Ырым-сенім – ұлт ерекшелігі

0
18 қаралды

 

Әр кезеңде өмір сүрген шетел барлаушылары мен саяхатшылары өз күнделіктері мен естелік кітаптарында табиғатпен етене жақын, дана да дегдар қазақ туралы қайран қалып тамсана жазғанын бәріміз жақсы білеміз. Басқасын қойып бір ғана ырым-сенім жөнінде сөз қозғамақпыз.
Сол бір өткен замандарда қазақ жеріне келген «саяхатшылардың» аса көп болғанын, және бірнешеуінің жазбаларына «Қазақ бүркітшілігінің әліппесі» кітабымыздың «Түйін» атты бөлімінде арнайы тоқталған болатынбыз (Д.Әлбозым. Қазақ бүркітшілігінің әліппесі. Алматы. ҚазАқпарат, баспасы, 2013. 224-226-беттер). Сонымен бірге қазіргі кезде әр сала бойынша қазақ туралы түбегейлі зерттеу жүргізіп отырған арнайы мекемелердің бар екенін де айтқан едік. Бұл мақаламызда бұрын айтылмаған екі «саяхатшыға» тоқталмақпыз.

_________________________________________________________________________

Алғашқысы – негізін ұлы Шың­­ғыс-Қаған құрған қағанат­тың жай-күйімен танысу мақ­сатында 1245-1247 жылдары Рим папасының бұйрығымен жалған елшілік қызметті желеу етіп, не­гізгі мақсаты әскери және дін та­рату мүмкіндігін барлау болған – Иоан де Плано Карпини.
Екіншісі де араға он жыл са­лып осы мақсатпен келген – Ул­лиям Рубрук, Франция королі ІХ – Луистың тапсыруымен келген. Әзіргінің қазағы болмаса ол кез­дегі ата-бабаларымыз барлау-сарлау дегеніңізді қаперіне де алмаған. Келсең кел деп қабылдай берген. Неден қорықсын, жарты әлемді билеп отырған ұлы импе­рия. Қайта алыстан келген сыйлы қонақ деп барын алдына қойып, жол азығын, жол бекеттеріндегі, ордадағы жатын орнын, ішіп, жемін, көлігін қамдап беріп нағыз қазақы мінез көрсеткен. Онысы да дұрыс болған екен, бұл екеуінің жазып қалдырған (П.Карпини. Моңғол тарихы, У.Рубрук. Шы­ғыс­­қа сапар) еңбектері арқы­лы (екеуін де ескі қытай тілінен аударған Тілеуберді Әбенайұлы) Шыңғыс-Қаған ұлысының мекені қазіргі қазақ жері, халқы алаш жұрты екеніне бүге-шігесіне дейін көз жеткізуге болады.
Біздің айтайық дегеніміз бұл емес. Оған көз жеткізгенімізге та­лай уақыт болған. Екеуі де басқа көр­ген-білген кереметтерімен бір­ге (әлемде жоқ мыңғырған мал, отпен аластау, табалдырық бас­пау­ды қадағалау, жылқы етінен қазы айналдыру, өздері жақсы көріп ішкен телегей-теңіз қымыз, тіпті тілмашы масайып қала берген, тасаттық шалу, өз дініне ешкімді зорлап кіргізбеу, отты пышақпен кеспеу, отты пышақпен түрткіле­меу, қамшы таянбау, сүйекті отқа тастамау, ақты, тамақты жерге тө­ге салмау, жағын таянбау, дастар­хан басында басты салбыратып отырмау, марқұмның мінген атын тұлдау және оны асына сою, қа­зыл­ған көрдің бір бүйірінен ақым шығару, (әлгі ақымға марқұмның ең сенімді серігі жатып кең-тарын өз денесімен үш қайтара өлшеуі) толып жатқан тағысын та­ғы­лар туралы тәптіштеп жазыпты. Қазақтың бүкіл салт-дәстүрін жіп­ке тізгендей етіп көрсетіпті. Бұл елді қайтіп қазақ демессің, Сіз қалай ойлайсыз қадірлі оқырман, жоқ әлде кейбіреулер айтқандай бұл елді және оны басқарған Шың­ғыс-Қағанды қазақ деуге әлі ерте ме?
Біздің айтайық дегеніміз екеуі де: «Бұл ел киізден, жібектен қу­ыр­­шақ жасайды, оны төрге, күй­меге, босаға жаққа іліп қояды. Оғ­ан аса құрметпен қарайды, иіліп сәлем береді, моңғолдар, яғни, та­тарлар бір Жаратушыға сене тұ­рып өлгендердің қуыршақ мүсінін жасайды. Оған ең бағалы матадан киім кигізіп, «бұған ешкім соқ­тық­пайды» деп жазып қойыпты. Бізді ойландырған осы жәйт.
Жалғыз Тәңірге табына тұрып ата-бабаларымыз пұтқа да (қуыр­шақ түріндегі) табынған ба? Бұл мүмкін емес. Әлде авторлар қа­те­лес­­кен немесе аудармашылар бұр­ма­лаған дейін десең, оның да қи­сыны келмейді. Олар екі адам, келіп кеткен уақытының арасы он жыл. Екеуі екі мемлекеттен кел­генін жоғарыда айтып өттік. Тіпті екеуі бір-бірімен кездеспеген, бір-бірін білмеуі де мүмкін. Өйткені кейінгісінің сөз саптасы солай. «Ме­нің алдымда бұл жаққа қа­сиет­ті Андрей монах келіп ке­тіп­ті», – дейді. Бұдан олардың аз еместігі де байқалғандай.
Орыс халқында «Іздеген адам таппай қоймайды» деген мәтел бар. Ақыры есімізге түсті. Бұл кәдімгі абақы – үйдің, қораның іште тұратын қарақшысы. Сыртта қарақшы, үйде – абақы. Қуыршақ емес, тас түймеден тағылған екі көзі бар дорба. Шеберлер сыртын оюлап, жын-шайтан қызықсын деп әлеміш-жәлеміш етіп жасай­ды. Алғаш көрген адамға қуыршақ тәрізді болып көрінуі әбден мүм­кін, оның үстіне іші бос емес. Көзі жаман адамның көзі алдымен әш­екейлі дорбаға, екі «тас көзге» түссін деген кеп. Ал ішіне бір уыс тұз, бір уыс шақпақ көмір, бір шүй­ке түйе шудасы, үш-төрт тал бүркіт, немесе үкі қауырсыны, ең соңында қасқырдың өті салынады. Үйге кірген зәрлі нәрсе, жын-шайтан түйе шудасына оралып, тұзға күйіп, шақпақ көмірге сүзі­ліп, қауырсындардан қаймығып, қасқыр өтінің уытынан үркіп жоғалады деген ырым-сенім. Қа­зіргі тілмен айтқанда теріс энер­гиядан қорғайтын күрделі сүзгі-құрылғы. Өз қызметін мінсіз ат­қар­ған мұндай құрылғыға ризалықпен қарап, тіпті иіліп сәлем беріп қоюдың да еш ерсілігі жоқ деп ойлаймыз. Өйткені, абақы дегеніміз – қазақтың әдет-ғұрыпы мен ырым-сенімінің нәтижесінде дүниеге атам заманда келсе де, осы күнге дейін сақталған құнды жә­дігерлердің бірі.
Атының өзі айтып тұрғандай көне түркі тілінде аб, ап, ав, аш – үй, баспана деген мағына берсе, ақы, ағы – үйдің иесі, киесі деген ма­ғына береді екен. Қазіргі қазақ­тың «ақы – иесі» деген сөзі содан қалған. Үйді, әрине, бірінші кезекте иесі қорғайтынын ескер­сек, үйдің қорғаушысы деген ұғым өзінен өзі шығып тұр.
Сөз басында кейбір бауырла­ры­мыздың Шыңғыс-Қағанды қазақ деуге әлі ерте сияқты деген пікірде екенін айттық. Ал кей­бі­реу­лері ол кезде қазақ деген атау мүлде болған жоқ дейді. Бұ­лардың алдына Левшин жаз­ба­ларын қой­дық. Шоқан Уәлиханов «Қазақтың геродоты» деп атаған Алексей Левшин қалай болса солай жаза салатын ғалым емес, өзінің «О начале киргиз-казаков» атты еңбегінде былай деп жазған екен:
«…восточные историки, ут­вер­ж­дая, что казаки, состовляли смос­тоятельный и независимый народ в отдаленнейших веках нашего летоисчисления».
Әлгі өзеуреген бауырларымыз жабыса, жабыла оқып үнсіз қалған. Әлі үнсіз. Мейлі дейік. Қазақ хандығының 550 жылдығын жақсы атап өттік. Келешекте біртіндеп ары қарай оның 1000 жылдығын, тіпті 4000 жылдығын дүркірете тойлармыз. Әзірге қа­зақ­ты тануымыз керек, өзімізді өзіміз танымай жүрген сияқты­мыз. Арғысын қойып, былтыр (2017 ж.) Италияны түгелге жуық аралау сапарымызда Венециядағы үйінде болған Иоан Плано Кар­пи­ни­дің 1245-1247 жылдары Сартақ ноян, Бату хан, Күйік қаған орда­ла­рында болып, қазақ жерін екі рет ары, бері жүріп өткендегі жаз­ба­ларына бір сәт көз салайықшы.
1. Өз билеушісін сыйлай білуде басқа еш жұрт олардың алдына түсе алмайды.
2. Үлкенді өзгеше сыйлайды, ешқашан қарсы келмейді.
3. Кекесіп-мұқасып, айтысып-тартыспайды, былапыт сөзге барыспайды.
4. Араларында ешқашан тө­бе­лес, ұрыс, жазым қылу секілді жәйттер болмайды.
5. Ұрлық, тонаушылық, қа­рақ­шылық деген атымен жоқ. Құлып салу дегенді білмейді.
6. Малына бөтен мал қосылса, айдап салады немесе жоғалғанды табыстыратын арнаулы орынға мәлімдейді.
7. Олар ерекше сыйласымды, өзгеше меймандос.
8. Кедей-кепшіктің де пейілі кең, керемет көмпіс, бір-екі күн ас-сусыз жүріп қалса да еш тарыл­майды, тоқ кісідей әндетіп, әзілде­сіп жүре береді.
9. Ат үстінде қақаған аязды, шіліңгір ыстықты елемейді.
10. Олар пасықтық, күншілдік дегенді білмейді.
11. Олардың арасында арыз-шағым деген атымен жоқ. Бір-бі­рін қақпайламайды, қайта бауы­рына тартады.
12. Әйелдерінің пәктігі сондай, ешбір бөтен еркектермен өсегі болып көрген емес.
13. Еркектері кейде күлмек үш­ін бұралқы әзіл, бәдік қалжың айтады. Біз олардың арасында бүлік туылғанын көрмедік.
14. Олар кейде шарапқа мас болады, алайда оның желігімен ұрыс-жанжал шығармайды.
15. Олар өркеуде, жат жұртқа олар соншалықты салқын әрі ымы­расыз келеді. Сен кім болсаң да көзге де ілмейді, сыйламайды да. Бір-біріне бауырмал. Олар үшін жат адамды өлтіре салу түк емес.
16. Ұлдардың мәртебесі бәйбі­шеден немесе тоқалдан туғанына қарап бөлінбейді. Енші бөлу бә­ріне бірдей. Тәжге (таққа) ие болу да солай.
17. Олардың әйелдері қанша көп болса да күндестер арасында ұрыс, қызғаныш болмайды.
18. Еркектері аң аулайды, ат үстінен садақ тартуға жаттығады. Олардың жас баласынан егде кісі­сіне дейін нағыз қас мерген бо­лады.
19. Балалары екі-үш жасынан бастап-ақ атқа мінуді үйренеді де содан ары қарай аттың басын өзі алып жүретін, құйғытып шабатын болады.
20. Үлкендер балаларына өзіне шақ садақ жасап беріп, оларды әскери өнерге жаттықтырады. Ал олар өте қағылез, ерекше батыр сарбаз болып жетіліп шығады.
21. Қыз-келіншектері де аза­мат секілді шебер шабандоз, садақ асынып, қорамсақ тағынып жүр­генін көрдік.
22. Олар атқа өте бапкер, мү­лік­ке ерекше бұйымтақ келеді.
23. Барша әйел отбасында зор билікке ие. Олар тіпті ерлерше жорыққа да қатысады.
Сол дәуірдің қазағын таны­ғы­сы келген және одан кейінгі кез­дегі қазақты танитын адамға бұл дегеніңіз алтыннан да қымбат мәліметтер. Бұлардың әрқайсысы туралы ой толғауды өзіңізге қал­дыр­дық қадірлі оқырман.
Осынау ұлтымыздың алтын қазы­ғы іспеттес салт-дәстүрі­міз­ден, мінез-құлқымыздан, қазақы табиғатымыздан, бөтен мал келсе айдап салатын кіршіксіз жан-дүниемізден адаспасақ қана елді­гіміз бекіп, санамыз уақыт шаңы мен әдейі ұйымдастырылған тарих тұманынан тазаланары сөзсіз. Сонда ғана сырт адамдардың кезін­де әртүрлі жағдайларға бай­ла­нысты жазып кеткен жаңсақ мә­ліметтерінің ұшығына шыға аламыз.
Қаншама аласапыран заман­дар өтсе де салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыз бен ырым-сенімімізді жақсы білген жағдайда ғана өз бірлігін ұстап тұра алатын біртұтас этнос болып қалыптасамыз. Ұлт­тың рухани жаңғыруы дегеннің өзі де осы болса керек.

Данияр ӘЛБОЗЫМ,
этнограф, жазушы.

Пікір қосу