Бәсі бөлек бәйге
01.06.2018
1271
0

Кемелбек ШАМАТАЙ


РЕҢСІЗ РЕПОРТАЖ

Бұл бәйгенің бәсі бөлек,
Несін айтасыз,
Одан озып шықсаңыз,
Телехабар біткенді бәсірелеп,
Алдаркөсе көкеңізше
«Әләуләйлімге» салып әндетіп,
Үйіңізге қайтасыз.
Тек оның шарты да,
Парқы да,
Бағалайтын нарқы да басқарақ!
Шыққандай өріп тас қалап,
Сөздерді дәл танып,
Орны-орнына қойсаңыз,
Бәйге аламын деп үміттенбеңіз.
Ал олардың жағын айырып,
Езуін тіліп берсеңіз,
Сыбағасыз қаламын деп күдіктенбеңіз.
Көгілдір экраннан тепсініп,
Анау арнадан құйқылжы,
Мынау арнадан құйқылжы!
Мен репортаж жүргізейін
Ұмытып ұйқы, күлкімді.
Ал, кәне, кеттік!
Міне,
Ұлттық арна беріліміне жеттік.
Көгілдір экранда – футбол ойыны.
Тамаша қойылым!
Алқын-жұлқын
Бұлқын-сілкін.
Ұрған алас,
Топқа талас.
Ал жетті,
Сап етті,
Әкетті!
Әй, әттең!
Бұлт етті,
Мүлт кетті!
Осы сәтті комментатор:
«Қателікке бой алдырды», —
Деді көпке ұқтырып.
Оның мәнін миға салсақ тік тұрып,
Десеңізші бұл не деген мықтылық!
Шеберліктің жетпегені ол үшін
Жаман дағды болады екен
Бойына алған жұқтырып!
Доп додасы әрі қарай жалғасты.
Шабуылшы алға асты.
Ой, әттең-ай,
Соққан добы қақпадан қиыс кетті!
Оны жүргізуші:
«Айтарлықтай
Көрсеткішке жете алмады» — деп,
Аң-таң етті.
Білгені ғой ісін нық.
Айтарлықтай көрсеткішке
Жете алмаса,
Қақпаға
Жартыкеш доп соғылды деп түсіндік.
Одан әрі тыңдасаңыз,
Көзіңіздің алдына
Суреттер келеді алабөтен.
Ойыншылар арқаларына жазылған
Нөмірлерінің ішінде болады екен!
Олар прәмі
Содан шығып өреді екен!
Әне, «екінші нөмірдегі»,
«Жетінші нөмірдегі»,
«Оныншы», «отыз бесінші
Нөмірдегі ойыншылар…»
Демек,
Нөмірлердің ішіне
Кіріп алып қаптап келеді!
Доданы қыздырып жақсы-ақ келеді…
Олар солай ойнай берсін,
Бәйгешілердің өзгелеріне келейік.
Сөздерінің сипаттарын өрейік:
Олар да
Жанталаса таласып жатыр.
Міне, сөз тізгінін тағы бір арнаның
Ауыздығын шайнаған жүйрігі алды.
Алды да олжасын
Мәреге апарып салды.
Оның өзі де, сөзі де оқты!
«Ішкі істер
Қызметкерлерімен тәркіленген»»-
Деп соқты.
Келесі сөз одан әрі өтті:
«Медеу аудандық сақшыларымен
Он екі адам ұсталды»,-
Деп езген малтасы
Дүниені шарлап кетті.
«Он екі адам
Сақшылармен ұсталса»
Ол «сақшылары»
Қармақ, немесе, қақпан тәрізді
Құралдардың бірі ме екен?
Әлде, қиядағыны шалатын
Құмай тазының түрі ме екен?
Шамасы, Медеу ауданының
Адам ұстағыш құралдары
Жаңалықтармен толыққан-ау,
«Адам ұстағыш сақшылар»
Деген аспаппен,
Немесе, иттің
Өзгеше тұқымымен молыққан-ау!
Хо-ош, сонымен,
Бұны солай жобаладық!
Ал, «ішкі істер қызметкерлерімен
Тәркіленген»- дегенді қалай шамаладық?
Демек, олар да
«Ішкі істер қызметкерлері» деген
Құрал ойлап тапқан ғой!
Таба сап, күнәһарларды
Тәркілеуге шапқан ғой!
Ендеше, жаңалығына
Құтты болсын айтайық!
Айтайық та
Келесі бейгешіні байқайық.
Әнебір арнадан сөз сапырған,
Ол да дайын тұр екен:
«Ат кекілін үзгісі келеді» –
Деп сілтеді.
Талайлардан асып түсті бұл тегі.
«Ат құйрығын кесісті»
Дегенді білетінбіз.
Оны қауашағымызға
Сыйлас жандардың бір-бірінен
Кенет суысуы деп ілетінбіз.
Бұл сайыскер сонда
Ат сымбатын бұзып,
Жанын қинап, кекілін үзіп,
Не дегісі келді екен?
Не дер екен
Соны ұқтырып бер десем!
Бұдан әрі көгілдір экраныңыздан:
«…біз қабылдау керекпіз»,
«…өзімізді таныту керекпіз»,
«…хабардың шыңырауына жеттік»
Дегендерді есітіп,
Көзіміздің жасын төктік.
Олар болса, бұрқыратып жатыр,
Ана тілін жүн етіп түтіп,
Жанын шырқыратып жатыр.
Сөзсайыс егес
Бітетін емес!
Амал жоқ,
Реңсіз бұл репортажымды
Осы тұстан үземін.
Олар бітіп болмаса,
Бәрін қалай тіземін?!
Сайыскерлер сірә да
Бір біріне беріспейді.
Бір анығы
Жеңімпаздарды жуық арада
Айқындауға келіспейді.
Өйткені, олар
Жарыс деп лаулап жанып отыр.
Тілдерін жақтарына жанып отыр!
Бәсекені қызықтағыңыз келсе,
Әлі де кешіккен жоқсыз,
Олардың небір сөз орамдарын
Есіткен жоқсыз.
Ендеше,
Асығыңыз тамашаға!
Бірақ, қызыққа
Өзіңіз ғана батқаныңыз жараса ма?
Бірге отырып, телеңізге көз сүзіп,
Тіл үйренсін бала-шаға!

ТОЛМАЙТЫН КЕСПЕК

Қопал қайраттанды.
Ұнатпайтын-ды жай жатқанды.
Көктемгі егіске дайындалып,
Құрал-сайманын сайлап та алды.
Бау-бақшасын өсіріп,
Аста-төк мол тұрмақ болды.
Оларды уақтылы суғару үшін
Кеспегін қажетті сумен
Толтырмақ болды.
Тап сол сәтте күтпеген
Қызық іс болды.
Түсініксіз құбылыс болды.
Қопал суды шелектеп тасыды,
Толмады.
Дедектеп тасыды,
Толмады.
Безектеп тасыды, болмады.
Кеспегі құрғыр толмады!
Оның тіпті, қара терге
Түскенін көрсеңіз сондағы!
Не болғаны миына қонбады..
Тірлігі оңбады!
Қопал түкке түсінбеді:
«Өнбей қойды-ау ісім тегі!
Ойпыр-ай,
Іс болды-ау бұл тіпті бөтен!» —
Деп кеспекке қарап еді,
О, жазған!
Кеспегінің түбі жоқ,
Демек, түпсіз екен!

СӘБИ ҚОЛЫНДАҒЫ ПЫШАҚ

Құлыншаққа ұсап,
Құлдыраңдап жүрген
Сәбидің алдынан
Кездесе кетті пышақ.
Сол сол екен,
Сұмдық көрініс басталды.
Сәби ойланып жатпады,
Оның
Жылтыраған жүзіне бас салды.
Сәбидің
Қолының қаны бұрқ етті.
Оны көріп шар ете түскенде,
Пышақ қолынан жылп етті.
Тура барып аяғын тапты!
Қан енді
Аяғы мен қолынан бірдей
Тоқтамастан бұрқырады.
Шошып кеткен сәби
Үдете шырқырады.
«Енді бұған кім кінәлі?» —
Деп, айыптыны
Іздемей-ақ қоялық.
Пышақты дереу
Сәбидің қолы
Жетпейтін жерге қой алып!
Осы тұста
«Бір сөз
Бір сөзді түртіп оятады»
Дегенді еске түсірсек,
Жайдан жай
Айтып отырған жоқпыз
Біз бұны.
Бұл жайдың
Тағы да бір нәрсемен
Дәмдес боп тұр тұздығы.
Теле-шоуға көз салсаңыз,
Жүргізушілерінің кейбірі
Пышақ тапқан осы сәби тәрізді.
Болғанымен жаны ізгі,
Ұстап тұрған құралының
Қандай зат екеніне қарамайды.
Сәбиден бір айырмасы –
Олар тек
Өзгелерді жаралайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір