Өзімшілдіктің тұрпайы түрі жанкештілік…
01.06.2018
1297
0

[…] Ақылға қонымды дүниелердің барлығын тез аңғара қоятын, күллі әсемдікті жақсы көретін және барша жақсылықтарды сезіне алатын адамдар өмірде, іс жүзінде ақылдан ада, талғамсыз, әрі мейірімнен жұрдай боп келеді. Олар неліктен бұндай? Екі түрлі қабілет болуы мүмкін: қабылдау мен іс жүзіне асыру – немесе гений, не болмаса талант қасиеті жетіспейді, не, ақыр аяғында, жаны таза кісілер әркез әлсіз әрі енжар келетіндіктен де, көп нәрсеге қабілетсіз болмақ.
[…] Біріншіден, жан дүниесі бай адамдар жалқау және баяу дамиды, біз мұны іс жүзінде көреміз, екіншіден, кемелдікке жетпегендер түнек ішіндегі бүркемеленген, өзіне беймәлім көп сауалға жауап тапқан соң ғана барып, мінсіздікке жетіп, олардың бойында жұмыс істеу әдеті қалыптасады.
Ламартинның айтуынша, оқырманның көбі халық арасында, ал жазушылар халықтық әдебиетті назарынан тыс қалдырып, тек өзі өмір сүрген орта туралы жазып, ал, қара халық арасында ағартушылыққа бет алғандар әдебиеттен мақұрым боп, және ол жазушылар халыққа арнап жазбайынша мақұрым күйінде қала бермек екен. Мен мұнда көп оқырман жию мақсатында жазылған кітаптар туралы айтпаймын, және ол – көркем шығарма емес.
[Мен проза мен поэзия аралық шекарасы қайда екенін ешқашан ұға алмадым; дегенмен, әдебиетте бұл туралы сауалдар бар болғанымен де, жауабын түсініп болмайды. Поэзия – өлеңдер. Проза – өлеңдер емес; немесе поэзия – іс-қағаздар мен ғылыми еңбектерді қоспағанда, барлығы]. Бүкіл көркем шығарма сәтті шығуы үшін, Гоголь өзінің соңғы повестінде айтқанындай (ол менің жанымды жарып шықты), суреткердің жанынан шығуы тиіс.
Көбіне-көп, дамудың даңғайыр жолына шыққан шығар­магерлердің толғанысқа толы туындысын қара халық түсін­бейді. Он алтыдағы жасөспірім роман кейіпкерінің зорлық-зомбылық көрінісі туралы оқығанда, бұл оның наразылығын туғызбайды, ол өзін әлгі бейшараның орнына қоймасы анық, алайда, еріксіз түрде зорлаушының роліне еніп, ләззат алады, сол секілді халық та Сіздің айтқыңыз келген ойдан мүлде басқаны ұғынады. «Антон-Горемыка» мен «Genevieve»-ні халық түсінеді дейсіз бе? Сөз ойдың өрнегі есебінде қолжетімді болғанымен, ой – қолжетімсіз. Қара халықтың әсем де қайталанбас өз әдебиеті бар; бірақ ол жасандылықтан ада, әрі халықтың ішінен шыққан. Олар биік әдебиетті қажет етпейді. Халықпен бір деңгейде болып көріңізші, ол сізді жек көре бастайды. Ақсүйектер алға озағанымен, халық артта қалып қоймайды; олар ақсүйектермен бірігіп кетпес, алайда алға басары анық. Pourquoi dire des subtilites, quand il y a encore tant de grosses verites a dire (Әлі көптеген шындықтар туралы айтуға тиісті жағдайда, ұсақ-түйекті сөз етудің қажеті қанша. (фр.)).
[…] Өзің үшін емес, өзгелер үшін тіршілік кешкенде өмірге деген көзқарасың қалай өзгереді! Өмір мақсат болудан қалып, құралға айналады. Бақытсыздық – ізгілікті, ізгілік – бақытты, ал бақыт – қателікті туғызады. Бақыттың екі түрі бар: ізгі жанның бақыты мен тәкаппар адамның бақыты. Біріншісі – ізгіліктен, ал екіншісі – тағдырдан туады. Соңғысы алғаш­қы­сына зиянын тигізбес үшін, ізгіліктің тамыры тереңге жайылуы керек. Тәкаппарлыққа негізделген бақыт даңқты – жаламен, байлықты – алдаумен азғырады. Ал, ізгілікке негізделген бақыт – ештеңемен.
[…] Өмір – сынақ, өлім – бұл Бізді бүкір қайғыдан алыстататын жақсылық деп түсіну де қате. Бұл – жақыныңды жоғалтқаннан соңғы жаныңа жалау боларлық сабыр да, моральдық тәрбие де емес. Ізгілікке деген сенімін жоғалтып алмас үшін бұл моральдық тәрбие ретіндегі ой жас өренге өте ауыр соқпақ. Егер де, адам өзінің жақсы көрген жанын жоғалтса, басқаны да сүйе алуы мүмкін; олай болмаған жағдайда, бұл оның – тым тәкаппарлығынан. Зұлымдықтың бастауы – әркімнің жан түкпірінде.
[…] Ата-әжелер ақыл-кеңесінің пайдасыз екенін біле тұра, немерелеріне тәрбие беруге міндеттіміз деп санайды. Немерелері бұлардың кеңесі келіссіз екенін байқатса, бұл қылық оларға жақпайды, сондықтан да, ата-әжелер өзін тиесіліден құр қалғандай сезінеді. Дүниеде бірге өмір сүруге тиіс кісілердің сенің жолыңда шалған құрбандықтарын көруден асқан қиындық жоқ; әсіресе, ол міндетті емес және жақтырмайтын жандардың тарапынан жасалған құрбандық болса. Өзімшілдіктің ең тұрпайы түрі – жанкештілік.
[…] Бәрі кісінің әлсіз де күлкілі жақтарын қиялдан туған кейіпкерлер бойына көшіре суреттегенімен, қаламгер қарымына қарай кейбірі сәтті шықса да, көбі – жасанды. Неліктен? Өйткені, адам бойындағы әлсіздікті өзімізден де көреміз, және оны тура көрсету үшін, алдымен өзімізге әйгілеуіміз керек. Себебі, үлкен әлсіздік тек үлкен тұлғаға ғана тән. Мұны істеуге әл-дәрмені жететіндер сирек. Әлсіз тұстарын көрген тұлға өзін-өзі танымайтындай етіп, мүмкіндігінше бұрмалауға тырысады. Одан да тура сөйлеген дұрыс емес пе: «Міне, мен – қандаймын! Сізге ұнамай ма, өкінішті: бірақ, мені Құдай осылай жаратты». Бұндайды бірінші боп айтуға ешкімнің жүрегі дауаламайды, мәселен: «Егер де, Сіз өзіңізді ақымақ та күлкілімін деп санасаңыз, онда бәріміз де сондай болғанымыз». Әңгіме осыған тірелгенде бәрі – үнсіз. Бұл провинциядағы балға ұқсас нәрсе: бәрі алғашқы боп келуден қорқып, содан түгел кешігіп келетіні секілді. Қандай болсаң, өзіңді дәл сондай қылып көрсет, себебі, бұрын күлкілі, әрі әлсіз боп көрінгендер басқаша бола бастайды. Бұл күлкілі боп көрінуден туған қорқыныш атаулысынан аз да болса арылта алатын үлкен игілік емес пе?! Біз көкірегімізге үмітсіздік ұрығын себетін дәл осы арсыз үрейдің кесірінен қаншама, қаншама шынайы рақаттан құр қалып жүрміз!.. […]
Л.Толстой. 1851 ж. Наурыз-мамыр.

Аударған Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір