Тоба қазық
01.06.2018
1411
0

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында өткен баспасөз конференцияларының бірінде тарих ғылымының докторы, профессор Зайнолла Самашев: тарихи оқиғалар өткен, бірақ белгі сақталмаған жерлер, маңызды нысандар бар, қасиетті орындарымыз бар, оларды тізімге енгізу ұсынылуда», – деген болатын.

Туған елі, жері, болашағы үшін құр­бан болған Ұлы дала ұрпақтарының белгісіз төмпешік болып жатқандары қаншама. Соның бірі – «халық жауы» атанып, 67 жылдық ғұмырының 22 жылын ел­ден жырақ өткізген репрессия құрбаны, жалындаған жастығын халқының азат­тығы жолындағы күреске арнаған азамат Ақжанов Балапан Көкенұлының аяулы жары Зейфун ханым. Ол қу­да­лау­­дан құр­сақтағы нәрестесін елсіз да­лада дү­ние­ге әкелуге мәжбүр болып, өмірден өткен.
«Халық жауының» зайыбы Зейфун ханымға өткен жылы 85 жылдан кейін белгітас – қара тақта орнатылды. Ескерт­кіш қара тақтаның атауы – «Тоба қа­зық».
Оның сүйегі Қостанай-Ақтөбе-Қара­ғанды-Қызылорда облыстарының қиылысар тұсында жатыр. Қазір ол аймақтан «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы өтеді. Жұбайы – Ақжанов Бала­пан ақталды, бірақ ол өз ақталғанын ести алмай 1970 жылдың 1 наурызында, 68-ге қара­ған шағында дүниеден озды.
Ал, бұл әңгімедегі қалған кейіпкер­лердің тағдырлары кейінгі шығар­ма­лар­дың арқаулары.
Балалар үйіне алынған «халық жауы­ның» баласы Нәби (Әбдінәби) 1999 жылы 71 жасқа қараған шағында дү­ние салды. Бүгінде көзі тірі оның зайы­бы Күлпаршын Көбегенқызы да «халық жауының» қызы, 81 жаста. Әңгімедегі кейіпкердің бірі 2002 жылы 90 жасында қайтыс болған Зылиха Көкенқызының жеке отбасы болмады. Бар өмірін Нәбиге арнаған, өмірінің соңына дейін онымен бірге тұрған, рухы мықты, сөзге шешен, әділ де аяулы жан болатын. Ол репрессия, туыстар тағды­ры, ел тағдыры, бастан кешкен оқиғалар туралы айтудан еш жалыққан емес. Айтылмақ оқиға сол күйінде жазылған шындық. 1959 жылы Ресей­дің Кемер облысынан айдаудан орал­ған, КГБ-ның құпия қорында болған атам Ақжанов Балапан Кө­кенұлы: «Ақиқат айдыны суалмайды, уақыты келеді», – деп маған мектеп жасында біраз дүниені жаздырып кеткен еді. Үш салт атты, қомында бір сәби, үш адам мінгескен екі түйесі, жетекте жам­поз – Асауқарасы бар «онның» шағын кө­ші елсіздегі бұйрат құмдар арасын­дағы табандық жерге қонғанына да үш күн болды. Бәрі Сарғасқаның көңі­лін көтергісі келгендерімен, дегбірі қа­ша бастағандары қимылдары мен жүз­де­рінен көрініп-ақ тұр.
Күннің ыстығы мазаны алмаса да Зейфун отырған киіз үйдің туырлығы ке­реге етегінен көлбей түрулі. Оның азан айтып қойған аты – Зипуын, жүр­ген ортасында – Зейфун, Жанқожа ба­тыр атының тері сіңген қасиетті то­был­ғы қамшысын сыйлаған Қалдан әу­лиенің немересі, туыстары Сарғасқа дей­ді. Сарғасқа деп атандырған неме­ре­лес ағалары – Қосжан мен Досжан Қа­ра ұлдары. Әкесі Тәшірбай би де, бау­рына басқан анасы Сымбат та ұза­тылған соң көп ұзамай дүниеден өтті. Сіңі­лісі Зүфінүн балиғатқа жетпей шейіт кетсе, жалғыз ағасы Қасым дү­ние­ден ұрпақсыз озды, қалған төркін жұр­ты мезгілсіз сапардың жолау­шы­ларына айналғалы ешқайсынан ха­бар­сыз.
Бұл шағын көш – «Халық жауы­ның» әйелі мен баласын аман сақтап, бой тасалатудың, тығырық жолдың құ­пия көші еді. Азаттық жолындағы кө­терілісті ұйымдастырып елін ізінен ерт­кен ерлерді, Сарман қожа мешітінде орналасқан «Хан ставкасының» мү­шелерін, олардың туыстары мен отбас­тарын «ОГПУ» үштігі қынадай қырып жатқан алай-түлей уақыт осы көшті беймезгіл сапарлатты. Көш құрамында аталарынан бастап Ақжан байдың жылқысын баққан сенімді, қапсағай денелі, қайратты, қырық жастағы жігіт – Жанақ; екіншісі, жеңіл сүйекті қағылез, жиырма жастар шамасындағы қара жігіт; үшіншісі, Айнық руына жиен болып келетін жас сері – Орда. Әйелдерден – сүйегі би, сөзі мір, Айнық руының беделді бәйбішелерінің бірі, 60-ты алқымдаған Бозымкен. Ол өмір­ден көргені көп ақылды әйел, анасы Күлс­тан атанған Ақжан байдың жыл­қы­шысының зайыбы, шын аты – Хұр­шида, жаугершілікте тағдыр айдаған тәжік бегінің жалғыз қызы-тын.
Бозымкен Зейфунды аман-сау бо­сан­дырып, нәрестесін бағуға осы көшке ілес­кен. Көш құрамындағы жасы шама­лас екі келіншек те ерлі-зайыпты өмір­ле­рінде Ақжан абыздың әулетіне қыз­мет еткен ибалы келіндер. Көштің се­­бепкері – айы-күні жақындаған Зей­фун, оның үш жасар жалғыз баласы Әбдінәби, екі қайынсіңілісі – 14 жас­тағы Зылиха, 12 жастағы Гүлшара. Зей­фун қайынсіңілілері Зылиханы – Ке­кілдім, Гүлшараны – Үрліайым дейтін. Бұл топтағы ер адамдар алдын-ала бел­гіленген Торғай даласындағы елді­мекенге жетеуін орналастырып, Қаза­лыға қайтуы тиіс.
Үш әйел көштің құпия, жолдың ауыр, қауіпті екенін білсе де, Сарғас­қа­ны аман сақтайық, демеу болайық, «ала­сапыран» басылғасын, Алла елге оралуға жазғай деп, тәуекелге бел буған аб­зал жандар еді.
Бозымкен тағатсыздана қырға шық­ты. Қонғандары қандай жер екенін өзі де білмейді. Күннің шығысына қа­рап құбыланы бағдарлады. Қолымен көзін көлегейлеп, шырқ айналса да, қы­бырлаған жан көрінбейді. Ол киіз үй­ге жақындай бергенде «Жанақ, Жа­нақ» деп жанұшыра айқайлаған Зей­фун­ның даусын естіп, табалдырықтан ен­тіге аттады. «Сарғасқам-ай, не бол­ды?», – деп иығынан демеп, басын сүйе­ді, терге малшынған маңдайын сүрт­ті. «Жанаққа айтшы, үйді жағалай қор­шаған кекірені алып тастасыншы, жүре­гім қағуын қоймады ғой, мүмкін оны жаным жаратпай жатқан шы­ғар». Жігіттер үш күн бұрын үй тіккенде сойдиған жасыл кекірені қоңырлықтан шауып әкеліп, сыртын айналдыра қоршап тастаған. Себебі, дала тәжі­ри­бесінде бұта тәріздес кекіре шөбі төсел­ген жерге құрт-құмырысқа жоламайтын.
Бозымкен демеп, екеуі қабақ ба­сы­на шықты. Жан-жағына қараған шара­дай жанарынан қобалжу көрді, құрса­ғы­на көз салғаны сол, ішінің тө­мен­дегенін байқап, денесі мұздап қоя берді, бірақ сыр­баз бәйбіше сыр бермеді. Зейфун­ның сақилығы өз алдына, әзілді де жақ­­сы айтатын. Алысқа қадалған көзін қағар емес. Бір кезде: «Апа-екесі, ау, апа-екесі, қарашы, әнебір ноқатқа қарай-қарай көзім талды, қозғалмайды өзі», – деп тылсым тыныштықты қақ жар­­ған дауыс саңқ етті. «Мүмкін, маған жете алмай, қанатын суытып, қомдауға дайын­дап бір бұтада қонып отырған ме­нің Құс мырзам (ол жұбайы Ба­ла­пан­ды «Құс мырза» дейтін) шығар», – деп езу тартқан болды. «О, ғажап боз да­ла­ның боз торғайы қайда, шы­рыл­дамай­ды, әлде олар да кеңес құрып, «көте­рі­ліс­ке» топталып ұшып кетті ме? Аң-құс қайда, көрінбейді, ОГПУ-дан олар да бой тасалапты-ау Боз апа», – деп қысыр сөзге уақыт алдырып, олар үйге жақын­дады.
Жігіттердің кекірені алып тастап, үй­дің іргесіне жайып қойған аққұмына оты­­рып, дем алды. Лезде есейіп, са­ли­қа­­ланып қалған екі ерке қайынсіңілісі Зы­­лиха мен Гүлшара жеңгелерінің екі иы­­ғын сипай құшақтады. Бәрі үнсіз. Жан дүниелерін көзбен ұғып, әркім өз ойымен алысып әлек. Осы жерге қон­ғалы оттап-жусамаған Асауқарамен ар­­­палысып шаршаған Орда да бұлардың қасына, ақ құмға келіп отырды.
Жоспар бойынша бүгін кештете Құйы­лыстан (Тәуіптен) жігіттер келуі тиіс. Келетін жігіттер түнгі ай жары­ғы­мен Торғайға баратын жол бойына белгі ре­­тінде арқан сүйретіп тастап кете беруі кер­ек. Ымырт үйірілмей-ақ салт атты үш жігіт алыстан аттан түсіп, үйге енді. Қыс­қа амандасудан кейін Тәуіптен Тәжі абысынның беріп жіберген бір бүйен сарымайын, бір қарын сүзбесін та­быстап, жігіттер суыт аттанды. Да­ла­ның ой-шұңқырына, жота-жонына жа­ды жетік Жанақ жол бағдарын көруге ере кетті.
Түн бойы көз ілмеген Зейфун құр­сақ­тағы шаранасын алақанымен сипа­ды, жанында жатқан Әбдінәбиін аяла­ды, өткен өмірі елестеп, ой жетегі ерік­­сіз ерте берді. Таңдайы кеуіп, шөл қыс­қанын сезіп Гүлшараның әкелген ша­лабынан бір жұтты. Иә, мырзасымен кездескен сәті, қалай тұрмыс құрды, Қым­бат енесі айттыра барғанда оның ту­ған апасы Сымбат бәйбіше не деп еді – тоқалдың қызын ұнаттың деп өк­пе­ле­меп пе еді, Құс мырзасы екеуі бөле-тін, екеуінің шешелері Құлымбай бидің Орынбор генерал-губернаторлығына ба­ғынған сұлтандық өңірдің бірінде қа­зақ билері ашқан медреседе білім ал­ған қыздары болатын. Тоғыз жыл бала кө­термей зарығып жүрген күндері артта қал­ғанымен, оның жан күйдірген жа­лынын да, тәтті елесін де ұмытқан жоқ. Кө­рігіне түнеткен Есеке көрікші ше, дүниедегі қадірлі адамдарының бірі, оның өзіне ниеттеп соғып берген қос күміс білезігі мен алтын зәпеңкесі, әне, ке­регенің басына іліп қойған Құс мыр­засының түрікпен қоржынының бүйі­рінде жатыр. Дүниеқор емеспін, әше­кейге қызыққаннан да емес, жолға шы­ғар алдында қос білезікті қойныма ты­ғып, зәпеңкемді көйлегімнің өңіріне қадап алғаным – көріктің киесін қас­тер­легенім, ырым-жоралғым екенін түй­сігім де баяндап жатыр. Жандарың жән­натта болғыр, Есекенің аталары Орыс патшалығының үстемдік билігіне қас­қая қарсы тұрған, Қоқан мен Хиуа хан­дықтарының озбырлығынан елін, жерін, ұрпағын қорғаған Жанқожа (Нұр­мұхамедұлы) сарбаздарының қару-жарағын соққан киелі көрікшілер еді-ау. Кенет, Есеке ұстаның көрігіне түне­ген сәттері көңілін толқытып, жадынан тіз­бектеліп өте берді, жанарын мөл­ді­рет­кен ыстық тамшының самайдан бас­­талған жасудай жолы иықтан құл­ды­рай құлап жатты….
Тоғыз жыл өкшесі қанамады. Әу­лие-әмбиелерге түнеуден, Алладан пер­зент тілеуден еш жалықпады. Айт­қа­нын екі етпеген тілеулестерін, мойын­дарына «бұршақ салып» өзіне пер­зент тілеген абысын-келіндерін ой­лағанда ет жүрегі елжіреді. Ұстаның кө­рігіне түнеген таңда аян берді. Ақ сақалды, ақ киімді, ұзын бойлы абыз жанына келіп: «Мә, балам деп бір балға берді, жанталаса абдырап ұстай бер­генінде түсіріп алды-ау, ілі-шала екін­ші­сін ұстатты, оны мықтап ұстап қой­нына тығып алды, жылдамдатып үшін­шісін берді, ол да қолынан түсіп ке­тіп оянса таң атыпты. Аянды жорыды. «Үш ер балалы болады екенмін, алғаш­қысы мен соңғысы маған жоқ, ортан­шысын қолыма ұстармын, артымда ұрпақ қалса, перзентімнен жаным құр­бан, иншалла», – деп, көз жасына ерік бермеп пе еді. Міне, сол ортаншы бал­ғасы – Әбдінәбиі тілін бүлкілдете еміп, төсіне тұмсығын тығып пысылдап ұйықтап жатыр. «Көш қонған күнгі шаңыраққа жетіспей тұрған екі уық, бос тұр­ған екі күлдіреуіш көзімді неге тартты, не ұқтырды? Енді оған көз қиы­ғым да түспесін деп өзін-өзі жұбатты?» Жүрегі аузына тығылды, май шам біл­тесінің әлсіз жарығы өшуге айналған. Басын көтеріп: «Кекілдім, сары тентекті қа­сыңа алшы», – деп айтуы сол, та­лық­сып кетті. Бозымкен дем салып, бірі ба­сын сүйеп, бірі аяқ-қолын уқалап әбі­герге түсті.
Зейфун ханымның жаны тыныш­та­лып, көзі ілінген құла таңда жол бағ­дарын белгілеп қайтқан Жанақ та бел­деуге атын байлап жатты. Жанақтың ха­бары бойынша Балапан мырзаның Әму мен Сырдың арасындағы Қызыл­құм­ның Қосбүйрек құмын жарып өте­тін керуен жолымен қарасы әжептәуір көшті Қарақалпақ еліне аттандырғанын, бір ай бұрын Соғдыби бастаған салт ат­ты жігіттердің айдаған малдары аман – есен Шымбайға жақын «Тораңғыл әу­лие» зиратына жеткенін есітіп еңсе­лері көтеріліп қалды.
Дария жағалап оңтүстікке сапар шек­кен сол көштің басшысы туған қайы­­нағасы Мыңтұрған Көкенұлы. Абы­сыны Жанбибіні тамыз-қыркүйек­ке жоспарланған көшпен бірге алып кетуді ұйғарып Қазалыда қалдырды. Алдымен аштық әлсіретіп, күн көрісі тау­сылған мұқтаждарды бір қараға жет­кізуге тура келді. Шешім солай. Абы­сы­нын сағынды. Бауырдай болған егізінен заман зобалаңы еріксіз айырса амал не?
…Иә, солтүстік-батысқа қарай кө­шін түзеген соңғы түні ешкім де көз іл­меді. Бозымкен тептік матадан мық­тап көмкерілген түбі тереңдеу, қос жұ­дырық қатар сиятындай қалта тікті. Аузын мұқият әдіптеп, қос бұрымына қо­сып өрген торғыннан бау ызып қал­таның аузына өткізе бастағанда Жан­бибі мен Зейфун үнсіз бас изесіп, әше­кейлерін жинай бастады. Шөмекейлер ұзатқанда алтын-күміс әшекей бұйым­дарын салып сыйға тартқан қобдишаны Зейфун көңілсіз лақтыра салды. Екеуі­нің уыстары толған әшекейлері қалтаны томпитып, Боз апасына буа бер деген ишаратты көздерімен ұқтырғанмен, Зейфун ақық орнатып күмістен соққан дегмент белдігін сүйріктей саусағымен сипап көзін жұмды. …Ақ босаға, ақ не­кем­нің, мырзаммен кауышқан алғашқы тү­німнің куәсі бұл. Асықтырып атып қал­ған ала таң қабысып қалған қос кір­пікті еріксіз ажыратқанда алдында Боз апасы тұрды. Оның ұстап тұрған тептік қалтасына белдігін сүңгітіп жіберді. Бо­зымкен аузын буып Жанбибінің қо­лына ұстатты да: «Мыңбалаға (Мың­тұрған) берерсің, жол ұзақ, көш ауыр, бала-шағаға нан пұл болар, Алла, қара-құраларды аман сақтағай», – деп бозін­геннің қомына қондырған қоршауға азықтарын салуға сыртқа шығып кетті.
Текті абысындар бақырып жыла­май, басқа түскен тауқыметке мойын ұсына, сезімдерін жүрекке жүктетіп, жа­нарда тұнған жастарын мөлдірете тө­гіп құшақтарын үнсіз ажыратқан-ды. Тек, Жәкесі (Жанбибі) жылжыған көш­тің артында қалып бара жатқанда ғана жан даусын шығарып, «Сарғасқа, ал­дағы сапарға да мойнымдағы саған ар­нап салған «бұршағыммен» аттанамын, қол-аяғыңды баурыңа алып, нәрестеңді иіскегенде ғана түсіремін, бұл «бұршақ­ты», демеп пе еді. Абысыны қайынсіңі­лі­лері Зылиха мен Гүлшараны «жанына жалау» болсын деп Зейфунға ілестірді, кенже қайнысы Ният оңтүстік көшінің жауапты қосшыларының бірі болып та­ғайындалды, тете қайнысы Балжан Қараүңгір-Тұздақтағы қақтығыста қаза тапты, артында тұяғы жоқ. Баласы Әбіш (Әбиболла) орысша білім алып азамат қатарына ілесіп қалды, қызы Нәзипа се­гіз жаста, қайынсіңілілері Күміс, Дү­зік Ырғызда, Шөмекей руының Тоқа, Аспан аталығынан тарайтын оқыған, зиялы азаматтардың жарлары, отбас­тарында заман желі үрлеген үрей көп, Әни­па мен Нәбираны Хожеліге бой та­салатты…
Жанақты ертең қонаға Құс мыр­за­сы­ның келетінін айтқанда жаны жа­ды­рап сала берді. Елді аман сақтап, бас сау­ғалау жолындағы Балапан Ақжанов бас­таған азаматтар ұйымдастырған оң­түстікті бағыттаған керуен-көш Қы­зыл­құмды көктей өтіп, айлап жылжитын болғандықтан Тұрым (Ниязбаев), Мұса (Дай­рабаев) басқа да халық қамын ойлаған үзеңгілістері аяғы ауыр Зей­фун­ды Қазалыдан Торғайға жеткізуді ұйғарған болатын. Ырғызда қарбалас көп, жазалаушы отряд дегені тағы бар. Енді міне, ағайын-туыспен, абысын-ажын­дарымен ажырасқанына да бір­неше күннен асты.
Батып бара жатқан бүгінгі – төр­тінші күннің жалды жалқынында қос жанардың мөлдіреген айдыны тамшы бер­мей тұнып қалды. Бозымкен басы­нан сипап, шұбап жатқан бұйдасын қо­лына ұстаса да, жерге соза салған мой­нын тіктемей жата берді. Күміс мұ­рын­дығы сап-салқын. Ойлары ойысып, көңілдің күймесі жастықтың жайлауына да жетті. …Қыз күні, аяулы анасы, өмірінің бақытты кезеңі көз алдына келді. Анасы Күлістан: «бірінші Аллаға, екінші Ақжан абызға алғысым шексіз, бір елді билеген әкемнің отбасы, туыс­тары қанға боялып өмірмен қош­тас­қанда жетекте кеткен мендей мұңлыққа әкелік қамқорлық жасады. Мен оның сенімді, қайратына ақылы сай жылқы­шысымен бас қостым. Абыз атам ал­дымызға мал салып, енші берді, жақсы ғұмыр кештік. Бірақ, қанымда жүрген бір «бүршік» ата-анамды, бауыр­ларымды, ел-жұртымды аңсатып мезет-мезет тамырымды бүлкілдетіп қоятын», – деген туған жеріне сағынышы мен тә­жік қызына тән аясы кең, ұшқындап тұ­ратын қиықша жанары мәңгі жа­дын­да қалды. Анасы араб, парсы тілін меңгерген, медресе көрген, өз елінде бұла қыз болған. Әкесі сауат ашып оқы­маса да, сәйгүліктің талай төресін жа­рат­қан сейіс еді. «Мен дүние есігін олар­ды ұзақ күттіріп, боз даланың боз жу­саны жұпар шашқан мамыражай сәт­те ашыппын. Атымды азан айтып Бо­зымкен атапты. «Бозым, жұпар жуса­ным» деп еркелетуші еді асыл әкем. Ме­ні алысқа оқытпай, молдадан ғана сауат аштырып, жандарында ұстады. Араға жеті жыл салып жалғыз інім дү­ниеге келгенде, анамның көңіл күйін назарынан тыс қалдырмайтын әкем оған атын өзің кой деп ұрықсат беріпті. Сонда анам: «Төркінім – соғдылар да текті халық, сенің ұлы далаңды әділ би­лер биледі, атын Соғдыби деп атасақ қалай қарайсың дегенін әкем «құп» көріп, ұлын Соғдыби атапты. Сол сәруар бауырым қазір Мыңбаламен бір­ге оңтүстік көшіне жауаптылардың бірі. Жалындап тұрған жалғыз баласы Мансұр әскерге адам алу туралы Орыс патшасының маусым жарлығына қарсы халық көтерілген Қараүңгір-Тұздақтағы қанды шайқаста қаза тапты. Ізінде ұрпағы да жоқ. Көз жасына ерік берді. Рухы қанша мықты болса да жан-жүрегі езіліп барады. Анасын сағынды. Ағлалы анам-ай, мына далада алғаш рет құрттан жібек созған да сен едің-ау. Кестелеп тіккен орамалдарың, моншақтаған тақияларың талан-таражға түсті. Үйірі­нен ажырамасын деген мақсатпен әке-шешем көздері тірісінде мені Шаңқан атамның (Ақжанды бүкіл келін Шаңқан ата деп атаған) қарауындағы Айнықтың өзім қарайлас, оқымаса да қара ақылы мол азаматына тұрмысқа берді. Сол ауыл­дағы жетім қалған балаларды бау­рымызға бастық, емшек сүтін бермесем де емек сүтін бердім, оларды азамат етіп адал тәрбиеледік. Менің енемді Айнық­тың келіндері «сақалды ене дейтін», себебі, иегінің сол қапталындағы дөп-дөң­гелек быртиған қара меңнің астында уыс толмайтын кішкене ғана сақалы бар-тын. Сыйластығымыз жарасып тату тұрдық. Тек, жалғыз баласының, неме­ресінің артында қалғанына қапаланып, Алла енді мені Бозымжанымның арты­на қалдыра көрме деп тілеумен өмірден өтті, өз қолыммен ақ жуып арулап жер­ле­дім. Қазіргі отырысым мынау, жарат­қан ием, енді Сарғасқамнан айыра көр­ме».
Бұл көйлегінің етегін қағып орны­нан тұрғанда ымырт үйірілді. Алдын­да­ғы Асауқараның тұрмасын сезіп, шу­да­дан ескен бұйдасын өркешіне орай са­лып, Зейфун отырған киізүйге кірді. Күн жарықта босағада ілулі тұрған түйін­шегін ақтарып, оны-мұнысын жи­настырмақ ойы болғанмен Асауқара­ның қылығы ойын онға бөліп секем ал­ғызды. Май азайғасын бүгін шам жақ­тырмады. Қаракөлеңкеде анасының алдында шалқалай жатқан сарытентекті қасына алып ертек айтуға кірісті, ол лезде ұйықтап кетті. Қалған тоғыз жан шала ұйқымен, Тәңірден жәрдем тілеу­мен даланың тағы бір түнін ығыстырды. Бұл олардың елсізде атырған бесінші таңы.
Бозымкен түйіншегін ақтарды. Бар­лық шаруаны ойластырып жүретін әде­тімен ол сапар алдында 7-8 аршын­дай ақшыл бөз, Зейфунның бірі өлі (Әбдіжами), бірі тірі (Әбдінәби) екі ба­ла­сының ақ бәтестен етек-жеңі бүріл­мей көктеп тігілген иткөйлегін, жілік майына даланың қураған адыраспанын өртеп, күлінен алған сақар мен жусан­ның сөлін қосып қайнатып дайындаған сабынды, қазақтың дәстүрі бойынша «кетік аяқ, кетік шөміш» сақталған Ақ­жан абыздың шаңырағынан саналатын үлкен үйден ырым етіп, қайыңнан ойып жасалған бір түйір үлкендеу қасықты, өзінің бір-екі киімін, жағасы тік, өңіржиегінде зәпеңке қадайтын бір ғана те­сігі бар патсайы бойкөлегін, басқа да қа­жет уақ-түйекті осы түйіншегіне түйіп алған болатын. Бөзді дүниеге келе жат­қан нәрестеге жөргек үшін шар­шы­лап бөлгісі келгенімен бір құдірет бөл­гізбеді, қайта түйіп тастай салды.
Әбдінәби «әкем қашан келеді», – деп анасын мазалай бастады. Анасы: «Құ­лыным, ертең келеді» дегеннен бас­қа ештеңе айтпады.
Боз апасының ой-қимылын ұққан Зейфун да қоржындағы киімдерін ақ­тара бастады. Бірінші шығарғаны илеуі қанып қысқа қырқылған жұп-жұмсақ, жөр­гек-жаялық сипаттас ақ қозының те­рісі, оны бала орауға қажет болып қа­лар деген оймен салып алған. Екін­шісі – өзіне ұнайтын, үстіне іле салуға ың­ғайлы Құс мырзасының Ташкенттен тік­тіріп әкелген коверкот жадағайы. Үшін­шісі – дөңгелек жаға салған, иінін тіп-тік етіп, жеңін шынтаққа дейін күл­телете қампитып, төгілдіре қондырған, қы­нама бүрмесі мол крепжоржеттен тігілген жалғыз көйлек. Төртіншісі – ка­ракөк костюм, аяқ киімнен мыр­за­сы­ның әкеліп берген сірісі терең, ақ­шыл түсті қасықтай ғана былғары туфли. Бар киімі осы. Үстінде әдейі кең тігілген шәйі ақ көйлек, аяғында жұқа теріден бүріп тіккен жеңіл шабата. Киелі санап алып шыққан заттарын, уақ-түйегін ақ­таруға құлқы болмай, шығарған киім­дерін көңілсіз бүктеуімен қоржынға ты­ға салды. Қымбат енесінің көзі тірі­сінде «терім сіңген құтты аяқ киімім» еді деп ырымдап берген өкшесі мен тұмсығы күміспен көмкерілген көк сауыр кебісін осы жолда жоғалтты. Ене­сін сағынышпен есіне алды. Ол – Ба­ла­панның әкесі Көкеннің інісі, Ақжан бай­дың кенже баласы, Көкілташ мед­ресесін бітіріп Хиуада ұстаздық еткен дарынды күйші Ұябайдың қалыңдығы, Құлымбай бидің қызы болатын. Қос ғашықты тағдыр қоспады. Ұябай қа­лыңдығынан қайтқан сапарында небәрі 25 жасында дүниеден озды. Оң жақта қалған қалыңдық Қымбатты қалауымен Көкенге некеледі. Балапан олардың бе­сінші баласы. «Бекзат енесі Ұябай мыр­за сыйға тартқан мүшкіланді киік­тің үлбіреген шап терісінен тігілген қал­тасымен бірге өмірінің соңына дейін сақ­тап еді-ау. Ал, мен оның кебісіне де ие бола алмадым», – деп қамықты.
Сары тентекті күндегі әдетінше екі апасы – Зылиха мен Гүлшара ағаларын, әкесін күтетін қырдың беймәлім жол­дары жатқан құм төбеде ойнатып қай­тып келгенде күн сәскеден ауып, Жанақ та тері шелегімен өзі қазған көкта­бан­да­ғы тайыз құдықтан ас әзірлеуге су алып келе жатты. Бауы қайыстан жөр­гемделіп өрілген бұл шелектен бір там­шы да су ақпайды, өте ыңғайлы. Жа­нақта жеңіл-желпі құралдардан басқа, қаруға жарайтын басына ағаштан сына қағылған жалғыз кетпен. Ас әзірлеуге керек-жарақты қызметші келіндер өздері дайындаған.
Жанбибінің үрген қарынға салып бер­ген сүр еті де, үлпершекке тығып бер­ген жылы-жұмсағы да таусылды. Бү­гін­гі тамақ Жанақтың құмнан қағып әкел­ген бір қалта құмаршағы мен көсік.
Білдірмегенімен Сарғасқаның қа­бағында кірбің барын Бозапасы байқап қал­ды. Толғақ па? О, жаратқан өзің жар бо­ла көр десе де мазасы кетті. Кенеттен, неше күннен бері оттап-жусамаған, кешегі мойнын салып сұлаған күйінен қоз­ғалмаған Асауқара ұшып тұрды да киізүйдің ағаш табалдырығының ал­дына талтайып тұра қалды. Бозымкен жылдамдата қасына келіп, тәуба-тәубалап сипалай берді. О, ғажап, сүт кернеген желіні быртиып, үрпі пышақ­пен кескендей қақ айырылыпты. Ал, оның ортасынан маржандай тізіліп сүт там­шылап тұр.Тұмсығын көкке көтеріп, мой­нын қатайтқан. Емшегін тартпаса да желінін жуып, алақанын басқаны сол еді, сүт саулай берді, саулай берді. Жан-тәні қосыла иіген алапат құбылыс, іш­тегі күштің сарқындысы ма, әлде Сар­ғасқамен қосыла толғатып тұр ма, үш мәрте таңы айрылған жануар, кім біл­ген?! Көн шелек, тостаған толды, бәрі мейірлері қанғанша жылы сүтті сіміріп жатты. Барын иіп беріп болғасын Жа­нақ көз қиығын сала қараса желіні со­лып, бүріле қабысып қалыпты. Енді бей­мәлім үнмен боздай бастады. Ол, «Ал­ла, бұл ненің белгісі», – деп ішінен шо­шына қайталады.
Зейфунда толғақтың белгісі бар еке­ніне көзі жеткен Бозымкен Жанақты оңа­ша шығарып алып, «Не істейміз, адал­бақан да жоқ, бөлек арқаның бар ма, тулақ та алмаппыз, баратын жерге де жете алмадық-ау» деп сасқалақтай бас­тады. Киіз үйдің сыртын айналдыра тұт­қан шидің белдеу арқанынан басқа еш­теңе жоқ. Жанұшырған құпия көште не болушы еді, басқұр, аяқбау, уықбау, жел­бау дегендерден жұрдай. Тек, түн­діктің жылқының қылынан есілген төрт бауы мен киіз есікті тарта ұстап тұрған боялған жүннен тоқылған кермеқас өрнекті екі бау ғана бар. Атамзаманнан қазақ әйелдері адалбақанға немесе арқанға қолымен асылып босанатын болған, толғағы жеңілдейді деп тулақ та төсеген. Бозымның ойлағаны сол. Бірақ түн тыныш өтті.
Таң ата аттың пысылынан өре түре­гелген бұл жердегі жандар қасында екі жігіті бар Балапан мырзаның келгеніне жү­ректері жарыла қуанып калды. Мой­нына мініп қылғындыра құшақтап ал­ған баласы айрылар емес. Қойнындағы қос уыс шикі сөкті, ортасынан сынды­рып, екі бүктелген таба нанды шығарып Бозымкенге берді. Бозапасы шетінен үзіп Сары тентекке ұсынып еді, ол: «Жоқ, жемеймін, онда әкем кетіп қала­ды», – деп қолын әкесінің мойнынан ажы­ратқысы келмеді. Қазалыдан шы­ғарда таба нанды тілеулес жеңгесі қой­нына қыстырып жіберген. Зейфунның қасына келіп маңдайынан иіскеп, бау­рына тартты. Айы-күні жетпесе де тол­ға­тып тұрғанын сезіп, маңдайынан сал­қын тер бұрқ ете қалды. Жан-дүние­лерін көзқараспен ұғып, біршама уақыт орнаған тылсым тыныштықты Зей­фун­ның қоңыр даусы бөлді.
«Баке, Торғайға бара жатқанымды білсем де, жол бағдарын білмедім. Көңі­лімде түйткіл бар, Шаңқан атама тәу етіп, Ұябай атамның үйтамына (Ырғыз бен Аралдың орта тұсының арқа бетін­дегі биік төбе басындағы 25 жасында қыр­шын кеткен Ұябайдың үйтамын 1870 жылдары Хиуаның ұсталары бие сү­тіне илеп, түйемен тасытып тұрғыз­ған) бір түнетпей мені осы жерге Қаза­лы­дан Қарақұм (Қазалының Қара­құмы) арқылы елсіз, «Жетім шағылдың» үсті­мен алып келді. Желеп-жебеген аруақ­тарыма түней алмадым, бұлағынан су ішіп, мейірімді қандырмадым» дегенде шарадай жанарындағы тамшылар үзіліп-үзіліп түсті. «Асылым менің, «Ұя­бай атаңның үй тамындағы» екі мей­ман­хананы ұры-қарылар, тыңшылар ме­кендеп алған, қауіп төніп тұр ғой, жол­ды ақылды адамдар бағдарлады, тәр­тіп солай, біз орындауға міндеттіміз, бәрі дұрыс болады», – деп жарын жұ­бат­са да, теңіздей буырқанған ой тол­қыны жанын аяусыз соққылай берді.
Ол бұл жерге әйелі мен баласын кө­ріп, дидарласу үшін бір-ақ күнге кел­ген еді, қасындағы екі жігіт бұларды Тор­ғайға апарып орналастыру керек бо­латын. Жоспар тұманданып, алдағы күн­дерді беймәлім жағдайлар күтіп тұр­ғанын сездірген жүрек шаншып жанын ауыртты.
Зейфунның іші ауыра бастады. Құр­сағы кеңейіп, толғағы жеңілдер ме екен деп, алабұта тегіс жапқан көкт­а­банға өзі сүйемелдеп жүргізіп қайтуды ұйғарды.
Таң ата жарық түскен шақта, Ба­лапан мырзамен бірге келген, өз ара­ларында Жалдықара атанған еңгезердей қара жігіт киізүйдің киіз есігін екі сілкіп жерге түсірді де, кермеқас екі бауды бы­­­тыр­латып үзіп-үзіп алды. Оны шаңы­рақ­тан өткізіп, Зейфунды қолымен асыл­дырғаны сол еді, дыбыссыз шарана жер­ге түсті. Сыртта бәрі «Бозқасқалап» тұр­ғанда Бозымкен «киімді» шарананың мойнына оралған кіндігін жазып жатты. Сәл­ден соң іңгәлап шар ете қалғанда қуан­ғанынан, «Жалдықара, Жалдықара, тез, кел, кіндігін кес», – деп айқайлады. Апыл-ғұпыл сырттағы кетпенді ала іш­ке кірді де, ана мен баланы жалғап тұрған көгіс кіндікті шауып түсірді. Екі ке­лін­шек үйдің ішін тазартып, сыртқа шы­ғып кетті. Бозымкен жаулығымен Зей­фун­ның белін буып, шарана жол­дасының түсуін күтті. Бірақ, ол түспеді. Әлсіреген соң төсегіне жат­қызды. Салт бойынша босанған әйелдің үстіне кіндік кескен адамнан басқаны және сырт киіммен кіргізбейді. Бала құн­дақталған соң ғана көрсетіледі.
Құс мырза сарытентегін мойнына мін­гізіп сыртта жүрді де қойды, жүгіріп келіп екі иығына асылған Зылиха мен Гүл­шараның беттерінен сүйді. Шара­наның жолдасы түспегенінен қауіп­тен­ді, әйелінің көзіне көрінуге дәті шы­да­май, сыртта сенделіп жүр.
Көктабанның жиегімен жалғасқан ала­салау құм төбеден біреудің бұлға­ла­ған қолы ербеңдейді, қасында бірдеңе қа­раяды. «Ой, пірім-ай, бұл кім екен, тағы не болды» деп көзін тіге қараса, көш құрамындағы әлгі – қара бала. Жа­нақ та оны көріп жүгіріп келеді екен. Сөйтсе, басы салбыраған, тізеге дейін қа­тып қалған батпақ аяқтарын сылти бас­қан, құйымшағы шошайған киік же­тектеп келе жатыр. «Әй, мынауың не, қай­дан кезіктің, қалай ұстадың, тың­шы­лар әкеп тастаған жоқ па екен?», – деп жатыр екеулеп. Әлгі- қара бала: «Бір биік бұтаның қасында сенделіп тұр, менің қасына келгенімді сезсе де айна­лып тұра берді, қарасам көзі соқыр, биыл лақтаған тұмса киік екен. Басынан сипап, сауырынан қақтым да ышқыр­бауымды суырып алып, ноқталап же­тегіме алдым», – деп риясыз ыржиды. Құс мырза тіл қатпады, ішінен бұл да құба жонның құрбаны ғой деп түйді.
Ой иірімдері бір батырып, бір қал­қытып тарта берді… Сарман қожа ме­шітіндегі «Хан ставкасының» мүшелері, бірі өзі, ОГПУ тыңшыларының аңдуын­да. Шыдамы таусылған елдің «Қарақұм­да­ғы көтерілісі» жанкешті, әділ екені мә­лім. Қанды қырғын көз алдынан кет­пейді, от пен судан бірге өткен үзең­гілестері «Үштікпен» де, сотсыз да аты­лып жатыр. Орталық Атқару Коми­те­тінің халықпен келіссөз жүргізу үшін құрған қомиссиясына артқан үміт те са­ғымға айналды. Ғабиттің (Мүсірепов – комиссия мүшесі) құпиялап құлағыма сыбырлаған әңгімелері, хаттамаға (пи­сарь ретінде хаттаманы өзі жазған) түсі­рілген мәселелер дұрыс-ақ еді, жал­ған куәлік пен өтірік мәлімет жинаудан жалықпайтын ОГПУ бөгет болды ғой, қарғыс атқыр.
– Мырза, – деген Жанақтың сөзі­нен селк етті.
Қараса, қарсы алдындағы киіктің қасында ноқталаған ышқырбауды ұстап мәз болған баласы тұр. Қимайтын, бір сәт­тік бақыт. Киікпен қосылып, бәрі ана­дай жердегі үйге беттеді. Келген бой­да ол:
– Бозеке, ішке кіруге бола ма? – де­ді.
– Әрине.
Зейфун қасында нәрестесі, керегеге сүйеніп отыр екен.
– Аман-есен жаныңның қалғанына шүкір.
Сарғасқа жұбайының көңілін түсір­мейін деп бетіне тік қарап, басын изеп қою кірпіктерін бір қақты, артық сөз айт­пады. Сырттағылар сол аралықта киік­тің шөлін қандырып, денесін суы­тып, көлеңкеге жатқызыпты.
Жетінші күннің кеші түсуге жақын. Жа­нақ: «Мырза, киікті бауыздап, қалжа қылуға ұрықсат етіп, бата беріңіз», – деді. – «Біз тұрған жердің сол жақ бағы­тын­да біршама жерде «Құрдым» жат­қа­нын білесіз, айналасы батпақ, йірім, ұйық болғасын ол жерге аң-құс, мал көп жо­ламайды. Мына мұңлық, кім білсін сол жақтан келе жатыр ма, Алланың бізге бұйыртқан нәсібі болар».
Адал бауыздалған киік етінен қалжа жа­сап, сорпа ішіп бұл табандағы қуда­лан­ды жандар даланың сегізінші таңын да атырды. Балапан мырза сәбиіне Әбді­манап деп ат қойды. Зейфунның жағдайы ауырлады, баланың жолдасы тү­сер емес, қолдан келгеннің бәрі іс­теліп жатыр, Асауқара боздауын үдетті. Балапан мырзаны Ырғызда қатерде тұрған жігіттер күтіп отыр, жұмыс көп. Балапанның: «Жол қылбұраулы, дүние «қыннан да тар» болып тұр, ертең жүру керек, Сарғасқама қалай айтам», – деп қиналғанын сезгендей Зейфун сол күні кеште осы жердегі өзінен басқа жанды қасына жинады. Басын керегеге сүйе­тіп, сабырлы қалпын бұзбай сөзін бас­та­ды. «Маған сүйеу болған, жанымды ая­лаған бәріңе де Алланың нұры жау­сын. Жазмыштан ешкім құтылған емес. Боз апа саған айтарымды ертең айтар­мын, жаным аман қалды ғой, бүгін мырзамды өз қолыммен аттандырғым келіп отыр. Бәке, бетіме жел боп ти­ме­дің, қамқорладың, айтқанымды екі ет­педің, ризамын, біліп-білмей артық кет­кен жерім болса, ғапу ет. Болған жағ­дайға өзіңді кінәлама, заманның зо­балаң жалыны қанатын күйдірген ұр­пақ екенімізді де ұмытпа. Менің қа­сымда отырғаныңмен «Лаух-Мах­фуздағы» Алланың жазуы өзгермейді. Із­деушілердің көзіне түспей, тәуекелге бел буып, бүгін түнде аттан. Екі өтінішім бар: біріншісі – ақ сапарға аттанып кетсем, Әбдінәбиіме қарайтын жібі түзу адам ал, жалғыз қалмасын, ізіңе қара ерсін, көзіңді алысқа салмай-ақ жылы жүректі иманды адамды айналаңнан қара. Екіншісі – қай жерде жүрсе де балаңды үйіріне әкеп қосуды ұмытпа». Бәрі түсінікті, жігіттер сыртқа, екі келін қазандық қосқа кетті. Үйдің ішіне қара­көлеңке, сыртына «ақ пен қызыл» ал­масқан мезет орнапты.
Ауыздануға әлі жоқ шала туған нә­рес­тенің аузына емшектен аққан уызды тамызып болғасын Зейфунның тұруға ыңғайланғанын сезген екі қайынсіңілісі демеп тұрғызды: «Бозапа, белімді қай­тадан бу, Тәңір қосқан қосағымды өз қо­лыммен аттандырайын, уақыт келді». Қа­сына келген Мырзасының оң қолы­ның қоспасынан төмен орналасқан бармақ басындай дөңгелек қара меңді сипап, кебірсіген ерніне тигізді. Бұл кезде Жанақ та белдеудегі ерттеулі көк аттың шылбырын шешіп жатты. Ба­ла­пан мырза қатты киналды, ұйқыдағы Әбдінәбиін баурына басып, емірене сүйді, Әбдіманапты иіскеді, үнсіз жы­лап тұрған екі қыз құшағын әзер босат­ты. Жарын құшағына алып, маңдайы­нан сүйді: «Бұл жерде бір-екі күн әл жи­нап, аяқ-қолыңды баурыңа алғасын жі­гіт­тер сендерді Торғайға жеткізеді, ол жер­дегі жағдайлар ойластырылған. Бәрің­ді де Алла аман сақтағай». Жұбайы есік­тің алдындағы көлденең тартқан көк аттың үзеңгісіне аяғын салғанда Сар­ғасқаның денесі дірілдеп, аяғы ұйып бара жатты. Оны көтеріп әкеліп тө­сегіне жатқызды.
Мырза мінген көк атты арқадан тұр­ған қара жел қара түнге сүңгітіп, ар­тынан итере адымын кеңейтіп келеді. Ба­ғыты – Қазалы. Құр сүлдері келе жат­қан мырзаның бар ойы айдалада қал­ған дәрменсіз отбасында.
Мырзасы кеткелі тәуліктен аса тіл қатпаған Зейфун: «Боз апа, бәрің жи­налыңдар», – деді. Қан кеткелі жағдай­дың түзелмейтіні белгілі болды. «Бүгін таңда аттанам, Әбдіманап та кешікпес, баурыма берерсіңдер. Кекілдім, Үр­ліайым, бақтарың ашылғай, тездетіп елге жетіңдер, бәріңе де Алла жар бол­сын. Жанақ, мені айдалаға таста­май­ты­ныңа сенем… Кекілдім, Кекілдім», – деп екі рет қақалды да, даусын қатты шы­ғарып, қолынан ұстап қасында жау­таңдап отырған баласын көзімен нұс­қап: «Әбдінәбиім саған аманат, са­ған аманат», – көзін бір жұмып ашты.
Оныншы күннің таңы ата алмай қа­рақошқылдана түйіліп тұрды.
Жаңбыр толастап, қараңғылық сейіле бастағанда босағадағы шырақ жа­рығы бетіне түскен баласынан көз ал­май ханымның демі үзілді.
Киіз үйдің сыртына тұтылған шиді қор­шалап, бетін өзінің торғын орама­лы­мен жауып оң жаққа шығарды. Асау­қара ол жатқан керегенің сыртқы тұ­сы­нан жанұшыра итеріп, үш рет сүй­­кен­генде шаңырақ қозғалып, кереге кү­тір-күтір етті, бірақ оған ешкім қар­сыласпады. Ішегін тартып ышқына үш боз­дады да, алды-артына қарамай жанталаса тарпаңдай жөнелді. Артынан қарап тұрған жігіттер, «Ойпыр-ай, киелі жарықтық-ай», – десті. Алакеуімде құл­дыраңдай қарайып барып, шексіз-шет­сіз далаға сіңіп, ғайып болды.
Әбдіманапта тек пысыл ғана бар, Бозымкен мейірі қанып артына қара­май, уызға жарып кетсін деген ырыммен жансыз анасының кеудесінен аққан уыз­ды өзінің сұқ саусағының ұшымен үш рет кезерген ерніне апарып тамшы­лат­ты.
Артынан бір тәулікке жетер-жет­пес­те ол да шетінеді. Сарғасқаны мәңгі­лік мекеніне қондыруға жолға шығуға дайын отырған он бір жан даладағы он бірінші атар таңды күтті. Жылап-жылап сілесі қатып, жансыз жеңгесінің аяқ жа­ғында қалғып кеткен Зылиха әлбебір тылсым дауыстан шошып, өре түрегелді. Түсінде жеңгесі Сары сабаны пісіп-пі­сіп жіберіп: «Кекілдім, Кекілдім, Әб­дінә­биім саған аманат деп саңқ етіп үш айтты». Ұшып тұрып, жанұшыра қа­раса, Әбдінәби анасының қос ана­ры­ның ортасына тұмсығын тығып етпе­тінен ұйықтап жатыр, жылыстап уызды сүт ағып жатыр. Бозымкен жайлап кө­теріп алды да, баурына басып, үнсіз көз жасына ерік берді. Ешкім елемесе де босағаның орта тұсында басын кекжите төмен қарап тұрған боз жылан сылқ етіп құлап түсті. Басына ақ құюды күтпей-ақ жан тапсырды. Бұлар алдымен Сар­ғасқаны «Айбике қатын» белгісіне апа­рып жерлемекші болды. Ол жер алыстау, қауіп­ті екенін ескеріп Жанақтың ше­шімен бұдан 5-6 жыл бұрын құдық қа­зып жатып оқыстан қайтыс болған Шө­мекейдің екі ағайынды жігіті – Дүйіс­бай мен Тәменнің үй тамының қа­сына жерлеуді ұйғарды.
Атанға артқан өлі мүрдесі бар, ілбі­ген аттылы-жаяу – бұл жандар жолға шыққанда «былғары бүрку» басталды. Екі күн жүріп «Дүйісбай-Тәмен» қо­ры­мына да жетті. Нұрмен пәктеліп, бөзге оран­ған аруды қоршаудан түсіргенде кеу­де тұсы шылқып, уыз исі аңқып тұр екен. Қабірге бірінші уызды-сүт там­шы­лағаны тірілердің жанын тебірентті. Екеуін жер қойнына қатарластыра тап­сырып жатқанда тамшыға айналып дала жылады.
Тоба қазық таянтып таң айыртқан – боздала, Бозапа, бозжусан, бозінген, бо­заспан, бозала таң… иә, бозбен өріле жал­ғасқан тіршіліктің он бір күнін та­рих­қа тастап, азалы көш сапарын жал­ғас­тырды.
Олар көш бағытын «Дүйісбай-Тә­мен» қорымының оңтүстік-шығыс жа­ғындағы Торғай даласына емес, оң­түстік батысындағы Ырғыз жазығына қа­рай бұрды. Межелі жерлері – «Бақ­шакөл», «Терісқақпай», «Көккөздің кө­лі», «Жайсаңбай». Маңдай тіреп ба­рар жерлері – Ақсақал-Тәуіптегі мал қа­былдау пунктінде отырған Тұрым мен Тә­жінің отбасы.
Бұл кезде олар Голощекиннің «Асы­ра сілтеу болмасын, аша тұяқ қал­ма­сын» деген тапсырмасын керісінше орын­дап, аштық титықтатқан мал-жан­ды үдере көшіртіп жатқан еді.

Даража БАЛАПАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір