Қуаты күшті нұрлы сөз
25.08.2015
1475
0

Екертк3шКейінгі ұрпаққа тәмам сырын айтып кеткен ақынның рухани дидарын ұзақ тамашалаймыз. Әр өлеңі, әр сөзі «тартқан бейнет, өткен жасқа» «қарыздар» екенін мизандау үшін де сол межеге шақ таным керек екенін ұғынасыз. «Мен мақтанға құл емес» деген сөзін ұмытпауға тырысып, хәкім әлеміне үңілгіміз келсе де, толық түсіне алмай, болмысы бөлек жаратылыс екеніне тамсануға ғана жараймыз. 

Тоғыз жасында қатты ауырып, үсті білеу-білеу болып қызарып кеткенде: «Абайжанның бар қуаты ішінде еді. Енді сыртына шығыпты. Ешкімге көрсетпеңдер» деген әке нені білді екен?..

«Мен туғанда дүние қызылды-жасылды еді. Сол не?» деп сұрағанда: «Япырай, сол күні жүн бояп едік. Сенің көзіңе түскен сол шығар» деп таңырқаған ана қандай сезім кешті екен?..

«Данышпандар ұқсас» дейді. Акира Курасава өзінің алты айлығында анасы қалай жуындырғанын айтып беріпті деседі. Осыны естігенде жаңағы Абай туралы сөз аңыз емес, ақиқат деп өзіңді иландырасың.
Бізге мұра болып қалған екі томдықты парақтаған сайын Абай ақылы тереңдеп, түбіне жеткізбеді. Әр өлеңін тауысқан сайын, сіңіре алмағаныңды сезесің. Қайта бас қоясың. Екі кітап оқылған сайын – таусылмайды. Күллі қазақтан басы артық туған дана: «жүрегімді байқасам…» дегенде өз бойыңа зер саласың. Абайдың міні тау тасынан көп болса, оның сынаған, түзеуге талпынған қазағы қандай болды екен дерсіз. Абай – тез. Қазақ – қасындағы қисық ағаш сияқты. Абайдың қуатына шыдамай, морт сынады. Сондықтан да тезге түспейді. Баяғы қалпын өзгертпейді.

Ақын өлеңдері туралы түсініктерді оқып отырып, өмірге қатыссыз бір өлеңін таппайсыз. Өзі шексіз сүйетін, әділ, сынайтын «қалың елі» данышпан жүрегін қанша езгілесе де, жек көрмейді. Оның жек көретіні – ғылымға көңілсіз, сатқын, арам, пайдакүнем, дүниеқоңыз мінезі, ар сүймейтін қылығы.
Абай ғақлиясы қазақ маңдайына бұйырғаннан бері ел тізгінін ұстаған азаматтар халқын Абай тағылымымен түзеп келеді. Үлгі қылары, жүгінері, алға тартары – Абай. Сөзінің байламы – Абай. Қалыптасып, жоғалған мәдениетін, тілін, дінін, ділін Абайдан іздейді. Ол – «адам тіктеп қарай алмайтын күннің көзі».

Әр қазақтың кеудесіне Абай сәулесі түскей!

Бағашар Тұрсынбайұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір