Шәкәрім мұрасы насихатталды
04.05.2018
1269
0

Алматы қаласындағы
Ш.Құдайбердіұлы атындағы
№190 жалпы білім беретін мектеп ұжымы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толу мерейтойын және білім ордасының 60 жылдық мерекесін атап өтті.

Алматы қалалық білім басқармасының ұйым­дастыруымен өткен «Шәкәрім оқулары» байқауына 5-11 сынып оқушылары қатысты. Шәкәрім шығар­машылығын насихаттау мақсатында ұйымдас­тырылған байқау Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында өтіп, оқушыларды Шәкәрім шығармашылығына, ақынның рухани әлеміне жақындата түсуге септігін тигізді. Жазушылар, ғалымдар және педагогтар құрамына кірген қазылар алқасы төрт номинация бойынша бақ сынаған оқушылар жұмысына баға берді.
Көркемсөз оқушылардың «Адамдық бо­рышың» байқауы бойынша Алатау ауда­нындағы №180 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Аружан Абсаттар бас жүлдені иеленді. Шәкәрім Құдайбердіұлының жетпістен аса өлеңі мен «Қалқаман-Мамыр» поэмасын жатқа білетін Аружан ақын өлеңдеріндегі адамгершілік, ізгілік, имандылық тақырыптары жанына жақын екенін айтады. Бостандық ауданына қарасты №190 мектептің оқушылары Шәкәрім шығар­ма­шылығы негізінде өнер көрсетіп, «Сахналық қойылым» номинациясының жүлдесін жеңіп алды. Ғылыми жобаларды қорғау мақсатында ұйымдастырылған «Зерделеу жобасы» номина­циясының бас жүлдесі Түркібіс ауданына қарасты №49 мектептің оқушысы Фариза Тұрғанбекке бұйырды. «Иллюстрациялық суреттер» номина­циясында Жетісу ауданының №137 мектебінің оқушысы Инабат Аюбекова жүлдегер атанды. Аталған іс-шараға Семей қаласындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның мектеп оқушылары, ұстаздары арнайы келіп, Алматы қаласындағы Шәкәрім атын иеленген мектеп оқушылары және ұстаздарымен білім, өлең, өнер жарысына қатысты.
Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №190 мектеп директоры Сәбилә Мырзашқызы аталған байқаудың қала аясынан шығып, республика көлемінде ұйымдастырылуы үшін ұжым тарапынан және қалалық білім басқармасы тарапынан алғашқы қадамдар жасалып жатқанын айтады. Аралас мектеп ұжымы мен оқушылары Шәкәрім қажының кемінде оншақты өлеңін жатқа айта алуы – мектеп ұстанған қағидалардың негізгісі екен. Сәбилә Мырзашқызы Шәкәрім шығарма­шы­лығын насихаттау ақын атын иеленген білім ордасының ең негізгі мақсаттарының бірі екенін тілге тиек етіп, болашақта ақын мұраларын кеңінен таныстыру мақсатында Шәкәрім қажының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер ғылыми-танымдық байқаулар мен кездесулер ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Белгілі жазушы Айжарық Сәдібекұлы, ақын Әділғазы Қайырбеков, фольклортанушы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіп, Алматы қаласы Білім басқарма­сы­ның орта білім бөлімінің бас маманы Қарлығаш Әбдіманапова, Алматы қалалық әдістемелік кабинетінің әдіскері Карима Мадалимова, Семей қаласынан арнайы келген ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Абадилова, марапаттау рәсімінде сөз алып, Шәкәрім мұрасын насихаттау мен оқыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Байқауға қатысқан барлық оқушылар арнайы жүлдемен марапатталып, оқушыларды байқауға даярлаған ұстаздар қауымы да алғыс хаттар алды.

Шырын Сарымбетова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір