Таным көзі
25.08.2015
2523
0

1Абай кітапханасы осы уаққа дейін қазақ ғалымдарының назарына ілікпеген кең, күрделі тақырып. Абайдың кітапханасы зерттелмей оның дүниетанымы ашылмайды. Ал, онсыз Абайды толық тану мүмкін емес. Абайтанушы ғалымдар оның кітапханасы жайлы сөз болғанда белгілі бір тізімдерді ғана атап өтеді. Сол баяғы шығыстың жеті ақыны, Гете, Байрон іспетті ғұламалар, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Крылов қатарлы орыс ақын-жазушылары. Біз өзіміздің шектеулі өреміздегі барлық ой-пікірді, көркем салыстыруларды осы белгілі бір өзгермес 15-20 өкілдің қатарына топтастырамыз. Бұл Әуезов айтып кеткен Абайдың үш ұлы тамырын анықтап беретін күретамыр. 

«Абай энциклопедиясында» аты аталатын тұлғалардың Абаймен қандай жа­қындығы бар, оларды қандай ой, қан­дай ойлау жүйесі, қандай философиялық жүлге жақындастырды – ол жағы толық ашып көрсетіле алған жоқ. Бұл тақырып толығымен зерттелмейінше, терең Абайды қалқып қана айтамыз деген сөз. Абай­дың өзі «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегеніндей, тыңдаушының да, зерт­теушінің де түзелетін кезі келді. Біз қазір Абайдың көркем ойлау жүйесін ашу үшін бұл мәселеге тереңдеп баруымыз керек. Мен 5-10 жылдан бері «Абай кітапханасы» атты зерттеуді шым-шым­дап өз бетімше жүргізіп жатырмын. Ахмет Риза медресесінде сабақ берген Кә­­малитдин хазіреттен бастау алатын бі­лім алу желісін жүйеге түсірдім. Жә­дид­тік көзқарас – Абай танымының тамыры. Бұл – жаңаша ойлау мен өмір сүрудің, ұлт­ты түсінудің қайнар көзі. ХІХ ғасырдың ортасында Түркиядан басқа бүкіл мұ­сыл­ман әлемі отар езгісінің астында қалды. Біз мақтанып жүрген Бейбарыстың ме­шітін ағылшындар әуелі атқора жасады, кейін шошқа бақты. Осындай бодандыққа қар­сы қозғалыс неден басталды? Бұл – жәдидтік ағым, яғни жаңаша көзқарас болған еді. Абай Шихабутдин Маржанидің ал­ғашқы шәкірті Кәмалитдин хазіреттен сабақ алған. Құнанбай Абайды әуелі Әб­дінұр деген молдаға береді де, үш айдан кейін жаңа молданың оқуы дұрыс, терең екен, шариғаттың тамырын тапқан деп Кә­малитдин хазіретке алып келген. Осын­да өткен үш жарым жылдық білім қа­зіргі гимназияны бітіргенмен пара-пар. Абай білімінің түп тамыры осында. Мен осы тақырыпты ғылыми институт­тар­дың жоспарына ұсындым. Бірақ Абай зерттеліп бітті, жаңалық жоқ, онда тұрған не бар деген сылтаумен қабыл­да­май тастады. Меніңше, Абайдың та­ным ­көзі – кітапханасын зерттемей, қа­зақ­­тың бүкіл таным жүйесін, пси­хо­ло­гиясын, білім деңгейін бұрынғы қалпына жеткізе алмаймыз. Біздің бірден-бір ұстынымыз Абай болғандықтан, Абайдың дүниета­нымы – қазақ ақыл-ойының дамуы деп тү­сіну керек. Біздің жадағай ғалымдар мен үстірт ойлы шенеуніктер алдағы уа­қытта бұл мәселеге тереңірек үңілуге, на­зар аударуға тиіс.

Абай тек Құнанбайдың ұлы емес, қазақ жұртының әлмисақтан бергі барлық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, көшпелі әлем ақыл-ойының шарықтау шегіне жетіп, даму жолының тұйыққа тірелген тұсында жұртты жаңа әлемге алып шығарлықтай қабілет, қуатқа ие ақыл-ойдың иесі. Құнанбай өмір сүрген қоғам тұсында бүкіл түркі әлемі өзінің барлық мүмкіндігін сыртқа шығарып болған, рухани жетістігінің бәрі күнделікті өмір сүру формасына айналып кетті. Ал, Абай кезеңі бастау алар тұста ол форма тұйықталып, алысқа шығандап кететін көкжиек жоқ, тар шеңберде қалып бара жатты. Абайдың бес жасқа дейін тілі еркін сөйлеуге келмей, көп ойнамай, дүниені үнсіз, сырттай бағып отыруы қазақтың кемшін қалпын көкейіне сіңіруге мүмкіндік берді. Бала боп ойынға алданып кетсе, жаңағы үнсіз таныған құбылыстарды соншалық терең түйсінуге мүмкіндігі болмас еді. Абайды көшпелі өмірге де, жаңа қоғамға да биіктен қарай алған ұлы тұлға дейтініміз сондықтан. Қазақ қоғамында қандай биік бар, соның ішінде Абай жетпеген тұғыр жоқ. Көшпелі өмір салты ғана емес, қала тіршілігімен жастайынан танысуы, әр саладағы білімнен хабардар болуы оның көкірегін аша түсті. Сол көргені мен білгенін ата текте болған текті болмыс пен өзінің қарымы арқылы толықтырды. Мұндай құбылысты басынан кешкен адам қазақ арасында кемде-кем. «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім», – деп асқақ сөйлеуі де содан. Қазақтың ескі заманы мен жаңа қоғамын тел емген, мұңын да, қуанышын да басынан кешірген, көзімен көрген адам ғана Абайлық биікке жете алса керек.
Біз осы уаққа дейін Абай мен Құнанбай арасындағы байланысты, Абай өміріндегі Құнанбайдың орнын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» әке мен бала образдары арқылы танып келдік. Абай өзінің көзқарасын мүлде басқаша қалыптастырған адам. Оның өмірден түңіліп, торығып, құсаланып кетуінің өзі орыстың отарлау саясатының салдары. 1897 жылғы Ресейдің патриархымен арадағы екі жарым сағат дін туралы пікірталастан бастау алады. Сол жылы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашан да жалған болмас», – деуі соның әсері. Оның өлеңдеріндегі жеке адамдар мен қадыми діни көзқарастағы адамдарды сынауына қарап Абай дінге қарсы болған деп ойлаймыз. Өлеңдерін сол қалпында қабылдайтын болсақ, онда, Абай, тіпті, мұсылман емес. Ал, өмір-тіршіліктегі Абай мүлде басқа. Жаңағы патриархпен соншама уақыт пікірталаста қаншама сұрақ қойып, өзі де талай сұраққа жауап беріп, орыс уағызшысының бетін қайтаруы қазақты шоқындырудан сақтап қалған ұлы ерлік деп білуіміз керек. Ал, патриархпен сөз таластыратындай білім оған қайдан келді? Ол, әрине, әлгі Ахмет Риза медресесінен бастау алады. Жәдидтік ғылыммен көзін ашқандығында. Бірақ дүниенің рухани тұтқасы болған төрт кітапты оқыған Абай дін туралы айтыста әкесі Құнанбайдан жеңіліп қалған. Сонда әкесі Абайға: «Әттең, оқуың әлі жетімсіздеу екен, мен сені медреседен ерте алып кеткен екем ғой, сен бәрін түсінеді деп ойлаппын», – депті дейді.
Абайдың ағасы Ысқақ өте адуынды, тегеурінді, бетті, шешен, еті тірі болған. Жас кезінде. Соған қарап Қаратай, Сүйіндік сияқты ел сыншылары Құнанбайдың ізбасары Ысқақ деп күткен. Бірақ, Құнанбай «Ысқақтың ажары бетінде. Не күтсеңдер де мына шұнақ қарадан күтіңдер. Мұның қазынасы ішінде», – депті Абайды нұсқап. Құнанбайдың сол айтқаны дәл келді.
Жалпы, кез келген дана адамдардың ақыл-ой құпиясының жұмбағы шешілген кезде ол дана болудан қалады. Менің ойымша Абай дүниенің сырын өзіндік түйсікпен қабылдаған. Ал, оның түйсігі, дүниені қабылдауы қатардағы адамнан әлдеқайда терең, әлдеқайда биік. Абайдың атын, бір шумақ өлеңін білмейтін қазақ жоқ. Тіпті, балабақшадағы бала да айтады. Менің кәріс және америкалық көршім бар. Қазақша біледі бәрі. Балаларына Абайдың өлеңдерін жаттатып жүр. Кәріс кішкентай қызына «Абай менің атам», – деп үйретіп қойыпты. Осыдан артық Абайды қалай құрметтеуге болады? Мәселе әркімнің түсінік деңгейінде. Бес жастағы бала өз түсінігінде, мектептегі бала өз дәрежесінде, студенттер одан гөрі тереңірек ұға бастайды. Ал, ақыл тоқтаттым деген азамат жасы ұлғайған сайын қайталап, үңіліп, түсініп отыру керек. Абайды жастайынан жаттап өссе де, «Абайды енді ғана түсініп жатырмын», – деп айтқан алпыстан асқан кісілерді көп көрдім. Соның біреуі – өзім. Осыдан кейін, Абайды неге түсінбейміз деген сұрақ орынсыз сияқты көрінеді. Абайды түсінуге тырысудың өзі үлкен олжа. Абай соншалық түсінікті болса, біз неге таңданып, тамсанып жүрміз? Тереңіне жете алмай, жұмбағын аша алмай жүрміз? Себебі, Абай әрқашан да жаңалық. Әркім үшін жаңалық. Рухтық ақындар болады: Гете, Пушкин сияқты. Бұлардың талғам құпиялары ашылмайды, адамзатпен бірге мәңгі жұмбақ, мәңгі жаңалық күйінде жасай береді. Лермонтов, Есенин, Мағжан, Мұқағали сияқты ақындарды қайталап оқып, көркемдік ойлау жүйесін бір желіге түсіруге болады. Әрине, әркім өзінше тамсанып, өзінше ой түйеді. Бірақ зерттеушілік қабілет-таланты бар адам арқылы жалпы адамзат баласының ақыл-ойына өз сырын ашады. Ал, Абайды түсінесің, бірақ, әр оқыған сайын әр түрлі әсер ететінінің сырын аша алмайсың, жұмбағын шеше алмайсың. Мен жиырма бес жыл бойы Абайды оқығандағы көңіл-күйім мен әсерімді қағазға түсіріп келем. Осыдан үш күн бұрын, жазғандарымды оқып шықтым. Бір өлең туралы әр кезде жазылған пікірлер мен ойлар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бір-бірін толықтырып, қаттап, өсіп отырады, ойыңды мүлде басқа жаққа жетелеп отырады. Алғашқы жазылған әсерден бастап оқып шыққанда, уақыт өткен сайын, жас ұлғайған сайын ойыңды тереңге, шыңырауға тарта беретіні байқалады. Абайды танып болмағандай, білмейтіндей көріне беретініміз содан – түпсіз тереңдігінен.

Тұрсын Жұртбай,
жазушы, алаштанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір