Жоғалтудан жоғалтуға дейін…
01.06.2018
1489
0

– Сіз өзіңіз жазып жүрген жанрды қалай атайсыз?
– Мен әзілдеп«суси-нуар» деп атаймын.
(Дмитрий Каваленин мен Харуки Муракамидің әңгімесінен).

Дмитрий КАВАЛЕНИН,
«Суси-нуар» кітабынан үзінді.

Танымал ресейлік ақпараттық сервер, ғалам­тор желісіндегі «А-дан Я-ға дейінгі Жапония» (Япония от А до Я) энциклопедиясының «М» бөлігін ашып оқысақ, былай анықтама беріпті:
«Мураками Харукидің әдебиетші ретінде қалыптасуына басқа әдебиетші, қазіргі күні аты ұмытылған, анасының қайтыс болғанын естіп, өз өзіне қол жұмсаған америкалық жазушы Дерек Хартфильдтің (1909-1938) ықпалы болған.»
Бұған қандай пікір білдіре аламыз? Кезекті әдеби арандату өз дегеніне жетті. Осыдан кейін энциклопедияның маңыздылығын басты құрал санайтын кейбіреулердің Воннегуеттің прозасына Килгора Трауттың үлкен ықпалы болғандығына немесе Мисиманың орыс тіліне аударылуына із кесуші Фандориннің ықпалы болғаны туралы жазбаларға еш таңданбасымыз анық.
Ғаламтордағы, қағаздардағы үздіксіз ізденіс­тен және Вадим Смоленскийден кейін «Жел әуеніне құлақ сал» («Слушай песню ветра») повес­тінің кейіпкері табынатын Хартфильдтің шығар­ма­шылығы сол «Жел әуеніне құлақ сал» атты по­весттен басқа еш жерде кездеспейтініне сенуіме тура келді.
Жалпы, Мураками үшін пікір айтудан аулақ­пын, бірақ сол повесттің басты кейіпкеріне аме­рикалық жазушы Дерек Хартфильдтің өмірі мен шығармашылығы қатты әсер еткені анық. Басы мен аяғы белгісіз, тебеурінді, кей жерлерде бір саптаяқ сыраны ортаға алып айтатын тілдесуге ұқсап кететін Көртышқанның әңгімесіне кейіп­кер Хартфильдсіз шыдай алмас еді.
Сондықтан да Муракамидің тырнақалды повестінің ерекшелігі нақты тепе-теңдікке құрал­ғанын анықтауға болады. Нигилист Көртышқан­ның кез келген нормаларды, сонымен қатар мора­льдық нормаларды да жоққа шығарып отыруы, ал кейіпкердің сол Көртышқанның нигилизмін жоққа шығаруы повесттің басты тепе-теңдікке құрылғанын нақты көрсетеді. Дегенмен, екі жақтың да осы жағдайға байла­ныс­ты аргументтері бірдей мөлшерге бөлінген. Мойындау мен жоққа шығару. Екеуінің басында да бірдей жағдай болғанымен, оған деген көзқарас екеуінде де нақты диаметриалды қарама-қайшы. Екеуінің арасындағы сөзталас әр адамның бей­саналық деңгейдегі өзімен-өзі арпалысуын көрсе­те­тін секілді және әркімде ол әр түрлі деңгейде ше­шіледі.

***

– Қалай болса солай сұрауға бола ма?
– Болады, маған бәрібір.
– Сен өліп қалғансың ба?
– Иә, – деді Көртышқан ақырын ғана, – Мен өліп қалғанмын.

(«Көртышқан» триллогиясынан).

Қалай? Әлі шатаспадыңыз ба? Көртышқан қашан және неден өлді? Неге Қойдың жаны дәл Көртышқанға көшті? Сіз қазір бұл неге үсті-үстіне сұрақты жаудырып жатыр деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ біз сіздің ойыңызда бұдан да көп сауалдың пайда болғанына сенімдіміз.
«Жел әуеніне құлақ сал» повестінің басы аса көзге түсе қоймайтын, бірақ тексеруге тұрарлық бір сөйлемнен тұратын тараумен басталады.
«Бұл оқиға 1970 жылдың 8 тамызында бас­та­лып, 18 күн өткеннен кейін, яғни сол жылдың 26 тамызында аяқталды».
Сонымен, оқиға толық он тоғыз күннің ішін­де болады деп сендіреді бізді кейіпкер-әңгімеші (ес­­кертемін: автор емес, кейіпкер-әңгімеші). Ал ен­ді санап көріңіз. Қанша созсаңыз да тоғыз күн­нің ішіне бұл оқиғаны сыйғызу тіпті де мүмкін емес.
Енді еске түсірейік. Кейіпкер 1970 жылы уни­вер­ситеттің соңғы курсын тәмамдап, жазда өзінің қа­ласында көше кезіп көп қыдырады. Сол ара­лықта «қызық адам» Көртышқан атты жігітпен және бір саусағы жоқ қызбен танысады да, күтпеген жерден «Бич Бойз» әнін радио арқылы өзінің бұрынғы, жартылай ұмытылған сыныптас қызынан сыйлыққа алады.
«Бүгін сенбі!», – дейді радио желісінен тұты­ғып сөйлейтін диджей. Ал енді санаймыз. Сол диджей повесттің соңында тағы шығады. «Тағы да сенбілік кеш!», – дейді ол. Осы жерде санауды бастасақ. Себебі 8-і мен 26-шы тамыз арасында тек екі сенбі болуы мүмкін (15 мен 22, бірақ еш 26 емес). Сонымен бұл «оқиға» қашан басталып, қашан аяқталды? Радиостанциядан кейіпкерге футболка «үш күннен» кейін келеді. Келесі күні бір саусағы жоқ қыздан ол үш күйтабақ сатып ала­ды. Ол қыз өз кезегінде оның нөмірін «бір ап­та» таба алмай жүргенін айтады. Сонымен бұл «оқи­ға» диджейдің алғашқы пайда болуынан үш күн бұрын басталған. Яғни, 5-ші тамызда емес пе? Нақтырақ айтсақ, оқиға 18 күн емес үш апта ішінде болған.
Ары қарай тіпті шым-шытырық. Бір күйта­бақ­ты Джейдің барында Kөртышқанға туған кү­ніне бір ай қалған уақытта сыйға тартады. «Бір аптадан» кейін бір саусағы жоқ қыз телефон ар­қылы хабарласады да, сол барда кейіпкермен кездеседі (нөмірін алу үшін Джейге хабараласады. Ал оған оның «бір апта» бойы келмегенін, ауырып қалды ма деп уайымдап отырғанын айтады). Келесі күні сол қыз кейіпкерді өз үйіне шақырады да, «бір аптаға» қаладан кететінін айтады.
Сол келесі «апта» бойы Көртышқан құлазып жүреді. Сонымен қатар ол кейіпкерге бір әйелмен кездесуін сұрап, кейін ол ойынан айнып қалады (« – Құрбың қайда? – Ешқандай да құрбы болмайды. – Қалай болмайды? – Солай бол­май­ды.»). Сол уақытта Джей Көртышқанның көң­іл-күйіне алаңдайды. Дәл сол аптада Көр­тыш­қан кейіпкермен «Өзгертуге келмейтін нәрсе» ту­ралы ашық әңгімелеседі. Осыдан кейін повест­тен Көртышқан жоғалады.
Бір апта өткенде бір саусағы жоқ қыз «ора­ла­ды». Ол өзінің ешқайда да бармағанын айтады. Бір апта ішінде оның жүзінде кәріліктің нышаны («үш жылға қартайған») көрінеді (аборт). «Сен қашан Токиоға ораласың?», – дейді қыз. «Келесі аптада», – деп жауап береді кейіпкер. Егер ӨТЕ мұқият санасаңыз бұл әңгіме 27 тамыз күні бо­ла­ды. «Келесі апта» жексенбі, 30 тамызда бас­тала­ды (Жапонияда апта жексенбі күні басталады, дүйсенбіден емес). Бірақ кейіпкер 26 тамыз, сәр­сенбі күні кетеді («Бардың керегесіндегі күнтізбе 26 тамызды нақтылап тұрғандай»). Оқиғаға дейінгі ҮШ күнді және одан кейінгі ТӨРТ күнді қосыңыз. Бірден ЖЕТІ күн қайда кетіп қалды?Бұл қандай былық? Әлде, қателік пе? Тіпті «Гундзо» әдеби дебюті үшін берілетін сыйлықтың иегері бола тұра ма? Әлде бұл жерде басқа да қитұрқылық бар ма?
Егер бұл жерде қателік жоқ деп есептесек, өте қы­зық дүниелерге жол ашылады. Ал кеттік. «Жа­пон жануарлар әлемінің үлкен энциклопедиясын» ашамыз. «Тышқандар мен көртышқандар» тарауын табамыз да, оқимыз: Тышқандар (көр­тышқандар) – жер астында өмір сүретін жануар­лар және көне Индия мен Египеттегі өлімнің сим­волы. Еуропа елдерінде денесінен ажыра­тыл­ған жанды көртышқанның кейпіне енеді деп есептеген. Ал вирус тасымалдаушы көртыш­қан­дар­ды өмірге келмей жатып өлген және түсік тастаудың салдарынан туылмай қалған сәбилерге теліген…
Қысқасы, Көртышқан – қайта өмірге келу мен өлімнің символы. Тіпті оның повестің басынан бері өлі кейіпте болғанын аңғаруға бола­ды. Ал повесть – ол кейіпкердің осы өмірдегі бір қыз (саусағы жоқ қыз) бен ана өмірлік Көр­тыш­қан арасында өрбіген бір жаздың оқиғасы.
Егер осының бәрін негізге алатын болсақ, уақыт аралығындағы былық өз орнына келеді де қалады. 12 күні (осы өмірдің) кейіпкер күйтабақ сататын дүкенге барады да, саусағы жоқ қыздың бір апта бойы кейіпкердің өзіне еш жамандық істемегеніне сенбегенін айтып, оны бір апта өткеннен кейін бір-ақ мойындайды. 7 күн бойы ол қыз оның өмірінде мүлде болмаған. 12-сі күні барға барады да, ол жерде кейіпкерді ешкім бір апта бойы көрмегенін біледі. Бір апта ол қыз оның өмірінде мүлдем өмір сүрмеген. Сол апта бойы Көртышқан құлазып жүрді. Біз сол өлі аптаны сы­зып тастаған бойда бәрі өз орнына келеді. Яғни, негізгі оқиға 8-і мен 26-ы аралығында өткен. Осы апта бойы және келесі триллогия барысында Джейдің бары екі өмір арасындағы тонельдің жұмысын атқарады және дәл осы жерде бір саусағы жоқ қызға кейіпкердің нөмірін оның ДОСЫ («Бойы ұзын, өзеше, біртүрлі») бергені де кездейсоқтық емес. Көртышқан – Мольерді оқып отырған елес.
Солай.

***

Мен дәптерді аштым да, дәл ортасынан екіге қақ жаратындай етіп сызып қойдым. Бір жағына өзімнің неге жеткенімді, екінші жаққа нені жоғалтқанымды, аяққа таптағанымды, басқа нәрсе үшін құрбанға шалғанымды жаздым. Мен ұзақ жаздым. Жаза бердім, жаза бердім… Бірақ тізім бітетін емес…

Харуки МУРАКАМИ.

Осыны қалағандықтан ба, жоқ әлде басқа ма, жазушы осы үрдіс арқылы өз шығармашылығына жол көрсетіп, бізге оны қалай оқу керек екені жай­лы бірді-екілі кілтсөз қалдырғысы келетін сияқты. Қағаз бетіне сызылған сызық – басқа емес екі әлем арасындағы шекара секілді. Осы өмір мен ана әлем. Дегенмен, оның қайсысы осы өмір, қайсысы басқа әлем екенін, әсіресе кейінгі романдарынан, анықтау оңай іс емес (реалдылық үздіксіз ирреалдылықты жұтумен болады және керісінше. Алма кезек олар материя мен біздің өмірдегі оқиғаларды шыркөбелек айналдырумен болады). Ал сол шекара (сызық) повестің негізгі екі бөлімін анықтап береді және оқырманның басындағы екі параллель әлемге апаратын екі бөлікті ажыратып алады. Күн мен түнге, ақ пен қараға, жарық пен түнек, жаңбыр мен қар т.с.с. Романдарын қайта оқып шығыңыз!
Оның шығармаларында кейіпкерге жақын қымбат дүниелердің барлығы толастайды, тау­сылады, өледі, ана өмірге көшеді. Автор мен оның кейіпкерінің бұл повесттегі басты сұрағы: бұны­мен қалай қарым-қатынас жасау керек? Қа­лай өмір сүру керек? Қалай ұғынысу, түсінісу керек?
Ең басты байланысу құралы ретінде Мура­ками ортаға делдал-медуимдарды қосады. Олар адам, құрал, зат немесе көбіне өнер туындысы (кітап, музыка).

***

Көртышқан соңына қарай әлдебір қайғысы шаш етектен келетін (аборт?) әйелмен қош айты­сады. Көртышқанның өзі сол жағдайдан кейін одан әрі қайғы жұтып, барған сайын суып, тіпті оның монологы әрмен қарай абстрактылы болып, реалды өмірден алыстай бастайды. Солай осы повесттің парақтарынан (осы өмірден де) түбегейлі жоғалады.
Ал басты кейіпкер жерлік, өмірлік сезімдерді бастан өткеруге тырысады. Өмірлік сағыныштар­ды, жоғалтуды, өлім мен өмір жайлы өз ішінде көп талқылайды. Басқа кейіпкерлердің портрет­тері (Көртышқаннан басқасы) анық адами кейіп­ке ене бастайды. Төсекке сал болып таңылған қыздың да жағдайы дұрыстала бастайды (өмірге деген үмітін жоғалтпайды). Оған қоса тұтығып сөйлейтін диджей соңында «Мен сіздердің бәріңізді де сүйемін!» деп ағынан жарылады.
Осы лирикалық қорытындыны повесттің негізі деп санаймыз ба? Жоқ әлде повестің атау­ына қайта оралып, оның қайдан пайда болғанын есімізге түсірейік пе?
Автор:
Мен повесттің атауын Трумэн Капотеден алғанмын. Оның бір әңгімесі осы сөздермен аяқталады: «Ештеңе де ойлама, ештеңе де есіңе түспесін. Тек желдің қалай ән салғанын тыңдасаң болғаны».
Шынымды айтсам, бұл шығарма аяқталған­нан кейін ғана атын қойған алғашқы һәм соңғы повестім. Одан кейін мен бірінші романыма ат қойып алғанды басты міндетке айналдырдым. Солай жеңіл жазылады».

***

«Барлық байлар – оңбағандар!», – дейді Көртышқан үшінші тарауда, бірақ өзі де бай отбасынан бола тұра, – Кейде өзің қаламасаң да бай екеніңді мойындайтын кездер болады. Сол кездері бәрін тастап, қашып кеткім келеді…».
«Олай болатын болса, қашып кет», – дейді кейіпкер, орта деңгейлі отбасының өкілі.
«Адамдар бірдей болып тумайды», – деп Көртышқанның өзі шығарған әңгімесіндегі қыз, Джон Ф. Кеннедидің сөзін қайталайды.
31-тарауда, басты кейіпкер осыған жауап қайтарады:
«Негізінде барлығы бірдей. Өзінде бар адам­дар соны жоғалтып алам ба деп, жоқ адамдар сол күйі табылмай кете ме деп қорқады. Бәрі бірдей және осыны байқаған адамдар сәл тырысып, сәл мықтырақ бола алса ғой. Бірақ мықтылар әсте жоқ…Тек мықты болып көрінгісі келетіндер ғана бар».
Повесте кедей мен бай сөздері 6 және 16 рет жазылған (өз кезегінше) және Муракамидің барлық дерлік романдарында байлық пен кедейлік арасындағы пікірталас толастамайды. Ал оқырмандарға Мураками осыны тіпті де класстық бөліну туралы айтқысы келетіндіктен емес, Жапонияның 60 жылдар мен 70 жылдардағы бөліну мен айырмашылықты айтқысы келетіндік­тен жазатын болар. 60 жылдардағы Жапонияда «Барлық байлар – оңбағандар!» дейтін болса, 70 жылдарда, Хартфильдтің романы желісі бойынша «Егер сізде бәрі жақсы болса, оның несі жаман?» деген лозунгке келетін секілді.
Жапония 60 жылдардағы шым-шытырықтан айырылып, үздіксіз байлыққа кенеле бастады. Еш мәнсіз студенттік көтерілістер мен антиәскери манифесттер 60 жылдары көп белең алды. Сту­денттерге мемлекетті қайта құру үшін өз ойын білдіруге тиым салынды. Оның орнына жас­тарға қаржылық, материалдық жағдай жасалынды да, көтерілетін адам да, мақсат та қалмады.
Харукидің фамилияласы, әнші (кейін жазу­шы), «қышқыл» ұрпақтың өкілі, Рюдің он жыл өткеннен кейін жазған «Жаңа музыканың ғажайып әулиелері» атты кітабынан үзінді:
«Жел әуеніне құлақ сал» повесті әскери кезеңнен кейін «Егер сізде бәрі жақсы болса, оның несі жаман?» атты поп-мәдениеттің басты лозунгы жариялаған алғашқы повесть. Осыған дейін Жапонияда жазылған барлық дерлік әдебиет мүлдем басқа психологияның идеясында болды: «Барлық байлар – оңбағандар!», міне, осы­мен де «Жел әуеніне құлақ сал» повестінің терең мағыналы екендігін, Жапон тарихының жаңа кезеңіндегі принциптік эмоциялардың өзгеруін байқауға болады.
Бір қызығы, дәл осы Рю Мураками «үлкен қаламдасының жолын жалғастырады», содан кейін 1984 жылдың өзінде жапон поп-мәдение­ті­нің тарихын қазбалап жүріп «жапон пепси ұрпақтарының» жан дүниесін ашатын тағы бір мәлімдеме жасады:
«Southern All stars» бірінші нағыз жапондық поп-топ болды. Өздерінің көшбасшылары мұны түсінбесе де, олар шынымен де тамаша топ бола­тын. Бұған дейін Жапонияда поп-мәдениет мүлде бой көрсетпеді. Оны бай Америка уайымсыз халық үшін ойлап тапты. Джаз, бродвейлік мюзиклдар, поп-арт, рок-н-ролл, Голливудтық фильмдер, осының бәрі Луй Армстронгтан бастап «Жұлдызды соғысқа» дейінгі және Энди Уорхал – мен үшін поп-мәдениет.
Ал неге осы поп-мәдениет Жапонияда сон­шама жылдар бойы өмір сүре алмады? Кедейлік­тің кесірінен. Күріштің жетіспеушілігі, тіпті соңғы дәніне дейін жеп тастадық. Ата-аналары қыз­дарын базарға жіберуі, бәрі-бәрі осыған себеп болды. Осындай жабайы әлемде өмір сүріп жа­тып, «Love me Tender» мен «A Day in the life»-ты тыңдау үшін мүмкіндігің де, көңіл-күйің де болмайды.
Тамағың кеуіп кетті – бірден сыра ішесің.
Жаныңда қыз жатыр ма – тіпті керемет.
Бутиктегі керемет фасон – бірден сатып алдың.
Бұл қарапайым үш эмоция поп-мәдениеттің негізгі үш қағидасы дерсің. Себебі бұлар адамның өміріндегі қайғыру мен «Менің өмірімнің нендей мағынасы бар?» немесе «Мен кіммін және не істеп жүрмін?» секілді сұрақтарға қарағанда маңыз­дырақ роль атқарады. Осымен де поп-мә­дениеттің қазіргі мықтылығы көрінеді. Осын­дай тауарлар қашан да сұранысқа ие болған.
Мен Харуки Муракамидің прозасын «поп» деуден аулақпын (дегенмен бұл сипаттама Рюдің өзіне келетін сияқты, бірақ бұл басқа кітаптың тақырыбы). Маған Муракамидің осыған бай­ланысты өзінің сөздері жақынырақ көрінеді:
– Иә, мен поп-мәдениетті жақсы көремін, – деді ол бір сұқбатында, – Дэвид Линчтің «Роллинг Стоунз», «Дорз» секілді дүниелері мен осының айналасындағы поп-мәдениет көңіліме жағады. Мен элитарлықты жек көремін. Маған Стивен Кингтің, Реймонд Чандлердің қор­қы­нышты фильмдері ұнайды. Бірақ мен ондай дүние жазғым келмейді. Мен поптың мазмұнын емес, оның құрылымын қолданғым келеді. Маған осындай құрылымдарды өзімнің дүниеммен толтырған ұнайды. Ол – менің мәнерім, менің стилім. Сондықтан да мені жазушылардың осы екі типі де жақсы көре бермейді. Поп-мәдениеттің жазушылары да, дәстүрлі әдебиетшілер де. Себебі, мен олардың ортасындамын ғой, менікі тіпті жаңа бағыт, жаңа дүние. Сондықтан да мен қаншама жыл Жапонияда өз ортамды таба алмай жүрдім. Ал енді бұл жағдайдың түбегейлі өзгеріп бара жатқанын көремін. Менің оқырмандарым менің кітаптарымды әлі күнге дейін сатып алып оқиды және олар менің жағымда. Енді мен үшін орта бар. Ол өсіп келеді. Бірақ сол ортаның өсуімен берге өзіме жапон жазушысы ретінде соншалықты жауапкершілік артамын… Міне, сондықтан да мен Жапонияға қайта оралдым.

Аударған Абзал СҮЛЕЙМЕН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір