Өлеңсөздің зергері
29.06.2018
1958
0

Әдебиетші-ғалым Серік Негимов туралы сыр

Зерделі зерттеулері, тағылымы зор оқулықтары қолдан қолға ауысып, студенттердің жата-жастана оқитын дүниелеріне айналған зерттеуші-ғалымның арманы бар ма десеңізші! Cтудент кезімізде А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезов сүрлеуін салған, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловпен жалғасқан, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, С.Қирабаев, З.Ахметов сынды алпауыттардың еңбектерін сызып тұрып оқып, сабағымызға дайындалатын едік. Осындай классик-филологтардың сапында бүгінгі күні жетінші биігіне аман-есен көтерілген қазақ руханиятының қайраткері, халық ықыласы мен құрметіне бөленіп, «дала академигі» атанған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов те бар. Серік ағаның да еңбектері талай көгенкөз студентті емтихан «тұзақтарынан» аман алып шыққан-ды. Танымал әдебиетші-ғалым Серік Негимовтың жүрегінен туып, қаламында тұнған теориялық ой сан мыңдаған студенттің сөмкесінде жүріп, оқырман қолында тозған классикалық зерттеу еңбектеріне айналды. Мәселен, «Өлең өрімі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Қазақтың сал-серілері» секілді ұзын-ырғасы оннан астам кітабы, жеті жүзге жуық ғылыми, әдеби-сын мақалалары мен рецензиялары, портреттері қаншама…


Серік Негимов!
Осы азаматтың аты-жөнінің өзі-ақ оның кім екенін және қандай жан екенін толықтырып тұрғандай. Оның есімін естіген сәтіңде-ақ көз ал­дыңа қазақтың от ауызды, орақ тіл­ді дана билері мен шешендері, кү­міс көмей, жез таңдай сал-серілері елес­тейтіні заңдылық. Саналы ғұ­мырын ұлттық әдебиетке, оның те­рең тамырлы тарихына арнаған жан осындай ізденістерімен көпке қадір­лі, әрі сыйлы.

***

2011 жылдың қарашасы еді. Қа­сиетті Торғай топырағындағы Арқа­лық пединститутының студентімін. Жатақханадағы жылы орнымыздан айырылып, Салтанат Әлшурина есім­ді әдебиетсүйер, ақынжанды мұ­ғалімнің үйінде тұратын едім. Бұл кісі сталиндік қуғын-сүргін кезінде жа­зықсыз түрмеге түсіп, тағдыр тау­қыметін тартқан, Батпаққара өңі­рі­не танымал ақсақал, ақын, тоқ­сан­нан асып дүние салған Шіменбай Әл­шориннің қызы болатын. Сал­танат апайымның үйінде тұрғанымда Торғай өлкесінің тарихына, текті тұлғаларына қатысты әңгімелерді жиі еститін едік. Оның үстіне бұл кі­сінің үйі – Арқалықтағы жас әде­биетшілердің клубы немесе ода­ғын­дай болатын. Қазір көпшілікке та­ны­лып үлгерген жас ақын, зерттеуші Ба­тырлан Сағынтаев, Көбей Же­ті­бай, Нұрдәулет Тойшин, Сымбат Кеңесбаева сияқты достарымыз жи­налып, күркіреп өлең оқимыз, ар­қырап арнау айтамыз. Қоңыр дауыс­ты Көбеймен бірге тебіреніп Шәм­ші әндерін шырқаймыз. Бұл үйдің есігі күні-түні жабылмаған-ды. Ба­зары мен ойыны, жиыны тар­қа­майтын құтты мекен еді.
Салтанат апайымыздың жеке кі­тапханасында көптеген әдеби-та­рихи кітаптар болатын. Бірде соның арасынан әдебиетші Серік Неги­мов­тың 1997 жылы «Білім» баспасынан шық­қан «Шешендік өнер» атты кі­та­бын оқыдым. Автор кітабын өзінің шә­кірті, 1991-2000 жылдары Ы.Ал­тын­сарин атындағы Арқалық пед­институтында басшылық қызмет ат­қарған Дүйсен Әлшоринге «Шә­кір­тім Дүйсенге!» деген қолтаңбасы­мен сыйлапты. Дүйсен біздің ана­мыздай бола білген Салтанат апа­йы­мыздың ту­ған ағасы екен. Біз жайғасқан бөл­ме уақытында әде­биет­ші Дүйсеннің жұ­мыс кабинеті болыпты-мыс.
Серік ағаның еңбегімен танысу­дың басы осылай басталған болатын. Ше­шендік өнердің түрі, қазақтың би-шешендерінің өмір жолы мен айтқан тобықтай түйінді сөздері ту­ра­лы мол мағлұмат алдық. Ал, екін­ші семестрде доцент Ардақ Абдул­линаның «Шешендік өнер» арнаулы курсы басталғанда, студенттер ара­сында «Негимовтің «жасыл кітабы» атанып кеткен «Шешендік өнердің» шапағатын сезіндік. Кейін келе «Ай­тыс», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әде­биеті», «Әдебиет теориясы» курс­­тарында профессор Серік Не­ги­мов­тың еңбектерін жиі-жиі пайдаланып тұрдық. Дипломдық, магистрлік дис­сертациялық жұмыстарымыздың тақырыбы өлең мәселесіне арнал­ған­дықтан, С.Негимовтың «Өлең өрімі», «Ақын-жыраулар поэзия­сы­ның бейнелілігі» сынды негізгі кө­лем­ді, әрі күрделі еңбектері болып са­на­латын кітаптарын басшылыққа ал­дық. Шынын айтсақ, әрбір сөй­ле­мі мен талданған әр мысал-үзін­ді­лерін жаттап алсақ керек: қазіргі уа­қытта сын-рецензия жазу бары­сын­да сол теориялық тұжырымдар өз септігін тигізуде.
Арқалықтағы оқуымызды ойда­ғыдай тәмамдап, ел жүрегі – Астана­ға қоныс аудардық. Л.Гумилев атын­да­ғы Ұлттық университеттің фи­ло­логия факультетіне магистрант болып қа­былданған күннен бастап профессор Серік Негимовпен рухани шығар­машылық қарым-қатынас орнаттық. Алқалы жиын, түрлі бас қосуларда Серік ағайымды жиі көріп, кездесіп, пікірлесіп тұрамыз. Білікті ғалыммен бірге «Қазақ» радиосының «Алаш­на­ма» бағдарламасына қатысып, ой бө­ліскеніміз бар. Қарап отырсам, осы­ның бәрі сонау студенттік кезең­нен бері қымбат есім, қадірлі жанға айналған азаматтың ғылыми-әдеби шығармашылығына деген құрметтен басталған көрініс болса керек.

***

Қазақ өлеңтану ғылымының та­рихында есімі алтын әріппен жа­зы­­латын санаулы ғана поэ­толог­тарымыз бар. Соның бірегейі, осы – Серік Нығметоллаұлы. Теоретик-ғалымның «Интонация», «Дыбыс», «Ыр­ғақ» атты үш тараудан құралған «Өлең өрімі» монографиясында ал­ғаш рет қазақ өлеңінің мелоди­ка­лық-интонациялық құрылысы, ды­быстық жүйесі, ырғақтық кестесі, өлең ұйқасының табиғаты, сөз әуезділігі жан-жақты қарастырыл­ған. Өлеңсөздің сурет-бояу нақы­шы­на, үн-дыбысына, көркемдік-эсте­тикалық сипатына айрықша мән берілген бұл еңбек – ғылыми қауым­ның жоғары бағасын алған, сту­денттер мен жас зерттеушілердің не­гізгі оқу құралына айналған клас­сикалық зерттеу.
Ал, ақын-жыраулар поэзия­сы­ның бейнелілік, суреттілік, өрнек­ті­лік мәселелері арқау болған «Ақын-жы­раулар поэзиясының бей­­не­лі­лігі», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика» еңбектері – ха­лықтық поэзияның дәстүрі мен та­биғаты, сөз мағынасының құ­былуы, сөз бен образ қатынасы, көр­кемдік ойлау мен көркемдік қиял, образдық-метафоралық және лек­сикалық-фразеологиялық жүйе сияқ­ты күрделі сауалдарға жауап бер­ген академиялық толымды ғы­лы­ми-зерттеу болып табылады.
Мәселен, ғалымның «Ақын-жы­раулар поэзиясының бейнелілігі» ең­бегі тұтастай қазақ сөз өнерінің ін­жу-маржаны болып саналатын ақын-жыраулар поэзиясы тілінің те­рең сыры мен мазмұнын танып-тү­сінуге арналады. Зерттеу «Об­раз­дық жүйе: көркемдік дүниетаным және поэзиялық лексиканың ерек­ше­ліктері», «Қазақ өлеңдерінің көр­кемдігі», «Сөз талғау: фольклор ті­лі­нің стилистикасы және айтыс өлең­де­рінің бейнелілік сипаты», «Өлең-жыр: өрнек өлшемдері мен құрылыс жүйесі» атты тараулардан құралған.
Еңбектің «Образдық жүйе: көр­кемдік дүниетаным және поэзиялық лексиканың ерекшеліктері» деп атал­ған бірінші тарауында ақындар мен жыраулардың сөз саптауындағы ұлттық дүниетаным, ойлау жүйесі көрініс табатын қолданыстар, сөз тіркестерінің мағынасы жүйелі түрде қа­­растырылады. Зерттеуші ұлты­мыз­дың эстетикалық ұғым-түсі­нік­тері, шаруашылық кәсібі, мінез-құл­қы, ырым-нанымы, салт-дәс­түріндегі ерек­шеліктерге байланысты туған образдар мен сөз-символдарға жеке-жеке тоқталады. Автор қазақ таны­мын­да қасиетті болып саналатын са­мұрық, аққу, сұңқар, бұлбұл, то­тықұс сияқты құстардың әдеби об­раз­дарының көркемдік-эстетикалық қызметін түсіндіріп, құнды пікірлер біл­діреді. Зейінді де, зерделі ғалым ха­лықтың қасиетін, арман-тілегін жан-жүрегімен ұққан ақын-жы­рау­лардың жауһар жырларының терең философиялық мәнін, тілінің көр­кем­дігін оқырманға үлкен ыждаһат­тылықпен жеткізген.
«Қазақ өлеңдерінің көркемдігі» ат­ты екінші тарауда сұлу сөздің жүй­ріктері Бұқар жырау, Дулат Баба­тай­ұлы, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Бай­ғанин, Кенен Әзірбаев, Иса Бай­зақовтың поэзиялық мұралары мен айтыс өлендеріндегі бейнелеу құралдары талданады. Тарауда жүйеленіп қарастырылған ұтқыр теңеулер, айшықты метафоралар мен көркем қолданыстар ұлттық поэ­зия тілінің құлпыра құбылып түсуі­не, сырты сұлу, іші өрнекті сөз­дер­дің көбеюіне ықпал жасайтын­ды­ғы күмәнсіз. Зерттеудің «Сөз тал­ғау: фольклор тілінің стилис­ти­касы және айтыс өлеңдерінің бей­нелілік сипаты» деген үшінші та­рауында жалпы әдеби тіл сти­лис­тикасы мен көркем әдеби тіл стилистикасының іргетасы болып табылатын фольклор тілінің стилистикасы мен айтыс өлеңдерінің табиғаты, көркемдік қуаты, стилистикалық ерекшелігі хақында сөз қозғалады. Бұл тарауда айтыс ақындарының тілі қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастау ала­тыны нақты мысалдармен дәлел­де­неді.
«Ақын-жыраулар поэзиясының бей­нелілігі» еңбегінің «Өлең-жыр: өрнек өлшемдері мен құрылыс жүйе­­сі» деп берілген соңғы тарауын­да халық ақындарының поэзиясын­дағы ұйқас, аллитерация, ассонанс сияқ­ты көркемдік нақыштармен қа­тар, интонациялық құрылыс-жүйе­сіне тоқталады. Ғалымның «Ақын-жыраулар поэзиясының бей­нелілігі» зерттеу еңбегі қазақ әде­биетінің бай мұрасын танып білуге көмектесетін өнегелі құралдың бірі болып әдебиеттану тарихында мәңгі қалары сөзсіз.
Дарынды әдебиетшінің «Қазақ­тың сал-серілері» зерттеуі – қазақ әде­биеттану ғылымының қазына­сы­на қосылған іргелі еңбек. Сал-сері­лер шығармашылығы халқымыздың мәдениеті, өнермен өрілген өмірінің көрсеткіші болып табылады. Бұл құн­ды мұраны білу ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихын, өнерін та­нып білуге апаратын жол екені анық. Аса білімпаз тұлға, қазақ әде­биеті мен мәдениетін зерттеуші Се­рік Негимовтың тыңғылықты із­денуінің арқасында сал-серілердің өнегелі өмірі мен шығармашы­лы­ғына қатысты тың деректер табылды. «Қазақтың сал-серілерінде» Орын­бай, Арыстанбай, Шашубай, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, т.б. сал-серілердің өмірі мен өнерпаз­ды­ғына қатысты бұрын-соңды айтыл­мағ­ан мәліметтер, шығармаларының көр­кемдік деңгейіне қатысты пікір­лер ұсынылған.
Зерттеушінің «Алашқа аты жайыл­­ған» зерттеу мақалалары топ­тас­тырылған жинақ – қазақ руха­ния­тындағы бағасын жоймайтын құнды дү­ние. Аталмыш жинақта автордың ақын-жазушылар, қайрат­керлер туралы жазылған ғылыми зерт­теу­лерімен қатар, әр түрлі тақырыпта жаз­ған танымдық мақа­ла­лары да бар.
Әдебиетші Серік Негимов Совет Одағының батыры, ұлт мақтанышы, әдебиеттанушы, жазушы Мәлік Ғаб­дуллиннің шәкірті екені мәлім. Сұңғыла әдебиетші ұстаз үмітін ақтады. Саналы ғұмырын сөз өне­ріне арнап, ұстазының атына кір келтірмей білікті шәкірттерді тәр­биеледі. Осы тұста ұстазына де­ген шексіз құрметі мен қошеметінің кө­рінісі ретінде «Өнегелі ғұмыр» се­риясымен әлденеше рет жарық көр­ген «Мәлік Ғабдуллин» фи­ло­логиялық-деректанулық зерттеуін атап өткен жөн. Кітапта Кеңес Ода­ғы­ның батыры, КСРО Педа­гогика ғы­лымдары академиясының ака­демигі, филология ғылымдарының док­торы, профессор, халық әде­биетінің білгірі, жазушы, көсемсөз­ші, әскери мемуарист Мәлік Ғаб­дул­линнің балалық, студенттік шағы, майдан жылдарындағы ерлік істері, ғылым жолындағы жетістіктері, қо­ғам­дық қызметі, әдеби көзқарасы мен әдеби ортасы туралы деректер қам­тылған. Сонымен қатар зерт­теуде хаттар, құжаттар, тарихи фак­ті­лер молынан ұшырасады. Оқыр­мандар бұл еңбекті оқу арқылы та­рихи тұлға өмірбаянымен танысып қана қоймай, оның адами, қай­рат­керлік, ғалымдық болмысынан та­ғы­лым алатыны сөзсіз.

***

Сілеті деген Қызыр шалған жер бар. Аты аңызға айналған Сілеті қа­зақтың хас тұлғалары аялдап өткен жері екен. Заманында бұл Сілетіні Алаш­тың аймүйіз көсемдері де ба­сып өткен-ді. Небір ығай мен сығай­дың табаны тиген Сілеті өзенінің саға­сында туып, сілеті сілемдерінде ау­нап-қунап, өз әкесі кәріқұлақ Нығ­метолланың көргені мен түйге­нін естіп ержеткен бала Серік сонау ойын баласы кезінен Қызылжар, Көк­шетау өлкесінің жақсы-жай­саңдары туралы көп естіген. Батагөй әкенің батиқалы сөздерін санасына тоқып, ауыл-аймақтағы көнекөз ақсақалдар айтқан ескі әңгімелерді құмарта тыңдаған. Профессордың өмір жолын қарап отырсақ, өскен ортасы, ауыл-аймағы оның әдебиет­ке, сөз өнеріне деген махаббатын есе­­лепті. Өмірлік жан азығын қа­сиет­ті қазақ сөзінен тапқан әдебиет зерттеушісінің бала күнінен естіп өскені – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естайлардың өлең-жыры, ерке сал-серінің аңызға бергісіз тағ­дыры екен-ау… Әдебиетшінің жүй­рік қаламынан туған сал-серілер туралы шалқымалы, шабытты асқақ эсселері мен әдеби портреттерін оқы­ған адам осыны аңғарған болар.

***

Тегінде, Серік Негимов – қазақ әде­биеттану ғылымының барлық са­ласына қалам тербеген, өнімді еңбек сіңірген академиялық үлгідегі үлкен ғалым. Негізгі ғылыми-зерт­теу нысаны – өлеңсөздің теориясы болғанымен, шешендік өнер мен сал-серілер поэзиясы, халық шы­ғар­машылығы мен ауыз әдебиеті, сонымен қатар әдебиет тарихының дамуына да ауыз толтырып айтар үлес қосты. Қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйіне өзінің тәуелсіз пікірі мен көзқарасын білдірген сыншы ре­тінде де көпшілікке жыға таныс.
Зерттеуші Серік Негимов М.Ғаб­дулин, М.Дүйсенов, Р.Бердібай сынды заңғарлардың алдын көріп, ба­тасын алды. Ғылымның алпауыт­та­ры жас зерттеушінің ғылым жо­лын­дағы ізденіс-үмітінің отын жақ­ты. М.Базарбаев, З.Ахметов, З.Қаб­­долов, Т.Кәкішев, С.Қирабаев­тай кесек тұл­ғалардың әрі шәкірті, әрі әріптесі бола жүріп, үлкен жиын­дардың биік мінберінен өзіне ғана тән шешен­дігімен көсіле сөйлеп, елінің айтулы перзентіне айналды. Құймақұлақ, шәкірт бола білгендігінен болар, бүгінде ол Тәуелсіздік тудыр­ған жас буынға қара­сөз­дің абыз тамыршы­сындай көрінеді де тұрады…

 

 

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы,
ҚР «Дарын»
Мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір