Шығармашылығы шыңдалған ақын
15.06.2018
1424
0

ТҮРКСОЙ аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақ Ұлттық аграрлық университет жанындағы «О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» бірлесе отырып, қазақтың көрнекті ақыны, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақыт Үлімжіұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру және Ақыт Үлімжіұлының шығармашылық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.


Конференцияға Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов, Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жа­нындағы «О.Сүлейменов атындағы Әлеу­мет­тік-гуманитарлық білім беру және тәрбие инс­титуты» «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерт­теулер орталығының директоры, т.ғ.д., про­фессор Ханкелді Әбжанов, ф.ғ.д., про­фес­сор Айгүл Ісмақова, ф.ғ.д., профессор Бақыт­жан Әзібаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.к., Анарбай Бұлдыбай, Л.Гу­­милев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафед­ра­сының аға оқытушысы, ақын Дәу­лет­керей Кәпұлы т.б., қатысты.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан кіріспе сөзінде: «Ақыт Үлім­жіұлы Қытайдағы қазақ жазба әдебие­тінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ақын, ағар­тушы. XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр ба­сында Қытайдың Шыңжаң өңірінде өмір сүрген Ақыт Үлімжіұлы көптеген жылдар бойы өзінің тарихи Отаны – Қазақстанға онша таныла қоймаған тұлға. Еліміз егемендік алғаннан кейін шетелдердегі отандастарымыз арасынан шық­қан көрнекті тұлғалардың есімдері еліміз­ге белгілі бола бастады. Солардың арасында Ақыт Үлімжіұлының шығармалары жан-жақ­ты зерделенуде. Ақыт қажының шығармашы­лық болмысын ең алдымен оның Абаймен ру­ха­ни сабақтас­тығынан іздейміз», – деп, ақын­ның өмірі мен шығармашылығына тоқта­лып өтті.
Жазушы Қаб­деш Жұмаділов: «Ақыт ақын туралы ерте­ден, бала кезден естігенбіз. Кейінгі кезде оның шығармаларына тереңдей үңіліп, зерттеп жа­тыр­мын. Менің қызмет бабым да солай бол­ды. Жазушылар одағында қазір неше түрлі кеңес­тер ашылған. Проза, поэзия, драматур­гия, аударма кеңестері. Соның бірі – шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі. «Жасы үлкені сен ғой» деп мені соған төраға сайлап қойған. Со­ны­мен, шетелдегі қазақ әдебиеті біздің қыз­ме­тіміздің күн тәртібінде бар. Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарын­дағы қа­зақтың сол жақтағы әдебиетінің негізін сал­ған үш алып классик бар. Үш ұлы қаламгер бар. Соның біреуі – Ақыт қажы, екіншісі – Таң­жарық, үшіншісі – Қажығұмар Шабданұлы. Осы үш қаламгердің мүшелтойларын атап өту, на­сихаттау біздің кеңеске жүктелген міндеттер­дің бірі. Биыл Ақыттың туғанына 150 жыл толып отыр. Жазушылар одағында осыған бай­ла­нысты үлкен бір жиналыс өтпек. Ақыт­тың таңдамалы жинағын шығару ойымызда бар», – деді.
Ақын Бауыр­жан Жақып: «Бүгінгі өтіп жатқан шара ерекше шара. Шын мәнінде, Ақыт қажы Үлім­жіұлының есімін әлі де Қазақстандағы жалпы қауымға насихаттап, жеткізе алмай келеміз. Шығармашылығының зерттелуін, насихатталу жағын қарайтын болсақ, негізінен Монғо­лия­да, Шыңжаңда, Түркияда шыққан, зерттелген кітаптары бар. Осы уақытқа шейін қазақ жерін­де ол кісінің өзінің шығармалары тиісті дең­гейде әлі жарық көрмей жатыр. Бұл бізге үлкен сын. Қазір, міне, ТҮРКСОЙ қосылып, бірге өткізіп жатқандығы Ақыт шығарма­шы­лы­ғының құндылығын, сонымен бірге, оның сырт­тағы қазақтардың ішіндегі ең ұлы тұл­ғалардың бірі болғандығын дәлелдейді», – деп, ақынның шығармашылық, тұлғалық болмы­сы­на тоқталды.
Конференция барысында ТҮРКСОЙ ха­лықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің арнайы құттықтау хаты оқылды.
Сондай-ақ, т.ғ.д., профессор Ханкелді Әб­жанов Ақыт Үлімжіұлының ақындығының бүгінгі күнмен тарихи сабақтастығын сөз етсе, профессор Айгүл Ісмақова алаш ақынының шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Ал М.О.Әуезов атындағы Театр және кино бөлі­мі­нің меңгерушісі Аманкелді Мұқан Ақыт Үлім­жіұлы шығармашылығы негізінде жазыл­ған «Шолақ қол келіншек» пьесасының тағы­лым­дық мәнін айтса, философия ғылы­мының докторы Бақытжан Сатершинов Ақыт өлеңдеріндегі діни мәселелер төңірегінде сөз өрбітті. Белгілі аудармашы Уақап Қыдырхан­ұлы да Ақыт шығармаларына тоқталып, ақын­ның Абаймен байланысын сөз етті.
Сонымен қатар, конференция барысында Ақыт қажы шығармашылығына байланысты елі­міздегі және шетелдегі басқа да бірқатар ға­лым­дар баяндамалар және бейнебаяндамалар жасады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір