Жастар газетінің Баянжаны
15.06.2018
1288
0

Қазақтың «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткенімізді саралап, тарихтан сабақ алуға тырысып жатқанымыз да сондықтан болар. «Дүние – үлкен көл,замана – соққан жел» деп Абай атамыз айтпақшы, қоғамдық – саяси тарихымыздың замана желінің ағымына қарай бұрмалануы тосын жәйт емес. Тіршіліктің қай саласын да саясатпен байланыстыруға тырысқан кешегі Кеңес үкіметінің тұсында біздің де басқа ұлттар секілді Орталыққа қарап жәутеңдегеніміз рас. Идеологияның басты құралы – бұқаралық ақпарат құралының жетім баланың кебін кигені де шындық.


Көрнекті жазушымыз Шерхан Мұртазаның: «Сондағы «Лениншіл жас» нені жазды? Әрине, ол пар­тия­­ның қолбаласы еді. Хрущевтің «жы­лы­мығы» болса да, «ұзын арқан, кең тұсау» ғана әрі еркін кете ал­майсың. Оның үстіне Хрущевтің құлаш-құлаш баяндамаларынан газет беті босамайды, көлемі де аз. Аға газет «Социалистік Қазақстан» жариялаған Хрущев «шедеврлерін» біз де басамыз… Ара-арасында жас­тарды «коммунистік рухта тәр­бие­лейтін нұсқаулы материалдар жа­рық көреді», – деген сөздері есі­мізде.
Дегенмен, қылышынан қан та­мып тұрған саясаттың қазанында қайнаған талай журналист, жазушы қауымы шыңдалып шықты. «Мен «Лениншіл жастың» табалдырығын аттағанда редакторымыз Абай Бей­сен­баев екен. Мені танып-білмесе де жұмысқа бірден қабылдады. Өйт­кені маған кепілдік берген осы газет­тің сол кездегі ығай мен сығай­лары: Әбдісаттар Бөлдекбаев, Хай­долла Тілемісов, Баянжан Мәдиев, Тельман Жанұзақов, Сейдахмет Бердіқұловтар еді», – деп еске ала­ды тағы да Шер-ағаң. Біз әңгіме еткелі отырған адам да «Лениншіл жастың» журналистік мектебінен түлеп ұшқан журналист, тамаша аудармашы Баянжан Мәдиев жөнінде болмақ. Серік Әбдірайым­ұлы айтып кеткендей: «Жиырма­сыншы ғасырдың елуінші жылдары қазақ әдебиеті мен журналисти­касына жаңа, жас толқын келіп қосылады. Олар өртеңге өскен гүлдер еді. Олар – қазақтың қабыр­ғасын қақыратып кеткен ашар­шылықта туып: оқы­ғаны мен тоқығаны мол ел серкеле­рін қуғын-сүргінге салып, ит жек­кенге айдаған зар заманды көзімен көріп: Ұлы Отан соғысы деп аталған әрбір отбасына қайғы мен қасірет әкелген қаралы жылдарда қарша­дайы­нан қара жұмысқа араласып, өмірдің ащысын ерте татқан Кәкім­жан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Баян­жан Мәдиев, Ұзақ Бағаев, Мұ­қан Мамажанов, Хайдолла Тілемісов, Тельман Жанұзақов, Бек­мырза Баймаханов, Бекежан Тіле­генов, Шерхан Мұртаза, Сей­дахмет Бердіқұлов және басқа да азаматтар еді».
Баянжан Мәдиев 1928 жылы 4 мау­сымда Шығыс Қазақстан об­лы­сы, Ұлан ауданы, «Тегісшіл» кол­хозы­ның шаруа отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Мәди Арғын­бекұлы және анасы Аяулы Смайыл­қызы Ұлан ауданы Ники­тинка ауы­лында шаруашылық қызметін атқарған, еңбекқор жандар болған. Балалық шағында әкесінен ерте айырылып, ағасы Бәкібай екеуі аяу­лы анасының қамқорлығымен өсіп, жетіледі. Өркендеу кезінде олар көп қиындықтарға кездесті, алайда ел қатарына қосылып, өздерінің жолдарын дұрыс таңдай білген.
Баянжан аға туған жеріндегі Жамбыл атындағы орта мектебінің 9- сыныбын бітіргеннен кейін, 1946 жылы С.М. Киров (қазіргі әл-Фа­ра­би) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетіне түседі. Ол 1951 жылы университетті ойдағыдай біті­ріп, сол жылдан бастап «Ленин­шіл жас» (қазіргі «Жас алаш») рес­пу­бликалық жастар газетінде алғаш­қы кезде әдеби қызметкер, кейін­нен комсомол тұрмысы бөлі­мінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сол жылдардың арасында, дәлірек айтқанда, 1949 жылы үйле­ніп, балалы-шағалы болады. Таби­ға­тында адал, күш-қуаты мол, ақыл-ойы кемел, өте бауырмал, бала­жанды адам болған.
1955-1956 жылдары ЛКЖО Орталық Комитеті жанындағы Ор­талық комсомол мектебінде оқыды, оны бітіргеннен кейін бұрын қыз­мет еткен «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болды. 1958-1962 жылдары журналистика саласын­дағы қажырлы еңбегімен, жоғары білімімен танымал болып, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанын­дағы радио хабарын тарату және теледидар жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің бас редакторы, 1962 жылдан республикалық «Қазақстан коммунисі» журналында үгіт бөлі­мі­нің меңгерушісі және редколле­гия мүшесі болып істеді. Сонымен бірге С.М.Киров (қазір әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде ұстаздық жұмыспен шұғылданды. 1968 жылы Тал­ды­қорған облысының бөлінуіне орай, облыстық «Октябрь туы» газе­тінің Бас редакторы қызметіне таға­йындалды.
Баянжан Мәдиевтің 1951-1968 ж.ж. аралығындағы мерзімді ба­сы­лым­дарда жариялаған материал­дары, «Отты жүректер», «Өрендер», «Бұқараның творчестволық баста­масы» атты жинақтары мен ау­дар­ма­лары жарық көрген. Сонымен бір­ге Баянжан Мәдиевтің аударма саласындағы еңбектері де зерттеуге тұрарлық, өз алдында бір төбе дү­ние екендігін айтуымыз қажет. Атап айтар болсақ, Баянжан Мәдиев француз классигі Анри Барбюстің «От» романын (1956 ж.), венгр жазу­шы­сы Шандор Надьтің «Біті­су» по­ве­сін, қытай жазушысы Ма Фыньнің «Хан Мэй-мэй» (1956 ж.) әңгімесін, жапонның демократ жа­зу­шысы Такакура Тэрудың «Шошқа жыры», (1961 ж.) атты шығармасын, неміс жазушысы Анна Зегерстің «Ал­ғашқы адымын» тамаша аударған аудармашы. Ол көптеген радиоинсценировкалар мен әр түрлі тақырыптарға арналған ма­қала­лардың авторы. Сонымен бірге ол СССР Журналистер одағының мүшесі болды. Баспасөзде атқарған белсенді қызметі үшін ол «Тың жер­лерді игергені үшін» медалімен, Қа­зақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет грамотасымен, БЛҚЖО Орталық Комитеті мен Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің гра­моталарымен марапатталған.
Дарынды журналист, талантты аудармашы, жазушы, үлкенге іні, кі­шіге аға, кішіпейіл, сезімтал, сер­гек жан, құрметті әке, сүйікті жар – Баянжан Мәдиев 1968 жылы 23 тамызда өмірден мезгілсіз озды. «Осынау ұзын бойлы, ашаң жүзді, аққұба, жайдары жігітті қа­лам­гер қауымның көпшілігі-ақ жақ­сы білуші еді. Ол жатта да жат­тығы жоқ, адамға адал, жора-жо­л­дастарына қайырымды, досқа де­генде «етінен ет кесіп беруге дайын» тұратын азамат болатын. Бар­шы­лыққа да, жоқшылыққа да тарыл­май­тын, налымайтын. Болдым, толдым деп тасымайтын, кемшілік­ке жасымайтын шынайы дос-ты».
Бұл өзі дүниеден озғаннан кейін­гі жарық көрген «Өрендер» ат­ты жинағына енген алғысөз бола­тын. Шынында, «Құдайға да жақсы адам керек» деген сөз қате айтыл­маса керек. Қырық жас ер азамат үшін қылшылдаған қыршын жас ем­ес пе, әйтпесе?! Қаламгердің до­сы Рахметолла Ыдырысов кейінірек былай деп еске алады: «Абзал до­сымды әрдайым есіме алсам, қан майданда қыршын жасында опат болған журналист Баубек Бұлқы­шевтің мына сөзі ойыма оралады. «Адам туады, адам өледі. Мұнда тұр­ған қайғы не? Бұл жаратылыс заңы. Біздің шығыс елдері «адам дүниеге келген қонақ, дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бер­мейді, олар артына ой қал­дыра­ды. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады».Тағдыр сыйлаған аз ғана ғұмырына уақыт­тың, саясаттың нұсқауымен әртүрлі оперативті қызметтерде жүрсе де Баянжан Мәдиев өзінің журналист ретіндегі парызын, міндетін ұмыт­қан жоқ. Журналистиканың барлық жанрына қалам тартқан ол мұрасыз емес. Оның очерк, мақала, әңгіме, новелла, фельетон, репортаж, ра­дио­инс­ценировкалары қаншама?! Ал, шетел жазушыларын қазақша сайратқан тамаша аудармаларының өзі бір төбе деуге тұрарлық. Баян­жан Мәдиевтің қолтаңбасын әсіре­се, тынбай, үзбей қызмет атқарған 1951-1956- жылдардағы «Лениншіл жас» газетінің әрбір санынан табуға бола­ды десек артық айтқандық бол­мас. Баянжан Мәдиев «Лениншіл жаста», жүрген кезінде бір жылдары газеттің Оралдағы, бірде Алматы облысындағы тілшісі ретінде ма­қа­лалар жазыпты. Газет редакциясын белгілі бір облыспен, өлке немесе ауданмен байланыстырып отыра­тын мұндай жауапты әрі қиын істің басына басшылықтың сенімді журналистері ғана жіберілген.
Мәселен газеттің Алматы облы­сын­дағы арнаулы тілшісі ретінде «Өр­кендеу жолында», «Шолпан сөзі», «Аудандық комитет жастар­дың саяси оқуына жеткілікті бас­шы­лық етпейді», «Принципсіздік пен жауапсыздық неге әкеліп соқ­ты», «Жалаң басшылықтан әлі арылмаған». Сондай-ақ, Талдықор­ған, Семей, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл облыстарынан жазған мақалалары да көп. Баянжан Мә­диев­тің шығармашылығындағы бірнеше мақалалар циклі өзі туып-өскен Алтай өңірінен жазылған ек­ен. «Өлке мақтанышы», «Құлын­ды даласында», «Завод комсомол ұйымы жастар бұқарасынан қол үзген», «Мың тоннашылар брига­дасы», «Жас құрылысшылар», «Ақ­суақ» атты мақалаларының бар­лығы «Алтайдан хат» циклымен жарияланған. Сонымен қатар, жур­налист Баянжан Мәдиевтің Қырғызстан, Петербург жерлерінен жазған тамаша очерк, мақалалары да кездеседі.
Алла Тағала Баянжан ағамызға тамаша талант беріп, ғұмырын қысқа қылыпты. Журналистік қа­біле­ті зор, алғыр, ақпейіл, үлкенге кішіпейіл, кішіге қамқор, дарынды аудармашы Баянжан Мәдиев ердің жасы қырықтан енді аса берген шағында дүниеден озады.
Баяғыда Құлыншақ ақын:
Адамзат келер-кетер, жүзге келер.
Кісіні үйде өлген түзде көмер.
Құдая, иманымды салауат қыл
Кім бар дейсің, дұға оқып іздеп келер, – деген екен. Аз болса да, саналы ғұмыр кешіп, халқына аянбай қыз­мет еткен азамат Баянжан Мәдиев­тің артында ұрпағы қалды. Жұбайы Бүбіш Бектұрсынқызы марқұмның шаңырағының отын өшірмей, ба­ла­­ларын жетілдіріп, оқытып, азамат қатарына қосты.Қырық жылдан астам өмірін ұрпақ тәрбиесіне ар­наған, ұстаздық қызмет атқарған Бүбіш апай осыдан 3 жыл бұрын дүние салды.
Тұңғыш ұлы – Қасымжан «Қа­зақ­стан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құр­мет­ті атағының иегері. Екінші ұлы – Асылжанның мамандығы – инженер-энергетик. Үлкен қызы – Гүлнәр Алматы қаласындағы №168-мектепте оқу ісінің мең­геру­ші­сі болып қызмет атқарады. Гүл­мира ғылым докторы, профессор, филология факультетінде кафедра меңгерушісі. Әлия болса Алматы­дағы 63-мектептің ардақты мұға­лімі. Кенже қызы Ғалия да ҚазҰУ-дың дене шынықтыру пәнінен дә­ріс беріп жүр. Немерелерінің ал­ды жоғарғы оқу орындарында оқиды. Міне «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген осы болса керек. Дүниеден ерте озса да, аз ғана ғұмы­рында талай дүние жазып қал­дыр­ған танымал журналист, білікті ау­дар­машы Баянжан Мәдиев биыл 90 жасқа толар еді. «Орнында бар оңа­лар» дегендей, Баянжан ағаның хат­қа жазған сөзі өшпейді, өшір­мейтін өсіп-өнген ұрпағы және бар.

Бауыржан ЖАҚЫП,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір