Алматыға келеді. Бірі Абай атын­дағы педагогикалық инсти­тут­қа орналасады. Екіншісі Жүр­ге­нов атындағы академиясын­да ұстаз­дық өмірін бастайды. Оқып оты­рып есімдері елге таныс талай-та­лай суретшілердің аты-жөндерін ұшыратып, шығарма­шылық жол­дағы еңбектерімен таныстық. Ав­тордың тілі өте бай, кестелі. Баян­дау мәнері тартымды. Бірді айтып, бірге кетпейді. Сон­дықтан да кітап кедір-бұдырсыз, жеңіл және жүр­дек оқылады. Деректі шығармаға тән заңдылық­тар сақталған. Уа­қыт­тың үні, тынысы айқын сезі­ле­ді. Бүгінгі өміріміздің сурет өне­рін тағды­рына айналдырған адам­дарға өте ауыр тигендігі, олар­дың көбінің Арбатты жағалап, суреттерін са­тып, пұлдап күн ке­шетіндігі жатық та иланымды баян­далады. Сон­дықтан мұны автордың жетістігі деп білеміз.
Қазір қаншалықты қиын, қар­жылық тапшылықта жүрміз деге­німізбен шығатын кітаптар шығып жатыр. Сондай кітаптардың ара­сында Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» естелік-тол­ға­ныс­тар жинағын ерекше атағымыз ке­леді. Ғабаңның бұл кітабы 2015 жы­лы Анкарадан өзгеше үлгіде безендіріле басылып еді. Ішіндегі материалдары әуелі әртүрлі мер­зімдік басылымдарда бет-бет бо­лып жарық көрді. Әрине, газет­тің аты – газет. Ал мына кітапта со­лар­дың бәрі топтастырылып бір-ақ­ берілген. Сондықтан да 1 мың дана таралыммен жарық көрген кітап аздық етті. Осыны ескерген ағ­а­мыз бұл кітапты біздің «Тоғанай Т» баспасынан өз қаржысына қай­та шығартты. Кітаптағы Сәбит Мұқанов туралы «Дұрыс!», Бауыр­жан Момышұлы атамыз жөніндегі «Мығым мүсініне қызыға қара­дым», Әди Шәріпов туралы «Мұ­қаң­ның аманатын ақтады», Әнуар Әлімжанов хақындағы «Бар құр­лық­та ізі жатыр», сол секілді Әзіл­хан Нұршайықов, Қуандық Шаң­ғытбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұ­манбай Молдағалиев, Шәмші Қал­даяқов, мемлекет қайраткері Ми­хаил Есеналиев туралы жазба­лары өзіндік үлгісімен, деректілігі, дәйектілігімен баурайды. Оқып оты­рып қай-қай кейіпкерін де ту­ра жаныңызда жүргендей сезінесіз. Ғаб­бас ағаның Қасым Қайсенов жө­ніндегі жазбасы да ғажап! Бас ал­май оқисыз. Аты аталатын адам­дар өз ерекшелігімен дараланады, сөз саптастары сақталады. Ғабаң­ның деректі дүниелерінің қуаты да осында болса керек!
Тағы да бір қаламы қарымды, қарт­тығына қарамай шығармашы­лы­ғын үдете түскен ағамыздың кі­та­бын оқыдық. Жазғандары га­зет­­терде жиі басылатын және сүйіп оқитын оқырмандары әбден ек­шелген Зәкір Асабаев соңғы жыл­дарда екі-үш кітаптан шыға­рып жүрді. Өткен жылы «Дәстүр» бас­пасынан жарық көрген «За­ма­на тынысы» да қолдан қолға өтетін кі­тап. Өзі сырлас, сыйлас, қызмет­тес болған, етене араласқан Мұса Ді­нішев, Роза Бағланова, Ришад Абдуллин мен Байғали Досымжа­нов, Әлібек Дінішев, Камал Смайы­­­лов, Сәбит Оразбаев мем­ле­­кет қайраткері Саттар Имашев ту­ралы эсселері өзіндік жазылу мә­нері, стилі, формасы, баяндап бе­ру тәсілімен қалам қадірін біле­тін әріптестердің бәрін тәнті қыл­ды. Ағамыздың ерекше тынысы ашыл­ған секілді. Әлі де беретін дү­ниелері баршылық. Біз барша оқыр­­мандар атынан разылығы­мыз­ды білдіре отырып, ағамызға жазар көбейсін деп тілек айтамыз.
Зәкір ағамыз секілді қаламы қа­натты әріптесіміз Көлбай Адыр­бекұлының ізденіске толы, не жаз­са да тімтіне, тереңдеп жазатын ма­қалаларын іздеп оқитындар аз емес. Әсіресе, талай жылдан бері ай­нымас тақырып етіп алған «Ка­захс­кое дело» топтама дүниелері ту­ралы айтарымыз көп-ақ. Бұған дейін екі кітабы жарық көрсе, ал жа­рық көре алмай үстелінің суыр­ма­сында сүрленіп жатқаны қан­шау екенін өзі біледі. Әйтеуір, Құ­дай жарылқап, өткен жылы «Қа­зАқпарат» баспасынан «Тәуел­сіз­дікке талпыныс» кітабы мемле­кет­тік тапсырыспен басылып, қо­л­ға тиді. Оған енген «Мырзағұл Әбдіғұлов», «Жансая Сәбитова», «Нұртай Сәбильянов» деректі по­вестері әлгі айтқан «Казахское де­ло» авторлық жобасы бойынша жа­зылған материалдар еді. Бұлар­дың бәрі де автордың республи­ка­лық мұрағаттарда сарылып отыруы нәтижесінде тың деректерімен ерек­шеленіп шыққан дүниелер бо­ла­тын. Көлбай ағамызды асыра мақ­тағымыз келмейді. Бар айта­ры­мызды осы бағытыңыздан тай­маңыз деген игі тілекке сыйдырып, келер сөздің бағытын Қаршыға Есім­сейітованың «Таусылмайтын жол» атты журналистік жолжазба кітабына бұрайық.
Әдетте теледидар, радио төңі­ре­гінде журналистік қызмет атқар­ған­дардың жазуымен жарқырап кө­рінуі өте сирек. Осы реттен ал­ған­да Қаршығаның аты озыпты. Қы­рық жыл көгілдір экран хабар­ла­рын даярлай жүріп жиғаны бар, қа­зақ хандығының 550 жылдығы, Та­раз төріндегі өткен той, Түр­кістан тарихына тереңдеп, Жар­кент жағына баруы, одан асып Орын­борда көргендері бар – бәрін же­ке-жеке эссеге айналдырып, қа­былдауға лайық, тілдік мүкістен ада кітабымен оқырмандарын қуан­­тыпты. Қай материалы да ық­шам­дығымен, бас-аяғының жұ­мыр­ланып, жинақы ұсынылуымен ойымыздан шықты. Айтарымды ба­рынша түйіндеп айтқандағы пі­кірім – осы!
Енді деректі прозаның аса ке­рек­тілігін аша түсетін кітаптар ле­гі­не кідіре кетейін. Ол – әлі күн­ге дейін өзінің саяси бағасын ала алмай келе жатқан қасіретті Жел­тоқсан көтерілісі. Менің осы та­қырыппен айналысқаныма 30 жыл­дан асты. «Алматы 1986 Жел­тоқ­сан» деген атпен 11 том кітабын шы­ғарыппын. Өткен жылы 11-то­мы жарық көрді. Әр томның өз ерек­шелігі, сипаты бар. Әр кітап жа­рық көрген сайын көтерілісті кім ұйымдастырды, артында кім­дер тұрды деген сауалға жауап алу­ға жақындай түстік. Сөз жоқ, Жел­тоқсан көтерілісінің ұйым­дас­тырушысы болды. Егер олай бол­маса, жер туралы, тіл жөнінде қан­шалықты шыбын жанымыз шыр­қырап шырылдасақ та, дәл сон­дай қарсылықты әлі күнге дейін неге жасай алмай жүрміз? Біз әлі ұлттық кемсітушіліктен ары­ла қоймаған ұлтпыз. 1986 жы­лы ол жағдай тіпті қиын еді. Біздің өт­кен жылғы елге ұсынған 11 то­мымызда соны аша түсетін үлкен материал басылды. «Сол бір сұр­қай күндерде» деп аталатын оның авторы – Серікбай Жағыпарұлы ми­лиция қызметінде болған екен. Әлгі естелік мақаласында Ішкі іс­тер саласындағы ұлттық қайшы­лық­ты жеріне жеткізе ашық жа­зады. Алаңға шығып кеткенін ай­тады. Тәртіп сақшыларының өзі екі жарылады. Тіпті, қызметте екі жақ бір-біріне қару кезенісіп қар­сы келгендерін де жасырмайды. Бұл бір ғана материалдың мазмұ­ны. Ішінде қазақтық қаныңды қыз­дыратын қаншама дүние бар. Ау­ру-сырқауға ұшыраған, жұмыс­сыз қаңғып қалған, үйсіз-күйсіз жүр­ген қандастарымыздың – ке­шегі Желтоқсан батырларының күйі­ніш­ті әңгімелері аянышты-ақ. Тәуел­сіз елміз ғой, неге солай болды деп ойланасыз. Бұл жасырып-жа­ба­тын әңгіме емес. Біз үзбей шы­ға­­рып келе жатқан «Желтоқсан» ай­ғақ-кітаптарының ұстанған ба­ғыты осы. Басты міндетіміз – ақи­қатты айту, жас ұрпақты елін, же­рін, тілін, ұлтын сүйетін азамат етіп тәрбиелеуге атсалысу. Бұл қа­сиетті қаламын қадірлейтін бар­ша әріптесіміздің үлкен міндеті де­сек, кәсіби парызымызға адал­ды­ғымыз осындай мәселелерді батыл көтеріп, араласа алуымыз­бен екшеледі.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.08.2023 | 16:00

Олжас Сүлейменов тобы Семей полигонын жабуға елеулі еңбек сіңірге жоқ. Ол деректі Кешірім Бозтаев өзінің «Семей полигоны» кітабында нықтап айтқан. Вообще, Олжас — самореклама. Елеу КӘРІМ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір