Бәрінен де сол қайғы
11.06.2018
1295
0

Қомағайлық сарқыны
Құлқын құлы арқылы
Тізгін бермей барады,
Етек алып қарқыны.

Сыбайластық жымысқы,
Шайқалтып тұр ырысты.
Рухымызды ойрандап,
Тарылтып тұр тынысты.

Ау, туғандар, қараңдар,
Бұған қандай шараң бар.
Жемқорлардың барлығы,
Оқымысты адамдар.

Бұл өтірік демеңдер,
Деседі: «біз кемеңгер».
Көбейіп тұр халықтың,
Несібесін жегендер.

Қайсыбірі жандарал,
Қарсы шықсаң жан алар.
Шенділермен сыбайлас,
Шекпенділер және бар.

Жиілетіп бүрмесін,
Қалыңдатып іргесін.
Солардың жолын ұрпағы
Жалғастырып жүрмесін.

Онда жағдай оңбайды,
Бәрінен де сол қайғы!

_________________________________________________________________________

Құпия сыр

Қызым,
Бұртима, тырыспа,
Қане айтшы,
Осы қылығың дұрыс па?
Әкеңдей адамға
Шығам дейсің тұрмысқа.
Ол жетпісте,
Жиырма екіде
Сенің жасың.
Айналайын,
Қор болады ғой,
Алтын басың! –
деп анасы зарлап отыр.
Көз жасын парлап отыр.
Қызы болса,
Өз шешімін құптап,
Сарнап отыр.
Ал «жігіті»
Шылқыған бай,
Қазан-ошағы май,
Төрт түлігі сай,
Еті тірі,
Тұлғасы ірі –
Астында «тағы» бар,
Басында «бағы» бар,
Шонжардың бірі.
Сөйтсе,
Оқиға сыры басқада екен.
Гәптің бәрі –
Мәнсап пен ақшада екен.

_______________________________________________________________________

Тек жүрсең,
тоқ жүресің

Тс.с.с… үндеме,
Жемқорларды күндеме.
Басыңа пәле табасың,
«Сыбағаңды» аласың.
Ажалыңнан бұрын-
Өлесің де қаласың.

________________________________________________________________________

Асықпаңдар

Озбырлықпен күн көрген,
Әдеп жолын мін көрген,
Әпербақан,
Тоңмойын,
Пасықтар бар.
Аузынан сөзі түскен,
Қойнынан бөзі түскен,
Жасықтар бар.
Түбінде осы топтар
Өзара қырқысады
Асықпаңдар!

_________________________________________________________________________

Неге олай, бұл қалай?!

Ау, ағайын,
Айтыңдаршы?
Осы құрылысшылар
Сауатсыздар ма,
Жауапсыздар ма?
Әлде
Маскүнемдер ме,
Қаскүнемдер ме?
Неліктен
Салған ғимараттары
Ұзаққа бармай,
Құлап жатады?
Тұрғындары зардап шегіп,
Бала-шағасы жылап жатады.
Неге олай?!
Жолшылар деген қауым бар,
Жолдарды жөндеп,
Сылап-сипап өңдеп,
Жарқыратып қояды.
Бұл тірліктеріне
Көз қуанып,
Көңіл тояды.
О, тоба,
Бірер айдан соң
Әлгі «әйбәт» жолдар
Қопарылып жатады.
Жел соқса шаң-тозаң,
Жауын жауса ми батпақ,
Басталады шатағы…
Бұл қалай?!

________________________________________________________________________

Ақсақалдың талабы

Сексендегі ақсақал,
Әлі сергек.
Билегенін көрсең
Қол-аяғын сермеп,
Жастардан қалыспайды.
Бірер жүз коньякті,
Тартып алады.
Домбыраны безектетіп,
Ән салады.
Сол ақсақал,
Бүлініп отыр.
Жер тепкілеп жінігіп отыр.
– Әй, балам, Сапар, – дейді
Мені шетелдерге
Демалысқа апар, – дейді.
Қызық көрмей бұл әкең
Қалай тыныш жатар, –
Таңы қалай атар, –
Күні қалай батар, – дейді.
Әй, көк соққан көкімей,
Апар деген соң, апар! – дейді.

________________________________________________________________________

Құбылмалы бейне

Емші кепті Арқадан,
Тамыр ұстап,
Дем салып,
Қан алады арқадан.
Байқалмады өзгеріс,
Емделсе де қанша жан.
Кейін білдік көзелің,
Тартқан екен сазайын
Козино мен картадан.
Әшкереленіп қылығы,
Былығы мен шылығы.
Алдында айып тұрды.
Бұл қауіпті білді де,
Миығынан күлді де.
Бұл жерден тайып тұрды.
Емін жасап жолшыбай,
Қарастырып мекен-жай.
Атырауға жетіпті.
Аңқауларды жағалап,
«Мамандығын» жаңалап,
Көріпкел боп кетіпті.

_________________________________________________________________________

Дәстүрдің дұрысы бар, бұрысы бар

Атам заманда да,
Барымташы болған
Қарымташы болған.
Ұры-қары болған
Жеке-дара болған.
Жалақор да болған,
Пәлеқор да болған.
Парақор да болған.
Насыбайшы да болған.
Мұның бәрі-
Атадан қалған дәстүр емес пе?!
Бүгінгі ұрпақтар
Соларды жалғастырып жүр емес пе?! –
деп, бір отағасы қақсап отыр.
Осы жолда жүрген «пысықтарды»,
Шаң жуытпай мақтап отыр.
Келетінін кім білген
Шайтан қайдан,
Жын қайдан.
Дәстүрдің
Озығы, тозығы бар,
Соларды айыра алмаған
Сақтасын құдай мұндайдан!

Советхан Қалиғожин. ШҚО, Өскемен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір