«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе…»
22.06.2018
2181
0

1899 жылы бой көтерген Мамания мектебі – Жетісу өңірінің тұңғыш білім ордасы екені белгілі. Сол мектепте ұстаздық қызмет атқарған Мәкей Еркінбеков туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол кісі ұстаздықтан бөлек, ашаршылық жылдарында жүз елуден астам жетім баланы бауырына басып, аман алып қалған ел жанашыры. Және алаш ардақтысы Ілияс Жансүгіровтың досы. Екеуі де арынды өзен Ақсудың жағасында туған замандастар. Ілияс елге келгенде Мәкейді ертіп, Мұзбұлақтың тауына шығатын көрінеді… Оңашада бір-біріне жырларын оқып, сыр шертісетін болған. Тіпті, Ілиястың атақты «Жетісу суреттерінің» жазылуына да осы Мәкей ата ықпал еткен деседі. Сонда жыр құлагерінің сырлас-досына, рухани демеушісіне айналған Мәкей Еркінбеков кім?

Латын әліпбиінде өз қолымен жазған өмірбаяны бойынша, ол кісі 1895 жылы Ақсудағы Көлденең ауы­лында дүниеге келген. Руы – Тө­ре. 1905 жылы Қапалда ашылған жеті жылдық Татар мектебінде
оқ­ып, оны 1911 жылы бітіреді. Сол жыл­дан бастап 1918 жылға дейін өз ауылында бала оқытып, тәрбие­лей­ді. Осы еңбегі үшін жылына 60 сом айлық алып тұрғанын да жазады.
Әкесі Еркімбек 1850 жылы Қа­мы­смолада туған. Ал одан әрі те­гіне бойласақ, Мәкей Еркінбеков – қазақ хандығының қазығын қаққан Жәнібек ханның тікелей ұрпағы. Бұл тұрғыда, ұрпақ­та­рының қолындағы шежіреге сүйенсек:
Жәнібек ханнан – Жәдік хан – Шығай хан – Қайнаркөшек – Саңқай – Құдайменде –Тұрсын­хан. Ал Тұрсынхан Мәкейдің сегізінші атасы.
«1918 ден 1920 жылға дейін Же­ті­су майданындағы қызыл армия құрушының мекемелерінде мал­шы­лардың бастығы болып қызмет істедім. 1920 жылдар Мо­билизация­ландыру жөнімен қай­тадан ағарту жұмысына алындым. Сол уақыттан бері үздіксіз ағарту жұмысында істеп келемін», – деп жазады Мәкей Еркінбеков.
Сөйтіп, 1922-1930 жылдары Тал­­дықорған уезінің білім бөлі­мінде қызмет етеді. Ал 1924-1926 жыл­дары жергілікті оқу ағарту бөлімін басқарған тұста мектеп жанынан балалар үйін ашып, ашаршылықтан аман қалған жетім балаларды жи­нап бағады. Мәкей атаның көзін көр­ген Тамара Мүфтиханқызының ай­туынша, ол кісі өте салмақты адам болған. Үкімет адамы болған­дықтан, балаларды аман алып қалуға барлық жағдай жасаған.
Тамара Мүфтиханқызы (Мәкей атаның көзін көрген):
– Мәкей атамның қолында тұр­дым. Ол кісі балалар үйінің дирек­то­ры еді. Ондағы балалардың жа­ғ­дайы едәуір жақсы болды, Мәкей ата балаларды еңбекке баулып өсірді.
Ол кісі – жақсы ақын еді, Қа­пал­дағы мектепте директор болып қызмет атқарған жылдары оған Ілияс келеді екен. Екеуі атқа мініп Қапал жерін аралағанда, «Мәкей, мынандай әдемі жерде тұратын сен қандай бақытты адамсың», – деп айтады екен.
Кейіннен 1948 жылдары қатты ауырып, балалар үйі жабылған соң, бала­ларды жан-жаққа таратып берді ғой. Бірақ олардың жағдайын сырттай біліп жүреді екен.
Ол кісінің талай еңбегі жоғалып кетіпті. Ол табыла ма, табылмай ма білмеймін. Бірақ көзкөргендер ол кісінің ақындығы Ілиястан кем түспейді деп жоғары бағалайтын.
Балалар үйінен шыққан тәр­бие­ленушілердің қатарында Қазақ Ұлттық Академиясының академигі – Жүрімбек Сыдықов, Ақсу аудан­дық білім бөлімін басқарған – Бей­себек Қорғанбаев, Ұлттық академия­ның докторы, профессор – Иманбек Сүлейменов, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып, сақ жауынгері – Алтын адамды тапқан – Бекмұхамед (Бекен) Нұрмұхамбетов сынды танымал тұлғалар бар. Ал 38 шәкірті екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен. Сол балалардың бірі – Нұрсұлтан Есебұлатов – 28 Панфиловшының бірі болған.
Демек, Мәкей Еркінбеков – әр шәкіртін Отанды сүюге, қор­ғау­ға, адал болуға баулыған ұлағатты ұстаз.
1937 жылы Ілияс ұсталғаннан кейін, НКВД ның адамдары Мәкейді де қайта-қайта тергуге алып, қинайды.
Мұхамедәлі Найманхан­ұлы, жазу­шы-журналист:
– 1930 жылдардағы қиын кезең­дерде Алаш азаматтары бас қосу үшін Мырзағұл деген садыр елінің биіне ас береміз деп, бір үйді бөлек тігіп, соған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ілияс барлығы жи­на­лып кеңес өткізген дейді. Ол кеңес­те – жер мәселесі, әйел теңдігі, білім беру жайы талқыланады. Бетке ұстар азаматтарға жеке-жеке тап­сыр­ма береді. Сонда: «Мына Мә­кей осы жердегі жетім балаларға қамқор болсын, оған ел болып жұмы­лайық. Қолымыздағы малды Кеңес үкіметі әлі түгел тартып әкеткен жоқ. Мы­на Қара­судан мектеп аш­сын. Жағ­дай жаса­йық» деген шешім айтқан бо­луы керек дейді. Содан бас­тап Мә­кей сол Алаш ұлыларының амана­тын орын­дады деп ойлаймын.
Кейде қазаққа ортақ тұлғаларды бір рудың аясына шектеп қоятын әбестігіміз бар. Мұндай әдеттен ары­лып, өз білімімен, еңбегінің ар­қа­сында ұлттың ертеңі үшін қыз­мет еткен тұлғаларды алаламай халыққа танытып, насихаттау бү­гін­гі күннің кезек күттірмес жұ­мы­сы…
Бұл тұрғыда, Мәкейдей тұлға­ның өмір жолын, ел үшін жасаған игі істерін Бекболат Атамбаев кеңі­нен насихаттап жүр.
Бекболат Атамбаев:
– Бұл кісі туралы 1968 жылдан бастап зерттей бастадым. Әкем де, анам да Мәкей атаны жақсы тани­тын. Зираты біздің үйге жақын жер­де. Бала кезімізде бір топ бала кешке дейін сол жақта ойнай­тын­быз. Әкем:
– Мәкейдің басында ойнамаң­дар. Ол киелі адам. Киелі кісінің әруағы ұрып, жынданып кетесің­дер, – деп ескертетін.
Есейе келе ол кісі туралы жиі ес­титін болдық. Тоқсаныншы жыл­дары, талай айтыстарда жырыма қосып айтып жүрдім. Бірақ, ол кезде айтыстың сөздеріне ешкім аса мән бере қойған жоқ. Сосын 1999 жылы ауданымызда Маман Тұрыс­бековке арналған үлкен жиында академик Жүрімбек Сы­дықов осы кісі туралы жиі-жиі айтты. Содан ол кісінің Мәкей ата­ның шәкірті екенін біліп қал­дым. Сосын, осы­дан екі жыл бұрын Қуат Терібаевтың 125 жыл­дығына аудандық айтыс болды. Сол айтыс­та осы мәселені тағы көтер­дім. Айтылады, бірақ еленбейді. Сосын аудандық газеттің бір тілші­сіне қолқа салдым. Ол да жазды. Бірақ, көп мәліметтерді қате беріп жібер­ген. Сосын үлкен ұлым Бір­жанға: «Cен осы тақырыпты зерт­те. Мен сенің жетекшің бо­лайын» деп, екеуміз осы тақырыпты зерт­теуге кірісіп кеттік. Бірінші – Ақсу аудандық архивіне бардық. Сол жер­дегі қызметкерлердің нұс­қауы­мен Талдықорғандағы «Бесін­ші» деген шағын аудандағы пар­т­-
ар­хивтен суретін тауып алдық. Сөйтіп-сөйтіп біраз мәліметтерге қол жеткіздік.
Ұлым Біржан ағылшын тілінің мұғалімі. Енді алда осы кісінің ең­бек­терін жан-жақты зерттеп, ағыл­шын тіліне аударып, насихат­тасам деп жүр.
Бекболат аға зерттеу жұмыста­ры­мен айналыса жүріп, Мәкей ата­ның ұрпақтарымен кездеседі. Содан бастап Мәкей Еркінбеков­тың таңы атты десек болады. Өйткені, немересі Бақыт Еркін­бекова өз бауырларымен Мәкей Еркінбеков­тың басына ескерткіш орнатып, үлкен ас берді. Және Мәкей атаның жазған еңбектерін жан-жақтан іздеп тауып, зерттеу жұмыстарына сүбелі үлес қосып жүр. Режиссер Қали­ла Омаровқа осы кісі туралы деректі фильм түсіріп, кейінгі ұр­пақ­қа қалдыру қажет деген де ұсы­ныс айтады. Қазір «Жетісудың Мәкейі» атты деректі фильм түсі­ріліп жатыр.
Қалила Омаров, режиссер:
– Мәкей Еркінбеков туралы бұ­ған дейін хабарым жоқ еді. Ең ал­дымен ол кісінің өмірі мен қыз­меті деректі фильм түсіруге жүк бола ма деп ойландым. Бақыт екеу­міз үш сағаттай әңгімелестік. Мә­кей­дің портретін көрсетті, кесек тұлғалы, келісті азамат. Әрі Ілияс­тың сыр­лас-досы болған екен.
Мен бұл фильмге не үшін бел шешіп кірісіп отырмын? Өйткені, тек қана әдеби орта емес, сол кез­дегі қазақтың мықты тұлғалары Ілияс Жансүгіровпен, Мұхамеджан Тыныш­паевпен, алаш қайраткерле­рімен кездескені туралы да дерек­тер табылып отыр. Ол туралы мен кино­да кеңірек айтам. Және бір айта кетерлігі – Ілияспен кездес­кенде өзінің дәптерін ала жүретін бо­лыпты. Бұл кісіде сондай бес дәптер болған екен. Оны балалар үйінде тәрбиеленген Тамара деген апамыз өз көзімен көр­генін айтады. Осы бес дәптерді фильмнің лейт­мо­тиві етіп алсам деген оймен, із­деп жүрмін. Барлық БАҚ арқылы ай­тып, жазып жатырмыз. Кезінде сол дәптерді қайта жазамыз, зерт­тей­міз деп алған адамдар болса, солар­дың жеке қорларында қалып қалуы мүмкін ғой. Ол латын тілінде жазылған 30-40 жылдардағы өлең­дер екен. Мүмкін осы уақытқа дейін ешкім іздемеген соң, жоғалып кет­ті ме екен деген де күдігіміз бар. Бірақ оның бәрін зерде­леп, іздеп жатырмыз.
Қазір деректі фильмге қажетті материалдар түсірілді. Бірақ, сол еңбегі табылып жат­са, Мәкейдің өз үнін ұрпаққа естір­сем деген ойым бар. Киноның өзегі де сол болар еді…
Ол бес дәптер – Мәкейдің ішкі жан дүниесін ашып көрсетіп қана қоймай, қазақ руханиятына қосы­латын жаңа бір құндылық болар еді. Бұл зерттеу жұмыстары қанша­лық­ты нәтижелі болатынын біл­мей­мін… Егер ол ұзаққа созылып кетсе, оған қарамай киноны күзге дейін біті­ремін…
Қазір Ақсу өзенінің бойындағы өзі жатқан төбе – Мәкей төбесі деп аталады. Қасында ашаршылық жылдары қайтыс болған жетім бала­лар жерленген. Ендігі ұсыныс – сол жетім балалар жатқан жерге белгі тас қойылып, қоршау са­лын­са. Сонымен қатар, Мәкей Ер­кін­бековтың алда келе жатқан 125 жылдығы кең көлемде аталып өтсе, бұл да ұлттың есі кіріп, ескісін түгенденгенінің бір белгісі болар еді…
Өйткені, «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан ке­меңгерді» деген Ілияс ақынның сөзі жадымызда…

Нұрбике БЕКСҰЛТАНҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір