Оқулық – білім тұғыры
15.06.2018
1816
0

 

 

 

 

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор


Біз әдетте жоғары оқу орындарына арналған оқулық пен лекцияның қатарластыра тілге тиек етеміз. Себебі – екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Қай оқу орны болсын, оның кадрлар дайындаудағы басты құралы – арнайы жазылған оқулық болуы тиіс. Әрі ол тиісті министрліктер бекіткен, жан-жақтылы зерделеніп, ғылыми тұрғыда жазылуы қажет. Қазіргі таңда өмір сұранысы өзгеше…

_________________________________________________________________________

Сондықтан оқулық та жаңар­ты­лып, қайта басылып отырады. Оған тәжірибелі, білімді, маман ғалымдар қатысады. Бұл – уақыт талабы. Ал лекцияны кімдер оқиды? Әрине бі­лім­ді, білікті, тәжірибелі мамандар. Оқулық, лекция, лектор бір-біріне сай болған жерде алға қойылған мақ­сат пен талап өз дәрежесінде орындалады. Қандай да бір ірі қоғам қайраткері болсын өзіне тағы­лым­ды лекция оқыған, семинар жүр­гізген ұстаздарын ұмытпайды, атын мақтан тұтып, есіне алып жү­реді. Жақсы оқулық, талантты лек­тор – ол жоғары оқу орнының көрсет­кіші.
Мәселе университеттің атында не басшылығында ғана емес, кімдер сабақ беретіндігінде. Егер шынайы білімдар, беделді ұстаз сабақ жүр­гізсе, сол аудиторияның ұйытқы­сы. Әрі ол ғылыммен де үздіксіз ай­налысады, оқулық та жазады. Қай заманда болсын жақсы оқулықты тек тәжірибелі профессорлар жаз­ған. Өйткені, олардың білімі терең, лек­циясы тыңдаушы жастар реак­ция­сы арқылы шыңдалған. Бұл тео­рия мен практика бірлігі. Театрға келіп, билет аларда көрермен: «Бүгін басты рөлді кім орындайды?» деп сұрайтынындай, жоғары оқу орнына түскендер де бір кездері мұнда қан­дай профессорлар лекция оқиды екен деп ынтыға сұрайтын. Мәселен, Мұхтар Әуезов лекциясын іздеп барып тыңдайтындар көп болғаны ақиқат. Жақсы артист, талантты ра­дио дикторы, тәжірибелі, білімді лектор – бұл – мәдени, ғылыми дә­реже, ұлт көрсеткіші. Әрине, әрқайсысының орны, ролі түрліше, бірақ қоғамдағы еңбегі дәрежелес – мәнді, маңызды. Студенттер баяндауды емес, логикаға (уәжге) негізделген ғылыми тұрғыда байы­тыл­­ған лекцияны тыңдауға құмар­тады. Әр лекция – мол дайындықты талап ететін сын.
Білмеймін, өмірді интернет өз­герт­ті ме, соңғы жылдары барлығы да стандартталып бара жатқан сияқ­ты. Лекторларды екшемейтін, бә­ріне бірдей көзқарас қалыптасқан. Университетте лекцияны кім оқиды деген сұрауға: «Профессор», – деп жа­у­ап беріледі. Бірақ олардың дәре­же­лері тең болғанымен білік, білім­дері әр деңгейде ғой.
Жақсы лекция оқитын оқулық авторларын, білімді профессорларды студенттер мақтан тұтады, сыйлай­ды, құрметтейді, бағалайды. Атағы ісіне сай еместер де кездеседі. Ол ащы шындық.

Кей лектор сабақ кезінде: «Сту­дент­тер, тынышталыңдар!», – десе, он­да лекцияның мәні төмен бол­ғаны. Лектор мен студенттер ара­сын­дағы байланыс үзілді деген сөз. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, лектор оқулықты қайталайды. Басқа қосып, дамытып айтары жоқ. Он­дайда студенттер өзімен-өзі болады. Екіншісі, өкінішті, профессор лек­ция­ға дайындалмай келеді. Берілген минуттарды өткізу үшін әр нәрсені бір қаужап, уақытты өлтіреді. Өмірде бұндай да болады. Әрине, студенттер ондай лекцияға да келеді, бірақ тек кө­ріну үшін. Өйткені, әр ұстаз бар­лық студенттерді тізім бойынша жоқтайды. Бұл – тәртіп. Әрі емтихан кезінде лектор оған қатаң мән бе­реді. Ал студент лекторға лекцияңыз ұнамайды деп айта алмайды. Бұл – шындық. Сонда не істеу керек? Тиіс­ті орындар арқылы ұдайы ба­қы­лап отыру керек. Кеңес жылдарында министрлік жиі комиссия жіберіп, қадағалап отыратын. Мен өзім де он­дай комиссиямен талай оқу орындарында болғанмын.
Бүгін ондай тексеру комиссиясы жоқ. Әр оқытушы, профессор өз беделін өзі сақтайды дейміз. Бірақ олай бола бермейді. Өйткені, ғы­лыми еңбек, оқулық жазу, лекция дайындау оңай шаруа емес. Бірақ жасалуы керек. Сонда арың таза, еңбегің адал болады. Қазіргі таңда оқу орындарында беделді лекторлар бар ма? Әрине, бар! Оларды кім ірік­тейді? Әрине, студенттер. Тек солар барлығына баға беретін. Профессор оқытушылар соларға қызмет етеді.
Біз кейбір ғалымдарды Нобель сыйлығын алған деп мақтап жа­тамыз. Ол дұрыс. Ондай атаққа ғылымға, қоғамға ендірген жаңалық табыстары материалдық пайда келтірген ғалымдар қол жеткізеді. Қайсыбір сондай талантты ғалым­дардың көзге шалынбай қалатын­дары да бар. Олар ғылыми еңбегін де жазады, сабағын да тыңғылықты жүргізеді. Бір орыннан екінші орынға жүгірмейді, ақша, құрмет қумайды. Барына риза. Көптің бірі болып қызмет атқарады. Ең бастысы – жастарды қоғамға қажетті маман етіп дайындайтын да – солар. Олар­ды кім көріп, кім бағалап жатыр? Ал нағыз патриот, қоғам қайраткерлерін дайындайтын да тек солар. Бұрын­ғыны айтпай-ақ қояйық, соңғы еге­мендік алғаннан бері талай адам­дар Президент сыйлығын алып жатыр. Бірақ солардың ішінде бірде-бір қатардағы оқытушының, тә­жіри­белі оқулық авторының, лекциясы аса тартымды лектордың тым сирек екені, әрине өкінішті. Мен жоғары тілекті төмендетсін деп отырған жоқпын, керісінше, еңбегі ескеріл­мей жүргендерді елге таны­тайық, өнеге тұтайық деймін. Халық сын­шы: «Әу дегеннің бәрі әнші емес», – дейді. Қоғамдық талап планкасын көтеріп отыру керек. Жайбарақат болуға, бәрі орнында деп, соған қанағаттана салуға болмайды. Ұдайы талпыныс болмаған жерде, тоқырау басталады.
Расында бұл күндері оқулықтар­ды кімдер жазып жүр? Оған мән беретін оқытушылар қауымы болуы керек. Оқулыққа талап қойып, баға беретін де солар. Оқулық – мемле­кет­тік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің жекеменшігі емес.
Қазір елдің бәрі жаппай сауатты. Соның ықпалы болса керек, жаң­быр­дан кейінгі саңырауқұлақша кі­тап жазатындар қаулап барады. Бұл дұрыс-ақ дейік. Бірақ олар не жазып жүр? Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Іліп алар өзіндік ойы, әдебиетке қосар үлесі жоқ қампиған кітаптар кімге керек? Әрине ғылыми атақ алуға. Мәселен, адам өмірі қайшы­лық­тардан тұрады, жақсылық пен жағымсыздық әр адамның өмірінде қайшыласып жатады. Оның қайсы­сы басым? Ол – бір. Екінші­ден, адам өзін қалай тізгіндеп, тәрбиелейді. Бұл іштей күрес. «Алтынды көріп, періште жолдан таяды». Әр кітаптың ол ғылыми еңбек болсын, көркем шығарма болсын, көтерер қоғами жүгі болуы керек қой. Таза еңбегімен өмір сүріп жатқандар бар немесе өзгелерді қанау арқылы байып жат­қандар бар, міне, қаламгер зерттеуші осылардың аражігін ажырата көр­сетуі тиіс. Бұл қоғам психология­сын ауруды емдейтін дәрігерлерше са­ра­лайтын нысан. Оны ашып жазса, ол – тәрбие кілті. Бір ғажабы – жаны таза адамның тәні де таза. Баю ке­-
р­ек. Бірақ мәселе қандай жолмен баюда. Бәріне АҚШ сияқты елдерде мән береді, жөнсіз байып көр, не болар екен? Бізде де мұндайды сара­лайтын – халық!
Енді ең тиімді оқулықты жаза­тын кімдер деген сұрауға қайтып ора­лайық. Әрине, тәжірибелі оқыту­шы. Ол нені айтуы, жазуы керек еке­нін, қайткенде алға қойылған мәселе айқындалып, оқушылар сана­сына сіңетінін біледі. Әрі ол оқытушы ғылымды дамытуға да өз үлесін қосады. Және сол білімді де тәжірибелі оқытушы-профессордың лекторға лайық жағымды дауысы болса, нұр үстіне нұр.
Мәселен, Д.И.Менделеев Пе­тер­бург университетінде органи­калық емес химиядан дәріс оқып жү­ріп, «Жалпы химия» пәнінен оқулық жоқ екенін сезіп, «Химия негіздері» кітабын жазуға кіріседі. Бірақ химиялық элементтерге кел­генде жұмыс тоқтап қалады. Себебі, ол кезде 70-ке жуық қана химиялық элементтер белгілі болатын. Ал олар­ды студенттерге қалай түсінікті етіп жазу керек. Сапырылысқан элементтерді жүйелеу үшін нені негізге алуы керек? Ол жағы мұқият­тал­маған болатын. Автор көп із­де­ніске түсті, қиналды. Ақырында ше­шім Д.И.Менделеевтің түсіне ен­ді. Элементтерді атомдық сал­мағымен реттеу керек екен. Содан студенттерге ең жеңіл Берилий, Ге­лий сияқты элементтерден бастап таныстыруды ұйғарды. Сөйтіп, белгілі элементтер кестеде өз орнын табады. Жоғының орны бос қал­дырылады. Ол кейін жаңа табылған элементтермен толықтырылады. Сөйтіп, Д.И.Менделеев өзінің хи­мия­лық элементтер периоди­калық (қайталау) жүйесін жасап, әлемдік жаңалық ашады. Оған итермелеген оның студенттерге сабақ беруі, со­лар­дың талап, тілегіне назар аударуы еді. Студенттермен өз ойыңды бөлісу, лабораторияның ең тиімдісі. Бұл екі жаққа да тиімді. Біріншіден, студенттерді ғылымға тартады, екін­шіден, профессор өз ойын сынға салады.
Тағы бір мысал. Н.Е.Жуковский МГУ-ді бітірген соң Бауман техни­калық жоғары училищесіне сабақ бере бастайды. Ол сабақ беріп жүріп «Ұшу теориясын» ашады. Себеп болған кездейсоқ мына жайт. Бір күні көшеде келе жатып, ол нөсер жауын астында қалады. Аяғын суламас үшін байқап тастан тасты аттап келе жатып, жауын суының қарсы алдында жатқан тасқа сәл бөгеліп, оның екі жағына бөліне сар­қырағанын көреді. Бірақ тастың артқы жағында шөп-шалаң жи­на­лып қалғанын байқайды. Оны қатты ағын су неге іліп әкетпей жатыр, мұны не ұстап тұр деген ойға қалады. Бұл – бір. Кейінірек осы құс қалай ұшады деген ой тағы да мазалайды. Ол ауада қалай қалықтайды, деген ой оны құс қанатына әкеп тірейді. Қанатын қаққанда құс ұшады, ал қақпаса, ол топ етіп жерге құлайды. Сонда мәселе қимылдаған қанатта деп ой қорытады. Ақырында қанат қозғалғанда көтеретін күш қалай пайда болатынын зерттейді. Ауыр денені сол ауада ұстайтын күш қанат құрылысында дей келіп, оның формуласын жасап, ұшу теориясын ашып, нәтижесінде ғылымға үлкен жаңалық ендіреді. Сиреген ауа өзіне шөп-шалаң тартады, не жоғары көтереді. Көтеру күші дегеніміз – осы. Құс та, самолет те ауада қалық­тайтыны содан. Бірақ ұшақ кө­те­рілуін көтерілсе де, ауада тепе-теңдік сақтай алмай, құлай беретін болған. Енді оның көк жүзінде ұшуын қалай тұрақтандыруға болатынын анықтау үшін ұшақтың моделін жасап, сол модельді әлемде бірінші болып аэродинамикалық труба арқылы бақылайды. Сөйтіп, әр дененің орталық салмақ нүктесі болатынын зерделейді. Сол нүктені тапса бол­ғаны, ұшақ құламайтын болады. Ұшқыштар өмірі сақталады. Міне, бұл Н.Е.Жуковскийдің ұшу теория­сы­нан кейінгі екінші жаңалығы еді. Осының бәрін Н.Е.Жуковский Бау­ман техникалық жоғары учи­лище­сінде сабақ беріп, дәріс оқып жүріп жасады. Бұл да студенттер ауди­ториясының профессор-оқыту­шыға тікелей творчестволық әсері еді.
Кейін Кеңес үкіметі ЦАГИ (Ор­талық авиа гидродинамикалық инс­титут) ашып, авиацияны мейлінше дамытты. Әнеки, студенттер нағыз ғалымды рухтандырып, оған шабыт береді. Студенттердің өздері де он­дай ұстаздан қуат, жігер, білім ала­ды. Дамыған елдерде де ғылымды дамытатындар тек оқу ордаларының ғалымдары. Оларға ең тиімді рухани лаборатория – студенттер ауди­ториясы.
Н.Е.Жуковскийді Петербург Ғылым Академиясы академик етіп сайламақ болып, шақырады. Бірақ Н.Е.Жуковский оқытушылық қызметті Академияға айырбастағысы келмейді. Академик атағынан бас тартады. Себебі, егер ол академик атағын алар болса, Петербургке көшу керек еді. Жастарға дәріс оқып, олармен ой бөлісу өзінің жұ­мыс жүргізу қабілеті мен бойындағы мол творчестволық потенциалының көзін ашатынын түйсінген ғалым, ертеңгі ізденістерін де баянды ету үшін биік атақтан бас тартады. Нағыз ғалымдар сондайлардан шы­ғады. Бұл – менің өмірден түй­ген­дерімнің қорытындысы. Универ­ситет – теоретик ғалымға тап­­тыр­­майтын орын. Ал ізденіс иесінің талантын ашатын ғалым-ұстазды тыңдап отырған, аудитория­дағы ойы, жүрегі таза студенттер қауымы. Сені творчестволық тұр­ғыдан шабыттандыратын ондаған, жүздеген жастардың қадалған көздері, бет-бейнесі, ынтасы. Бұл – заң­дылық. Ал оқу ордасы беделін кө­­теретін, оның озық ойлы, талантты ғалымдары.
Шынайы ғалымдар ешуақытта мансап қумайды. Студенттерсіз ол бойындағы дарынын, талантын дамыта алмайды. Жастарға керегі соны ой, жаңаша көзқарас. Білімді лектордың әр лекциясы – ол твор­чество. Жақсы лекция оқулықты қайталамайды. Тақырыпты негізге алып, оқулық бағытында оны жан-жақты толықтырып, логикаға құ­рып, тереңдетеді. Ой салып, студент­тер санасын қозғайды. Олардың алдында бедел алу қазір оңай емес, өте ауыр жұмыс. Ол үшін көз­майың­ды тауыса ізденуің керек.
Келешекте оқулықтар да логи­калық тұрғыда жазылатын болады. Тек дерек, дәйекке ғана сүйеніп қоймай, лекциялар логикаға негіз­делетін болады. Бұл алдымен оқулық көлемін ықшамдатады. Екіншіден, жастардың сезімін, ойын қозғап, қанаттандырады.
Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асты. Бірақ бірде-бір рет оқулықтар талқыланған емес. Бұл – күрделі мәселе. Оқулықты шыңдау үшін жазғы демалыс кезінде тал­қылап отырған жөн. Өйткені, оқу­лық – идеология, негізгі мемле­кет­тік құрал. Біреудің жекеменшігі емес. Интернет заманында лекция оқу да оңай емес. Бұл – өмір шын­дығы.
Жалпы, баса назар аударар бол­саң, тірлікте көңіліңе түйер мәселе­лер көп. Әрине ол талғамың мен білік, біліміңе байланысты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір