Не көрсем де Алаш үшін көргенім…
15.06.2018
5367
0

Мағжан ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1912 жылы «Шолпан» деген атпен жарық көргені мәлім. Татарстан мемлекеттік мұрағатының 420-қорында сол кездегі Қазандағы баспаханалардан қазақ және татар тілдерінде басылып шыққан кітаптарға байланысты цензура құжаттары жеке сақталған. Олардың ішінде, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілер үшін құнды деректер беретін материалдардың кейбіреулері мынадай:
Ғалиолла Ғалымжановтың «Есіл жұртым» (1912), Арыстан Берікқалиұлының «Ағын» (1912), Ғ.Жәнібековтің «Балалар бәдуамы» (1912), Мұхаммет-Сәлім Кәшімовтің «Насихат қазақия» (1908), Абдулла Мұштақтың (Ғұмар Қарашұлының лақап аты. – З.Т.) «Қарлығаш», Ишанғалиұлы Бисен Албаншырақтың «Әдебиет өрнегі» (1910), Бекмұхамед Хұсаиновтың «Құтыбхана чурнағы» (Кітапхана бұрышы), (1910), Әділкәрім Мәзитовтің «Қазақ шәкірттеріне ғадия» (1910) деген Қазандағы «Ағайынды Каримовтер» баспаханасынан шыққан кітаптары, Қорабай Жапановтың «Қарлығаш» (1913) өлеңдер жинағы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шығармаларының мазмұны жөніндегі цензура қағаздары жатыр.


Қазан университетінің профессоры, тегі хакас Николай Катанов аудармашы топ қазақ тілінде шыққан әрбір кітаптағы шығармаларды тексеріп, өкімет билігіне, орыс мемлекетінің отар­шылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Әрине, іздеген соң, тапқан. Әрбір өлеңнен кесек-кесек үзінділер алып, олардың астарындағы ойларды ашып, тіпті асқындырып дейікші, орысшаға аударған. Осылайша, өздері тапқан «қылмысты» деректерді Петрборға, Ішкі істер министрлігіне тікелей жолдап отырған. Дәлірек айтсақ, нағыз саяси тыңшылық. Ішкі істер министрлігінің баспасөз басқармасы сол аудармаларды Қазандағы жандарм орындарына жіберіп, тиісті кітаптарды таратпау және ав­торларын қуғындау туралы нұсқау беретін.
Ал енді Мағжанның «Шолпанына» байла­ныс­ты не тапты екен? Соны көрейік. Алдын ала айтып қояйын, цензор, шығыстанушы, профес­сор Н.Катанов – қазақшаға жүйрік, сөз қадірін білетін, астарлы ойларды да аңғарымпаз маман. Ақындықтан да құр алақан емес. Күдікті-ау деген жолдар мен шумақтарды ұғынықты етіп, жолма-жол орысшаға аударып бере алған. Жақша ішіне кейбір сөздердің астарлы мағына­сын да ашып көрсеткен.
Мысалы, Мағжанның 1912 жылғы жинағын­дағы «Жатыр…» деген өлеңнен:
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр… –
деген екі жолы орысшаға былай аударылған:
Широкая земля (казака) что ни день, гибнет
А черная змея всю кровь его (казака) сосет.
Немесе,
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр.
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр.
Орысшасы:
Вчера был цветок – казак во цвете,
А теперь он без воды пожелтел.
Так, маленький казак погибает:
Все время назад, назад шагает,
Не чувствуя, что он так умирает.
«Сорлы қазақ» деп аталатын екінші өлеңнен үкімет саясатына қарсы үгіт салқыны бар-ау деп цензордың үзіп алынған шумақтары:
Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,
Алға баспай, барлық ісі кері кетіп,
Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп,

Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,
Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр,
Қанды көзбен екі көзін шылатпай…

Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді!..
Қылыш алып, «надандық» саған кез келді…
Байғұс қазақ бас көтеріп тұрар ма?
Көңілі түсіп, білімге мойын бұрар ма?
Күні туып, оңынан – Күн, солдан – Ай,
Оқуменен жайнатып дүкен құрар ма?
Осы шумақтар да орысшаға жолма-жол ау­да­рылып, тіркеліпті. (Орысшасы қазіргі қазаққа тансық емес қой, келтірмей-ақ қояйық. – З.Т.) Ал енді, бір ғажабы, осынау өлең жолдарында азуын айға білеген Ресей империясына қауіп төн­дірер қандай қатер бар? Ақынның бар жа­зы­ғы – туған елінің жаңа экономикалық, қоғамдық қатынастарға бейімделуін тілегені, оқу-білімге үндегені.
Бірақ «тырнақ астынан кір» іздегендер, әйтеуір сақтық жасап: «қазақтың жаны алқымға тығылды», «қара күн келді», «тіккен туы жығыл­ды», «барлық ісі кері кетті», «басын көтере алар ма?» деген сөздерден қайдағы бір қаскөйлік ниет таныған. Қазақ халқын әкімшілік билеуші пат­ша­лық жүйеге қарсы қарулы көтеріліске шақыру деп түсінген. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегенге сайып, кімнің де аузын ашырмасқа бет алған.
Отарлау саясатының негізі тарихи заңсыз­дық екенінен сезіктеніп, он тоғыз жастағы боз­баласына дейін тәуелсіздік аңсап, зарлап тұрған қазақтан жат қимыл-әрекет көреді. Күндердің күнінде басқыншылық бұғауын талқандап, тең­дік, тәуелсіздік туын көтереді деп сезген. Сезікті жолдар мынау.
Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің,
Құл болдың қара табан енді малсыз…
Қарағым, арыстаным, қайратты ерім,
Тұрдың ба қару қылмай, құр амалсыз?
деп шырқыраған жас ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. Мұны тыңшылар, обалы қанша, жақсы байқаған. Ақынның саяси көзқарасы теріс деген тұжырымға келген. Оның құдіретті жырларынан сескенген.
Міржақыптың «Оян, қазағын!» бесігінде тұншықтырмақ болып, сан түрлі қиянат жолын іздеген отаршыл билік мына өлеңдері үшін Дулатовтың шәкірті Мағжанды да нысанаға алған. «Шолпанның» таралуына тыйым салынып, автордың соңына жансыз әкімшілік бақылау қойылған.
Сәбит Мұқанов: «…Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуы ке­рек», – дегенді не пиғылмен айтса да, негізсіз емес. Және осы пікірдің дәлелі ретінде Мағжан Міржақып ағасының түрмеге қамалуына, түр­ме­ден босанып шығуына байланысты бірнеше өлеңдер жазды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алашшыл зиялы қауымның азаттық күресіне саналы түрде қосылып, Алашорда үкіметінің шаңыра­ғын көтерісіп, уығын қадасты. Кейін, Кеңес дәуірінде де «Оян, қазақтың» авторына жағылған күйе, оның шәкіртіне де кінә болып тағылған.
Міне, Мағжанның күрескер ретінде та­ны­-
л­уы осыдан басталды. Ол орыс самодержавиесі құ­лап, орнына жаңа үкімет келуін қолдады, қа­зақ­қа жақсылық келетініне сенді. Алайда, мемлекет билігін заңсыз басып алған больше-виктердің де, орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын, қайран ақын түсінген жоқ еді.
1919 жылы Казревком құрылып, 1920 жылғы 20 тамызда автономия дәрежесі беріліп, қазақтың ұлттық мемлекетінің нышаны байқал­ғанына Мағжандар қатты қуанды. Омбыдағы Сибревком жанындағы мұсылман секциясынан қазақ тобын бөліп алып, өз алдына қазақша «Ке­­дей сөзі» деген атпен газет шығара бастады. Жаңа тұрпатты қазақ баспасөзін қалыптастыруға кірісті. 1921 жылғы 12 қаңтарда газет бетінде «Автономия кімдікі?» деген ашық сұрақты бас тақырыпқа шығарып, мақала жазды. Жаңа заманның заңды сұрағына өзі жауап беріп, әлеуметтік-саяси бетін ашып көрсетті:
«Оқыған азамат жұмыла автономия ісіне кіріскен жоқ. Оқығандар арасында ұғыныспа­ғандықтан түскен көңілсіз, орынсыз жік әлі жойы­­ла қойған жоқ. Ұғыспау әлі бар. «Бұл авто­номия сенікі емес, менікі» деген ұнамсыз сөз­дерді әлі естуге болады. Кеше, 17-18-19-жылдары «автономия» деп атқа қонған азаматтардың біразы қазір автономияға үмітсіз, салқын қарай­ды. Кіріскісі келмейді», – деп қынжылады да Мағжан ақын өзінің туған халқына деген, қазақ бауырына деген адал ниетін оқырманда­рына бейнелі сөзбен жеткізе отырып, мақаланың бас тақырыбындағы «Автономия кімдікі?» деген сұраққа мынадай айқын жауап береді:
«Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлес­пейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. …Жүз жыл­дар орыс ақсүйектері мен байларының теп­кі­сінде елдігін ұмытпаған Алаштікі»… «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!».
Қазақстанның автономиялық республика болып, Ресейдегі басқа да ұлттармен теңелгенін қолдаған Мағжанның сол кездегі қалам тербеуі елім деп соққан пәк жүректің дүрсіліндей адал, әр сөзі кіршіксіз таза еді. Мұны айтқанда біз жоба-жосығы осы-ау деп, төтелеп отырған жоқпыз, нақты дәлелдер келтіріп, 1921 жылғы ақпанда Қызылжар, Көкшетау төңірегінде бұрқ ете түскен советке қарсы қанды қырғын көте­ріліс­ті айыптаған Мағжанның өзін сөйлетеміз:
«Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнат­пақ­шы!
Ондай қулардың Совет Үкіметі туралы неше түр­лі болса да, құтыртып, ертіп таратқан ха­барларына нанбаңдар. Ешнәрсеге алаң болмай, істеп келе жатқан шаруаларыңызды жүргізе бе­ріңіздер! Ел арасына бұзақыларды ұстауға шық­қан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар. Жасасын, Совет Үкіметі! Жасасын, Қа­зақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ ең­бекшілері!».
«Бостандық туының» 1922 жылғы 19 наурыз­дағы бірінші санында осылай деп ұран тастаған ақын, газеттің 3 сәуірдегі екінші санындағы «Екіден – бір» деген мақаласын былай аяқтайды: «Сондықтан, біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай-Колчактың құлдық қамыты. Міне, қа­заққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Әрелікті мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көр­сет­кендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ри­нов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді, қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы».
Омбыдан Қызылжарға келердің алдында, «Бос­тандық туы» газеті бетінде (12 сәуір, 1922) Мағ­жанның қазақ оқығандарына хаты жарияланды. Онда: «Жас қазақ республика­сының барлық шаруашылығын қолына алып… елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек… Көксегені – бақ, күйттегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін» оқығандар емес. «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол – оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді».
Күрескер, қайраткер ақын сол кезеңнің қазақ үшін ақиқат шындығы боямасыз көрсетіп, түсіндірді. «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген… Отаршыл­дықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұн­­дай жағдайда «Қазан төңкерісінің нәти­же­лерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды» деп дұрыс тұжырым жасады.
Қош… Орыс патшасы тағынан құлады, аумал-төкпелі замандар өтті. Кеңес өкіметі орнады, большевиктер билік басына келді. Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шығарылып, жаңа заман келген. Сөйтсек… әлі келген жоқ екен. Отаршылдар қашан да кекшіл болады. Ата­­ларының кегін кейінгі ұрпақтары алады. Оны көп жыл архив ақтарғанда талай көріп, көзі­міз жеткен. Сонау Екатеринаның импе­рия­лық заманында басталған тыңшылық, қудалау, жазықсыз жазалау тәртібі сол күйінде, кеңес заманында одан әрі жалғасқанын көрдік. Патша жандармериясының құпия қағаздарын ком­му­нист-чекистер түгел басып қалды да, социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Бұрын бақылауда болғандарға кеңес заманында да күзет қойылды. «Не шықса, солардан шыға­ды», – деген белгілі пиғыл…
Мағжан өлеңдерінің жинағын 1922 жылы Бернияз Күлеев құрастырып, алғысөз жазып Қазанда басып шығарды. Қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен үшінші кітабы 1923 жылы Ташкентте басылып шықты.

***

1921 жылы мамыр айында Мағжан Жұма­бай­ұлы жаңа құрылған Ақмола губерниясының басшысы Әбдірахман Әйтиевтің шақыруымен Қызылжарға «Бостандық туының» редакциясын ала келіп, газет шығарды. Аштан қырылып жатқан жерлестеріне көмектесті.
Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз дерегіне жүгінейік. Петропавл қала­сында орыс тілінде шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың 11 маусымында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім болмысы төзімді екендігі, аштан қырылып жатса да тұяқ серіп­пей­­тін момындығын айтты. «Қазіргі қазақ дала­сы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүр­ленген жылқы еті тау болып үйіліп, сары қымыз да­рия болып ағып жатқан жоқ… Сарыар­қаның күй­зел­ген күйін көрейік, күңіренген үнін тың­дайық…» деп келеді де, Мағжан орыс тілді оқыр­манға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының қайғылы жағдайын түсіндіріп береді.
«Аштық қабырғаға батқанда адамның есі кетеді, шырқырап жан даусы шығады, осындай кезде басқалар Сарыарқа ұлының ыңырсып қана жан тәсілім бергенін байқамайды. Мәде­ниет­ті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласында­ғы аштық сұмдығын орыс жұртшылы­ғы білмеуі сондықтан. Әйтеуір, қандай себеп болса да, нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштықтың ауыртпалығынан қазақ ауылы құрып барады, ал қазақ халқы адамдық бейнесінен ада болуда».
Атап айту керек, Мағжан мұны өзінің Қы­зыл­ж­арда жазған соңғы мақаласы болатынын білген жоқ еді. Ертеңінде жанына Қызылжар мешітінің мұхтасибі Бегишевті алып, Көкшетау уезіне мал жинауға аттанып кетті. Аш-арықтарға көмектесіп, іссапарда жүргенде төбесінен жай түскендей суық хабар алды.
Осы «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыз­дағы санында губерниялық атқару коми­те­тінің төрағасы Сабыр Шәріповтің «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, негізгі мазмұны – «жергілікті билік орындарына бұ­рын­­ғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деген байбалам еді. Атап айтқанда, газеттің кім­дерді мезгеп, автордың кімдерге нұсқап отыр­ғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газетте жа­рия­ланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаладан көрінді.
Шәріповтің мақаласын сөзбе-сөз қазақ­шала­ғанда былай: «Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ, олар жұмысқа бөгет жасап келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петро­павл­да бірнеше большевикті атып өлтірді. …алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашылар­ға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін!».
Осындай жаладан кейін, Мағжан бас сауға­лап, Қызылжардан, Қазақстаннан кетіп, Таш­кентке барып табан тіреуге мәжбүр болды. Жазу­шы С.Мұқанов қазақ зиялыларының амал­сыз Ташкентті паналағаны жөнінде 1960 жылы былай деп жазды:
«Қазақ автономиялы республикасында таяқ жеген, алашордашылардың бір тобы (көпшілігі), сол кезде «Түркістан» аталатын республикаға барды да, ондағы басқару ісінде жүрген бояма коммунистердің жәрдемімен оқу, баспасөз орын­дарына қызметке кірді. Мәселен: Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар. Бұлар – Алашорда­ның ірі қайраткерлері. Алашордашы жастардың да біразы Түркістан орталығы – Ташкентте болып, бір жағынан оқу оқыды, екінші жағынан идеологиялық майданда алашордашылдық қызметтерін жүргізіп жатты. Мәселен, Қошке Кемеңгеров, Даниал Исхақов, Ғабдолла Бай­тасов, тағы басқалары. Алашордашылардың «ескілерінің» де, жастарының да, ұлтшылдық бағытта жазылған шығармаларына, сол кезде Ташкентте шығатын «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Сана» журналдары кең орын берді. Осы баспа­сөздердің бетінде советке қарсы шығармалары үздіксіз жарияланған Мағжан Жұмабаев біраз­дан кейін тіпті еркінсіп алды да:
«Кене мен Абы­лайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?» –
деп қазақты Россияға қарсы құралды көтеріліске шақырды.
(Мұқанов С. Таңдамалы шығармалары. 10-том, «Өмір мектебі», А, 1976, 511-бет).
Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде мына­дай құжат сақталған. Орыс тіліндегі түп­нұсқасын қазақшалағанда: «Өте-мөте құпия. Ақмола губерниялық Литосына (кеңестік баспасөз цензурасының бүркеме атауы. – З.Т.). «…Мағжан Жұмабаевтың қазақ тіліндегі өлеңдер жинағы. Түркістан мемлекеттік баспасы
1923 ж». Осы кітапты айналымнан алып, арнайы нұсқау берілгенше сақтап қойыңыздар. 21 нау­рыз 1925 жыл».
Қызылжардағы Лито (цензура) бастығының бұрыштамасы: «Иванов жолдасқа: тез орын­даңыз, алдымен Қазпедтехникумнан, ауыл шаруашылық мектебінен және кітапханадан, сонан соң Тілеулиннен алыңыз. 21. ІІІ. (қолы)».
Ақын шығармашылығына жасалған бұл қастандық 1924 жылы Мәскеуде Мағжанға құрылған «әдеби соттың» дүрбелеңімен тікелей байланысты еді. Ал енді ақынның өлеңдер жинағын тұтқындау үшін қауіпсіздік органдары неге Тілеулиннен іздейді? Себебі, Жұмағали Тілеулин М.Дулатовтың жақын досы, 1911 жылы осы Қызылжарда Жақаң абақтыға жабылғанда «Оян, қазақтың» бір мың данасын үйіне сақтап қалған болатын. Бұл тарихи фактіні кейін Міржақып Дулатов өзі айғақтап, «Қазақ» газетіне жазған бір ашық хатында атап көрсетті.
Мағжан ақын өз кітабының халыққа таратылмай, осылайша тұтқындалғанын білді ме? Білсе, Тілеулиннен білген шығар.

***

Мен туғалы ағарып көп таң атты,
Қараңғылық жер бетін талай жапты.
Ес білгелі алыстым жүрекпенен,
Ырық бермеді, қаңғырды ол не тапты…
…Ақылға кеш айналдым, қараң күнім,
Бір күні құшағына алар өлім,
Қара жерді құшақтап мен жатармын,
Сол кезде не деп мені сынар елім? –
деп алады да Мағжан, өзінің ұрпақтарына, бүгінгі бізге мынадай аманат қалдырған еді:
Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың сыншы болсаң, әділ сыншы
Кінәні жүрекке қой, қойма маған!
Міне, «Аллаға ауыз жол емес!» деп Абай айт­пақ­шы, Мағжанның өмірбаяны, шығармашы­лық жолы туралы «олай да, былай» деп айта салуға болмайды. Тереңірек, кеңірек қарау ке­рек. Өле-өлгенінше «Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір Пайғамбармен мәңгілікпен тіл­дес­­кен заңғар шыңындай болып, таза ақын­дықты сақтады. Бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген, ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді», – деген сөздер академик Рымғали Нұрғалидікі…
Ақын мұрасын ақтарып, теңкеріп отырған күнде Мағжан ақындығының қалай қалыптас­қанына көз жүгіртіп, ой топшылауға болады. Ол – ақын болып туған еді, ақын болып өлді.
Мағжанның бақыты ма, соры ма, әрбір өлеңі оқырман назарынан тыс қалмағаны байқалады. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек, адал оқырманды да; ақынның табиғи дарынын көре алмаған, күншілді, әр өлеңнің астарынан қыл­мыс іздеген тыңшы, тіміскіні де айтып тұрмын.
1911 жылы қазақтың алғашқы журналы «Айқаптың» бірінші санының алғашқы бетінде 18 жасар Мағжанның «Жатыр…» деген өлеңі басылды. Келесі жылы осы өлең «Шолпан» жинағында шықты.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі,
Сарғайып, бір су тимей, солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр.
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр…
…Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр…
Отарлық езгіде күн кешкен қазақтың халі Мағжан жинағындағы екінші бір «Сорлы қазақ» деп аталатын өлеңінде тіпті айқын суреттелген.
Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,
Алға баспай, барлық ісі кері кетіп,
Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп.

Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,
Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр,
Қанды жаспен екі көзін шылатпай…
Міне, осы жолдарда азуын айға білеген Ре­сей империясына қауіп төндірерлік қандай қатер бар еді? Өз ұлтының сорлы халін өлеңге түсіріп, зарлаған шарасыз жас азаматтың күңіренген күйі емес пе? Ал оған сен неге өз халқыңның мұңын-зарын төгесін деп, тыйым салуға кімнің хақысы бар?
Мағжантанудың ұзақ көшінің басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз.
Ол «жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі иелік жасауға құқы бар» екендігін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атайды. Оның:
Таң, күн деген жер жаны,
Бұл екеуісіз жоқ сәні,
Оқу-білім ер жаны,
Жараспас ерге құр жаны… –
деген сөздерін келтіріп, «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақ­тың тілі қалай жоқ болады», – деп аһ ұрады. Бұл сөздерді Әлекең 1913 жылы жазған.
Қазақ тарихында, әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «Қазақ» газетінің орны ерекше. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жү­гіртіп, күзгі таңының салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Міне, осы газетке Мағжанның бірнеше өлеңдері жарияланды, сол арқылы халқына қызмет етті, газет Мағжанның қанатын қатайтты.
Мағжанның шығармашылық өмірбаянының да толық, шын ғылыми тұрғыда жасалатын күні де алыс емес шығар. Мысалы, сонда қазір «Мен жастарға сенемін!» деген тақырыппен көпке тараған өсиет-өлеңнің 1918 жылы 12 тамызда осы Қызылжарда шыққан, Алашшыл қазақы жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің үшінші санында басылғанын да айтамыз. «Мағжан қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген сөздерді Смағұл Сәдуақасов осы өлеңге байланысты айтқан. Сібір аймағында Кеңес үкіметі құлаған 1918 жылғы оншақты ай ішінде Ақмола облыстық земствосы арқылы қазақ ауылдарында қазақ мектептерін ашу, қазақ мұғалімдерін даярлау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбектенген Мағжан туралы да көпке мәлім емес.
Өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеушілерге тапсырып кеткен аманатын орындау үстінде, «жаман-жақсы» деп, «екі жар қылып санасақ» та оның соңындағы үзілмеген қуғынды, өмірін қиған өлім жазасына негіз болған қандай да бір қылмысын таба қою қиын.
«Жау» деген – жаудың жаласы,
Әділ болсаң, өмірімді
Ақтарып әділ қарашы.

Отыз жыл өмір бойында,
Жазғанымды жайып сап,
Екі жар ғып санашы (1927 жылы жазылған. – З.Т.).
Біздің ойымызша, Мағжанның жазығы – жаңа ғасырдың көгінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп айту әркімге оңай болмаған. Бұл ақынның мысы өзге өлеңшілерді басып кетті, «сөз патшасы» өлең өлкесіне Мағжанды аттап өте алмағандар, таптап қана өтпек болды. Де­мек, Мағжан тірі тұрғанда «терезеден қараймын, қарындашты жалаймындардың», «жөргегінде «тап күресі» деп іңгәләп жатқандардың» бағы жанбайтын еді. Әйтпесе, Мағжан ешкіммен жа­рысқан жоқ, берекесіз күбір-сыбырды ма­шық еткен емес, айтысқан жоқ, тартысқан жоқ.
Ол ұлтшыл еді. Мағжан да, Алаштың басқа да көсемдері өздерінің ұлтшыл екендігін жа­сырған жоқ. Тіпті, Ахмет Байтұрсыновтың ай­туын­ша: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Әлбетте, көзін жаңа ашып келе жатқан қазақтың үркердей зиялылары, өздері түсінбеген «пролетариат диктатурасын» аяқ-қолын бірдей көтеріп қолдауы керек пе еді? Құл­дықтан жаңа босаған қазақ халқының мұңын жоқтауы керек пе еді? Бүгінгі жас ұрпақ­қа біз осыны ашып түсіндіруіміз керек.
Мағжантанудың шешілмеген мәселелері әлі де көп. Мысалы, Мағжан мен Сәкен, Мағжан мен Сәбит, Мағжан және оның жас ізбасарлары (Қасым, Әбділда, Қалижан, т.б.) арасындағы қатынастарды бүгінгі жастар өз бетінше шеше алмайды. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал біздің арымыз таза болу үшін, көзіміз тіріде жас­тарға ақиқатын айтатын кез келді деп есеп­теймін.
«Жұмабаев Мағжан шығармалары: өлең­дер, поэмалар, қара сөздер». Мағжан есімі туған халқына толық қайтарылған шақта, 1989 жылы жарық көрген, біршама толық жинақ, осы сүйінші кітап төңірегінде біраз пікір бар..
Алғысөзін ғылым докторы, профессор, Қа­зақ ССР Халық жазушысы, деген толып жат­қан атақтары бар Әбділда Тәжібаев ақын жазған. Замандас-қандастарының қорлығы мен кекесін мазағына ұшыраған Мағжанның, пүшайман пендешіліктен 1925 жылы жазған «Тоқсанның тобы» деген өлеңіне қарсы шығып, ұлы ақынның жер басып жүргенін көп көріп, қарғап-сілеген осы Тәжібаев болатын. Заман же­лі қалай соқса, солай жығылғаны туралы: «Бұл менің де, мені тәрбиелей сөйлеткен аға­ла­рымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді», – деп жазыпты. Яғни құлағын қа­лай бұраса, солай сөйлеген патефон деген аспап болғанын мойындағанына да шүкір. Бірақ қазіргі қазақ халқын өлшеусіз ауыр қа­сіретке ұшыратқан саяси қуғын-сүргін зама­нында бұл «патефондардың» жай ғана сайрап қоймағанын, өз әріптестері мен қандастарының өліміне тікелей қатысты екенін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Реті келіп тұрғанда, айтпаса, сөздің атасы өледі деген шындық – осы.

Мына, Тәуелсіздік заманында, рухани тіріліп, ортамызға қайта оралған Мағжанның осы жинағына жазылған алғысөздің мазмұны да жас ұрпақты мейлінше адастырып, онсыз да қор­лық көріп, жадымыздан өше бастаған ұлы қай­раткер азаматтың бейнесін көлеңкелеп, тіпті тұмандатып жібергенін көре тұра айтпасақ, әруақ алдында біз жазықтымыз. Әлбетте, Ә.Тәжібаевтің бұл «Алғысөзі» мағжантанудағы ақыр­ғы сөз емес. Бірақ халыққа тарап кеткен кітаптағы теріс қағидаларды көрсету парыз. Әйтпесе, жастар осы мақаладағы сыпаттамалар­ды көшіріп, жаттап алып, Мағжанның шын бейнесін басқаша түсінеді, басқаларға да солай түсіндіреді.
Демек, «…Мұндай ғажайып дәуірге жеткіз­ген партия басшылығына біз мың-мың алғы­сымызды ғана арнамау керек» – деген Әбділда Тәжібаевтің «нұсқауы» Мағжан және Мағжан сияқты мерт болған жүздеген ұлт қайраткер­ле­рінің әруағын қорлау. «Мың алғысын» компар­тияның май шелпегіне тойған насихат бұлбұл­дары айта берсін. Бірақ жазықсыз жапа шек­­кендердің, атылып-асылғандардың ұрпақ­та­ры алдында ақ сөйлеп, туған халқының тәуел­сіздігі, бақыты жолына барын арнаған Алаш қайраткерлерінің кешкен қорлығына, өліміне кім жауапты екенін бүкпесіз айта алатын ауыз да керек.
Біріншіден, Мағжанның мағжандығын «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй» деген ынтық сезім­дермен бағалау да – шындықтан мүлде алыс. «Сүйдім, күйдім…» деп әндеткен ақын­дарда сан жоқ. Махаббат тақырыбын Мағ­жан­нан да артық жырлаған ақындар болуы мүмкін. Демек, «Бұл жаңалық поэзиямыздың оқырман достарын бұрынғыдан әлдеқайда қанат­тан­дыра­ды» деу жеткіліксіз. Мағжанның жаңа­лығы бұл емес. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырла­ғаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін са­лып сол тәуелсіздік үшін күресті. Міне, осы­ны айту керек.
Бұдан әрі: «Мағжанның ұлттық санасы сол халықтың (қазақ халқының. – З.Т.) Россиядағы Қазан революциясы толқынымен ояна бастаған кезінде туып, қалыптаса бастады» деген көпір­ме сөздер түбірімен қате. Мағжанның санасы, саяси көзқарасы Ә.Бөкейхановтың, А.Бай­тұр­сыновтың, М.Дулатовтың ұлтшылдық күресінің әс­е­рімен Қазан революциясынан көп бұрын қалыптасты.
Алғысөз осындай болса, соңғы сөз ретінде берілген Мағжанның қысқаша өмірбаяны да сол баяғы ескі көзқарас, таптық ұстаным тұрғы­сын­да жазылған және соны дерек ретінде қа­былау өкінішті-ақ.
Бәзбіреулердің «1920 жылы жазған «Жан сө­зі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қара­жат бермей қойған соң туған» дегені де біл­мес­тік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді. Жиырма жеті жастағы атағы жер жарған ақын, жоғары білімді азамат әкесінен қаражат сұрап қайғыра ма?
«Мұғалімдер семинариясын алтын меда­ль­мен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағ­жан­ның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осын­дай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер ақын атына ұпай қоспайды.
«Өмірбаянды» жазушылар «Алашорда» атты партия құрылып» деп, «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көр­гісі келмейді. «Алашорда» – біздің арда­ғымыз. Мағжандар – біздің рухани көсемі­міз. Бүгінгі Тәуелсіздік сол Мағжандар қолымен құрған Алашорда идеясының жемісі.
Және де Алашорда сияқты қасиетті ұғымға жарыстырып, Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуіне» сілтеме жасаған авторлар қатты қателеседі. «Алашордаға» сайланғандар: «…Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, Бөкейхан­ұлдарының ертегісіне нанып жүрген кедей ба­ласы» деген үзіндіні Мағжан өмірбаянын жазу­шы­лар қандай мақсатпен алса да, Алаш көсем­дерінің әруағы алдында кешірілмес күнә жасаған. 1919 жылы коммунистік кеңес үкіметі кешірім беріп, ақтаған Алашордашыларға қайта жазылған айыптау қорытынды екені даусыз, бірақ тағы да «анау-мынау» деп жақауратып жүрген «Тар жол, тайғақ кешудің» беттерінде Алаш көсемдеріне жабылған жала және оның зардаптары қандай қырғынға себеп болғаны тарих бетінде қара таңба болып қалды. Дәл сол сипатты анықтаманы Кеңес әкімшілігінің қолы­на тапсырып, ұлтымыздың бетіндегі қай­ма­ғын сылып бергендердің әрекетін кейінгі ұрпақ өзі тауып, бағалайды. Уақыт соты біздей екіжүзді емес, әділ тексеріп, бағасын береді.
Мағжан бір кезде «Бостандық туы» газетіне редактор болған дейтіндерді де түсіну қиын. Рас, бұл газетті, тіпті оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын бай-кедей деп тапқа бөле-жармау керектігін насихаттап, көптеген мақалалар жазды. Ал ол заманда коммунистік партия газе­ті­нің редакторы коммунист болуы керек­тігін, бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп Мағжанның өзінің жазғаны бар. Бірақ ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Архивте мұндай дерек жоқ. Редактор болмаса да, Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.
1922 жылы Мағжан Ташкентке келуі де тра­гедия. Бас сауғалап, жанынан қорқып, пана іздеп, қашып барды. Алаш қайраткерлерінің арасына барды. «Ташкенттегі кезі – ақын ретін­дегі ең өнімді жылдар деген Ш.Елеукенов­тің: – 1922-23 жылдар Мағжан үшін Пушкиннің Болдино күзіндей болды» деуі мүлде ұшқары айтылған. Қуғын көріп, қан жұтып, қайғырып жүрген Мағжан тағдырын түсінбегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп, қалам тербе­ген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді. Бәз­біреулер жазып жүргендей, Мәскеуге де оны Луначарский шақырған жоқ, білім іздеп барған жоқ. Қазақтың кең даласына сыймай, «Сайында саяқ құрлы сая таппай», үкімет атынан қолына түсірген жолдама-стипендия түріндегі мүмкін­дікті пайдаланып, уақытша бой тасалады. Мұх­тар Ленинградқа, Мағжан Мәскеуге кетіп қалуға мәжбүр болды ғой. Бірақ өз қандастары оған Мәскеуде де тыныштық таптырмады. Қазақстаннан арызды қардай боратып, жапқан жаланың негізінде 1924 жылы 24 қараша күні «әдеби сын» дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды «итке талатқандай» етті. Соның нәтиже­сінде 1925 жылы Мағжан кітаптары да тұтқын­дал­ды. Қызылжарда, мысалы, Жұмағали Тілеу­лин­нің үйі де тінтілді. Өзі жан асырап жүрген жалақысынан айырылып, оқудан қуылды. Міне, Мағжанның көргендері осы еді.
«Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұ­ғыл­данды» дегенде ақынды аудармашылық таланты тасып немесе саяси шабыты қысып бара жатпаған. Ол жан сақтау үшін, қаламақы табу үшін «Шығыс» баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды. Лениннің кітап­шалары мен мақалаларын да идеясына немесе көркемдігіне тәнті болып аударғандай етіп көрсету – мүлде теріс. 1989 жылы шыққан жинақ­та сонымен қатар, ақынның кейбір өлең­деріне қол тигізіп, көпе-көрнеу мәтіннің саяси «тігісін жатқызу» ниетінде байқалады. Жинаққа қосылған «Өмірбаянның» қасақана бұрмалан­ған жағдайын айттық. Сол қателіктер күні бү­гін­ге дейін түзетілген жоқ, кезекті автор қай­талап келеді. Бақылаусыз, жүгенсіз кеткен интернет те сондай.
Мағжантанудың жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дула­тов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сә­бит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзі-ақ, аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебие­тінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ Мағжанның бейнесіне, ақын­дығына деген ықыластың және қарсылықтың қан­шалықты күшті болғанын шамалауға болады.
Бұл арада Сәбит Мұқановтың Мағжан ақын­ның жеке басы, қайраткерлігі, ақындығы туралы айтқандарын, жазғандарын тарихи тұрғыда әділ бағалайтын уақыт жетті. Салыс­тырып қарауға, талқылауға жетерлік материал Петропавлда шыққан «Мағжан» журналының 2017 жылғы санында жарияланды. Сәбеңді кезінде «коммунистік идеологияның жаршысы, тапшыл күрескер болды, сол себепті солақай социо­логиялық сынға ұрынды», – деп жақау­рат­­тық, жауырды жаба тоқып, ақтамақпыз. Тіпті, Мағжанға қол ұшын бергені үшін жапа шеккен қамқоршы немесе «Ақындығы жағынан Мағ­жан Абайдан артық» деп айтқан, бағасын берген әділ сыншы ретінде көрсетпек боламыз. Обалы қанша, профессорлар Т.Кәкішев пен Ш.Елеу­кенов, Сәбит пен Мағжан арасының от пен судай қашық екенін біле тұра, мәңгі қиыс­пай­тынын біле тұра, оларды «татуластырғысы» да келді. Кітапқа жазды. Басқа замандастарымыз сол пікірлерді қайталаудан жалықпай, жастар­дың басын даң қылады… Бірақ мұндай әрекет­тер шындықтың ауылына жақындай алмай тұр. «Алмас кездік қын түбінде жатпайды».
Біздің айтарымыз, екі қайраткердің арасына ара-ағайын болып, жеңгетайлық жасауымыздың аты – екіжүзділік. Сәбит Мұқановтың өз абыройы өзіне жетеді. Ендеше оның бет-бей­несін боямай, жазғандарын бұрмаламай, өзін сөйлетейік. Егер, ертеректе 1920-1930 жыл­дарда жастықпен, байқамай асыра айтыпты десек, кейінгі 1958-1963 жылдары қайталап, ны­ғарлап жазған «Есею жылдарын» қайта оқиық.
Кеңес соты Мағжанды ақтап, бүкіл қазақ қуа­нып отырғанда, 1960 жылы «Жұлдыз» жур­налының 8-санында: «Үміт Балқашевқа хат» деген үлкен мақаласында жар салып: «Мағжан Жұмабаев заң жүзінде ақталғанымен, мо­ральдық тұрғыда ақталған жоқ» деп бар беделін салып, білек сыбана қарсы күрескен Сәбең болатын. Мемлекет заңымен ақталғаннан кейін, Мағжанға 30 жыл бойы неге қолымыз жетпеді, деген сұрақтың жалғыз ауыз жауабы – осы.
Сол оқиғалардың бел ортасында болған, марқұм академик Рымғали Нұрғали былай деген еді: «Қазақ мемлекеттік университетінде 1966 жылы бір жиналыс өтті. Ұйымдастырған профессор Бейсенбай Кенжебаев пен профес­сор Хайролла Махмудов. Сөйлегендер профес­сор Темірғали Нұртазин, доцент Александр Жовтис, жазушы Тахауи Ахтанов. Әңгіме Мағжан, оның поэзиясы, кітабын бастыру туралы болды. Қауіпсіздік комитеті қызмет­керлері жиналысқа келген адамдардың бәрін тізімдепті. Сөйленген сөздердің бәрі магнито­фон­ға жазылыпты. Кейін білдік, сол жиын ту­ралы Қазақстан Компартиясы Орталық комите­тінің бюросы арнайы мәселе қараған. Татар Хайролла Махмудов, еврей Александр Жовтис партияда жоқ екен, ал коммунист қазақ Бейсен­бай Кенжебаевқа партиялық қатаң сөгіс беріл­ген. Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударып, енді басқалы жатқан «Простор» журналының бас редакторы, жазушы Иван Шухов, осы әре­кетті қолдаған мәдениет министрі Ілияс Омаров қызметтерінен босатылды. «Жастық шақты бойлап» естелік кітабында башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабаевты ұлы ақын деп мадақтады. Сол кітап СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда біздің ағайындар (қазақ жазушылары. – З.Т.) башқұрт «ұлт­шылын» әшкерелеп, арыз түсірді. Сыйлық беріл­мей қалды. Тағы да сол Сайфи Құдаш Мағ­жанның өмірі мен шығармашылығы тура­лы, оны ақтау керектігін дәлелдеп, Қонаевқа 100-беттік хат-зерттеу жіберді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ».
Жоғарыда есімдері аталған азаматтар Мағ­жан­ның күнәдән пәк есімін өз халқына қайтару үшін башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың беде­ліне жүгінді, билік орындарына хат жазғызды. С.Құдаш ақсақалдың Д.Қонаевқа жазған «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры туралы» өтініш-тілек хатына көз салсақ, шын­дыққа бір қадам жақындай түсеміз: «Кей­біреулер… өзінің жеке басының бақ-беделін қазақ әдебиетінің мәртебесінен жоғары қойып отыр… әсіресе, өкініштісі (шынымды айтсам, таңқал­ғаным!) Сәбит Мұқанов осындай позиция ұста­нып отыр. Мағжан туралы хат жа­зып сұра­ғанымда ол сырғытпалап, тіпті кеке­сінге сүйеп, «Қазір М.Жұмабаевтың қамқор­шылары жоқ», – деп жауап берді».
Тарихта осындай жағдай болғанын неге ұмытамыз?
Мағжанның өмірбаянындағы үлкен түйткіл оның 1922 жылдың күзінде Қызылжардан кетіп қалып, Ташкентке баруы. Мағжанның бұл кетуі оның бүкіл шығармашылығының, кейінгі бүкіл өмірі күйреуінің басы еді. Осындай жағдайда Мағжан есіміне қатысты әңгімелерді әуезе қылып жүргендерге кім сенеді?
а) Әкесі Бекен Мағжанға Қызылжар қала­сы­ның ауқатты тұрғыны Д. деген көпестің Жәмилә атты қызын айттырады. Бірақ ол бай­дың қызы деп алмай кетеді. (Сонда 29 жастағы атақты ақын, басы бос, өзі көркем, орысша-қазақшаға бірдей, білімді Мағжан сияқты азаматқа әкесі қалыңдық іздеп пе?).
б) Марқұм Хамза Абдуллиннің жазуына қарап, Мағжан 1919 жылы «Кедей сөзі» газе­тінің редакторы болды… 1922 жылы Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың шақыруы бойынша Ташкентке келіп, онда қазақ-қырғыз оқу-ағарту институтына аға мұғалім болды… 1923 жылы Кеңес наркомы А.Луначарскийдің шақыруымен Мәскеуге келіп, онда Шығыс ком­мунистік университетінде сабақ берді», – деп жүргендер баршылық…
Иә, Мағжанның ұлы сүргін, үлкен қуғынға ұласқан, қайғылы өмірі осылай басталған…

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір