Ақыны жоқ қалада ақын болсам…
22.06.2018
1934
0

 

 

 

 

Аян МЕЙРАШ


 

ӨЛЕҢ КЕЛІП ҚАҒЫПТЫ ЕСІГІҢДІ

Өлеңдерімен өз әлемінде болып жатқан сапырылысты, беріш бо­лып қатқан мұңын, шемен болып жатқан шерін ақтарып сөйлей ала­тын жас ақын Аян Мейраш ең әуе­лі лирик екен. Өлеңдерінде са­ғы­­ныш бар. Туған жердің сарала бел­­дерін бауырына қысып ерке­ле­те­ді. Әжелерін, бірге өскен бауыр­лары­ мен қарлығаш қарындастарын іздейтін, сүйтіп, оқырманның да ауылына деген үлбіреп тұрған аң­сар сезімін оятып, үміт сабағына шы­рақ іліп кететін нәзік сағыныш. Аян адам өміріндегі тәтті сәттерді жаң­ғыртатын табиғат көріністерін көр­геннен-ақ лирикалық шумақ­тар­ды өріп тастайды екен.
«Менің мұңым күрсінген қыс де­­­­мін­дей – Тереземе сіңеді кестелене» деп жырлаған ақынның «Өлең ке­­­­ліп қақса ғой есігімді» деген өлеңін­­­­де оның жан түпкіріндегі уыл­­­жа­ғын үміті, аяулы арманы, өмір­­­лік кре­досы жатыр екен. Осы­ған сүй­сіндік. Ақын бауыры­мыз­дың тома­ға­сын алып, «әдебиетте жо­­лың болсын, айналайын!» деген ті­­лек айтамыз.

Темірхан МЕДЕТБЕК,
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ.


КОФЕ ІШІП ҚАЙТАЙЫҚШЫ КӨКТЕМДЕ

Астар дейтін асқан ақыл жоқ менде,
Мен секілді бұл қалада көп пенде.
Нәуірзектің үлбіріндей нәзік қыз,
Кофе ішіп қайтсақ па екен көктемде.

Кафелері көп қой мына қаланың,
Кірген бетте қосатұғын бал әнін.
Орындықты тартып отыр дейін мен,
Орындауым үшін тәртіп талабын.

Сенде сол күн ниетімді сәл аңғар,
Менде, тегі, ашылмаған ғалам бар.
Негізінде солай жасайды екен ғой,
Есі дұрыс адамдар.

Құс жүректі xат ұсынған ұшырып,
Отырайық,
Сәл ұялып,
Қысылып.
Дымы қалмай өртке оранған үміттің
Ымын үнсіз түсініп.

Содан кейін, көгерсе егер көсегем,
Жолды ұзатып бағыттарын төсеген.
Серуендеп жүрейікші екеуміз,
Сен білмейтін,
Мен білмейтін көшемен.

Қалай мұны қайран көңіл жек көрсін,
Лаулай ма екен, байқайықшы, от сонсоң.
Бұдан кейін мына бізді адамдар
Бақыт үшін күрескен жоқ деп көрсін.

Кофе ішіп қайтайықшы көктемде.

***

Тағдыр жайлы толғандырып көп сұрақ,
Сөнген шоқты үрлей-үрлей от құрап.
Жаным талай күйзелгені шын шығар,
Сағым әлі сынып көрген жоқ бірақ.

Не алады,
Не береді мына түн?
Дала дауыл, түрі жоқ-ау тынатын.
Кәрі қыстың қуаты әлі өзінде,
Тірі жан жоқ ұғатын.

Көктем,
Көктем,
Көктем дейді көп адам,
Қандай азап шеккен екен тобадан.
Ақпан ертең босатпақшы пәтерін,
Аппақ қарлар — жиылмаған чемодан.

Айырмаған аласы мен қарасын,
Адасу бар,
Әлденеге нанасың.
Апұл-ғұпыл айтқан сөзге жұлқынып,
Апырым-ау, ақпан, қайда барасың?

Таяқтаумен маза бермей түгелі,
Бұзды келіп, барақатты тұр еді.
Ақша қардай аппақ еді көңілі,
Ұлпадайын жұмсақ еді жүрегі.

Қайран пендем,
Кеще ме, әлде кемеңгер,
Санаң жетсе, сәтің осы елеңдер.
Ақпан ертең ғайып болып кеткенде
Ақша қары жетім қалды-ау демеңдер…

«МАҢМАҢГЕР»

Етегін сары алғанда шоқылардың,
Ошағы бір сөнбейтін оты бардың.
Үй алдында құрт жайып апам сонда
Ыңылдап бір ән айтып отыратын.

«Көрерсің, балапаным, талайыңнан»,
Дейді апам, кетпеуші едім маңайыңнан.
Салған әнің жанымды балқытқанда,
Иіскейсің шақырып ап самайымнан…

Естелік қой сол әлі ескірмеген,
Сағыныш-ай, күйіңді кештім неден?
Мектеп біткен жылы мен апам айтқан
«Маңмаңгерді» соңғы рет естіген ем…

Уақыт өтті, көңілдер арманды асып,
Күндер көшті, барамыз маң-маң басып…
Жетегінде сезімдер жетімсіреп,
Етегінде көңілім болған ғашық…

Кейде аңсаймын
мұнартқан арман-белді,
Қандай уәжің қалыпты жалғанға енді.
Дастарханның басында бір бауырым,
Шырқап салды төгілтіп «Маңмаңгерді…»

Ән төресі-ай, білер ме сырыңды адам,
(Соншама ыстық па еді бұрын маған…).
Қарғам-ау, қайтып шыдап отырамын,
Апамның үні естілер ыңылдаған.

Менің енді бүгінгі осы жайым,
Бір беркінсем, несіне тосылайын.
Құрбым-ау, тағы да айтшы
«Маңмаңгерді»,
Тым болмаса ыңылдап қосылайын…

***

Мәртебелім – Өмірім!
Сені тану – Тәңірімен танысу,
Сені табу – Тағдырменен табысу.

Өтіп жатқан күнсің сен,
Өтпейтұғын түнсің сен.
Жұпар аңқып тұратұғын иіссің,
Тыныштықты бұзатұғын үнсің сен.

Мәртебелім – Өмірім,
Түсінікке сыймайтұғын алыпсың,
Өзгертуге қимайтұғын қалыпсың!
Тірі пенде түсінбеген сырсың сең,
Қалам әлі тербемеген жырсың сен.
Әбілxаят әлімсақтан төгілген,
Ең әдемі нұрсың сен!

Мәртебелім – Өмірім,
Дүр сілкінші таң қылып,
Сені ұғыну – Мәңгілік.

Ең әуелі орындалған армансың,
Маңдайдағы сорым қалған жалғансың.
Таңдайдағы шөлім қалған бұлақсың,
Көкжиекте көзім шалған жырақсың.

Мәртебелім – Өмірім!
Әні ғажап ырғақсың,
Әлі маған жұмбақсың.

О, бәлкім сен төрімсің,
Ең ақырғы дем ұшында күтетін,
Сірә, бәлкім…
Өлімсің.

***

Өлең келіп қақса ғой есігімді,
Сәл еркелей қайталап есімімді.
Барлығына болар ем мейірімді,
Барлығына болар ем кешірімді.

Өлең келсе, дәл қазір жетер еді,
Көгертер ем күрең бел, бетегені.
Достарды қой, онсыз да бақытты ғой,
Дұшпандарым жадырап кетер еді.

Өлең келсе, шіркін, жан сарайыма,
Шапағатты шашар ем талайына.
Ағыл-тегіл жырыммен қуантар ем,
Ақ түсірмей анамның самайына.

Өлең жетсе желпініп жүрегіме,
Нұр төгер ем ғаламның түнегіне.
Қалың ойды арқалап жүрер едім
Қамшы басып шабыттың күреңіне.

Жырмен қуат бойыма келеді еніп.
Көңіл солай бәріне береді ерік.
Ақыны жоқ қалада ақын болсам,
Өлеңі жоқ өлкеге өлең егіп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір