Қайсар қаламгер

0
102 қаралды

 

 

 

 

 

Есқара ТОҚТАСЫНҰЛЫ.


Жазушы Есқара Тоқтасынұлының шығармашылығымен алғаш рет өткен ғасырдың 70-жылдары танысқан едім. Ол кезде студентпін. Болашақ мамандығым журналист болғандықтан, оның үстіне бала кезімізден қалыптасқан көркем әдебиетке құмарлық әдетімен газет-журналдарда жарияланған мақалаларды, әдеби туындыларды қалт жібермей оқуға тырысатынмын. Сондай бір сәтте қолға түскен «Жалын» журналының кезекті нөмірінен «Мыңжылқының үстіндегі түн» деген әңгімеге кезіктім. Шығарма кейіпкері ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Құлыншақ Кемелұлы екен. Кейіпкердің өмірде болған тарихи тұлға екендігіне қарамастан, жазушының сөз саптауынан бірінші кезекте образды көркем кестелеу, шығармаға арқау болған оқиғалар желісін оқырманды ширықтыра, қызықтыра баяндау, сөйлемдер бояуының қанықтығы бірден аңғарылды.


Арада ондаған жылдар өткенде жазу­шының өзімен де танысудың сәті түсті. Бұл кезде Е.Тоқтасынұлы­ның бірнеше әдеби шығармалары бас­па жүзін көріп, жұртшылыққа жазу­шы ретінде танылып, қаламгер ре­тінде қалыптасқан кезі еді. Бұл ойы­мызды оның шағын әңгімелер мен хикаяттар топтастырылған «Елім-ай, елім…», «Сахара мұңы», «Мың­жылқының үстіндегі түн», «Са­хара үні» және басқа да туын­ды­лары дәлелдей түседі.
Ал тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында баспада ұзақ жатып, қар­жы тапшылығынан ақыры жолы бол­маған, кейін Кентау қаласының бас­паханасынан болмашы тираж­бен жарық көрген «Бауырым-ай» ат­ты романы қазақ әдебиеті тари­хын­да спорт тақырыбына жазылған тұң­ғыш роман десек, артық айт­пай­мыз. Аталған туынды араға бірнеше жыл салып, әдебиетке жанашыр, қам­қор жандардың арқасында әлеу­­­меттік маңызы бар әдебиеттер ті­зімі бойынша шығарылды.
Бұл ретте Е.Тоқтасынұлын спорт тақырыбына өмір бойы қалам сіл­теп, оның сиқырына арбалған қа­зақ­тың көрнекті жазушысы Сей­дах­мет Бердіқұловтың, кезінде «Он ал­ты жасар чемпион» деген повесть жа­зып, талай оқырманның жүрегін жау­лаған және бір көрнекті жазу­шы­мыз Бердібек Соқпақбаевтың лайық­ты ізбасары десек, жарасады. Айт­пақшы, Е.Тоқтасынұлының өзі де спорт деген сиқырға арбалған, бү­кіл өмірін спортқа арнаған жан.
1965 жылы Абай атындағы Қа­зақ педагогикалық институтын қа­зақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған жас жігіт Оң­түс­тік өңіріндегі туған қаласы Кен­тау­ға оралғанда бәлкім спорт сала­сы­ның тәлімгері боламын деп ой­ла­маған да шығар. Бірақ бала ке­зінен сөз өнерін қадірлеумен қа­тар, спортқа да жаны құмар болып өс­кен Есқара ұстаздықты мектепте ба­лаларды күрес өнеріне тәр­бие­леу­ден бастады. Мұндай таңдауға оның грек-рим күресінен студент­тер арасында республика бірін­ші­лі­гін ұтқаны, тағы да спорттың он түрі­нен бірінші санатты спортшы болуы да әсерін тигізді. Алғашқыда бұл тәлімгерліктің өмірлік тағды­ры­на айналарын, бәлкім, байқа­ма­ған да болар. Кейін келе өз тірші­лі­гін он­сыз көз алдына елестете ал­­­май­тын­дай дәрежеге жетті.
Е.Тоқтасынұлы табиғатынан бір­беткей, шыншыл, күрескер адам. Балаларды спортқа баулыған жар­ты ғасырға жуық өмірінде қа­ла­ның спорттық тіршілігіне байла­ныс­­ты қым-қиғаш айтыс-тартыс­тар­дың, небір бюрократтық пи­ғыл­дарға қарсы бітіспес дау-дамайлардың қақ ортасында жүрді. Спорт үшін, ұлт мамандары үшін биліктегі шо­винст басшылармен бітіспес ай­қас­та «көшбасшы» болды. Қатардағы бап­кердің немесе спорт нұсқау­шы­сының қала басшыларымен, спорт маңайында жүрген төрелермен те­кетіресуі қайдан оңайға түссін.
Е.Тоқтасынұлы жоқ жерден ілік із­деп, дау-дамай шығарып жүретін адам­ның сортынан емес. Жел тұр­маса шөптің басы қимылдамайды дегендей, кемшілікті көргеннен кейін айтпай, таласпай тұра ал­май­ды. Сондай дау-дамайлардың бірі қа­ла мектептерінде спортты дамы­туға деген немқұрайдылықтан, спорт жарыстарының жоғарыға есеп беру үшін жүрдім-бардым өт­кізіле салатындығынан, қазағы ба­сым қалада қала басшылығынан бастап, спорт маңайында басшы қызметте жүргендердің бәрінің өзге ұлт өкілдері екендігінен туындайды. Турасын айтып, туғанына жақпа­ған­­ның кебін киіп, талай рет қуда­ла­нып, жұмыстан қуылса да, талмай айқасып, қаншама рет соттасып, кө­біне жеңуі, таңқаларлық табан­ды­лық еді. Содан не керек, қанша­ма тайғақ кешулердің нәтижесінде, қайтпай арпалысатын әдетінен бір жаңылмай, жаңа ғасырдың онын­шы жылдары, ұлт мамандарына Кен­тауда билік тізгінін біржолата ұста­тып барып, жетпістің үстінде да­мылдапты.
Енді Е.Тоқтасынұлының шы­ғар­машылығына назар аударайық. Ұзақ жылдар бойы осындай қып-қы­зыл дау-дамайдың ортасында жүр­ген адамның көркем туындылар жазумен шұғылданғанына бір есеп­тен сенгің де келмейді. Оның үстіне шы­ғармашыл орта көптеп шоғыр­лан­ған астананы былай қойғанда, об­лыс орталығының өзінен шалғай жат­қан шағын қалада күнделікті күй­бең тірліктің, жоғарыда айтыл­ғандай айтыс-тартыстың арбауында жүрген адамның анау-мынау, ұсақ-түйек жазу-сызумен емес, кестелі көр­кем дүниелер жасаумен айналы­су­ға уақыт тапқанына сүйсінесің.
Осы орайда өмірді көркем түй­сіну, айналаңдағы адамдардың тір­ші­лігін көркем ой елегінен өткізіп, күн­делікті тұрмысты былайғы жұрт­­шылыққа бейнелеп жеткізу, бір қа­рағанда қарапайым болып кө­рі­нетін нәрселердің астарында жат­қан дүниені аңғара білу әрі соны оқыр­ман көкейіне кестелі тілмен құю табиғатында бар таланттың қо­­­лынан ғана келсе керек.
Е.Тоқтасынұлының мөлтек әң­гі­мелерімен, хикаяттарымен танысу барысында автордың бойынан осын­дай табиғи таланттылықты көр­гендей болдық. Жазушы шығар­ма­ларында күнделікті өмір көрініс­тері, адам мінезі, кейіпкерлердің іс-әрекеттері, сөз саптаулары ар­қылы беріліп, образдар бойындағы шынайы қасиеттер олардың өзара диа­логтарымен, қимыл-қозға­лыс­тарымен ашылып отырады.
Е.Тоқтасынұлының шағын әң­гі­мелері мен хикаяттарында баян­да­латын оқиғалар желісін екі кезең­ге бөліп қарастыруға болады. Олар­дың бірі Кеңес үкіметі ке­зеңі­н­дегі кен­ші­лердің шағын қаласындағы, қала маңындағы ауылдардағы тіршілікті көз алдыңа елестетсе, екіншісі елі­міз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін­гі алғашқы жылдардағы адам­дар санасындағы психологиялық өз­герістерді, қай қоғамда да таусы­лып болмайтын тұрмыс түйткіл­де­рін көркем бейнелейді. Дегенмен де шығармалардағы характерлер қақ­тығысы, кейіпкерлер қарым-қа­ты­на­сындағы қимыл-әрекеттер, оқи­ғалар желісіне байланысты адам­­­­ның күйініші мен сүйініші, сөйлеген сөз, мінез, қимыл-қозғалыс, тағы бас­қа да көріністер арқылы адам­ның кім екенін көрсету, бейнесін көз алдыңа келтіру екі кезеңге де тән құбылыс.
Шағын әңгімелердегі бас-аяғы ық­шам оқиғаларға, екеуара әңгі­ме­ге немесе автордың баяндауына құ­рылған көріністерден өмірдің сан алуан қалтарыстары, адам бойын­дағы түрлі қасиеттер аңғарылып оты­рады. Қысқа қайырылған дү­ние­лердің астарында оқырманды бей-жай қалдырмайтын, көңілін құлазытатын немесе сүйсіндіретін жәйттер баршылық.
Автордың әңгімелеріне ат қою әдісі де тосын. «Орынбай», «Күз кү­ні», «Аңызақта», «Көмір», «Тал­түс­те», «Жұматай», «Баяғының қы­зы», «Қапалық», «Есен», «Кө­ше­де», «Жаймашы», «Тапсырма», «ЕПО», «Зәкура», «Оңтуған» және та­ғы басқа болып кете береді. Әңгі­ме­нің атына қарап автордың не айт­пақ болғанын аңғару қиын. Мы­са­лы, «Орынбай», «Жұматай», «Есен», «Зәкура», «Оңтуған» адам ат­тары. Шығарма солар туралы еке­ні тақырыбынан көрініп тұр­ға­ны­мен, олардың кім екеніне туынды­мен танысу барысында ғана көзің жетіп, көкірегіңде біріне деген ая­ныш сезімі оянса, енді бірінің қы­лы­ғына сүйсінесің. Ал «Аңызақта», «Көмір», «Талтүсте», «Баяғының қызы», «Қапалық», «Көшеде», «Жай­машы», «Тапсырма», «ЕПО» де­ген тақырыптар өзінің жұм­бақ­тауымен-ақ қызықтыратындай.
Жазушының жоғарыда аталған жә­не басқа да әңгімелерінің маз­мұ­нын талдауды, әрбір туындының кө­терген әлеуметтік жүгіне баға беру­ді мақсат етіп отырған жоқпыз. Айтпағымыз олардың әрбірінде бірі аянышты, бірі шуақты, енді бірі ал­дынан үміт оты жылтыраған тағ­дырлар сөйлейді. Мысалы, «ЕПО» деген әңгімедегі ЕПО – Ербол он үш жасар бала. Бапкерінің айтуын­ша болашағынан үміт күттіретін күрескер. Бірақ әкесі ішіп кетіп, көп балалы отбасындағы үлкені бол­ғандықтан, спортты да, мек­теп­тегі оқуын да тастап, отбасының қа­мымен базарда арба сүйретеді. Де­генмен үмітін жоғалпайды. Ал «Қа­палық» деген әңгімеде Ұлы Отан соғысында контузия алып, есі кі­ресілі-шығасылы ауруға шалдық­қан қарияның мүшкіл хәлі, бала­сының безбүйректігі қысқа да нұсқ­а жеткізіледі.
Біз жазушының бірер әңгі­ме­сіндегі оқиғаның мазмұнын қасаң түрде атүсті ғана айтып отырмыз. Ав­тордың оны баяндау тәсілі мүл­дем өзгеше. Шығарманың берілу фор­масы, айшықты тіл туындының ажа­рын кіргізіп, оқырманды әрі қа­рай жетелейді. Мысал келтірейік. «Отыздағы бейтаныстың етекті мұ­рыны, желкесінен тоғандаулы қа­лың шашы, күтімді сақал-мұрты, тоқ қабағы жалт қараса біршама ай­барлы. Қой көздері ғана қар­тай­ған жүйріктің көзіндей мейірімді, мұңлы» («Мыңжылқының үстіндегі түн» әңгімесі). «Кәрі Қаратаудың күн­гейі белестен белес ұзақ, теріс­кей беті құлама: ықылым заманнан Бет­пақтан ұратын дауыл борандарға шың-құзы қасқайып кеуде тосады. Жай ел беттемейтін тіп-тік «Қалмақ асудың» жонға иек артар тұсынан бен­денің бей-жай өтуі неғайбіл. Жан-жақтан көнеріп үгітілген сан сиық­ты, сан қатпарлы, неше пи­ғыл­ды, көз ала бере қайсыбір қы­бырлап, күбірлеп есіміңді атағандай дене түршіктірер қаратастар төнеді. Құдды, теңіз түбі мәнзелдес тұң­ғиық­тан өліп-өшіп көтерілген көш­ке кенет жай түсіп, иә дуалы ауыз­дың қарғысына ұшырап, сеспей қат­қан дерлік» («Сахара үні» хикая­сы).
Осымен жазушы Есқара Тоқта­сынұлы­ның шығармашылығына жасаған шағын шолуымызды аяқ­тасақ та болар еді. Әйткенмен тіл ұшына келіп қалған ойды айта кет­кенді жөн көрдік. Ағамыз әділдік үшін, өзі жиі қайталайтын қазағы үшін, ұлты үшін қала тіршілігіндегі дау-дамайға араласпай, табиғатына Құдай сыйлаған талантын шыңдап, әу бастан жазушылықтан басқаның бәрін тәрк еткен болса, жасы жетпіс беске шыққан бүгінгі күні елге бая­ғыда танымал болған қазақ жазу­шыларының жуан ортасында жүрер ме еді бәлкім. Алайда алуан мінезді адамдар бейнесін сомдаған аға­мыздың өз бойында да шыншылдық жолында қайтпайтын, қажымайтын Құдай берген мінез бар ғой. Оны қай­да қояды? Қалай өзгертеді? Құ­дай берген мінезді Құдай ғана өз­герте алмақ.
Бір қызығы, қазіргі тілмен айт­қанда ағылшын тілінен доктор пейж атағы бар баласы Болат қазақ жазушыларының шығармаларын араға делдал тіл салмай, ағылшын тіліне тікелей аударуға талпынып жүр­ген жас маман. Әке көрген оқ жо­нар атанбаса да, талапты жастың әкесі сияқты қазақшыл мінезіне біз де дән ризамыз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
Кентау қаласының
Құрметті азаматы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.