«Ұстаздық еткен жалықпас…»
01.06.2018
1231
0

Осы бір қиындығы мен қызығы мол маман иелері жайлы аз айтылып жүрген жоқ. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, үлкен өмірге жол сілтеген жандарға құрмет қашан да жоғары болмақ.

Осы орайда, өмірлік ұстанымдарымның қалыптасуына үлкен әсер еткен ұстазым жай­лы айта кеткенді жөн көріп отырмын. Аб­димова Алиша Бағашарқызы – ҚР Білім беру ісінің үздігі, жоғарғы санатты бейнелеу өнері, сызу пәндерінің мұғалімі. 1981 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Көркемсурет-графика факультетін бітірген. Педагоги­калық еңбек өтілі – 37 жыл. 1997 жылдан бастап Сапар Байжанов атындағы №162 мектеп-гимназиясында бейнелеу өнері, сызу пәндерінен сабақ беріп келеді. Ұзақ жылдар бойы сызу, бейнелеу өнері пән­де­рінен тиянақты білім берумен бірге талантты шәкірттерін халықаралық, республикалық, қалалық конкустарда жүлделі орын алуға дайындап келеді. 1997-2013 жылдар аралығында ҚазҰПУ-дің Көкремсурет-гра­фи­ка факультеті студенттеріне педагоги­калық практика бойынша №162 мектепте тәлім-тәрбие беруге атсалысты. Педагогтік қыз­ме­тінде өзі оқытқан пәндері бойынша жо­ғары оқу орындарына мамандық таңдаған шәкірттері аз емес. А.Абдимова мектеп-гимназия өміріне етене араласып, мәдени шаралар мен безендіру жұмыстарында атқарған еңбегі зор.
Дос табатын көңілім қош табатын,
Бәйгеден келіп жүрді қосқан атым.
Қылқаламды жыр қалам ауыстырса,
Егіз қалам талмайтын қос қанатым, –
деп өзі жырлағандай ұстаздық еткен жыл­дарда шәкірттерді жыр сайыстарына, өнер сайыстарына алып барып, баптап жүрді. «Тетра-Пак» компаниясы ұйымдастырған «Сүт өнімдері орамасының дизайны» атты сурет конкурсында талантты шәкірттері таң­даулы суреттер топтамасы үшін бас жүл­дені жеңіп алды. Жүлдеге мектебімізге ком­пьютер сыныбын тарту етті. Сонымен қоса, мектебіміздің оқушысы Жалғас Жамалбаев осы конкурста І-ші орын иеленіп, бағалы сыйлық және дипломмен марапатталды. Алматы метросының 3 жылдығына орай «Байқоңыр» бекетінде «Метро балалар көзі­мен» атты қалалық суреттер байқауы өт­кізіл­ді. Осы байқауға көптеген шәкірт қатысты. Оның ішінде М.Нұрмұханбет І-ші орын алып, сол кездегі қала әкімі А.Есімов­тің бағалы сыйлығы мен дипломы табыс етілді. «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты Республикалық шебер ұстаздар эн­цикло­пе­диясына енген. 2015 жылы ұстаздық еңбегі бағаланып «Білім шыңы» төс белгісімен, грамоталармен марапат­талды. Республи­калық «Білім шыңы» энци­кло­педиясында А.Абдимова туралы жазылып, үлгілі сабақ жоспары енгізілді. Жақында Алматы қалалық Оқушылар сарайында өткен «Бояулар сыры» сурет байқауына қатысқан шәкірттері дипломмен марапат­талды. 8 наурыз Әйелдер күні мерекесіне арналған қалалық сурет бай­қауында Аяулым Аманжолқызы мен Қарақат Асқарқожаева І-орын, Гүлназ Алтайқызы, Махаббат Атамқұлова ІІ-орын, Али Мухади, Меруерт Сақтағанова, Сабина Накипова ІІІ-орын алып, мақтау қағаз­дарымен марапатталды. Ұжымына – бе­делді, шәкірттеріне – сыйлы, туған-туыс­тарына – мейірбан, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған жан Абдимова Алиша Баға­шарқызы – қос өнерді қадірлеген шебер ұстаз.

Мадина ИБРАЕВА,
11-сынып оқушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір