Әдеби жыл қорытындысы
29.06.2018
1333
0

Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде 2017 жылы жарыққа шыққан кітаптарды талқылауға арналған дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өткен еді. Ол шараны Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөзімен ашты: «Құрметті қаламгерлер! Жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысына қош келдіңіздер! Бүгінгі жиынымызды былтырғы 2017 жылы жарық көрген кітаптарды талқылап, барын бағамдайтын боламыз. Өздеріңіз білесіздер, ақпан айында Жазушылар одағының Пленумы, наурыз айының 12 жұлдызында XV Құрылтайы өтті. Еліміздің әр түкпірінен келген қаламгерлеріміз бас қосқан айтулы жиында жаңа басшылықты сайладыңыздар.

Бүгінгі жиынға Қазақстан Жазу­шы­лар одағының Алматыдағы мүшеле­рінің барлығы шақырылды. Сондай-ақ, об­лыстағы филиал басшылары да толық құрамда келіп отыр. Жанрлық кеңес­тердің ұсынысымен баяндамашыла­рымыз бекітілген. Олар әріптестеріміздің жолдаған кітаптарын оқып, баянда­ма­ларын дайындап келіп отыр. Ендігі кезекті соларға берейік!..».
Қазақстан Жазушылар одағы Басқар­масының төрағасының қос орын­басары: Мереке Құлкенов пен Бауыржан Жақып Латын әліпбиіне көшу жөнін­дегі Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде аталмыш шараға себепті жағдай­мен қатыса алма­ғанын қаперге алсақ, Төраға әрқай­сысы­ның атын атап, таныстыра отыра сахнаға шақыруымен Президиум төріне Қазақ­стан Жазушылар одағының екі орын­басары: Ақберен Ел­гезек, Бақыт Бедел­хан, Одақ хат­шылары Есенғали Рау­­шанов, Бақыт­жан Қанапиянов, Ғалым Қали­бек­ұлы, Ғалым Жайлы­бай, Жүсіпбек Қорғасбек секілді қарым­ды қаламгерлер жайғасты. Әдеби жыл қорытындысында бекітілген регламентке сәйкес баяндамаларға 15, хабарламаларға 5, ал жарыссөздерге 3 минут бөлінді. Басты назар рет-ретімен, ақын Жарас Сәрсектің поэзия, жазушы Нұрлан Қа­ми­дың проза, жазушы Қанат Қайымның балалар әдебиеті, сыншы, ақын Ардақ Нұрғазының драматургия, әдебиет­танушы-ғалым Гүлзия Пірәлие­ва­ның сын, жазушы Талғат Айтбайұлы­ның деректі проза, ақын, аудармашы Дәулет­бек Байтұрсынұлының аударма, қаламгер Любовь Шашкованың орыс әдебиеті, жазушы Нәрбин Кенжеғұлова­ның фантастика, жазушы Ермахан Шай­хы­ұлының сатира, ақын Пәтигүл Мах­сатованың ұйғыр әдебиеті, қаламгер Армиябек Сағындықұлының шетелдегі қазақ әдебиетінің басты мәселелерін жан-жақты қамтыған толымды баянда­малары мен жарыссөзге шыққан жазушы Кәдірбек Сегізбаев, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, ақын Темірхан Медет­бек, Платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын Исраил Сапарбай, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалы­ның директоры Қойшығұл Жылқышиев, сыншы Әмина Құрманғалиқызы, жазушы Жанар Әбдішова, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиа­лының директоры, ақын Ерлан Жүніс те болды. Мазмұнға бай, әрі бас-аяғы жинақы өткен жиынды Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет былай деп қорытын­дылады: «Баяндамашыла­рымызға рақмет айтамыз! Аз ғана уақыт ішінде автор­лардан келіп түскен кітап­тарды оқып, пайымды, парасатты баяндама жасап үлгерген екен».
«Өткен жылға өкпе жоқ!» – дегенді атамқазақ осындайда айтса керек. Елеусіз қалған ешкім жоқ, бәрі аталды. Осыған қарап 2017 жылғы қазақ әдебие­тінің қоржыны тоқ екенін, осы жылы ол жаңа кітаптар мен кең тынысты шығар­малармен толыққанын аңғару қиынға соққан жоқ. Ал оған көз жеткізу үшін көпшіліктің көкейіне қонған, басылым бетіне жарияланған баянда­ма­лар­ға ден қойған абзал.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір