Ұрпақ тәрбиесінің талбесігі
29.06.2018
1542
0

Қанат ҚАЙЫМ,
жазушы


Өткен жылы да 2016 жылы жа­рық көр­ген балаларға арналып жа­зыл­ған кі­таптар бойынша баяндама жа­са­­ға­ным естеріңізде болар. Міне, сол баян­да­ма оқылғанда модера­тор­лар «толық мә­тін газетке жария­лана­ды» деп, мін­бе­­­ден қуып түсіргендей болып еді. Ай­­­­тарымды айтып қала­йын деп мен де қаражорғаның желісі­мен жорғалатып, ит қуған тайлақтай елпілдетіп-жел­піл­де­тіп, ентігіп-демі­гіп әлгі мәтінді оқып шық­қан едім. Ертеңіне «Қазақ әдебие­ті­не» шыққан сол баяндамамды қара­сам, мәссаған! Жүнін жұлған тырнадай бо­лыпты. Көздің майын тауысып, әр кі­тапты, әр шығарманы оқып шығып, тиі­сінше жасалған талдаулар, балалар әдебиетіне байланысты айтылған ке­лелі мәселелер мен нақты ұсыныс­тар де­геннің барлығы әдірәм қа­лып­ты. Бес бет мәтінді ойларына кел­ген­дерінше қи­далап, екі-ақ бетін қал­дыр­ған. Сон­да менің жасаған шолуым авторлардың аты-жөндері мен олардың кітап­та­ры­ның тізімі болып шыға келген. Ол ма­­қаланы оқыған кітап авторлары, жал­пы газет оқырмандары не дейді? Не деуші еді, «жасаған баяндамаңа бо­­­­лайын, көтере алмайтын шоқпарды бе­ліңе байлап не сорың» деген-ді де. Мен өзім солай ойлаймын. Мына зал­да отырған ат төбеліндей қаламгерлер­дің өздерінің бесеу-алтауы қызығып тың­даса, қалғандарының балалар әде­биетіне бастары ауырып отырма­ған­­дары айтпаса да түсінікті. Ал ел­дегі, өңір­лердегі оқырмандар мен қалам­гер­лердің не кінәлары бар?
Әдеби жыл қортындысы жылына бір-ақ рет өтеді. Сондықтан қазақтың әдебиетінің басылымындағы мырза­лар қа­ғаз үнемдемей, осы жерде ай­тыл­­ғ­ан­­ның барлығын тұтынушысына толы­ғы­мен жеткізулері керек.
Сонымен, биыл 2017 жылы жа­рық көр­ген саусақпен санауға бола­тын кі­тап қолымызға тиді.
Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталовтың қолдауымен жарық кө­ріп келе жатқан «Жетісу балалар кі­­тап­ханасы» сериясымен шыққан бес ав­тордың төрт кітабының барлығы да «То­ғанай Т» баспасының кітап өнім­де­рі. Олардың барлығының мұқа­ба­лары балалардың назарын ерекше ау­даратындай көркем безен­ді­рілген, по­лиграфиялық сапалсы өте жоғары. Бұл тұста баспа бас­шысы, белгілі жазушы Талғат Ай­т­байұлының ерекше еңбе­гін атап өт­пеу­дің еш реті жоқ.
Бүгін еліміздегі бала­бақ­ша­лар мен бастауыш сынып оқушы­лары­ның түрлі мерекелер мен атаулы күн­дер­ге арналатын ертеңгіліктеріне ба­­­­рып қатыса қалсаң, көп жағдайда бүл­діршіндердің құрылымы да, мә­тіндері де түсініксіз тақпақтарды шүл­­дірлеп тұрғанына куә боламыз. Он­дай мә­тіндерді тәрбиешілер мен мұғалім­дер қайдан алады екен деген ойға қа­ла­сыз. Сонда, бізде балаларға арнап жа­зылған тақпақтар жоқ дейсіз бе?
«Жетісу балалар кітапханасы» се­рия­сымен жарық көрген белгілі ақын Әли Ысқабайдың «Ұлы дала ұлымын» атты жыр жинағынан мере­келік сал­та­н­аттарға қажетті дүн­иелер­дің бәрін т­а­буға болады. Алты бөлімге топ­тас­ты­рыл­ған өлең-тақпақтар арасында ба­лаларға арнал­ған ойындар да, жұмбақ-жаңылт­паш­тар да, өтірік өлеңдер де бар­шылық. Жыр шумақтары ұтымды ұй­қаспен өрілгендіктен жеңіл оқыла­ды, жақсы қабылданады, есте сақтап, тез жаттап алуға да оңтайлы.
Осы сериямен жарық көрген пе­да­гог-жазушы Алтыншаш Жақияно­ва­ның «Құлыншақ» атты жыр жинағы да автордың ақындық пен ұстаздықты қа­тар алып жүрген қаламгер екендігін көрс­етеді. Жеткіншек психологиясын тер­ең білетін, сәби түсінігіне лай­ықта­­лып жазылған өлеңдері тәрбие­лік маңы­зы зор, ойға қонымды туын­дылар.
Балалар әдебиеті майданында ақ тер, көк тер болып қарқынды еңбек етіп жүрген қаламгерлердің бірі де, бі­регейі Әлібек Файзуллаұлы. Міне, өт­кен жылы тағы да оның «Өтірік айт­пай­тын күн» атты әңгімелер жи­нағы же­ке кітап болып шықты. Бұл жинақ­та­ғы отыз шақты әңгіменің бар­лығы да оқырманын еліктіре, баурай ала жө­нелетін қызықты оқи­ға­ларға құрыл­ған. Олар жеңіл оқы­лады, әрі ойлануға, ой түюге жете­лейді.
«Жетісу балалар кітапханасы» се­риясымен шыққан келесі кітапқа екі ав­тордың ертегілері топтасты­ры­лып­ты. Олар Асхат Өмірбековтың «Кем­пір­қо­сақ неге әдемі?» деп ата­ла­тын ертегілер жиынтығы мен Рау­шан Құрман­ға­лиева­ның «Архат пен Жезтырнақ хан­шайым» деген ертегі-хикаяты.
Асхаттың ертегі кейіпкерлері ба­ла­ларға ой салып, оқиға желісі ар­қы­лы бүгінгі өмірді тартымды сурет­тейді. Ті­лі жеңіл, ұлттық бояуы қа­нық. Оқуға оңай, адамды өзіне бау­рап, қиял мен ар­ман әлеміне сапар шектіреді.
Кітап «Жеті атасын білетін жыл­қы» деген ертегімен басталады.
Мұнда қазақтың Тарпаң жыл­қысы:
– Қазақтың жылқысының бәрі жеті атасын біледі, – дейді өзімен әңгі­ме­лесіп тұрған әлемнің бес құр­лы­ғы­нан келген ақ, сары, жирен, көк, боз түс­ті жылқыларға.
– Менің атам – Құ­лын­бай, оның әкесі Ержа­бағы, оның әке­сі – Тайжетпес, содан кейін – Жел­құ­нан, бесінші атам – Сардөнен, алтын­шы атам – Нән­сәурік, жетінші атам – Бестібек, – деп тізбелейді.
Ал енді осы автордың «Тілін ұмыт­қан тотықұс» ертегісінің тақы­рыбын оқи салысымен-ақ, Абдрах­ман Асыл­бе­ковтың баяғыда жазылған «Тілін ұмыт­қан тауық» атты өлең-ертегісі есіңе сап ете қалады. Әбекең өз ерте­гі­сінде тауықтың қырандар тілін үйре­ніп:
Қыран құс та болмапты,
Тауық боп та оңбапты.
Не онда жоқ, мұнда жоқ
Тауық солай сорлапты, – десе, Ас­хат Тори деген тотықұстың ағыл­шын, не­міс, француз, араб, қытай, итальян тіл­дерін қосып, әбден шатасқанын әң­гімелейді.
Осыған қарап біздің ұрпақ та кейі­нірек қазақ, орыс, ағылшын тілін ана ті­лімен қойыртпақтап, мәңгүрт тілді ма­құлықтар болып қалмас па екен де­ген ойға қаласың.
Бұл шығарманы енді плагиат деуге ке­ле қоймас. Ой өзегі бір бол­ғаны­мен, мәтіні дамытылып, оқиға өрбітіле түс­кен. Дей тұрғанмен автор­дың шы­ғар­ма­ға тақырып қойғанда ойланғаны жөн болар еді. Себебі бірнеше автор өз шы­ғармасына «Абай жолы», «Көшпен­ді­лер» деген сияқты тақырыптарды қоя бермейтіні ақиқат қой.
Осы кітаптағы Раушан Құрман­ға­лиева­ның «Архат пен Жезтырнақ хан­шайым» деп аталатын ертегі-хи­каятын нағыз заманауи ертегі десе артық айт­қандық емес.
Бұл ертегісінде Раушан қазіргі за­мандағы өскелең ұрпақты заманауи гаджет, планшет, компьютерлерді ша­ма­дан тыс пайдаланудың зиянды тұс­тарынан сақтандырады. Шығар­мада бү­гінгі күннің әдет-ғұрыптары мен ежел­гі ертегілерде қолданылатын дәс­түрлі оқиғалар мен іс-әрекеттер аса ше­берлікпен шендестірілген. Бір сөз­бен айтқанда бұл шығарма бала­ларға ар­нап қалам тербейтін кез келген жазу­шыға үлгі алуға болатын дүние еке­нін атап айтуымыз керек.
Батырлық жырлар – елдің елді­гі­нің, оның рухының биіктігінің жарқын көрінісі. Балалар жазушысы Маркиза Базарбайқызы өзінің «Ба­тыр­лары бар ел – бақытты» деп ата­латын кітабында ежел­ден келе жат­қан жырларды бала ұғы­мына сәйкес әңгіме түрінде жазып, оқыр­манға ұсынған. Автор ерлік дас­тандардың ішінде елге есімі мен ерлігі кең қанат жая қоймаған батырларды әдейі таңдаған. Батырлық дастанның ең шұрайлы тұстарын ойып алып, оқыр­манын қызықтырып, әрі қарай сол жырды өзің іздеп оқы деп сілтеме жасауын да автордың тапқырлығы деп ойлаймыз.
Алайда, көлемі 7,5 баспа табақ бо­ла­тын осы кітаптың таралымы бар бол­ғаны 50 дана екендігін көріп, әтте­ген-ай демей тұра алмайсың. Біздің ойымызша, дәл осы кітапты мемлекет­тік тапсырыс аясында көп тиражбен бү­кіл республика балала­рына ұсынса, ұтыл­ғанымыздан ұта­ры­мыз көп бо­лары ақиқат.
Тілеуғазы Бейсембектің ақындық қа­рымы:
Дүрсілде, Жер жүрегі, дүрсілдегін,
Тек қана естілмесін күрсінгенің.
Лүпілің мың құбылып соңғы кезде,
Әйтеуір, мазамды алып жүрсің менің, – деп басталатын «Невада жарылысы» ат­ты поэмасы жарияланған, 2011 жы­лы жарық көрген «Күрсінбе, жүрек, дүр­сілде» деп аталған кітабындағы өлең­дері мен поэмалары және «Қып­шақ қызы Аппақ» деген екі актілі опе­раға жазған либреттосы арқылы та­ныл­ған еді.
Өткен жылғы әдеби жыл қортын­ды­сында музыка туралы балаларға ар­нап жыр тілімен жазылған, 2016 жы­лы жарық көрген «Сиқырлы му­зы­ка» атты кітабы туралы айтқан­быз.
Ал енді 2017 жылы белгілі балалар ақы­ны Тілеуғазы Бейсенбек «Сөй­лей­тін күшік» хикаятын проза жан­рын­да жаз­ған екен. Көлемі шағын ғана кітап­та автор Ақтөс деген күшіктің бастан кеш­кендерін баян­дай отырып жас оқыр­мандарын ұлтымыздың салт-дәс­түрлерімен, тұрмысымен таныстыра оты­рады. Шығарма өзінің жазылу үл­гі­­сінің ерекшелігі, тілінің жатықты­ғы­мен балаларға ғана емес, ересек оқыр­ман­дарға да тартымды.
Балаларға арнап қарымды қалам тер­беп жүрген жазушыларымыздың бі­рі Әбділдабек Салықбай. Оның «Ілияс мінген Қарагер» атты әңгімесі өт­кен жылы «Қазақ әдебиеті» газетін­де, «Куәсар бұлақ» жинағында жария­­лан­ған болатын. Әңгімеде қазақтың ас беру, аламан бәйге өткізу, әншілік сын­ды салт-дәстүрлерінен сыр шерте­тін жыр Құлагері Ілияс Жансүгіровтің балалық шағындағы қабілет-қары­мы­ның оянуына себепкер болған Әсет Найман­бай­ұлының Сүлеймен бидің асындағы өнерімен қоса қабат өрілген.
Ал осы қаламгердің «Ақтық айқас» хи­каяты «Әдебиет порталы» мен «Жұл­дыз» журналында жарық көрді. Хи­каят­та Санжар есімді балуан баланың балдырған шағынан бастап, АҚШ-тың Майами қаласында өткен Жасөспірім дзюдошылар арасындағы ІІІ әлем чем­пионатының жеңімпазы болғанға дейінгі өмір жолы сурет­теледі. Автор балуандық жолын қазақша күрестен бас­таған Санжар мен Ерасыл сынды кейіп­керлері арқылы балғын оқыр­ман­дарын бұла күш пен айла-тәсілдің үй­лесіміне жетуге, өмірден өз орнын та­буға шақырады, имандылыққа, жа­сам­паздыққа үйретеді.
Бізде балаларға арналған басы­лым­дар жоқ деп аузымызды қу шөппен сүрт­сек, күпірлік болар еді. «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған», «Айгөлек», «Мөл­дір бұлақ» сынды басылым­дардың қай-қай­сысының да бір, бір жарым бетік ша­ғын шығар­ма­ларды жариялаудан аса­тын шама­лары жоқ. Сонда біз кө­­лем­дері ауқымды әңгіме-хикаят­та­ры­­мызды кімге ұсынуымыз керек? Сол үшін «Қазақ әдебиеті» газетінде ке­мінде әр тоқсан сайын, ал «Жұлдыз» жур­налында әр нөмір сайын балалар әде­биетіне арнаулы бөлім оқшауланса нұр үстіне нұр болар еді. Ол бөлім­дерде ба­лалар жазушыларының шы­ғар­ма­лары ғана емес, балалар әдебиетіне қа­­тыс­ты шолулар мен әдеби сынды өр­­кен­детуге де өріс ашылатыны анық.
Ал шама жетіп жатса, ана Ре­сей­дегі «Детская литература» сынды арнайы ба­сылым – журнал немесе альманах шы­ғарып тұрғанның несі айып?
Ендігі бір мәселе – авторлық қа­ла­мақыға байланысты. Қаламақы мә­­селесі шешіліп еді ғой, оны несін ай­­тып тұрсың дейсіздер ғой? Менің ай­­тайын дегенім, мемлекеттік сатып алу­­дағы балалар әдебиетіне қатысты шы­ғармаларға өзгелерден көлемдірек қа­ламақыға қол жеткізіңіздерші, б­үгінгі таңдағы тарланбоз қалам­гер­лер­дің өздері жазып жүрген тарихи ро­­м­андарын тастай салып, балалар әде­биетіне жаппай құлдық ұрмасына кім кепіл?
Тағы да бір мәселе – балалар жазу­шы­ларының танымалдықтары тура­сын­да. Қазір оларды оқырман­дары тұр­мақ өзге ақын-жазушылар да та­ны­май­ды, шығармалары былай тұрсын, аты-жөндерін де біле бер­мейді. Өйт­ке­ні, қазіргі жазушылар өзінің шы­ғар­ма­сынан өзге ешкімді оқымайды. Ал, оқыр­­мандардың қаламгерлерді таны­май­тыны – Жазушылар одағының жа­нында баяғыдағыдай насихат бю­росы деген жоқ. Жазушы мен оқырман ара­сындағы байланыс үзілген. Сон­дық­тан әр облыстағы әкімдіктермен жұ­мыс жүргізіп, қаламгерлердің ел ара­сына шығып, оқырмандармен қауы­шуларына әрекет жасауға талпыну ке­рек болар. Ал Одақтың балалар әде­биеті кеңесі ең болмағанда Алматы қа­ла­сындағы мектептерде қаламгер­лер­дің оқушылармен кез­десуле­рінің жүйе­лі жоспарын жасақтайтын кезі әл­деқашан келген.
Осындай мәселелерді бос әңгіме қы­лып қана қоймай, Одақтың әрбір мүшесі Жазушылар Одағының ықпалы арта түсуіне демеуші болуы да керек. Бү­гінгі таңда барлық дүние қаржыға ке­ліп тіреледі. Олай болса, жылдық мүшелік жарнаны бір жарым мыңнан бес мың теңгеге дейін көтеру керек. Теңізг­е тамызған тамшыдай болса да қайыры болары анық. Менің ойымша ең сормаңдай деген қаламгер жылына бір рет бес мың теңге табуға шамасы же­те­тін шығар.
Елімізде балалар әдебиетіне қол­дау көрсетуге байланысты шаралар мүл­­де жоқ деп айтсақ, артық болар еді. Со­­ның бір мысалы күні кеше ғана Елор­­даның 20 жылдығына орайлас­ты­рылып Астана қаласында өткізіл­ген «Ба­лалар әлемі: кітаптан өмірлік мұрат­қа» атты балалар жазушыла­ры­ның Халықаралық формуы десек бо­ла­ды.
Әйтсе де балалар әдебиетіне қа­тысты түйткіл мәселелер аз емес. Олар­­дың қатарына балалар жазу­шы­ларына шығармашылық шабыт бере­тін байқаулар мен конкурстардың ғұ­мырларының қысқалығын, балалар әдебиетінің өзге тілдерге аударылу мә­селесін, балаларға арнап жазатын қа­­­ламгерлердің Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануындағы олқы­лықтарды, мемлекеттік тапсырыс бойын­ша шығатын кітаптар арасын­дағы балалар әдебиетінің кемшін­дігін, та­ғысын тағыларды тізбелеп айта беру­ге болар еді. Айтудай-ақ айтып та жүр­міз ғой. Алайда, айтқан сөзіміз айтыл­ған жерінде қалып, «баяғы жартас, бір жартас» болған соң әңгімені осы тұс­тан доғарғанды жөн көрдік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір