Отаншыл сезім ұялатқан…
11.06.2018
2011
0

 

Дана халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінде үлкенді сыйлау, ізет білдіру, өткенді құрметтеу, ата-бабалар рухына тағзым ету тәрізді игі қасиеттер мол. Солардың бірі ұрпақтар айта жүретіндей өнегелі із қалдырған, тарихта өзіндік орны бар тұлғаларды еске алып, олардың рухына құран бағыштап, ас беру дәстүрі.

_________________________________________________________________________

Жуырда Оңтүстік Қазақстан об­лы­сына қарасты Созақ ауданының Сыз­ған ауылында өткен осындай бір игі шараның куәсі болдым. Атап айт­қанда табиғаты әсем қарт Қа­ра­таудың етегіндегі айналасы ат шап­ты­рым жасыл алқапқа қоныс тепкен Сыз­ған ауылында орналасқан Саң­ғыл би кесенесіне жиналып, баба ру­хына арнап ас берген халықтық рә­сімге қатысудың сәті түсті.
Жалпы, көне Созақ өңірі қа­зақ­тың ежелгі тарихына бай өлке ғой. Мұнда аяқ басқан адам хал­қы­мыз­дың сонау бағзы замандардан сыр шер­тетін талай ескерткіштеріне тән­ті болары сөзсіз. Созақ аулын­да­ғы Қарабура әулие, Хақназар хан ке­сенелері, Құрбан ата бейіті, Бабата ауылындағы Ысқақ баба кесенесі, Құм­кент ауылындағы Баба Түкті Шаш­ты Әзиз кесенесі, Ақсүмбе ауы­лындағы Ақбикеш мұнарасы – бұ­лардың әрқайсысы сан ғасырлық өт­кенімізді көз алдымызға елес­те­тетін шежірелер.
Жоғарыда өзіміз әңгімелеген Саң­ғыл би кесенесі де осылардың қа­тарында аты аталып жүрген тари­хи орындардың бірі. Бұдан бұрын да баспасөз беттерінде есімі аталып жүрген Саңғыл би жөнінде қысқаша тұ­жырымдар болсақ, ол – заманында дү­ниені дүр сілкіндірген және оның төңі­регіндегі дау-дамай күні бүгінге дейін толастамай келе жатқан атақ­ты қолбасшы Шыңғысханды қазіргі Шы­ғыс Қазақстан облысының Шың­ғыстау баурайында ақ киізге отырғызып хан көтеруге қатысқан қа­зақтың әйгілі биі Майқының за­мандасы болып шығады. Замандасы ға­на емес, Майқымен үзеңгілесе жү­ріп, ханды таққа отырғызушы он екі бидің бірі.
Қазақ даласында болған бұл та­рихи оқиға жөнінде заманымыздың заң­ғар жазушысы Әбіш Кекілбаев 1997 жылдың 14 наурызында «Еге­мен Қазақстан» газетінде жария­лан­ған «Елдік пен ерлік киесі» атты та­­­рихи эссе­сінде былай дейді: «Ескі аңыз бойын­ша, Шыңғысты ақ киізге кө­теріскен үйсін Майқы биге хан: бұ­дан былай ұраның – салауат, құсың – бүркіт, ағашың – қарағаш, таңбаң – сүргі болсын», – депті. Қоңырат Саң­ғыл биге: «ұраның – қоңырат, құ­сың – қыран, ағашың – алма ағаш, таңбаң – ай болсын», – депті». Ал 2000 жылдың 7 желтоқсанында «Астана ақшамы» газетінде жа­рия­ланған «Рухани түлеуіміздің көк­жие­гі» атты мақаласында: «Қара­тау­да ұлтымыз қалыптасар тұстың ұлы тұлғаларының бірі, атақты Майқы бидің замандасы Саңғыл би мен Са­рыарқада ХVІІІ ғасырдағы ұлт-азат­тық күресінің көсемдерінің бірі, даңқ­ты қолбасшы Қабанбай ба­тыр­дың кесенелерінің көтерілуі тарихи са­намызды тереңдетіп, отаншыл санамызды биіктеткен оқиғалар бол­ды», – деп түйіндейді.
Жалпы алғанда, Саңғыл бидің есі­мі орыс және қазақ тілдеріндегі бір­сыпыра зерттеу еңбектерде ата­ла­ды. Бұл орайда Н.А.Аристовтың «За­метки об этническом составе тюркских племен и народностей и све­дения об их численности» (СПБ, 1897) деген еңбегін айтуға болады. Ш. Құдайбердиевтің «Шежіресінде» Саң­ғыл бидің аты Сеңгеле деп беріл­ген. Аса көрнекті ғұлама, қазақ тари­хы­ның білгірі А.Машановтың әл-Фа­рабиге арнаған зерттеулерінде бұл есім анығырақ – «Саңғыл» деп жа­зылған. Ал жазушы Қ.Сал­ғарин­нің зерттеуінде «Саңғұлы би» делін­ген. Дерек көздерінде аты аздап бұр­­­маланып айтылуына қарамастан, мұның бәрі нақты бір адам – Саңғыл би екені шүбәсіз.
Соңғы жиырма шақты жыл ішін­де бұл тарихи тұлға туралы зерт­теу аясы кеңейе түсті. Ол жөніндегі мәліметті Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген «Қазақстан» энцик­лопедиясынан да табуға болады. Академик Салық Зимановтың же­тек­шілігімен «Мәдени мұра» мем­ле­кеттік бағдарламасының аясында жа­рық көрген «Қазақтың ата заңда­ры» атты 10 томдық жинақтың ІІІ томында «Саңғыл би» атты зерттеу ма­қала жарияланды. Кейінгі кезде би жөнінде қалам тербеушілер қа­тары молайып, баспасөз бетінде зерт­теу мақалалар жарық көре бас­тады. Атап айтқанда бұл бағытта Оң­түстік Қазақстан облысының Со­зақ ауданынан Рахманберді Жап­парқұлов, осы облыстың Кентау қа­ласынан Рақым Балабиев, шым­кенттік Сәрсенбек Сахабат, алма­ты­лық Әділхан Берікқараев тәрізді аза­маттар қалам тербеп жүргенін ай­та кеткеніміз жөн.
Тарихта із қалдырған осындай тұ­лғаларды неғұрлым кеңірек на­си­хаттау, олардың үлгі-өнегесін жас­тарды отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеуге пайдалану, ең бастысы – елді ынтымаққа, бірлікке шақыру құралына айналдыру – ас берудің негізгі мақсаты болса керек.
Міне, осындай мақсатпен жыл сайын берілетін астың биылғысы бұ­рынғылардан өзгешелеу, аясы кең­деу болғанын аңғардық. Біздің ойы­мызша бұған Қазақстан
Рес­пуб­ликасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» ма­қа­ласында айтыл­ған құнды пікірлер игі ықпалын тигізген.Онда ел аум­а­ғындағы қа­сиет­ті орындарды өзара сабақтас­тыра отырып, ұлт жадында бір­тұтас кешен ретінде орнықтыру үшін «Қазақстанның киелі жер­ле­рінің географиясы» жо­басын жүзеге асыру тапсырылған еді.
Осыған орай «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығы дүниеге келді. Осы мекеменің ди­рек­торы, белгілі қоғам қайраткері, ұлт­жанды азамат Берік Әбдіғалиұлы басқарған ұжым Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құры­­лып, белгілі ғалымдар мен қо­ғам қайраткерлері топтастырылған сарапшылар тобымен бірлесе жұмыс істей отырып, үлкен шаруалар тын­дырғанын атап көрсетуіміз керек. Соның бірі «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» атты жо­баның аясында «Қазақстанның жал­пыұлттық қасиетті нысандары» жә­не «Қазақстанның өңірлік қа­сиет­ті нысандары» атты қос томдық­тың жарық көруі дер едік.
Республикамыздың барлық өңір­леріндегі тарихи ескерткіштерді қам­тыған көлемді де салмақты ең­бекке Саңғыл би кесенесінің де ен­гі­зіліп, тарихының баяндалуы биыл­ғы асқа жиналған ағайынның мәр­­тебесін бір көтеріп тастады. Әсі­ресе, үлкен жиын­ға сонау Аста­на­дан әдейі ат басын бұрып, сарап­шы­лар тобының мүшесі, танымал ака­демик, қоғам қайраткері, фи­лософия ғылымының докторы, про­фессор Ғарифолла Есім мен «Қа­сиетті Қазақстан» ғылыми-зерт­теу орталығы директорының орын­ба­сары Анар Екімбаеваның келуі, жұрт­шылық алдында сөз сөй­леп, ру­хани жаңғыруға байла­нысты Ел­басының алға қойған межелерін тү­сіндіруі халықтың серпілісін ту­ғызды.
«Саңғыл би» қорының прези­ден­ті Бәкен Мақұлбеков жиынды ашық деп жариялағаннан кейін ака­демик Ғарифолла Есім тарихтың те­реңінен әңгіме қозғап, қазақ деген ел­дің өткені мен бүгіні жөнінде те­біренді. Ақын Қадыр Мырзалиев айт­қандай, қалың тарихымыздың оқу­лығы Кеңес үкіметінің кезінде жұп-жұқа болғанын, қазір Құдайға шүкір, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгенін, ХІІІ ғасырда өмір сүрген үлкен тұлға Саңғыл би есімінің жаң­ғырып, кесенесінің көтерілуі соның айқын айғағы екенін, ендігі жерде биге қатысты зерттеу жұмыстарын бұдан да тереңдетіп, бүгінгі заман тех­нологиясының күшімен дерек­тер­ді байыта түсу керектігін жеткізді. Мұнан кейін сөз алған «Қасиетті Қа­зақстан» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы директорының орынбасары Анар Екімбаева өзі қызмет ететін орта­лық­тың компьютрлік базасында Қа­зақстанның киелі жерлері, оның ішінде Саңғыл би жөнінде де дерек­тер қоры жинақталу үстінде екенін, тарихымызға қатысты мате­риал­дарды байыта түсу мақсатында ор­талық қызметкерлерінің Қазақ­стан­ның жер-жерлеріндегі өл­ке­танушылармен үнемі байланысып тұратынын айта келіп, жергілікті өлкетанушыларды Саңғыл би туралы деректерді мо­лық­тыра түсуге атсалысуға ша­қыр­ды. Сөзінің соңында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қа­сиет­ті нысандары» атты қос том­дықты кесенеге байғазы ретінде сый­ға тартты.
Жиын соңы Қазақстан Жазу­шылар одағы поэзия кеңесінің мү­ше­сі, танымал ақын, «Мыр­зашөл» жур­налының Бас ре­дак­торы, Мыл­тықбай Ерімбетовтың Саң­ғыл биге арнап өлең оқуымен, осы журналдың Саңғыл биге арнал­ған нөмірінің 500 данасын жұрт­шы­лыққа тегін тара­туымен, би жөнінде де­ректі фильмді, жергілікті көрке­мө­нерпаздардың би өмірінен дайын­даған қойылымын, концертін та­машалаумен, түрлі спорттық ша­ралармен, ас беріліп, Саңғыл би рухына Құран бағыш­таумен одан әрі жалғасты.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымының
кандидаты,
мәдениет қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір