Уақыт үнін іздеу жолындағы ізденіс…
01.06.2018
1064
0

Октавио ПАС,
ақын, жазушы, лингвист, дипломат, философ, аудармашы және эссеист (Мексика):

Ілкі сөзімді рақметтен бастағым келіп тұр. Бұл сөз барлық тілде бар. Және, әр тілде оның бояуы әр қилы болумен қатар, мән-мағынасы тым терең екені, тағы рас. Роман тілдерінде рақмет дегеніңіз кешірім, қайырымдылық, шабыт, ділмарлық, дарындылық пен өнерге деген адалдық, әдеп, һәм ең басқысы – кеңпейілділікті білдіреді екен. Мұның өзі Құдай-Тағала берген талантпен байланысты деп білген жөн. Егер кісі қайырымсыз болмаса, онда жақсылық жасауға бейім келеді. Швед әдебиетінің ал­тын ұясы және Әлем әдебиетінің орталығы боп са­н­ала­тын осы жерде, алдарыңызда тұрған сәтте бойымды қорқыныш билеумен қоса, Сіздерге деген құрмет пен асқан таңданыстың бар екенін жасырудың еш­қандай қажеті жоқ шығар. Жалпы, әдебиет арасын­дағы байланыс ешқашан үзілмеген. Мен классик санайтын қарымды қаламгерлер – бұлар өз тілімде, яғни испан тілінде жазатын, өзімді солардың ізба­са­ры санайтын: Лопе мен Кеведо секілді жазушылар. Бірақ, мен испан ұлтынан емеспін. Дәл осыны ағыл­шын, португал және француз мәдениетінен аса алшақ емес өңге де латынамерикалық, АҚШ, Брази­лия, Канада ақын-жазушыларының басым көпшілігі айтар еді деп сенемін. Америка жазушыларын тану үшін жапон, қытай және араб суреткерлерінің Еуропа әде­бие­тімен арадағы байланысқа: әр түрлі тілдердің мә­дени диалогына аса мән берген абзал. Алайда, бай­қасам, сол диалог бір тілдің маңында ғана өрбиді екен. Біз бір қарағанда еуропалықпыз, және еуропалық емеспіз. Сонда кімбіз? Оны анықтау – аса қиын шаруа. Дегенмен, Біз үшін көркем шығар­маларымыз сөйлейді. Америка әдебиетінің пайда болуы ғасырымыздың ең ұлы мәдени жаңалығы болғаны даусыз. Алдымен ағылшын-америкалық, XX ғасырдың екінші жартысында Латын Америка әде­биеті және бәйтеректің қос бұтағы – испан-амери­калық және бразилиялық әдебиет дүниеге келді. Үшеуі үш түрлі болғанымен де, оларға тән ортақ қасиет бар. Бұл қасиет – космополитизм мен дәстүрлі тенденция, еуропеизм мен американизм арасындағы талас-тартыстан гөрі, идеологиялық. Бұл тартыстың арты немен тынды дейсіздер ғой? Олар ұмытылға­ны­мен де, артында туындылары қалды. Мұнымен қоса, үш әдебиет айырмашылығының тамыры тереңде жатыр.
«Бүгінгі» ұғымына үңіліп көрелік. Мұның өзі шартты нәрсе. «Бүгінгі» деген сөздің мәнін әлі толық аша алған жоқпыз. Мүмкін, бұл – идея, мүмкін, бұл – сағым, мүмкін, бұл – тарихи сәт қана шығар, бәл­кім?! Біз бүгінгінің белбаласы шығармыз, бәлки, ол Біздің баламыз шығар?! Бұған ешкім толықтай жауап бере алмасы Айдай анық. Дегенмен, ол да маңыз­ды дүние емес шығар, себебі, бүгінгімен тіршілік ке­шеміз. Бүгінгі адам өзінің тарихи жаратылыс екенін сезінді. Мен Бүгінгі үнді іздеу жолында көп адас­қаныммен, ақыры жол таптым. Өзімнің өзегіме, түпнегізіме оралу арқылы, «бүгінгі» дегеніңіз сыр­тымыздағы емес, ішіміздегі фактор екенін ұғындым!..
1990 жыл, (үзінді).

Аударған Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір