Көгергенге – су емес, қасарғанға – мұз емес…
01.06.2018
1381
0

 

Бұл жол сонау бетке өткен күзге салым түскен. Сананы сан-саққа салған ой мен әсер көптігі ме, сол сапардың бас-аяғы реттеліп, қағазға бір түспей-ақ қойғаны. Соның сәті енді келгендей.

 


Бұрқап аққан өзені жоқ… Бұл­ғақтап өскен дарағы жоқ… Кеудесі көрік таулары жоқ. «Жер төресі» деген әспеттеуге келіңкіремейді, жо­ғы көптеу… Ол – ол ма, кенезесі кеуіп, өзегі қурап жатқан жайы бар. Бұ дүние, мына уақыттың біраз ауыртпалығы бір басына түскен сон­дай ахуал. Жер бедеріне орнай бас­таған Ай әлпет, әлде Марс табиғат. Ахирет салқыны жүзін торлай бас­та­ған… Бірақ сонда да көркем! Сон­да да жүрек қылын шертер ғажайып ол!
Жол тағы солай түсті. Ішу-жеу, той-томалақ қызығы емес. Хикая қу­ған дабырашыл сапар деуге де келмейді. Еріктен тыс бір мұңды сезім-атойдың шақыруы. Маңдай тұс – Арал… Жол таңдамайтын әмбебап көлік, құла түзге талаптың қам-қажеті түгел іспетті. Бәрі дәтке қуат. Топта – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұстазы, доцент Шанжархан Бекмағамбетов, осы жолға біраздан мені жолбасшы­лық­қа шақырып жүрген, жағрафия­шы Әбілқасым Баймаханов, жер сейіс жүргізуші Марғұлан Жексен­биев және осы жолдар авторы.
Осы күні сонау жалпақ шалқар­дың елесіне еміне отырып қалған біреу-жарым ел болмаса, баяғы ба­сат басы сайын көлбеп жататын ыз­ғын халықтан ештеме қалып жа­рыт­паған. Аумағы Еуропаның бірнеше елін сиғызып жібере алатын алып ұлтан – ендігі қу медиен. Со­нан ба, бұл жолдың тәуекел салмағы басымдау. Әрине, елге әр келгенде теңіз табаны, етегі түріле қашқан су пұшпағын аралауымның кемі жоқ, бірақ мына жол – Аралдың көп ау­мағына (тіпті, жан аяғы тимеген бір жерлерге) жетуді мақсат еткен, жүз­деген шақырымға созылар тәуекелді талап екенін айту керек.
Теңізге ұмсына байырқалап қал­ған бір жұртшылық – Арал ауданы­ның шалғай ауылы Қаратерең еді. Онан әріде, кешегі теңіз шалқуында «Тоқпан», «Қасқақұлан» аталған арал-жұрттар орны жатыр. Қарате­рең жігіттері бізді сол бетке шақыр­ды. Жай шақыру емес, сол жерлер­ден үдере көшкен ағайын жылда та­мыз­дың 22-жұлдызында, маңай­дағы ауылдардан, облыстардан, тіпті, Астана, Алматыдан жиылып, әруаққа құран бағыштап, сонау бір өткен өмір ғайыптарын еске алады екен. Туған өлкеде жүріп-ақ, туған жерге сағыныш шөлін басудың сондай бір жолы. Жанды дәстүр… Сол күні Қасқақұлан аталатын биік етегінде көп ағайын қауқылдаса қауымдасты. Бұл жерлерде біразы­ның базарлы дәурені, бұла шағы, мәнді өмірі өткен… Осы дәстүрге ұйыт­қы болып, ел орнына ескерт­кіш-белгі көтеріп, бұл үрдісті бекіт­кен Шынтемір Әмишаев, Тілектес Жұмағалиев, Болат Сәдуов, Мамай Өтемісов сияқты азаматтар екен. Қасқақұланда бұлақ көзі ашылған, төңірекке тұтаса тоғай тұрған, Бар­садан ауған киік пен құлан атаулы осында үйірсек көрінеді…
Қасқақұлан биігінен қарап тұр­саң, сонау тіршілікті-толқынды өмір-алап естелігі – Тоқпан, Ұзын­қайыр, Жұпбике, Жыңғылды, Көз­жетпес, Айжарым-Тасты, Жалпақ, Бектау, Ұялы атау-ауылдар боп жалғаса беретін секілді. Бәрінің осы күнгі бергі табантірері – Қаратерең болғанда, арғы іргені бекемдеп Жан­қожа бабамыз жатыр. Бұл өлкеде елді мекеннен гөрі медиен жұрт орны басымдау… Қала-қыстағын қоса есептегенде, кешегі Аралдың ұзына бойы – 100-ден аса қоныста ырғын ел отырған екен. Сонан
Қаза­қ­с­тан беттегі экология бұрқа­ғынан аман қалған үмітті мекендер қара­мына енді екі қолдың саусағы да көптік етердей… Енді солар елесті естеліктер жұртына айналып кетпесе екен деген тілек көкейде тұрды…
Әмбебап көлікке сенім Қасқа­-
қ­ұланнан Барсакелмеске қарай, ұлы теңізден қалған жалпақ ұлтанда төте кесіп өтеміз деген тәуекелге сеп бол­ды. Кешегі Азау, Қызылбай аралда­ры­нан ары – телегей шөлдің репеті жақсы көрінбеді. Ұлы судан кө­те­рілген орғыл құм, қанша дилы де­ген­мен біздің көлік адымын ашты­рар болмады. Шөл теңізі бұл… Жер бедерінде жорғалаған кесіртке ізі, көкте қалбаң еткен бір құс қарасы жоқ. Алдымыз кеш. Жапанда қалсақ жағдай қиынға кетер деп, «ес барда елге қарай» бет бұрдық. Мұнымыз ақыл болды. Атынан әлем үріккен Барсакелмеске қатқақтау теңіз ұлта­нымен енді Баян-көл беттен талап ету мақұл еді.
Тасудағы азын-шұғын дария суы тепкен жағалық алаптар болмаса, ұлы теңіз ұлтанының безбүйрек бедері көңіл құлазытады. Көк шал­ғайы­на шейін көз тоқтатар бір қа­рай­ған жоқ. Тек ара-тұра түсініксіз бір қоңыр алаптар жол кеседі. Бұл даңғайырда, ғылым айтса, көне бабалар жер бетіне сызған алып жұмбақ таңбалар (Арал геоглифтері) жатыр. Олар атақты Перу-Наска суреттерінен кем де мәнсіз емес. Әлгі алаптар сол «сызықтар» кесін­дісі сірә… Осы маңдарда, бір кездері өзім зерттеуіне қатысқан Кердері кешені сияқты ежелгі мекендер орындары бар. Бәрі де өлі Аралдың ендігі ұрпаққа ашқан «сыйы». (Арал осы халінде де пенделер үшін сар­қылмас қазына көзі!)
Бедерінен көз тайғанаған тұл­дыр­сыз ұлтанда Марғұлан бір қызық кеп бастады: өткен ғасырдың басы, 40 жаста атасы Құрманәлі (орыстар қосшылығында «Құран» атанып кеткен) орыстан сыйға алған барқас қайығымен теңіз шарлай жүріп, Барса-атаудан шығып, елсіз аралда, бір таңғажайып ізге кезігеді. Әлгісі жыланның ізі секілді, бірақ бөрене сүйреткендей тым үлкен… Сонан елге келіп, Қызылбай атты аша мыл­тықты аңшы жігіт пен жас інісі Жие­нә­ліні ертіп, Барсакелмеске қайта барады. Қайық көшкісін тастамай, ескектеп жиекте ұстап отыруды ба­лаға тапсырып, екі жігіт арал қалыңына ұзайды. «Рейдте» қалған бала біраздасын алыстан атылған мылтық даусын есітеді. Біраз күтіп, ешкім келмегесін, қайықты көшкілеп, атыс естілген жаққа өзі кетеді. Із кесіп келе жатқанында, жақын маңнан мылтық тағы атылады. Сол сәт тоғай іші ұлы па­тыр болып, томарлар қирап аспанға ұшады. Қаша жүгіріп қайыққа жеткенінде, ізінен екі ағасы да үлгереді. «Ес! Ес!» болады бар сөз. Дем басқасын белгілі болғаны: екі жігіт тоғай аралап жүріп, бір алып жылан көреді. Ұзыны 8-9 метрдей, жуандығы «мыс самаурын» қарамды болған. Мерген сол мақұлықты бас­тан атады. Оқ тиген жылан иіріліп-созылып жатқанында, аузынан оқ-дәрі құятын мылтығын қайта оқтап алады. Біраз күтіп, өле қоймаған жыланды тағы атады. Жиенәлінің көргені сол сәт еді… Сонан, бұлар аралға баруға дәттері жетпей, ауылда бір қыс өткереді. Келер жаз барса, алып жылан баяғы қайық тұрған жағаға жетіп өлген екен. Еті ағып, терісі сүйегіне жабысқан. Жігіттер сол мақұлықтың 1-2 омыртқасын елге алып келген, көлемі жігіт жұды­рығы мөлшерлі шыққан… Әңгіме жалғасында, Құрманәлі қайтыс болады да, қайық Жиенәліге тиіп, енді теңізде сол кәсіп құрады. Арада біраз уақыт өткен; ойда еш нәрсе жоқ, Азаудың ұлы теңіз жағында тұрған қайығына келе жатып, бар­кастың құйрығы суға батыңқы екенін байқайды. Қаперсіз қайыққа мініп, белазынаға құйрық басқанда, арт жақтан бір дәу сары жыланның басын көтеріп, өзіне ұмсынып тұр­ғанын көреді. Арбалу жағдайында қалған жас жігіт еңіреп жылап, жыланға былай дейді: «Сенің сыңа­рыңды атқан адам қайтыс болды, менің еш жазығым жоқ…» Осы сөздерден кейін жылан басын теңіз­ге бұрып, қайықтан сырғып түске­нінде, баркас құйрығы сопаң етіп жоғары көтеріледі.
– …Сонан қайтып, бұл маңдарда дәу сары жылан туралы гәп естілген емес, – деді әңгімеші. – Ал мына Барсада жуандығы жеңді білектей қал­қантұмсық деген улы жыландар көп деседі. Кім білген, сол дәулерден қалған ба?..
Барсакелместен қозыкөш сол­түс­тік шығыста тағы бір көне мекен орны ашылған. «Кердері-2» аталады. Мен көрмеген нысан. Қираған қыш көзелер, диаметрі жарым құлаш диірмен тастар – бұл жердің қорым­нан гөрі базарлы мекен болғанына меңзейді. Маңайға қарап тұрып, ұлан-ғайыр массагет даласын ойша шамаладым. Сырдың суы жүзін тор­лаған көкорай кең өлкесі. Ғарышқа сәлем жолдаған алып геоглифтер. Қайнаған өмір байтағы…
Барса-арал тыйымды қорық аймағы. Біз оның ұзына бойын қуалай жүріп, солтүстік батыс тұм­сы­ғынан, Арал ұрықсат берсе, Құ­лан­дыға бір-ақ секірмекпіз. Әбіл­қасым айтса, осы екі арада Жердің «клиналь» қыртысы бар. Ол «антик­линаль, синклиналь» дегендерге қарағанда қатпарына көп су жиятын құбылыс. Сол «клина­ль­дерден» түбі теңіз табанында су бұрқақтар атқылауы мүмкін. (Ен­деше, шалдардың «теңіз түбінен тасиды, Арал бір түнде тасыған» деген қызық гәбі шындықпен ағайындасады!) Батыстан аралға ұмсынған Изенді түбегінің шын аты «Үзінді» не «Өзенді» болуы да мүм­кін… Әйтеуір, жорамал көп. Және бәрі Арал қайта толады деген үміт желкенді гәптер.
Барсакелмес енді «жанжуымас» болған ба… Жылан түгіл, жорғалаған кесіртке көзге түспеді. Тіршілік ат­ау­лы Қасқақұлан ауып кеткен сыңай­лы. Қалыңы аршылған қыр­қалар жалаңаш, жүдеу. Кордон үйлері иесіз. Әудем жердегі оншақты бейітте әулетіне топырақ осыдан бұйырған бір орыс отбасы түгелімен жатыр… Мына бір тұстар – Тарас Шев­ченко сүйікті Украинасы тура­лы мұң мен жыр өрген жерлер. Жаға­лау бедері қорқынышты ертегі іспетті аралдың И.Бутаков тұмсы­ғынан Изендіге тіке тартқан жолы­мыз­ды теңіз кесті. Дәлірегі былтыр­ғы Сырдың тасу суы теңіздің бұл бе­тіне біраз дем берген бе, жас ба­ла­ның еңбегіндей былқылдаған ұлтан бізді қорқытты. Күн кешкірген сәт еді, тәуекел деп, Барса мен Құланды арасы ұлтанда түнеуге ұйғардық.
Ұйқы – ұйқы емес. Жұлдызы жақұт-жарқыл аспанға қарап жа­тып, неше мың жылдар жан аяғы тимеген жерде жатқанымды ойла­дым. Төбеде бір кездері (кеше ғана!) қалыңы 25 метр ұшан су толқыған. Алапат теңізде, толқын кескектеп, ержүрек жандар тәуекелді сапар кешкен… Үлкендігі қызыл құмырс­қадай қара масалар, аңырап келеді, оңдырмай шағады. Мына медиен ұл­танда қайдан жүр бұлар?!. Афри­каның зарарлы бәлелерінен таза сияқты, әйтеуір… Таң бозында қа­расам, қасымдағы серіктерім түгел машинаға барып тығылған екен…
Қайтадан Қаратерең-Көкарал айнала, Ақбастыдағы Қорғанбек ақсақалдың үйінен дәм татып, Құландыға бет алдық.
«Кетік» құламасынан Тұщыбас шығанағының көк айдыны құшақ ашты. Баяғыда «Жарлепестің» шыңынан машина аударыла жаздап, аудаңдап түсер еді, теңіз алабына көлбеулеу-құлама бұл жол қауіп­сіздеу екен. Осы күндер бойы Ақ­басты биігінен жалт етіп бір көрінген Кіші Арал суы болмаса, теңіз нәті көзге түспеп еді, алдан ашылған көгілдір шығанақ үміт елесін берген­дей бізге. Баяғы Арал алдан шалқып шыға келгендей… Сонау жағалауда киләсі алтынмен, доллармен ба­ға­ланатын қызыл құрт пайда болған. Оны алыстағы бір алпауыт бұл елге мәлімсіз түрде, өндіріп алып кетіп жатқан көрінеді (тағы да әл үстіндегі Арал қайыры!)… Тілім-тілім жар­лауыт жағалау – қиқы-жиқы өрнек панорамасы: тауға тырмысқан алып «тасбақа», үш өркешті «түйе», 4-5 қа­нат киіз үй ауқым отау тастар, «пи­рамида», «мавзолей», 30 метр биік­тен бүгіле теңізге қараған «кемпір мен шал»… Бір түнде құлап, маңай бедерін метрге көтеріп жіберген заң­ғар шың. Таусылмас бір фантазия. Арал таулары мінезді келеді деген бар еді… «Қара сексеуіл» аталатын текті өсімдік те осы жолда кездесті. Бар білгенімізді ортақ әңгіме қаза­нына қоса қайнатқанда, жолдың екі беті тұнып тұрған аңыз бен хикая болды да шықты.
Осы тұс, Әбеңнің көзі тірісінде орнатқан белгісі Беларан биігінен менмұндалады… Ал «Шығанақ» деп аталатын, кемелер қорымына ай­нал­­ған ескі жұртта артезиан құды­ғынан су атқылап тұрды. Бұл ағын аппақ құмға арна сап, өзен боп сылдыр қағады. Тұщы су. Маңдағы бар тіршілік сол жүлгенің бойын базар еткен. Ақ бадана құм де­ма­лысқа, жан рақатына шақырып-ақ тұр. «Апыр-ай, мынадай мың бұлақ ашылса, Аралдың сәл де болса беті бері қарар ма еді!» деген бір ой кө­кей­де тұрды. Шығанақ басында Арал теңізінде ғылым жұ­мыс­тарын жүргізген «Отто Шмидт» кемесінің жарты қаңқасы ғана қалыпты, басқасын бір пысықтар темір сынығына кесіп әкеткен.
Құланды ауылында той болып жатыр екен. Жұмабай атты азамат ұл аяқтандырып жатқан шаңыраққа бастады бізді. Бұйырған дәм мен дидар… Жалпы бұл күні алақандай Құландыда екі бірдей той бар екен. Баласын үйлендіру талапты Балболат атты азамат той бастауын Аралда беріп жатқан көрінеді. Теңізі қайтса да, қазаны ортаймаған, өлмес халық дәстүрі! Өмірдің талпыныс-талаптары!.. Жұмабай, біздің сұрау бойынша, бұл маңдағы бір қауым халайық негізіне бастау берген, Арал бойына екі тараптан тараған Қалу мен Мәку ата туралы бір әңгіме айт­ты. Бұрыннан естіген, сабақты сыр­ға толы аңыз. Бұл маңдағы ағайын Қалу (Мәку) тарихын ноғайлы-маңғыт шежіресіне тірейді. Арғыны айтпайды… Ал талантты ғалым, танымал ориенталист М.Құл-Мұ­хам­мед әйгілі Шығыс Нострадамусы осыдан 300 жыл шамасы бұрын өмір сүрген Тілеу ұлы Мөңке би тегін Меккедегі төрт шаһриярдың бірі, бастысы, расулға (с.а.у.) иман кел­тірген тұңғыш мұсылман Әбубәкір Сыдықтан негіздеп тартады. («Мөң­ке би». М.Құл-Мұхаммед. «Аруна» баспасы. 2007 ж). Терең зерделеуді күткен аса мәнді қазына, тарихи терең сыр бұл…
Қоржынды шыңы мен «Қиыр Шөмішөл» жұрты маңында қақтаған күміс оядағы көк зүмәржат секіл­де­ніп алыс су көрінді. Жеткізер жерде емес. Және су деген аты ғана сияқ­ты, кешегі ұлы теңізден қалған бір ел­ес секілді ол. «Көгергенге – су ем­­ес, қасарғанға – мұз емес…» деген мұңды жолдар ойға оралды… Бұл Шөмішкөл Аралдың батыс жағын­дағы тек Қызылорда, Ақтөбе облыс­тары емес, Қазақстанның ең шетін елді мекені еді кезінде. Балық кәсібі гүрлеп тұрған. Енді шаңы бұрқап, сонау қырқаларда елесі ғана қалған сыңайлы.
Қоржынды етегі нағыз алағай-бұ­лағай тарих алабы ма дедім. Кешегі (ежелгі) теңіз бен шыңның «соғысынан» майдан даласы іспетті қиқы-жиқы алап қалған. Сол алапта Аралдың ұлу-жұмбазға айналған көне тастары, әрқайсысы 4-5 келі тартатын қос жұдырық көлемді ұлулар, аумағы алақандай алып бақалшақтар жайрап жатыр. Тетис пе, Ворукаша ма – қай теңізден қалған кереметтер бұлар?.. Қоржын­нан әрі, сондай көп жұмбақты қойнына бұқтырған батыс шыңдар көз жетпес қиырларға заңғарлана созылып, іркіс-тіркіс мұнартып тұр­ды. Қатпар-қатпар… «Қыз Жібек» сюжетіне белгі салған Қособа осы маңдарда. Әйгілі ғұлама Лев Бергті тәнті еткен «жалғыз көзді» дәулер (циклоптар) тұрағы сол қатпар­лар­дың бірінде… («Смотритель Ара­льского моря». В. и Е.Мелентьевы. Из-во «Жалын».1989 г).
Құланды түбегінде тағы бір шаңы шығып қалған жұрт – Қазалы маңында мал кәсіп еткен жалғыз үй малшы – Мақсаттың мекеніне ат басын тіредік. Ертеңіне сол жердегі, Шекті ұранын бекіткен Құлбатыр бейітіне құран бағыштағасын, Құланды түбегінің қуыс-қолтығына біздің жол бастаған сол Мақсат-бала айтса, бұл түбектің шын аты Құ­лан­ды емес, «Төбебұлақ». Айтса айт­қан­дай, әр төбе бауыры – бір бұлақ. Бұлақ басы тұнған көгал, ыңыранған мал. Теңіз қайтса да, осынау тұма-көздер суалмай қалыпты, дәстүрін сақтай алыпты. Ал сонау, өткен ға­сыр­дың 30-жылдары әйгілі Бадхыз қорығынан әкелінген бір үйір құ­лан­ды жерсіндіру әуелі осы Тө­бе­бұлаққа ұйғарылған. Түбектің солтүстік сағасындағы 5 шақырым­дай қылтаны абақтап, тарпаңдарды осы құйқалы жерде өсіру жоспар­лан­ған екен. Бірақ туған топырағын өлгенде ұмытпайтын сол тағылар талай рет қоршау бұза қашқан көрінеді. Сонан бәрін кемеге тиеп, 30 шақырым көк теңізде жатқан Барсакелмеске жеткізуге тура кел­ген. Өлермен немелер соның өзінде жайқын суды кеуделеп, жүзе қашқан екен. Сондай бір ұмтылыста өлесі немелерді қайықпен қайырып, жағаға қайтарғасын, енді ол талапты қойған деседі. Арал құландарының сондай тарихы бар… Сонан бері Төбебұлақ – Құланды да, ал Барса­келмес құлан жүгірген одақтық әйгілі қорыққа айналған екен.
Кешегі күні балықшы атаулы аңыз ғып айтатын Изенді тұмсығы. Бір кездері су орнына шөмейке-балық ағып жатқан шұрайлы теңіз-алап. Әр тастың саңылауынан тұщы бұлақ парлап жатса, жонынан жа­рыл­ған шөмейке-балық бұл жер­лерге бауыр төсемей қайтеді!.. Күн астында Барсакелмес қылаңытады. Сонау бой көтерген оқшау биік – теңізшілер картасында «Тоқмақ әулие» де, жергілікті атауда «Шулы­ған» аталатын шың. Су ортасындағы заң­ғар еді, менің «Алыстағы арал­дар» повесіме сюжет-тірек болған ол аңыраған айдалада қалыпты, жарықтық. Шоңғал тастар алабы бізді оған жеткізер болмады… «Изен­ді – Өзенді – Үзіндідегі» «клиналь» сырын жағрафияшы Әбілқасым өзінше зерлеп жүрген сияқты…
Арал! Естеліктерде қонақтап қалған мұңды ертегі енді…
Ат басын асығыстау елге бұрдық. Бір қапталда осыдан алты ғасыр шамасы бұрын Асан Қайғы, Қаз­туған, Ормамбет, Шерғұтты – төрт би алқалап келіп басында кеңесетін Хантөрткіл биігі қалды… Онан әрігерек: Асан Қайғының ұлы Абат батырды ат суарып тұрған жерінен наһан балық жұтатын Жақсықылыш ойысы жатыр… Мына бет – орман­дай жұртымен теңіз жағалай қонған Ормамбет өлкесі… Қамбаштың Шулы­ғанында Қаракер атты Қамбар батыр жатыр… Арыстанбабтың Ақирек­тегі жайы анау… Жеткен жер­ден жете алмаған киелі-қасиетті-тарихты жерлер көптеу қалғаны рас. Тағы бір жол реті болар деген үмітте қайттық.
«Күндердің Күні болғанда ат тұяғындай жерден мың адамның рухы көтеріледі!» – дейтін ауыл шал­дары. Бір ғана Аралдың, оның да, 400-500 шақырымдай желе шолып өткен шет-пұшпақ жолының бойын­да қанша рухи ошақ, аңыз-әпсана жұрты бүркеулі қалды! Иә, біздің тамырлы тарихымыз тіпті қиял оябына симайтын ғаламат кеңге түсіп жатыр. Біз терең де, шал­қар теңіз жағасындағы талпынысты жас баладай сол ұлы феноменге қызыға тамсанудамыз әлі…
Жақында Аралға қарай бір экспедиция шығыпты деседі. Олар бізден хабарсыз, біз олардан хабар­сыз дегендей… Ол экспедиция­ның мақсаты – жоспарлы жұмыс реті болар… Біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік. Мұратты жол­дар шын елдік қазыналар арқылы өтіп, толымды жеңіс пен жемісін берсе деген тілек бар.

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір