Шетелдегі қаламгерлер шығармашылығы
29.06.2018
2047
0

Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ, әдебиеттанушы


Қазақстаннан тысқары елдер­дің ішінде Қытай, Өзбекстан, Моң­­­ғолия, Ресей елінде өзге ел­дер­ге қарағанда қазақтардың саны көп. Бұлардың ішінде сан жағынан да, ақын-жазушылардың қосыны жағынан да ең көбі Қытай еліндегі қазақ диаспорасы. Аты шулы «мә­дениет төңкерісінен» кейін ол жақ­тағы қазақ әдебиеті біршама жақ­сы өсіп-өркендеді. 1970 жыл­дар­дың соңынан қазірге дейін олар­да 200-ден астам роман, 2000-нан астам повесть, бірнеше мың­да­ған жыр жинақтары жарық көр­г­ен.
Қытайдағы қазақ қаламгерле­рі­нің бір топ талантты шоғыры қа­зақ елі тәуелсіздік ала салысы­мен атамекенге қоныс аударғанын білесіздер. Жақсылық Сәмитұлы, Серік Қапшықбайұлы, Оразанбай Егеубаев (Орекең бабалар сөзі 100 томдығының 10 томын Қытай қа­зақ­тарының ауыз әдебиетінен дайын­даған болатын, Тұрсынәлі Рыс­келдиев, Сәли Сәдуақасұлы, Сейіт­хан Қалиұлы, Қазез Райыс­ұлы, Керейқазы Нұрсадықұлы, Ыбы­рай Қошқари, Қажыбек Тө­те­кин қатарлы аға буын қаламгер­лер тәуелсіз қазақ еліне келіп, азат ел­дің әдебиетіне өз үлестерін қос­ты. Әсіресе, Жақсылық Сәмитұлы «Қаһарлы Алтай» деп аталатын три­логиялық романы арқылы Шың­жаңдағы қазақтардың азат­тық күресін, басынан өткен ауыр күндерін төкпей-шашпай отырып мөлдіретіп жеткізіп берген бола­тын. Серік Қапшықбайұлы қазақ өлеңіне жаңа түр, жаңаша стиль қалыптастырған ақын. Ол кісінің жаңа­ша үлгідегі өлеңдерін терең та­нып-түсініп, зерттеп-зерделеген әде­биеттанушылар қазіргі таңда бо­ла қойған жоқ. Тұрсынәлі Рыс­­­келдиев «Ұлы көш» деп ата­латын көптомдық романдар циклі арқылы арғы беттегі қазақтардың тағ­дыр-талайын кең масштабта бейнелеп берді. Жазушы бұдан кейін­де Елбасын өзекті кейіпкер етіп ала отырып, Семей полигоны­ның қасі­ретін және оның қалай жабыл­ғаны жайлы келесі романын жа­зып, жариялады. Екінші толқын ақын-жазушылардан Тұрсынхан Зәкенұлы «Көк бөрілердің көз жа­сы», «Мәңгі тас» қатарлы тарихи та­қырыпқа жазылған романдары­мен оқырман назарын бірден аударғанын білесіздер. Ғалым Қалибекұлы прозалық және поэ­зиялық шығармалары арқылы Ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғына ие болды. Әдебиеттің әр түр­лі жанрында жазып жүрген «Көк тудың желбірегені» деген бір ғана ән мәтінімен бүкіл қазақ еліне танымал болған ақын Алмас Ахметбекұлы, «Ақжайқын» деген жыр жинағымен поззия айдынын ақжарқын күйге келтірген Слам­хат Сейітқамзаұлы, Қалқазат Ыбы­райұлы, Қазақстанда соңғы кезеңде діни-танымдық, иманды­лық тақырыбында өндіре жазып жүр­ген Керім Елемесұлы, Дәулет­бек Байтұрсынұлы сынды ақын­дар­дың қарымы ерекше. Ақын, қы­тайтанушы, аудармашы, әлде­не­ше жыр жинақтарының, ғы­лыми-танымдық кітаптардың ав­­торы Дүкен Мәсімханұлы Ха­­лық­­аралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының иегері атан­ды. Ләззат Игісін­қызы мен Ма­ғиза Құнапия­қызы сынды қа­лам­дас қыздар өз талантын қазақ еліне танытты. Мұрат Шаймаран­ды оқырман қауым шығыс шайыр­ла­рының үлгісімен жазатын ақын деп баға­лап жүр. Ақындар Ғадыл­бек Темір­ғалин, Мұқаш Қожах­мет­тер де жыр жалауын желбіретіп ке­леді. Мұрат Шаймаранның тұс­­тастары: Ауыт Мұхибек, Адал­бек Ақмәди, Мұратхан Шоқан, Бек­қожа Жыл­қы­бек, Гүлісхан До­малайқызы, Ардақ Нұрғазы қа­тарлы ақындар өнімді еңбектеніп ке­леді. Ардақ Нұрғазы ақ өлең сти­лімен жазатын өзіндік өзгеше өрнегімен жаңаша жазатын ақын әрі білікті сыншы.
Бұлардан кейінгі толқында Рыс­бек Дәбей, Ұларбек Дәлей, Та­лап­бек Тынысбек, Ұларбек Нұр­ға­лым, Ерғали Бақаш, «Түн пы­рақ­тары» жыр жинағының авторы Тоқ­тарәлі Таңжарық, Ахат Әшу­ұлы, Төлеген Меллат, Ербол Ал­шын­­бай «Құлан ауған» жыр жина­ғы­ның авторы, Қалау Сәлеметбай, Серік Боқан, Ризабек Нүсіпбек, «Боз жусан бүр жарғанда» жина­ғы­ның авторы Ұмтыл Зарыққан қатарлы бір шоғыр талантты жас ақындар өнімді еңбектеніп келеді. Бұлардың ішінде Тоқтарәлі, Рыс­бектер ақ өлең стилімен еркін жазу­ды машық етіп келеді. Басқа­лары да өзіндік қолтаңбаларымен оқырман қауымның көз айымына айланып отыр. Ұларбек Дәлейдің «Қа­нымдағы қасқыр иісі» жыр жи­нағын айрықша атап өткім ке­леді. Ерғали Бақаштың «Жастық жа­лыны» жыр жинағы оқырман сарабына жол тартып отыр.
Бұлардан кейін «Қарала сыр­мақ», «Жапырақ жауған күз» жыр жинақтарының авторы Жақсылық Қазымұрат, Ретбек Мағаз, Есбол Нұрақымет, Әріби Дауыл, Естай Божан, Қайсар Қауымбек, Әділет Ахмет, Көкбөрі Мүбәрәк, Ерзат Асыл қатарлы бір шоғыр жас та­лант­ты ақындар үлкен үміт күт­тіріп, тебіндеп өсіп келе жатыр.
Прозада жоғарыда аталған үлкен жазу­шылардан кейінгі буыннан Мұрат Алмасбекұлы де­ген таланты жас жазушы шұрайлы тілімен, шашаусыз сюжетімен, көкейіңде ұзақ сақталар образда­рымен есте қа­латын жақсы әңгіме­лер жазып жүр. Оның «Қан», «Үш бейіт», «Ноқ­та», «Жол аруағы», «Бу­ра Доң­ғыл», «Бөрібас белгі» қа­тарлы әң­гімелері терең ой қоз­ға­ған шы­ғармалар. Мұраттың «Ана қадірі» деп аталатын төрт сериялы көркем сценариі мен «Отыңды өшірме» ат­ты 20 бөлімді телехикаясы Қа­зақстан Ұлттық арна­сының тапсы­ры­сымен жазы­лып, түсірілім аяқ­тау­ға жақын алдында тұр. Мұрат кинодраматург болып қалыптасып келе жатыр. Иманғазы Нұрахме­тұлы­ның «То­пы­раққа түскен сәу­ле», «Қайыр­шылар қақтығысы», «Ша­шы өртеніп тұратын қыз», «Бақ­сының күлкісі» қатарлы әңгі­ме жинақ­тары жарық көрді. Төрт том­нан тұратын «Мөде қаған» та­рихи ро­манының алғашқы кі­та­бы жарық көру алдында. Жазушы, аудар­машы Серік Нұғыманның «Жоқ іздеген жан» қатарлы кітап­тары жарық көрсе, жазушы Қой­шы­бек Мүбәрәк «Жат құшақ» деп ата­латын әңгімелер жинағымен оқыр­­ман қауымға жақсы қырынан та­нылды. Жәди Шәкенұлының «Қа­ралы көш» атты романы жарық көрді. Рысбек Дәбейдің «Жылқы атылған жаз» деп аталатын романы үсті­міздегі жылы жарық көрсе, «Әке­леріміз айтатын әңгіме», «Мөл­тіл» қатарлы прозалық жи­нақ­тары оқырмандар қолында. Та­лапбек Тынысбекұлы «Арғы жағы Ертістің бергі жағы» атты кі­табы жарық көрді. Болашағынан үл­кен үміт күттіріп отырған Ер­бо­лат Әбікеннің «Министр» атты әң­гімелер жинағы оқырмандар ара­сында жақсы аңыс қозғады. Ер­болаттың бес бірдей кітабы қа­зір оқырмандар қолында. Еркежан Бей­сенбекқызының «Көктем қыз­дың ерніндегі күбірлер», Жеңіс Қа­ненұлының «Тыныштық», Дүй­сенәлі Әлімақынұлының «Қараша құс­тар қазалы» қатарлы кітаптары ж­арық көріп, оқырмандардың жы­­лы ықыласына бөленуде. Бұ­лар­дан кейінгі буыннан Есболат Нұ­рахмет, Әннас Бағдат, Ықылас Шал­ғынбайлар драматургия жа­ғында өз жолдарын тауып ке­леді. Әннастың, Әскерханның пьеса­лары сахнада қойылып жүр. Кино­драматург Сержан Зәкерұлы «Тар заман», «Кейкі мерген» деген кино­сценарийлер жазды.
Фольклорист Асқар Игенұлы қа­зақтың халық ауыз әдебиетінен то­ғыз том кітап құрастырып, өт­кен жылы баспадан шығарған бо­латын.
Ал Моңғолиядағы қазақ әде­биеті де жан-жақтылы дамыған, ең­сесі биік әдебиет екендігін біле­сіз­дер. Ол елден Жүкел Қамай, Ер­болат Баятұлы, Бахытбек Бә­міш, Ақеділ Тойшанұлы қатарлы бір шоғыр орта буын ақын, әде­биетшілер қазақ әдебиетінің үлкен арнасына келіп қосылған. Бұлар­дың өкше ізін баса Әскерхан Ақ­тай, Ербол Бейілхан, Дәулеткерей Кәпұлы, Бахытгүл Зарқұмар, Ақ­сұңқар Ақынбаба қатарлы бір шо­ғыр талантты ақындар бар. Бұл ақындардың тілі шұрайлы, бейнелі де, бедерлі, сөз иірімдері астарлы да терең. Бұлардың ішінде Дәу­лет­керей мен Ақсұңқар «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығының ие­герлері. Ал Әскерхан Ақтай дра­матургияға да қалам тартып, пь­е­салар жазып жүр. Ербол Бейілхан тартымды әңгімелерімен оқыр­мандарға жақсы таныс. Бұлардың барлығы да әлденеше жыр жинақ­тарының авторлары. Бұлардан бері қарай өлеңдерін терең ойға, пәлсафаға құрып жа­затын Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Айжан Тәбәрәк, Бахытбек Қадыр, Алтынғадыс Күнтуғанұлы қатарлы талантты жастар шоғыры бар. Ербол Бейілхан өлеңмен қатар әңгімелер де жазып, жақсы таны­лып келеді. Әлі де жеке жинақтары шыға қой­мағанмен, Нұрлан Қаб­дай, Өмір­жан Әбдіхалық сынды жас жазу­шылар алар асуы алда екендіктерін көр­сетіп келеді.
Ал енді өзбек елінен келген әде­биет өкілдері арасында жас ақын­дар Бекзат Самадияр, Тұр­сын­бек Башар қатарлы жас та­лант­тар бар. Бекзат Самадияр әде­биеттің сын жанрында да ең­бек­теніп, сыншыл ойдың иесі екен­дігін танытып келеді. Оның сын мақаласы «Рух» халықаралық әдеби конкурсында бірінші орын­ды жеңіп алған болатын.
Бауырлас түрік елінен абыз ақ­сақалымыз Қалифа Алтай Ги­ма­лай асқан қазақтардың тағдыр-та­лайын өз басынан кешкен көшір­ме­­лері арқылы «Атажұрттан Ана­­­­­­долыға» атты қатарлы әлде­неше жыр жинақтарында, естелік-эс­селерінде боямасыз баяндап берді. Осы тақырыпты ары қарай Герма­нияда өмір сүрген ағамыз Қасен Оралтай «Елім-айлап өткен өмір» кітабында одан әрі терең­детіп қаузай түсті. Түрік елінде тұ­ратын тағы бір бауырымыз Әбдул Уахап қара Мұстаф Шоқай­дың өмірінен аса құнды кітап жазып шықты.
Қысқаша айтқанда, шетелдер­ден атамекенге қоныс аударған ақын-жазушылардың бір ғана айнымас тақырыбы болды. Ол – қа­зақ елінің Тәуелсіздігін жырлау. Дүниеге тарыдай шашылған алпыс баулы Алаш жұртының қуанышқа жарлы бүкіл өгей өмірін өзегіңді өртей отырып, өлең сөзбен өрнек­теп берді. Бұл ұлттың ұлы құнды­лы­ғы!
Сөзімнің соңында бір-екі ұсы­ныс айта кетуге рұқсат етіңіздер: Бірінші, Шыңжаң қазақ әдебиеті­нің классигі, Қытай түрмелерінде 40 жыл жатқан Қажықұмар Шаб­данұлының алты томнан тұратын «Қылмыс» атты роман-эпопеясы біраз жылдардың алдында аз ғана таралыммен басылып шық­қанын білесіздер. Қазіргі кезде сол ро­ман­ды сұраушылар қатары өте көп. Сол шығарманы көп тираж­бен қайта басып шығаруға ықпал етсеңіздер екен.
Екінші, 1880 жылдары Қазан бас­пасынан әлденеше жыр жинақ­тарын шығарған діни ғұлама, аса ірі ақын Ақыт Үлімжіұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Екі ғасырдың алдында Қа­зан­нан кітаптары шыққан ақын­ның қазақ елінде бірде-бір жина­ғы баспа бетін көрмеген екен. Сон­дықтан Ақыт Үлімжіұлының кі­тап­­тарын шығаруға ықпал етсеңіз­дер екен.
Үшінші, шетелдегі қазақ жазу­шыларының қазақ елінде шығуға тиісті кітаптарын Жазушылар ода­ғы жанындағы «Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің» сарабынан өткізіп барып шығаруға қаулы қа­былдасаңыздар екен.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір