Классик
01.06.2018
1793
0

 «Поэзияның өзге жанрлардан ерек­шелігі – онда ақын өзінің аты­­нан сөйлеп кететін шағы жиі бо­­лады. Лирикалық поэзияда ав­тор көбінесе өз сезімін береді. Бі­рақ оның өз көңіл күйі жалпы адам­­ға тән жәйтті, жан сырын ашып отырады».


Бұл қазақ әдебиеті алып­та­ры­ның бірі, даңқты суреткер Тәкен Әлім­құ­лов­­тың «Қасым Аман­жо­лов» атты зерт­теу мақаласының ал­­­ғашқы жолдары.
Сірә, осы жолдарды жазып оты­рып Тәкен аға өз өмірінің өр­негіне те­­реңірек үңілген тәрізді. Ро­ман, пов­ес­ть, әңгімелерінде өзін Шәуке, Шәу­кен деп алатын жазу­шының әдебиет әлеміне поэ­зия арқылы келгенін көзі­қарақты оқыр­ман жақсы біледі. Әуелде «Кү­рең өзен» аталып, кейіннен «Қа­ра­тауға» айналған повесть кейін­нен «Ел мен жер» атты ро­ман­ға ұласты. «За­ма­на екпіні» ат­ты новеллалардан құрал­ған ро­манында да біз Шәукен Но­ғай­құлов­пен қайта кездесеміз. Осын­да­ғы Шәуке мен Несібелі әке-шешесінен ерте айырылады. Қос мұңлық күрең өзенді кешіп өтіп кеншілер қаласынан қоныс та­бады. Қарапайым шаруаның ба­ласы мүлде тосын тірлікке бет бұ­рып, жаңа өмірге тез қалып­та­сады. Талапты жастың қаз басқан қа­дамын, қанаты қатып, буыны бе­ки түскенін танимыз. Шәуке бі­лімге, білмекке, үй­­рен­бекке құш­тар. Ол ұшқыш бола­мын деп «авиа үйірмесіне» қатысады. Одан ағыл­шын тілін үйренбекке тал­пы­нады. Ақыры орыс тілі үйірмесінен баян табады. Аумалы-төкпелі тұр­мыс жетегімен кеншілер кентіне кел­ген жас бас инженер Георгий Ал­тухиннің сені­мінен шығады. Ал­тухин – аңшы да. Қо­лы бос кезде көл жағалап құс ата­тыны бар.
Сейілдеп жүрген Шәукенің «мөң­кіп» келе жатқан бірдеңеден үрейі ұшып қашатыны да қызық. Бұл беткейде мөңкіп келе жатқан мо­тоцикл еді. Шәу­ке бұрын-соң­ды мұндай пәлені көр­ме­ген. Қаш­қан баланы лезде қуып жеткен мо­тоцикл үстіндегі семіз сары орыс осы Георгий болатын. Аудан­да ала жаздай пошташы болып істеген Шәуке орыс тіліне едәуір қа­нық еді. «Шайтан арба» үстіндегі жо­лаушы баладан үйректердің қай­­да жайылаты­нын сұрайды. Орыс­­ша аздап тіл сын­дырған Шәу­­ке кездейсоқ жолау­шы­ға шұ­бар тілде өз тарихы мен үйре­к­­тер­дің қайда жайылатынын айтып бе­реді. Бүкіл даладан орыс тілін бі­­летін бір жан таппай келе жатқан аң­шы ба­ланың шүлдіріне сүйсініп қа­лады. Осы­лай пәнәйі себеппен та­нысқан ол­ар кеншілер меке­нін­де ұшырасып отыр.
Жасы келіп қалған профессор Ген­надий Петрович Раевский Шәу­кенің ынталығына сүйсініп, оны кейде өзі­нің пәтеріне ша­қы­ра­тын еді. Осыдан кейін ол тілге мүл­де құнығады. Бұл – өмірдің шын­дығы еді. Жоғарыдағы сурет­тер­ден біз Тәкеннің жастық ша­ғын тап басып танимыз. Жазбагердің өмір жолдарына үңілсеңіз, оның өз өмірінен кейбір сәттерді айна-қа­тесіз суреттеп отырғанын аңғару қиын емес.
«Күрең өзен» повесінде Шәуке Ба­­­лым­ша атты қызға ғашық. Мұ­ны жазушы былай деп суреттейді: «Күні бойы оның ойынан Ба­лым­ша шықпай қойды. Асау аттың құ­лағында боз­ба­лаша ойнайтын бой­жеткен неше ықы­лым қылы­ғы­мен ел­ес­теді. «Жент­тей еріп тұр­ған сары апамыз кімге бұйырар екен?» деп бір қойды. Оның есіне өткен жылғы бір оқи­ға оралды. Үйде оңаша отыр­ған­да Ба­лым­ша әңгіме болған. Айт­тырған же­ріне бар­май, бұлғақ­тап жүргені айтыл­ғанда Шәуке: «Ол қызға мен ға­­шық­­пын!» – деп сал­ған. Әуелі шошып түс­кен Несі­бе­лі артынша нәр­кес көзін сон­ша­лық те­рең­­дікпен аудара қарап, сүйі­ніш пен үрей аралас күйде «Ой, қа­ра­ғым, ол болмайды ғой. Мұ­ны ме­нен басқа жан естімесін!» – де­ген. Шәуке ұялғаннан қаша жө­нел­ген».Бұл, сірә, балауса, бала ма­хаб­баты бол­са керек. «Сары апамыз» деуі­не қа­рағанда қыз одан жасы үл­кендеу бол­ған секілді. Айтты­ры­лып қойған қыз­ға қайта жола­мауы­ның сыры да осын­да деп бі­ле­­міз.
Өзекжарды туындыларын өлең­нен бастаған Тәкеннің алғаш ті­ліне үйі­рілген шумақтары жө­нін­де не бі­ле­міз? Бұл өлең шумақтары бы­лайша өріледі:
Қызыл етік кигенім,
Сары қыз болды сүйгенім.
Күрең судан өткізіп,
Көңілге оны түйгенмін.
Оңашада сол қызды,
Еске алып талай биледім.
Келем десең келіп жүр,
Күнде-күнде үйдемін.
Көре алмасаң,егер де,
Алаулаған күйдемін.
Ол осы өлеңді Ажар сұлуды үйі­не жет­кізіп салысымен шыға­рып, қойын дәптеріне жазып қоя­ды. Кейін­нен Тәкеннің туған інісі Іс­кендір өлеңді көшіріп алады. Іс­кендір өзінің кластасы Есіркеп Өмір­бековке өлеңді оқып берген. Есіркеп өскеннен соң сөзге шешен бо­лып қа­лыптасты. Шежіреші қарт еді. Де­генмен ақынның бұл өлеңі ешқандай жинағында жа­рия­ланбаған. Бәлкім, дүмбілез дү­ние көріп жаратпады ма? Әлде ал­ғашқы ішкі сезімін жария еткісі кел­меген шығар. Кейін ақын бо­лып қалыптасқанда тырнақалды өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Жал­пы, ақын Тәкеннің қала­мы­нан «Сапар», «Жазғы жаңбыр», «Боз жор­ға» атты өлеңдер жинағы туды. Қа­лып­таса келе ол Алек­сандр Пуш­киннің, Әлішер Науаидың, Михайл Лермонтовтың өлең­дерін аударды. А.Пушкиннің «Дауылын», М.Лер­монтовтың «Из­майл бей» поэма­сы­ның арнау жо­л­дарын қазақша көркем кес­те­ле­ді.
«Қу ағашқа қонып ап,
Жаннаттың құсы жолында.
Көк қанаты жарқылдап,
Қарайтын өстіп жалынға».
немесе:
«Бозғылт бір тартып
жылтылдар аспан,
Тұманда сұрғұлт тамаша теңіз.
Дауыл, көк, толқын бәрінен асқан,
Емес пе ғажап шыңдағы сол қыз» –
деген жолдар бейнелі де бедерлі емес пе?
Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­­дары Тәкен Әлімқұлов әде­биет зерт­теумен түбегейлі ай­на­лыс­ты. Со­лардың ішінде қазақтың ұлы ақыны Абай шығар­ма­шы­лы­ғы­на арнаған «Жұмбақ жан», Қа­сым Аманжолов­тың өлеңдерін зерт­теген «Қасым Аман­жолов» ма­қа­лалары әдебиет сын­шылары та­рапынан жоғары баға­ланды.
Задында, біз бұл мақаламызда сұң­ғыла суреткердің шығар­ма­шы­лы­ғына жан-жақты шолу жа­саға­лы отырғанымыз жоқ. «Қызыл етік ки­ге­нім, Сары қыз болды сүй­генім» деп өзе­гін жарып шық­қан өлең қалай туып еді? Ақынның ал­ғашқы махаб­ба­ты кім? Туын­ды­гер тұңғыш тоты­сы­­мен қалай, қай­да танысты? Төмен­дегі әңгіме осы жайлы өрбімек. Қа­­­­лам­гердің шы­ғармаларын шиыр­лауымызда да осындай өзіндік себеп бар. Өйт­кені, повестердегі оқиғалар тізбегі Тә­кен ағаның тұтам тіршілігін­дегі ты­ныс-толғамдармен тұтасып тұра­­ды.
Туысы Мелдебек пен Тәкен Сау­ран­бай аталатын қыстақтан шы­ғып, әке­сінің інісі, етікші Ке­рім­құлдың үйіне келіп, қонады. Жаяу жалпылап келген екеуден Ке­рімқұл көпке дейін бұйымтай сұрамады. «Әбден тынық­сын. Со­сын шаруа жайын өздері-ақ ай­тар» деп түйген. Ас ішіп әлденіп, аз-маз көз шырымын алған екеуі етік ті­гіп отырған ағасының жанына ке­ліп отырды.
– Иә,жол болсын! – деп Ке­рім­­құл қолындағы жозылы бізді жер­ге қойды.
Тәкен үшін Мелдебек жауап қат­ты.
– Аға! Бұл ініңіз Ащысайдағы комбинатқа жұмысқа тұрыпты. Он­дағылар бұдан үй іші жөнінде анық­тама сұрапты. Шолақ­қор­ғанға барып ініңіз керекті до­ку­ментті алды. Енді­гі­сі сізге сәлем бе­ріп, батаңызды алып кету.
– Жөн екен. Ал, өзің не жұмыс іс­­теп жүрсің? – деп сұрады Керім­құл Мелдебектен.
– Мен әлі сол ауылдық кеңес­тің хатшысымын ғой.
– Біреулер сені басқа жұмысқа ауы­­сатын болды деп жүр еді. Сірә, сонысы бекер болды-ау.
– Иә, аға! Сондай сөз шыққаны рас. Мені Созаққа ауыстыратын бол­ған. Бірақ үйім Шолаққорғанда бол­ғандықтан, келісім бермедім. Алай­да, тағы да шақырып отыр. Бұл жолы ке­лі­сетін шығармын. Өйт­­кені, бас­тық­тар бар деген же­рі­не бармасаң, рен­жіп қалады емес пе? Қайта қызмет ұсынбауы да мүмкін.
– Ендеше, жіберген жеріне бар.
– Өзім де солай шешіп отырмын, аға.
– Өткендегі тапсырысыңа ке­ліп те отырған шығарсың. Етігің дайын. Аяғыңа дұрыс келер. Киіп көр, – деп Ке­рімқұл жаңа тігілген, жо­самен ыстал­ған әдемі қызыл етік­ті кебеже­ден шығарып Мел­де­бектің алдына қойды.
Қызыл етік әдемі еді. Мел­де­бек етікті аударып-төңкеріп көріп, аяғы­на киді. Құйып қойғандай шап-шақ бо­лып шығыпты. Қызыл етікке Тә­кен де қызықты.
– Мен де киіп көрейінші, – де­ді со­сын.
Мелдебек етікті шешіп, Тә­кен­ге берді. Етік Тәкенге де шап-шақ екен. Әрі-бері жүріп көрді. Қайыс етік сы­қыр-сықыр етіп әде­мі бір әуен шы­ғаратындай. «Аяқ­қа жайлы екен» деп бір қой­ды.
Мелдебек ойланып қалды. «Мақ­тағаны сұрағаны ғой» деп іш­тей бір шешімге келгендей бол­ды.
– Алыста жалғыз-жарым қа­мы­ғып жүр ғой. Екі ағасынан бір етік киіп кетсе, ат мінгендей бо­лар. Сен ауыл­дасың ғой. Екі-үш күн­де саған дәл осындай тағы бір етік тігіп бе­ре­мін, – деді Керімқұл Мелдебекке қарап.
Мелдебек мүдірген жоқ.
– Мейліңіз. Тәкен бойдақ емес пе? Оған қызыл етік лайық, – деді.
– Есесіне сенің етігің енді қы­зыл бол­майды. Қара былғары ғана қалды, – деді Керімқұл.
– Ауылдағыларға қара етік те жа­рай береді, – деп күлді Мелдебек.
Сосын Тәкенге қарап:
– Етік енді сенікі. Игілігіңе ки! – деді.
Тәкен бұған қатты қуанды. Екі ағасына алғысын білдірді.
Ол Ащысай поселкесіне сол қы­зыл етікпен шықты. Көңілі кө­теріңкі. Етікті шөп-шалам, тас сыр­масын деп аяғын аңдап баса­ды. Қиялы көкке қалықтайды. Өзін төрт аяғын тең басқан жор­ға­ның үстінде келе жат­қандай се­зінеді. Жылт-жылт еткен қы­зыл етігіне қайта-қайта қарағыш­тай­ды. Есіне әлденелер түсіп, жымың ете­ді. Өзіне Ащысайдың сұлулары сұқ­тана қарап қалғандай ма, қалай өзі? Осы ойынан өзінен-өзі ұялып, көңіл кептерін басқа жаққа ұшы­ра­ды. Ойына Теріскейдің тұлпар­лары ора­лады. Осы ойлармен ол Торлан асуы­на қалай жеткенін аң­ғарған да жоқ.
Торлан асуының Шолақ­қор­ған­ға шы­ғар шоқтығында екі цис­терна тұра­ды. Оларға керосин құйы­лады. Май Ащысайдың Сер­го деп аталатын базасынан жет­кі­зіледі. Созақтық кол­хозшылар жа­нар майды осы жер­ден арбадағы бөшкелеріне құйып, тасып әкете­ді.
Тәкен цистерналардың жа­ны­на келіп тоқтағанда соңынан өгіз арба да жетті. Одан бір әйел мен қыз түсті.
– Ащысайға бара жатырмыз, – деді әйел ешкім сұрамаса да.
Қыз иба сақтап үндеген жоқ.
– Жолымыз бір екен, – деді Тә­кен.
– Тіптен жақсы болды. Серік­те­сіп бірге жүреміз, – деді әйел.
Әйел сөзшең екен. Сампылдап сөй­­леп келеді. Ащысайға базар­шы­лап барады екен. Екі қайнысы Ащы­сайда жұмыс істейтін көрі­неді. Шахтада. Тұрмыстары түзу. Біреуі Көк­­көзде, екіншісі Ақжарда тұрады. «Шар­шасам, Көккөздегі қайным­дікіне түсіп, ертең базарға қыз­ған кезінде бір-ақ барамын» деп желпініп қойды. Қасындағысы қайыңсіңлісі екен. Ащысайда оқи­ды. Ауылға сұранып келген. «Үйі үл­кен көпірдің бергі ауылына та­қау жерде, базар жақ бетте» деп Тә­кен сұрамаса да қыздың мекен-жайын айтып, дерек беріп жатыр. Мұнымен де қоймай «Қай кол­­хоз­дансың? Ащысайға не жұмыс­пен бара жатырсың?» деп бастырма­ла­та екі сұрақ қойып үлгерді.
– Әке-шешем «Қызыл Ту» кол­­хо­зында тұрады. Өзім Ащы­сай­да ком­бинат кеңсесінде жұмыс іс­теймін, – деп Тәкен жөнін айтты.
– Жап-жас болып, қарай гөр өзің? Кеңседе істесең, табысың жа­ман емес шығар. Талабыңа нұр жау­сын! – деп әйел серіктесіне сүй­сіне қа­рады.
Ал, Тәкен жолға шыққалы қыз­ға қара­ғыштап келе жатыр еді. Әйелдің сө­зін бір есітіп, бір есіт­пей келе жатуы­ның сыры да сол. Ор­та бойлы, сары қыз сүйкімді еді. Өзі далалық­тар­ға мүлде ұқса­май­ды. Киім киісі де бөлек. Қос өрім етіп өрген бұрымы арқасында асау тайдай ойнақ салады. Ая­ғына ки­ген етігі де өзіне жарасым­ды. Бі­рақ,Тәкендікіндей емес. Алай­да, ше­бер қолдан шыққаны көрініп тұр.
Біраз жер жүрген соң Тәкен ба­­тылданды.
– Нешінші класта оқисың?, – деп қызға сұрақ қойды.
– Жетіншіде. Біздің мектебіміз же­ті жылдық. Келесі жылы он­жыл­дық болады дейді ағайлар.
– Мұны мен де естідім. Өндіріс өсіп келеді. Сонымен бірге жұ­мыс­шы­лар да көбеюде. Балалар са­ны да арту­да. Осыдан барып мек­тептегі оқу­шылар қатары да ұл­ғаюы заңды ғой. Бұл жағдайда клас­тарды көбей­тіп, мектепті он­жылдық ету қисын­ды, – деп Тәкен өз тұжырымын жет­­кізді.
Жолаушылар әңгімемен Көк­көз ауылына да келіп қалды. Жол айыры­ғына келгенде әйел:
– Сары қыз, шаршаған жоқ­сың ба? Менің аяғым ауырды. Осын­дағы қай­нымдікіне қонбақ ойым бар. Ба­зарға ертең де үл­ге­ре­мін ғой. Сен қайтесің? Шар­ша­саң, менімен қал. Болмаса үйіңе же­тіп ал, – деді.
– Жақын қалды ғой. Үйге же­тіп бі­рақ демалайын, – деді сары қыз.
– Онда мына жігіт үйіңе дейін жет­­кізіп салар. Қызыл судан абай­лап өт, – деп жанашырлық таныт­қан әйел өз жолымен кетті.
Тәкен мен сары қыз қатарласа жүр­ді. Жоғары өрлеп келеді. Әйел ұза­ды-ау деген шамада Тәкен:
– Атың кім? – деп сұрады.
– Ажар!
– Атың әдемі екен! Менің атым-Тәкен, – деп болашақ жазу­шы қызға қолын ұсынды.
Қыз бұл күтпеген тосын сөз айт­ты.
– Аға, мен сізді бұрын да көр­ген­мін. Үлкен көпірден өтіп, мек­теп­ке ба­ра­мын ғой. Сонда сіз ылғи да кең­сеге қарай кетіп бара жата­тын­сыз.
– Ә, солай ма? Мен сені аңғар­мап­­пын. Өзің бір аңғарымпаз қыз екен­­сің! – деп Тәкен Ажарға сүй­сі­­ні­сін анық жеткізді.
Оның жүрегі оқыс бүлк етіп, ау­нап түскендей болды. Жүрегінің дүр­­­сілдеп соғып тұрғанын сезді. Бойын­­да бұрын-соңды байқал­ма­ған бір бұлқыныстың барын бол­жады.
Сезім арпалысымен келе жа­тып күрең өзенге жақындап қал­ға­нын аңғармай да қалыпты. Қы­зыл-күрең су буырқанып ағып жа­­тыр. Су ені үш-төрт метрдей еді. Одан аттап өту мүмкін емес. Бірақ таяз, кешіп өтуге болады. Қыз су­ды кешіп өтпекке оқталды. Мұны бай­қап қалған Тәкен қызды көз ілес­пес жылдамдықпен лып еткі­зіп көтеріп алды да арғы бет­ке бет алды. Су кешіп келе жатқанда қыз­дың шашын самал жел ала қа­шып, мұның бетіне тиіп, сүйкімді бір шымыр ойнатқан. Қыз ша­шы­нан шыққан жұпар иіс жігітті мас қы­лып тастағандай. Ол балғын де­нені бо­сатқысы келген жоқ. Қыз да бұл­қын­бады. Тек арғы бетке өт­кенде ғана жігіт қолынан сусып түсті.
– Мұныңыз не? Етігіңізді был­ға­дыңыз ғой. Мына су дағы тиген же­рінен оңайлықпен кетпейді. Енді не істейсіз? – деп шыр-пыры шық­ты.
– Ештеңе етпейді. Қызыл етік­ке күрең судың дағы сіңімді ме деп қал­дым. Егер етікте дақ қалса, бұл екеуі­міздің кездескеніміздің белгі­сіндей сені еске салып тұрады емес пе? – деді Тәкен.
Мынадай ұтқыр сөзді қалай тауып айтқанына өзі де қайран қал­ды.
Үйіне оралғанда дәптеріне қон­дырып қойған өлең жолдары оқыр­ман­дарға белгілі.
Қаламгер шығармаларындағы кү­­рең өзен, сары қыз, қызыл етік тари­хы осылай өмірмен өзектес өрі­леді. Жазушының өмір жолына үңіл­ген жан оның өз сүрлеу-соқ­пағынан жаңылмағанын жазбай таниды.
Кейін бір орайы келгенде Тә­кен осы өлеңді Ажарға оқып бер­ген.
– Сіз ақын екенсіз. Неге өлең жаз­байсыз? – деп сұрады Ажар.
– Мені ақын еткен өзіңсің. Мен ақын боламын. Сенің өміріңе де сәуле түсіретініме сенімдімін, – деді Тә­кен.
Осы екі тілек те орындалды. Тә­кен ақын да болды, Ажарға да үй­лен­ді.
1983-84 жылдары жазушы Тәкен Әлімқұлов Созақ ауданы «Құм­кент» кеңшарында прораб бо­лып қызмет істейтін Тұран Пар­манқұловтың үйіне жиі келіп тұр­ды. Бірде сәлем бере барғанымда «Прос­тор» журна­лы­ның тапсыр­масы бойынша сын ма­қала жазып жатқанын айтқан еді. Тыл­сым Тә­кен аға көп шешіліп сөй­лей де бер­меуші еді. Бірде ағаға оқыс сұ­рақ қойдым.
– Аға, шығармаларыңыздың кейіпкерлері шынайы өмірде бар ма? – дедім-ау шамасы.
Тәкен аға қоңқақ мұрынын уқа­­­лап, біршама уақыт ойланып отыр­ды.
– Сабырбек інім, жазушының әр­­бір шығармасы өз басынан өте­ді, әб­ден илеуі қанған соң пісіп-же­тіліп, қа­ғаз­ға түседі. Басқаның ба­сынан өт­ке­нін дәл суреттей алу қиын, – де­ген сосын.
Арада қаншама уақыт өтті. Қа­ғазға түсіріп алғаным жоқ. Дәл осы­лай айтпаса да осыған шамалас ой айтқаны есімнен қалай шығар!?
Содан соң Тәкен аға 1983 жы­лы «Жазушы» баспасынан шық­қан «За­мана екпіні» атты кітабына «Са­быр­бек ініме! Екпінді жазушы бол. Бірақ сыршылдықты қала. Тә­кен. 2.ІХ.84 ж.» деп қолтаңба жа­зып берді. Қазақ әдебиетіндегі қай­таланбас тұлғалар­дың бірі Тә­кен ағамның осы өсиетін қан­ша­лық­ты өтей алғанымды біл­мей­мін. Бірдеңелер жазған боламыз. Бірақ, Тәкен ағадай терең болу біздің бас­қа бұйырмапты…
«Ақын ең алдымен, өз қоға­мы­ның мүшесі және мейлінше бел­сенді мүшесі болуға тиіс. Олай бол­са, шын ақын өзінің тағдыры ар­қылы да, өз­гелердің тағдыры ар­қылы да қоғам­дық шындықты су­реттейді. Екінші сөз­бен айтқан­да, ол әлеуметтік маңы­зы бар шы­ғар­малар ғана жаза­ды», – деп жазды Тә­кен Әлімқұлов «Қа­сым Аман­жо­лов» атты зерттеу ма­қаласында.
Осы айтқандарын сирек су­рет­кер өз шығармаларында да дәлел­деп кетті.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір