«Төңкерістегі» төбелес

0
101 қаралды

 

 

 

Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ.


(әңгіме)

Шыбын шөлдейтін шілде. Тізе сындырып, белеңдерді көзімен тінтіп шығып, құбылаға жүзін бұрды. Айналасына қоңыр көлеңке қонып, тұнжыраған мұңды әдіптен құтылар емес. Күнделікті басыбайлы орны. –
– Е, Құдайым қуат бер, – деді сонан соң дауысы қырылдап. Шитөбенің күжірейген құздары мен аңғар-аңғар сайлары қарт­тың үнін ұзартып салып тынды. Жүндес қабағының түктерінің дені ағарып, бір уыс бетін көмген әжімдері құртша жыбырлап, арлан тазыдай арбиған сүйекті қарт кәрі сиырдың қылша саға­ғындай қырс-қырс мойнын ары-бері қозғап, жауырыны бүлкіл­деп, жымпыс қонып ұшты.
Қонжықша қорбаңдаған бала алқына жетіп, арқақабын жүре шешіп, мұрны шулап, қарттың қарсы алдына тізерлей шөкті де: Ата, ата, бар ғой, Байболсынды сабап тастапты. Өзі кінәлі. Арақ ішіп алыпты. Бәлемге сол керек. Мен болсам да сөйтер ем, – деді жаңалығын жеткізіп.
– Тәйт, – деді Нұраш қарт зікіп. Дауысы тас тиген темірдей шың етті.
– Байболсын дейсің бе?
– Иә, дәл соның өзі.
– Әлгі Шаймұрат шалдың күйеу баласы емес пе? Жауап ор­­нына бала мұрнын тартып қойып, басын изеді.
– Ал сабаған кім?
– Ата-ау, жаңа ғана Ораз­бай атаның шөбересі деп айттым ғой.
– Не дейді? Өтірігіңе береке берсін.Өйтіп сен мені алдама. Кім екенін айтпадың ғой. Бала сәл уақыт үнсіз қалды да, қартқа бұрылды.
– Ата, ата солай екен ғой. Мен қателесіппін.
– Ә, солай ма? Мұрныңды ұрайын.
– Әй, батыр! Түкірігім жүгір­мей қалды. Әжеңнің көжесінен құй, – деді қарт даудың бағытын бұ­рып. Бала да дайын отыр екен, көже құйылған шартар кесені ұсына берді. Қарт аузын толтыра ұрттап ішіп, көже дәнін қаужаң­дап салды. Кенет бала мырс етіп, күліп жіберді.
– Мазақтап отырсың ғой ме­ні. Әттең, сен мен сияқты қар­тай­ғанда терезеден тірлігіңді бір көрсем-ау. Пәлі, оттама, енді. Ана малдың басын жина. Анау тасөткелге бұр. Өздері де солай беттеді, – деді Нұраш қарт са­қалын алқымына тастап жіберіп, «бисмилласын» әлденеше рет қайталап.
Нұраш қарттың жүзі күрең тартып, қозғалақтап күбірлеге­нін өзі де сезер емес.
– Е, қайран дүние-ай! Зама­ным­ның төбелеспей-ақ бәтуаға келмес пе еді.
Дүние не боп барады өзі. Бұл сұмдық қой. Сонау соғыстан кейін әлгі көтен құрт бригадир­дің қоңқаңдатқан қамшысын да көрдік. Сатқынбайдың кірпіш көтерткеніне де шыдап ек. Өй, оң­бағандар-ай. Осы күнгінің жер басқаны тиісуге қара таппай жүреді. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қазақтың бала­сы бір-біріне қол көтереді. Қарт басын шайқай-шайқай ойдың жетегіне түсіп кеткенін се­зер емес. Жүзі сан құбылып, дөңгелек сақалын жиі сауып, күңкілдеумен есі шықты.
…Өтіп бара жатқан уақыт… Сексенге де секіріп жеттік. Кө­ре­сіні көресің деген. Жанарына сіңіп қалған көрініс мен мұн­далап сала берді…
Иә, өткен де, кеткен де бір көкпар. Отыз үйлі «Төңкеріс» ауылындағы сол бір төбелес… Соғыстың біткен уақыты. Май­дан­нан қара қағаз алған көп күңіренген халық, қара жамыл­ған шаңырақ. Жаның жанатта болғыр, жарықтығым. Оразбай­дың үйі де солардың бірі. Тірсек пен тұяқтың арасындай жерді мекен еткен алтыншы ауыл. Басқармасы, бригадирі билікші. Төрт сыныптық бастауыш мек­тебі бар. Сатқынбай деген әйелі екеуі мұғалім. Екінші мен төр­тін­шіге күйеуі, бірінші мен үш­ін­ші сыныпқа әйелі ие. Болғаны отыздан сәл асқан оқушысы бар. Солардың төртеуінің ғана әкесі тірі. Соғыстан тірі оралған­дар­дың бірі ақсақал, екіншісі шо­лақ. Тұла бойы қырсық Сатқын­бай мұғалім сол отыз үштің түп-түгелін шешесінің атымен басқа жұрттың «овасын» қосып, «Бижамалова», «Сақышова», «Жарылқасынова…» деп атап тақтаға шығарып, сабақ сұр­а­й­ды. Мұғалімнен қорықпайтын нағыз «қаһарман» Оразбайдың ұлы Жылқыбай. Бірде ол:
– Аға­сы, менің фамилиям Ораз­баев қой аға. Әйел мен еркекті, күйеуі мен әйелін айыра алмайсыз ба? – деп қарсы тұр­ған. Жылқыбай мектептің ата­маны. Мұғалім саспады. Гәлепи шалбар, ұлы көсем Сталинше шәпке қоқай­тып киіп, беліне офицер белдік буын­ған мұғалім аузындағы на­сыбайын түкіріп тастап:
– Әй, бала-шаға! Түк түсін­бей­тін то­пастар. Білсеңдер сен­дер­дің ше­шелерің менің жеңге­лерім ем­ес пе, – деп сойған түл­кі­ше ыржиып, жырқ-жырқ күліп, Жылқыбайдың басынан тоқай алған. Балалар ду күлген. Күл­меске шара қайда? «Қара тізімге» ілінесің, айып тартасың. Заман­ның белсендіге құрық беріп, жығылған жұртты онан сайын жамсат деген уақыт қой.
Жылқыбай есікті бір теуіп, сыртқа шығып кетті. «Жала бар жерде, пәле бар» деген, айтқа­ным айтқан, одан сірә қайтпан деп Жылқыбай оқуды тастады. Мұрты тебіндеп, бізден үш-төрт жас үлкен еді ғой, ол шіркін…
Күндер өте Жылқыбай отыз үйлі ауылдың жан-жаққа бы­тыра­ған қылқұйрығын алдына салып, жылқышы атанып шыға келді. Атын ерттеп мініп, ары-бері ойқастайтын Жылқыбайдың пысықтығына басын шайқаған, үйірге биесін қосқан кәрі құртаң риза.
Оның жөні де бар. Ауылдың бар баласының назары Жылқы-байда. «Шу асаудың Жылқыбай-ды көргенде жуасып, дірілдеп тұрады. Мініп алып, шабады дерсің. Жылқы киесі бар. Есімін жылқыбай деп тауып қойған» деседі жұрт.
Нұраш қарт жылы жымиды. Сонау бір қырық тоғыздың жа­зын­да қарабұлт қаракөк аспанды тұмшалап, бауырынан әлсін-әлсін найзағай оты көзін қы­сып, жер дүниені гүрсілдей теңселтіп, осы таудың аңғар-аңғарлары мен қотыр-қотыр жартастарын жиі-жиі төпелеп, жуып, шайды емес пе?! Ай бойы тыным бер­мей, жаз­дың соңғы айында ғана жуа­сы­ған. «Көрші ауылдағы Омар молда ауру адамды оқып жатыр екен. Мына жауын сол адамның дем сал­ғаны», – деді білгішсіне қарттар, түге.
Ұмытпаса, дәл сол екі ортада ке­­ше түсте топ бала осы Шитө­беге қарай домалаған. Пай-пай, сол жылғы ши бой тартып, жа­қын­дап келгенше атан түйе кө­рінбейтіндей зорайып еді. Ба­рымтаға тал түсте қамданған ұры­лардай шидің көлеңкесін сағалап топ бала жақындап жет­ті. Күтпеген жаңалықты жет­кіз­ген Асарбек. Шағын ауылда кім­нің келіп, кімнің кетіп жат­қанын алақаныңа қарағандай. Тосын әрекет шет қалмайды. Бүгінгі жаңалық Жылқыбай мен Байтөренің төбелесі. Қартардың жиынының күн тәртібі де сол ту­ралы. Сот та, қаралаушы да, ақ­таушы да осында. Айтпақшы мұндайда Шитөбенің ертедегі тарихы да айтылмай қоймайды. «Мынау Шитөбе қазақтың бір батырының дулығасы екен. Оны ешкім көтере алмай, заман өте төбесіне ши мен жапырағы жайқалған емен ағашы өсіпті», – деген қарттар да баршылық еді.
Балалар еңбектеп кеп Шитө­бе­нің шилерін «қорған» етіп жа­та кеткен. Ауылдың ескікөз атаулысы тақияша дөңгелентіп, малдасын құра жайғасыпты.Қарт емен көлеңкесін сая етіп, әңгіме естірдей үстілерінен төне қалыпты. Шеңбердің төрінде қабасақал қарт отыр. Бұл төбе өрттен аман қалған бес-алты шалдың жүрекшайды әңгіме айтысып, шүңкілдесетін орны еді. Содан олар сонау кіші бе­сінге дейін қара тастай қатып, майданнан оралмағандарды еске алып, ашы мен ызасын жүрегі­нен өткізіп, жұдырығына жинап, енді бірі мойнына су кеткендей, кіндігіне қарап, кейде жауырыны бүлкілдеп, уақыт шіркінді жөнге салатын…
Қарттардың бәрі жаман көз­ді, қабағы салыңқы.
– Бұл дүниеде ақ та, қара да өмір кешеді. Қаңқылдата берсе, иттің күшігі де қабаған келмей ме?! Қоңыз тергізіп жіберу керек, ондайларға, – деді күдіс мойын бригадир Елдес жиын­ның аң­дасын алдын ала сездіріп. Қа­ба­сақал еңкейген басын көтеріп алса да, үндемеді.
– Енді кімді күтіп отырмыз? – деді Әуес жан-жағына жал­тақ­тай көз тастап. Қабасақал бәрін байқап үлгеріпті.
– Әй, можан топайлар, қане, бері шығыңдар. Ши құшақтап онысы несі ей?.. Шиебөрідей жор­ғалап жетуін, түге, – деді орны­нан қозғалақтап.
– Олар бізді байқап қалған ба? – деген Асарбек сыбыр етіп. Сөйткенше Әуес қарт қосам­жарласа кетті.
– Әй, көкөрім, түге! – Шы­ғыңдар бері! Сендерге көрінің­дер деді ғой…
Елдес бригадир де орынан көтеріле беріп, қабасақалдың түгі тікірейген жүзінен ызғып, қисая кетті.
Бала атаулы су бетінен басы көрінер балықтай әр тұстан қара көрсетті.
– Жайғасыңдар!
– Ағаларыңның «ерлігін» естіңдер!
– Әй, сәлем қайда? Жылы сөзге аса сеніңкіремеген балалар жағалай отырғандарға қол ұсынып, сәлем беріп, әркім өз жақынына тартып, егделердің арасына сіңіп кетісті.
– Әлгі «ит жоқта, шошқа үр­гіз­гендерді әкеліңдер», – деді қа­­басақал. Жер астынан шық­қандай гүр етіп.
Сөйткенше сонадайдағы қа­лың шидің тұсы жел соққандай қозғалып, тасасынан сүріне басқан Жылқыбай мен Байтөре көрінді. Соңдарында еңгезердей қос жігіт – Көке мен Алпысбай. Жынын алған бақсыдай төбелес­кіштер де моп-момақан. Жоққа көнген, барды көтерген кейіп, Жылқыбайдың көзінің маңайы көкпеңбек. Айдарынан жел ес­кен жылқышы жігіттей емес, са­лы суға кеткен балық­шыдай, керенау қозғалады. Артында Байтөре. Ұзын белі қайқаң-қай­қаң етіп, басын кіндігіне сап, жанары тайғанақтап, айнала отыр­ғандарға ұрлана көз тастай­ды. Оның да екі езуі кебістей со­зылып, қара мұртының жебесі ті­кірейіп салыпты. Тілін жұтқан­дай.
Ортаға жете бере екеуін шом­бал қара Көка тоқтатты да, «әміріңіз­ге құлдық, тапсыр­ма­ңыз орындалды» дегендей қаба­са­қалға қарады. Мына көптің соңы не болар екен деп балалар да, қарттар да ішін тартты.
Қабасақал Қасым қолындағы қамшысын жұртқа көрсете ал­ды­на тастап, маңайын бір шо­лып өтті.
– Ау, ағайын-туыс, жекжат-жұрағат! Ауылдың ақыл­гөй қа­рия­лары! Зұлым соғысты жолы­на салдық. Қайғы-қа­сірет­ті, уа­йым-шерді бастан өткеріп жатырмыз. Енді міне, ойда-жоқ­та бұрқ еткен өрттей лапылдаған адам естімес тірлікке тап болдық, – де­ді қабасақал үні қарлыға шығып.
– Құр сөзден қуырдақ қуыр­май, жөн сөзге келейік. Терімді созғылап, кәрі қойдың жасындай тірлік қалғанда, мынау не көкіп тұр деп жазғырғандарыңды қа­ла­маймын.
– О, не дегеніңіз, – деп қарт­тар шу етті. – Олай десеңдер, әкесі Оразбайдан қалған жалғыз тұяқ Жылқыбай мен осы ауыл­дың күйеуі Байтөре ауылы­мызда болмаған сұмдықты бастады. Жағыпар бабамыздың тұқым-тұяғы ел бірлігін ойрандап, басқа жұртқа қарайтын бет қалдыр­мады. Анау Петька мен Кришка – орыс, Яндамиди, Пуризди – грек, Янгулбиев, Садуовтар – шешен, жат жұрт адамдары, ауып келгендер не дейді. Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман. «Сүйек­ке таңба салып, өсекке қа­лар жазығымыз қайсы? Жа­ғыпардың арасынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демесіне кім біліпті? – Қарт екпіндеп барып тоқтады.
– Қабасақал ашына сөйле­генде сақалы селкілдеп, мұрты­ның жебесіне дейін жыбырлап кетеді екен.
– Ау, ақсақалым! Сөз сөй­ленді, жұдырық жұмсалды. Бет көнектей, ауыз жырық. «Көрме­генге көсеу таң» дегендей тірлік екені даусыз. Бет іссе басылар, ауыз жырылса қалпына келер, – деді Мамырбек қарт басу айтып.
– Әй, Мамыр! Сабырдың жемісі тәтті болғанмен, сабағы ащы демей ме? – деп килікті Әуес қария.
– Әй, дауды тоқтатыңдар, түге. Баланың ісі, бақсының жыны емес, бұл төбелес. Шаруа­ның шеті алысқа сілтейді. «Әкең­­нің өлгенін жасырғаны­мен, көмерде қайтерсің» демей ме, бұл қазақ. Қазанның құла­ғына таласқан күндес қатындай ұрты­мыз толып, бұртиысқанның жөні жоқ. Өздерінен сұрайық, айып­кер­­лердің, – деді қаба са­қал сөзді көбейтпеуге бұрып.
– Ау, ақсақалдар! Бетіңе келер ұятты малдану кемшін тіршілік. Асықтың алшы түсуі иіруіне байланысты. Зәкөн бар. НГБД-іге хабарлау керек. Кел­сін де қара мәшинесімен алып кетсін, – деді Елдес бригадир.
– Әй, брігәдірсымақ! Шегірт­кенің айғырындай шырылдама! Сеніңше мына отырған біздің ақылымыз ауысып кетті ме? Біз кімбіз, сонда? Әдейі біліп істеп отырған жоқпыз, – деді қаба­сақал көздері шатынап, иегі селкілдеп.
– Анау бөтен ел, бөгде жерде сүйегі қалған әкелерінің аруа­ғына не дейміз? Балаларын қанат­тыға қақтырып, тұмсық­тыға шоқытыртып отырамыз ба? Аманатын қайтеміз? Қолыңнан келсе, мені апарып қамат Іңкі­біңе. Ұстап тұрған аспаның болса, тастап жібер. Ешкімге мысқал аянышы жоқ, пенде…
Жұрт тына қалды.
– Аз айтып-сұйылтатын, көп сөйлеп, қоюлататын ештеңе қал­маған сияқты. Қасеке, ашуың­­ды басып, тізгінді қолы­ңызға алы­ңыз, – деді Ботай қарт тілге кеп, басу айтып.
– Бұл екі ортада тілін тістеген бригадир, құйрығын бұтына қысқан күшіктей, мінісіне мініп, қалың шиге сіңіп, жоғалған.
– Ойпыр-ау, әлгі неменің бұл екеуіне қасқырша қарауына не жорық? – деді Әуес күңк етіп.
– Шіркіннің пысығын…
– Жала жабудың, пәле ­салу­дың сан түрін білгішін пәт­шағардың, – деді Ботай.
– Белбеуін көкірегіне таман буынып, адамси қалыпты…
– Жә, – деді қабасақал қарт қасын кере оң қолын жоғары көтеріп.
– Мыналарды тыңдайық. Қарт­тар құнжыңдап, жүздері жы­­бырлап, ортадағы екеуіне бұрылды.
– Қолдарын шешіңдер…
– Қамшымен сабайсың­дар ­ма? – деді ойда-жоқта тілге кел­ген Жылқыбай.
– Ұрлық жасап па едіңдер? – деді жата жабысқан Әуес.
– Е, жоқ, – деді Жылқыбай. Әлгінде түйнек болған жылқы­дай тыпырлаған Жылқыбайдың жүзіне қан жүгірді де, Байтөре тырс үндемеді. Піскен қазыдай жылтыраған жүзін кіндігіне бұрып, қалшиған күйі.
– Мынаның қылқұйрықты алдына салғаннан бері жонына жал өскен тегі, – деді Мамырбек қарт екі сөздің басын зорға құ­рап. Сөйтті де иығын қозғап, көр­шісіне ұмсына беріп, сыбыр етті.
– Әуес-ай, анау салт бас, сабау қамшылысы біздікі емес, Садырдың Шілтені…. «Кезбенің кезінен сақта» деген бар емес пе. Қасым қарт шала бүлінді.
– Әй, Мамыр пайғамбар жа­сына келгенше аузыңнан пә­туалы сөз шықпай ма? Жөніңе сөйлесең ішің кебе ме? Екеуі де осы ауылдың жігіті, қазағымның баласы. Сонда сен анау Садыр, мынау Жағыпар деп бөлін­бек­сің бе? Қашан қоясыңдар осыны, – деп дауыстап жіберді. Қа­ба­са­қалдың сөзін Әуес қарт жалғады. – Кеше соғыс шыққанда бәріміз туыс емес пе едік. Оңбайды, бұл қазақ қырық үйден төрт жігіт оралып келгені аз болып отыр ма, саған… Сол екен ғой, наға­шың­ды НГБД-ыңа айдатып жі­бергенің. Енді қанша бір ішкі­лі­гі­міз қалды, Мамыр-ау, деді Бо­тай. Қарттар тым-тырыс қал­ды. Қабасақал қолын көтерген.
– Әй, марқұм Оразбайдың тентегі! Қане сөйле! Жүзі қуа­рып, отты көздері өзіне төнген түсі суық жанның мысы басып, Жылқыбай төмен қарап:
– Мы­на Байтөре ғой. Жеңгең сұлу ек­ен деген, – деді екі сөздің басын кібіртіктеп зорға қосып.
– Не дейді, мына соққан, – деді Әуес.
– «Сұлуды кім сүймейді, қы­мызды кім ішпейді» деген ғой, – деді Ботай мырс етіп, сөзінен лағып.
– Аға өлсе, іні мұра, – деді сол көзінде бір түйір ағы бар Бекетбайдың әкесі көсемсіп. Жылқыбай ішін тырнап алған­дай, қабағын қарс түйіп, басын бұрып, екеуіне кектене қарап дүңк етті.
– Шыдамай кеттім, қорла­ға­нына. Қарттар соң­ғы ­сөй­леген Ботай мен Бекетбайдың әкесіне түйілді.
– Аңдамай сөйлеген, ауыр­май өледі.
– Баяғының пәтуасы есіне түсіп отырған шығар, бұларға…Сөйткенше:
– Қысқартың­дар қатын сөз­ді, – деген қабаса­қал­дың айқайы медеу болды ма:
– Әйгерім туған әпкемдей емес пе деді, Жылқыбай…
– Қабасақал Байтөреге бұ­рыл­ған.
– Ал сен сөйле, – деді қа­ба­ғын түйген күйі.
– Жақсы жігіт пе деп жүруші ем. Мына тірлігіңді қалай тү­сінеміз?
– Байтөре жанарын жерге тігіп сәл қозғалақтады да:
– Ақсақал, қариялар! Менің жайымды білесіздер ғой.., – деп сөз аяғын жұтып қойды.
– Иә, білмей отырған жоқ­пыз. Көршіміз, – деді Ботай өзім­­сіп.
– Жағдайы қиын. Кәрі ше­шесі бар. Балалары жетім. Әй­герім қарағым жақсы адам еді. Құдай өзі жіберіп, өз алды.
– Жә, біз білмей отырған жоқ­пыз. Бірақ Жылқыбайға қарағанда жасың үлкен. Ел аман, жұрт тынышта қай қылы­ғың. Жуан жұдырықты оңды, солды жетесіз адам ғана жұмсай­ды. Қанша бір қиындық болса да бірімен бірі төбелесіпті дегенді осы ауылда естіген жоқ едік, – деді қабасақал сабырға көшіп.
– Ал ағайын! Төрелігін ай­тыңдар, – деді сонан соң.
– Екеуі де жазықты, – деді Ботай.
– Құдды бір барымтадан қайт­қандай, – деді Әуес.
– Аямау керек, – деді Мамыр­­бек.
Қабасақал басын кекжите көтерді.
– НГБД-ге берейік пе? – деді қабасақал шырт етіп.
– Бас жарылып, көз шыққан жоқ қой, ақсақал, – деді Мамыр­­бек.
– Жас қой, түге! Өздері келі­сім­­­ге келер, – деді Бекетбайдың әкесі.
– Әй, ақсақалдар! Айыпты жасты жазасыз қалдыру оңған іс емес.
Дөңгелене отырған жұрт бір сәт үнсіз қалды. Әлде не деу­ге қарт атаулының батылы жоқ. Десе де төр басшысының жа­нын­да отырған Әуес:
– Әу, ха­лайық! Менің ойым­ша жат жұрт түңілетін, өзіміз қолдайтын айып салайық, – деді сөз бастап.
– Жөн, – деді Мамыр енді қостай үн қатып. – Қалай деген­де ағымнан жарылсам, айыпкер­дің есінен шығармай­тын жаза берілу керек.
– Паһ, шіркін, – деді шы­да­май кеткен қабасақал мырс етіп.
– Әй, ұзын қарындаш! Сонда қазақ қазақты сойылға жығып, үш әріптің қолы жағасына жа­быс­сын дейсің бе?
Сәл үнсіздіктен соң қаба­са­қал сөзін ары қарай жалғас­тырды.
– Етектен тартқан қалмақты да, фашисті де, орысты да көр­дік. Қазақтың баласы ғой бұл бай­ғұстар.
– Бабаларымыз найзаның ұшы­мен, білектің күшімен ал­ды ғой, мына алып мекенді. Әр уыс топырақтың түйірі қазақтың қанымен тыңайған…
– Ата, ата! Қазақ батыр халық қой, иә, – деді кенет Жылқыбай мінезіне басып.
– Иә, иә, батырлығың ғой, жездеңнің желкесін үзбек бол­ға­ның, – деді Әуес мардымси. Әл­гінде ғана екпіндей берген Жыл­қыбай желкесін қасыды.
– Әй, мынаның кәлләсына әлі ештеңе жеткен жоқ, – Мамырбек басын шайқап.
– Айттым, бітті. Бұл шіркін­дерді ноқта кигізіп, ауылға апа­рыңдар. Жұрттың алдын көріп қайтсын. Жарық дүниеге осы­лар­ды алып келген аналары не дер екен? – деді қабасақал.
– Нұраш қарт бір сәт қабағы кіржің етіп, көз алдындағы көрі­ніс ары қарай жалғасты.
– Топ бала Жылқыбай мен Байтөренің алдына салғандар­дың соңына ерді.
– Мына серілер көрсін, тө­белескеннің қандай екенін деді қабасақал мырс етіп. – Саба­қ­ алсын…
Иә, сол күні айыптылардың кір­меген есігі, шықпаған тесігі қалмады. Ана байғұстар ашу шақырып, ақылын айтып, кей­біреулері көзіне жас алды.
Е, уақыттың сол бір қиын шағы еді ғой. Көп болып тентекті жазалапты, содырды тәр­бие­лепті. Өмір өткінші. Жылқы­байдың жесір жеңгесіне Байтөре үйленді. Жылқыбай да үйлі-баранды болды. Аттай желген уақытқа не дерсің.
– Ата, ата! Кешікпей малды ауылға айдайық, – деген бала­ның үні қарттың ойын бөліп кетті.
– Әй, батыр, сен де төбе­ле­сесің бе?–деді ойда жоқта қарт шөбересіне сынай қарап.
– Е, жоқ, – деді сасып қалған бала.
– Ата, ата, бір нәрсе айтсам ұрыспайсың ба?
– Жайшылық па? – деді ор­ны­нан таяғына сүйене тұрған қарт.
– Ата, әлгі арақ ішіп тө­бе­лескендерді мелица алып кетіпті.
– Не дейді, мына бала? – деді қарт.
– Жаңа ауылдың табынын баққан Бекзат айтты.
– Солай де. Шекелері қызған екен. Ауылда жұмыссыз жүрген соң не істейді, ол шіркіндер.
– Иә, ата, оларға штраф сала­ды, иә? Соттай ма?
– Оны қайдан білесің?
– Сиыршы Бекзат айтты.
– Тиын сауған дүние-ай… Не дерсің? Мелисасыз да шешілетін жай еді ғой. Баяғы қарттардың «соты» керек қой деп күрсінді Нұраш қарт.
– Әй, қазағым-ай, басқаның арам суын ішіп, бір-біріңмен төбелесіп, шілдің қиындай ша­шылып кетпеші, тегі…

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.