Астана – суретші көзімен
22.06.2018
1769
1

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ


«Ақшам»

Астана қаласының жиырма жылдығына орай суретші Жеңіс Кәкенұлы «Астана – суретші көзімен» атты көрме өткізді. Суретшінің шығармашылық еңбек жолы бұған дейін «Сәйгүліктер семантикасы», «Күміс қауырсын», «Әуен» топтамаларыммен жақсы таныс. Астананың мерейлі күніне орайласқан бұл көрме – кескіндемелік әдісте жазылған картиналар легінен, «Клод Монені еске алу» атты фотосуреттер және «Астана силуэттері» атты графикалық топтамалардан тұрады.


«Тымық»

Сурешінің кескіндемелік картиналарына жыл мезгілдері, Есіл өзенінің сол жағалаудағы «Меруертті мекен», «Солтүстік шұғыласы», «Қазақстан Темір Жолы» кешені, «Астана салтанаты» тұрғын үйі, Көлік және коммуникация ғимаратының силуэті, «Кереметтің», «Салтанат сарайының» күмбездері арқау болыпты. Суреттерінде қаланың ұзақ даңғыл бойы емес, көлденең, гранит тасты, көк-жасыл шынылы қабырғалары көз тартады. Кенебінен Астанадағы биік аспан, будақ-будақ бұлттары мен мұндалайды, тыныш мүйістер, тымық тоғандар, қайың-қарағай, тал-дарақтар көрінеді. Оның картиналарындағы Астана бейнесі анық реалистік тұрғыда ғана емес, қазақтың қолданбалы сәнді өнеріндегі бояулар үндестігімен де шешілген. Байырғы кескіндеме әдісімен де жазылған, тосын, шұғыл эксперимент-тәжірибеге де барған.
Суретші Жеңіс Кәкенұлының қала көріністері жазылған картиналары осы уақытқа дейін Семей қаласындағы «Невзоровтар» музейінде, Американың Нью-Йорк қаласында көрмеде болып, көремендер назарына түсті.

«Жағалау»

«Қала көріністері» сериясына кіретін «Клод Монеге параллель» атты топтама фотография әдісімен өмірге келген. ХІХ ғасырда, еуропа суретшілерінің, «Импрессионизм» ағымының атасы болған суретші К. Моне бір ғана сюжет, жалғыз ғана көріністің өте көп варианттарын жасаумен даңққа бөленген адам. Шығармашылық әлемдегі осынау әдісті, Жеңіс Кәкенұлы, фотография әдісімен жалғастырып көріпті. Ол өз үйінің терезесінен көрініп тұратын Астананың сәті бір көрінісінің, 2006-2016 жылдар аралығында жалпы саны 500-ге таяу фотосуретін түсірген. Автор фотосуреттерінде бірер секунтқа көрініп, әп-сәтте жоқ болып кететін табиғат эффектін ұстап қалуға күш салған. Онда көктемнің қалай туғаны, жаздың қалай шыққаны, күздің түскені, қыстың келгені көрініс тапқан. Таңның арайы, тал түстің шаңқаны, кештің шапағы, түннің шамдары қағазға бейне болып түсіпті. Жапырақсыз жадау кезі мен желеккке малынған жарқын қалпы да, аязды таңы мен, аптапты шағы да объективке «азық болды».
Бұл топтамадағы елең етерлік нәрсе – қазақтың сөйлеу, қолданыс аясынан сытылып бара жатқан тәулік атауларының, яғни «бесін», «ақшам», т.б. сөздерінің іс жүзінде, картиналар көрінісі де өз баламасын табатыны.
Астана көріністерін графика тілімен өрнектерде суретшіге көмекке түстердің өз ара үйлесімі, қарым-қатынасы көмекке келді. Мысалы, көк түс үстемдік алған жағдайда, сәйкесінше, оған көмекші болып, өзін де айғақтап, сары-қызыл түстердің, жасыл, қара көк түстердің жарасатыны. Сондай-ақ, қатқыл сия көк пен қоңыр, жұмсақ көгілдір түстердің сәйкесетіні. Көк секілді шартты түрдегі суық реңкке жылы түстердің үйлесетінімен қатар бейтарап сұр түстердің жараса қалатыны назардан тыс қалмапты. Қазақтың сәнді, қолданбалы өнеріндегі түстердің алаша, төркөрпе, құрақ сынды бұйымдардың өнбойындағы элементтерді «Селеуеттер» атты графикалық топтамаға сәйкесімен сәтті тәжірибе жасалған.

«Жаңбырдан соң»

Суретші көрмесінің әдеттегі вернисаждардан тағы бір ерекшелігі – Жеңіс Кәкенұлының елімізге беделді «Фолиант» баспасымен бірлесе отырып жарыққа шығарған «Астана – суретші көзімен» атты кітап-альбомның көрсетілуі. Бұл жинаққа Астана суретшілерімен қатар өзге қалаларда тұратын шығармашылық иелерінің 300-ге таяу кекіндемелік және графикалық картиналары енді. Онда отызға жуық, елімізге ғана емес, шет елдерге де есімі танымал Камиль Муллашев, Қалиолла Ахметжанов сынды суретшілермен қатар Бейбіт Әсемқұл секілді дарынды жастардың да шығармашылық жолдары қамтылған. Сондай-ақ бұл альбом-кітаптың алғы сөзінде «…Астана суреті, міне, жиырма жылдың өн бойына суретшілер шығармасына да азық болып келеді. Қазақстанның әр қиырынан, Целиноград кезінен қалыптасқан байырғы суретшілердің қатарын молықтырып, менің бір шоғыр әріптестерім жиналды. Олар шығармашылық өрісін кеңейтіп, өзіне тән тақырыптарын өсіре, тереңдете де беріп, Астана келбетін көркем-сурет әдістері арқылы кенебі мен қағазына түсіріп, бейнелеу өнеріндегі өзінше дамудың, алға жылжудың дербес белестерін бағындырды. Неше түрлі қолтаңбалар тоғысты. Астананың сурет шеберханаларында өзгеше түр-түспен, өңгеше сюжетпен, бөлек реңк, тосын композициямен, қилы көлем-өлшем, үрдіс-динамикамен кескіндеме, акварель, графика, мүсін, қолөнер бұйымдары дүниеге келіп жатты. Түрлі деңгейдегі көрмелер легінің ленталары қиылатын болды.

«Даши туралы ой»

Бірде суретшілер Одағының ұйғарымымен, енді бірде Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен, Тәуелсіздік сарайының шешімімен, Астана күніне орай, әр жылдары, әр қилы сыпатта пленэр, симпозиум, биенналелер өтетін болды. Оған еліміздің, алыс-жақын шетел суретшілері келіп тәжірибе алмасқаны қаншама. Астананың суретшілер Одағы басқармасының бастамасымен суретшілер Ақтоты Көлке, Сембіғали Смағұлов, Аманат Назарқұл, Қоңыр Мұхамедиев, Тоқтар Ермековтердің сол науқанның жуан ортасында жүріп, ұйымдастыру шараларын бастарынан өткергені де, осы, жиырма жылдың үлесінде…» дейтін жазбалар бар.
Біз оқырманға Жеңіс Кәкенұлының қылқаламынан шыққан Астана қаласының бірқатар көрнісін ұсынуды ұйғардық.

ПІКІРЛЕР1
Adilgali 22.06.2018 | 16:10

Tamasa!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір