Әмір Темір туралы
01.06.2018
2293
0

Құрметті Исраил САПАРБАЙ!

«Қазақ әдебиеті» газеті 18 ма­мыр­да жариялаған «Жігіттің па­ди­шасы – Әмір Темір» деп атаған та­ри­хи сипатқа ие мақалаңызды оқып, өз заманында күллі Азияны дүбір­лет­кен, сол үшін «Азияның ақсақ ба­рысы» атанған, үздік қолбасшы, ке­меңгер, аса қаһарлы ел билеушісі жайында мейілінше көсілткен ең­бегіңізді оқып, ізденгіштігіңізге қай­­ран қалдым. Сөйте тұра, бауы­рым, осы еңбегіңіздің пролог атаған кіріспесіндегі қисынсыз бір жайтқа таң қалдым және сол сіз ардақтаған Әмір Темірге мүлдем жанаспайтын өзге пенде екенін үлкендік жолым­мен ескертуге мәжбүрмін.
Өз уәжіңізге кіріспе сөзде сіз Ақан серінің «Майдақоңыр» алғаш­қы шумағын: «Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында, Шырқаған Ақан сері – «Майдақоңыр» – деген сөзін дәлелге кел­тіресіз де бала күніңізде мұғалім әкеңізбен тайталасқан оқиғаны қай­талайсыз. «Ақан сері Әмір Темірді неге жігіттің падишасы…» – деп әнге қосқанын өзіңіз шү­бәсіз сенген ойыңызды бекем­дей­сіз. «Ақан сері айтса бірдемені білген шығар, ауызға жайдан-жай ала салды деймісің…» деп әкеңізді де, оқырманды да осы тұжырымға мойын­датасыз. Әлбетте іле-шала «Азияның ақсақ Барысы» атанған Әмір Темірдің күллі жорық­тарын, кімдерді жеңіп, қаншама халықты өзіне бағынышты еткенін газеттің екі бетіне созып ұзақ сонар әң­гі­ме­лейсіз. Оған айтар менің дауым жоқ, өйткені мен сол тұлға­ның тарихынан бейхабар адаммын.
Мені ерекше таңдандырған жайт: Ақан сері өзінің «Майда­қоңыр» әнін Азияның Барысына арнады деген сіздің тұжырымыңыз. Өйткені маған басқадай жайт мәлім. Ақан дүлдүл, бұл әнді XIV ғасырдың аяғында 27 елді қаусатқан билеушіге емес, өзінің замандасы Әмір Темірге арнаған.
Жә… енді осы адамның кім еке­нін айтайын: ол атақты шонжар Шор­ман бидің немересі; Баянау­ла­ның Ақкелін болысындағы ауылын­да мұсылманша сауат ашып, Омбы қаласында бірнеше жыл орыс мек­тебінде білімін көтерген; яки өз за­ма­нының алдыңғы легіне шыққан білімпаз азамат. Оның некелі қосағы – Шоқан Уәлихановтың туған інісі Сақыпкерейдің қызы, есімі Бәди­ғұл­жамал, ерекше сұлу жан. Ақан сері Қорамсаұлы осы бойжеткенге ерек­ше ғашық болған. Қыз да Ақан­дай өнерлі жігітке кетәрі болмаған сын­ды. Ақан сол сұлуға арнап қа­зір­де дүйім жұртқа мәлім «Ләйлім», «Ақтоты» әндерін шығарады. Алай­да, қазақшылық жол-жоба жеңіп, Бәдиғұл сұлу Шорманның кенжесі Әужанның ауылына ұзатылады. Сірә, сұлу қалыңдығын қимаған тә­різді, Ақан сері сол жазда Баянаулаға іздеп келіп, жас отаудың тура өзіне тоқтайды. Әмір-Темір сері қонағын бір ай құрметтеп, ерекше күтеді, екеуі бірін-бірі түсініп, ақырында құшақ айқастырып, өмірлік дос болып айы­рылысқан-мыс. Сол ауылдан аттанарда сері, Исраил, інім ілгеріде бір шумағын келтірген «Майда­қоңыр» әнін шырқап, осы әнімді ерлі-зайыпты екеуіңе байладым, бақытты болыңдар!» деген-міс.
Шынында да осы тартудың бас­тапқы жолы «Жігіттің падишасы Әмір Темір» деп басталуынан-ақ оның жер-жаҺанды қан қақсатқан әс­кери қолбасшыға емес, өнер-бі­лі­мімен өз қатарынан озған азаматқа арналғанын аңдау қиын емес…
Сөйтсе де осы ойымды мен жұрт­қа мәлім нақты деректермен бе­кітемін.
Жоғарыда мен айтқан жайт 2008 және 2010 жылдары жарық көрген Серік Жақсыбаевтың «Қаржас ұр­пақтары» және ағайынды Д. мен Б. Біләловтардың (екеуі де Шорман бидің бертіңгі перзенттері) «Қаржас ше­жіресі» кітаптарында нақты жа­зылған. Сол кітаптарда Әмір Темір Шормановтың оқыс ауырып, жасаң жігіт шағында кенеттен опат бол­ғаны жазылған. Оның артында екі пер­зент – Нариман, Аспандияр (осы жігіт Кеңес заманында ауыл­шаруа­шылығының аса ірі ғалымы атанған, фамилиясы Шорманов) есімді екі бала және бір қызы қалып­ты, олардың да ұрпақтары өсіп-өн­ген-міс.
Мен осы деректерге академик Қ.И.Сәтбаев туралы Баянауылға жиі ба­рып, сол елдің тарихын қазып жүр­­­­генімде кезіккен едім. Ақан сері Қорамсаұлын соншама қызық­тыр­ған Бәдиғұлжамал сұлудың бергі, Кеңес заманындағы тағдыры мүлдем аянышты. 1928 жылғы қазақ байла­рын тәркілеу кезінде баянауылдық бел­сенділер оны түрмеге қамап, «Шор­ман бидің әулеті тыққан қым­бат қазынаны сен білесің, соны көр­­сетесің…» деп күні-түні дүрелеп, қай­ран сұлу ақырында түрмеде мерт бол­ған.
Бәдиғұлжамалдың әменгерлік дәстүр бойынша қосылған ері Шор­ман бидің немересі Сәдуақас мырза Мұсаұлы. Сол ерінен ол 1901 жылы қыз бала көріп, есімін Нафиға атай­ды. Ол да шешесіндей сұлу, ерке қыз атанып ержетіп, Омбы шәрінде орыс­ша оқыған. Мен бертінде осы сұлу­дың өзі және сүйіп қосылған ері ескі зиялы, Том университетін 1916 жылы тәмамдап, адам дәрігері ма­мандығын игерген, Алаш партия­сының белсенді мүшесі Асылбек Сейітов. Ол Баянауылда, Қарқара­лы­да дәрігер болып еңбек етуден соң 1923-1937 жылдарда Шығыс Қа­зақ­стан облысының денсаулық сақтау бөлімін басқарған. Амал не, ол да сол кездегі «Халық жауларын іздеу» нау­қанында екі інісімен бірге атыл­ған. Нафиға сұлу сол қазаны көтере алмай, жүрек талмасынан мерт бол­ған. Тәубе дерлік гәп: оның Роза жә­­не Клара есімді екі қызы аман қа­л­ып, Шормановтардың тәрбие­сінде өсіп, бертінде отбасын құраған. Мен Сейітовтер мен Шормановтар әулетінің бертіндегі шерлі тарихын арқау етіп, деректі хикаят жария­ладым (2014 жылы жарық көрген
8 том­дық «Шығармалар жинағым­ның» 2-томы).
Ескерту парыз: жастай сөнген Әмір Темір ғана емес, оның бертіңгі уа­­қыттағы туыстары мен ұрпақ­тары­ның шерлі тағдырын нақты біл­ген­діктен де Исраил Сапарбай әріп­тесім­нің жаңсақ баяндауына түзету жасауды жазушылық парызым деп біл­дім. Сөйткеніме Исраил інім түсі­ністікпен қабылдар деген ойдамын.

Медеу СӘРСЕКЕ.
Семей.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір