Біз бір құс ұшу білмес ұядағы…
08.06.2018
1277
0

Біз бір курста, бір группада оқыдық. Аралдың майда толқындары тербеткен қияли қыздың ғажайып өлеңдері бірінші курста-ақ әдеби ортаның мойынын жалт қаратып еді. КазГУ-дің №5 жатақхансының 312-бөлмесінде менің жан-жарым екеуі бір бөлмеде тұрды, дос-жар құрбы болды. Сабақтан кейінгі сауық-сайран, театр, әдеби кештер, студент дастарханында оқылатын тамаша жырлар, талқылаулар…
«Жал-жал толқындарға жыр жаза келген Жақайым қыздың жырлары жарты әлемге таңдай қақтырар» деп үміттенетін едік. Үркер жұлдыз анық көрінген ІІІ курстың жазында үйлі болып біз кеттік. Аудиторияны тастап шығып Аманөткелге ол кетті. Содан Алматыға оралмады. …Аракідік Алатауға қарай ыққан желден хабар естиміз. Елде екен, ойда екен, қырда екен деген. Жақында әлеуметтік желі арқылы тағдыр-тақтасына тәпсірлеген бір топ өлеңдерін жіберіпті. Оқып көріңіздер…

Жанарбек ӘШІМЖАН.

_____________________________________________________________________

 

 

 

 

 

Самал ЖАЛЫМБЕТОВА

_____________________________________________________________________

Жесір

Астананың көктемі.
Барам қарда,
Тәтті үмітпен қарадым фонарларға.
О, қырық жыл үмітім ақталмаған,
Алдамайтын адал жан табам ба, Алла?

Астананың көктемі түсінеді,
Алдамшыға сенбеңіз, үсіреді!
Неге ешкімге сенбейді сұлу жесір,
Бал деп ойлап, талай у ішіп еді.

Тірілтпеңіз жерлеген жас жүрегін,
Жібітпеңіз жырменен тас жүрегін.
Ойнамаңыз от қойып кеудесіне,
Тәтті сөзбен аңқыған ащы лебі.

Солғын тартқан жамалын мақтамаңыз,
Сәл миықтан күлер ол жаққан аңыз.
Ант ішіп ал ер болсаң, әрсіз қолын,
Ақ некенің сертінен аттамаңыз.

***
«Құс болсаң, жібектен бау тағар едім..
…Қолға алып, сылап-сипап бағар едім»
Халық әні «Қараторғай».

Атбегі де өзің, құсбегі де өзің,
Жеті өнер сыйған бойыңа.
Тіліңмен жырлап іштегі сезім,
Түсірдің міне, торыңа.

Құсың боп қонсам торыңа барып,
Күлсе де елім «қате» деп.
Үйретер ме едің қолыңа алып
Балапан қаздай мәпелеп.

Шайыр да сенсің, шабандоз тағы
Даңқыңа мәлім шартарап.
Алдыңа түсіп адам озбады
Туғалы сән мен салтанат.

Атбегі де сен, құсбегі де сен,
Адамның өзің асылы.
Өңім де емес, түстегі әсер
Ғасырдың бәз бір ғашығы.

***
Қайран шешем, қартайдың, қалжырадың.
Суретіңе қарап ап, ал жыладым.
Егеміздің қаймығып қабағынан,
Есігімнен аттамай абдырадың.

Қайран шешем, бұл неткен заман болды,
Дін үйретер тасжүрек арам қолды.
Аунап, қунап жата алмай төрімізде,
Өз балаңа бара алмай шараң толды.

Күзетесің шалыңның шаңырағын,
Жан қалмаған ұл-қыздан бәрі маңып.
Үйің тола бала еді бір кездері,
Тату-тәтті сол кезді сағынамын.

Жұбату

Мен бүгін бір-ақ күн өлікпін,
Ал ертең жаңа өмір басталар.
Астына түспеймін көліктің,
Жанынан түңілсін басқалар.

Мен бүгін бір-ақ күн тілсізбін,
Ал ертең шешілер дос табам.
Ұтары көп-ақ қой үнсіздің,
Керек пе бос сөздер қостаған.

Мен бүгін бір-ақ күн қиналам,
Арылып ондаған жылдардан.
Ал ертең бір баққа жиналам,
Шыбықтай сәл ғана бүр жарған.

Сүлейдің серті
(Жырбастау)

Сияңнан аққан әріптер
Бағың ба, әлде сорың ба?
Раббыңның атын дәріптеп,
Сертіңді сүлей орында.
Қолыңа қалам алғаның –
Ілгенің қылыш мойынға.
Сезе алсаң сөздің салмағын,
Салынба оңай ойынға.

Атағың – сынап сырғыған,
Асылық қылып тойынба.
Менмендік деген сұр жылан
Жылынып жатқан қойында.

Тәкаппар келер әр надан,
Қатеңді жылдам мойында.
Жақсылығыңды жалмаған,
Күншілдік болса бойыңда.

Әділет – туы Алланың,
Бұйырған текті зор ұлға.
Туыңды жығып алмағын,
Пайда мен малдың жолында.

Арзанға күлсең ар кетер,
Бос сөзге егес бой ұрма.
Аз лепесін де мәнді етер,
Ақықтан терген шайырлар.

Сертіме Алла берік ет,
Еңбегімді елге хайырдан.
Қиямет күні көрік ет,
Пайдасын сөздің жайылған.

***
Өзімнен қашып тығылсам ба екен өзіме,
Надандығымнан, жамандығымнан безіне.
Ауырса жаның айыбым менің бар-ау деп,
Қарғадай балам, қарай алмадым көзіңе.

Несіне күлдім, несіне жылап зар қақтым,
Түнекті түріп, атқанда таңы Аллаһтың.
Сәждеде – маңдай, жүректе – Құран тұрғанда
Жалғанда біздей бақытты бар ма, ардақтым!

Құлшылықпенен хұсни құлық – қазынаң.
Анаңа келген иманның дәмін сезіп ап,
Шалқы да жаса!
Шаттанып жар сал ғаламға –
Субхан Аллаһ, уәлхамдулилләһ, Сөзің – ақ !

Сөзің – ақ, Раббым. Өзің – Хақ, Аллаһ Тағалам.
Шафғатың мол ғой қорғансыз, жетім анаға.
Иманның бағын көктете салдың кеудеме,
Шарқ ұрғанымда тура жол іздеп балама.

Тәубенің ғана тамшысы ақса көзімнен,
Қамсыздан қылма кәлима айтпай көз ілген.
Қас-қағым сәтке қалдыра көрме нәпсіме,
Өзімнен қашып сұрадым пана Өзіңнен.

***
Білді ме екен сол кезде жесір әжем сормаңдай ?
Бір ұл тірі қалғаны – бір ұлт тірі қалғандай.
Жетілгенде жетімі өшкен жұлдыз жанғандай,
Өлген әке тіріліп, өшін жаудан алғандай.

Жиырма төрт жасында жалыны өшкен келіншек,
Үш боздақтың жетімін бағып өскен келіншек.
Жарын жұтқан соғысқа зары кеткен келіншек,
Үш түтіннің отынын жарып өткен келіншек.

Не көрмеген жалғанда жалғыз әйел, жыртық үй,
Ұр тоқпағы заманның өтті ме екен сілкімей.
Жесір келін жеткізген жетімдердің ұрпағы
Бірін-бірі менсінбей шікірейеді, шіркін-ей!

Кіп-кішкентай кемпірді еске ала ма бүгінде ел,
Дұғасына қоса ма, Құран оқып күбірлеп?
Соғыстан соң туылған кенже қызын жерлеп кеп,
Кім екен деп әкесі, сөз етеді кір іздеп…

***
Күз патшайым шұбатылып етегі,
Аллеяға алтын шашып кетеді.
Алма бақтың төгіледі алмасы,
Алтын шаштың ағарады нешеуі?

Күз патшайым, құрбы болдым мен саған,
Үнсіз ұғам ұқсастығым соншама.
Алтын, алтын теңгедей бар ақылым,
Тегін берем қажет қылған баршаға.

***
Аңшыға аңы ғашық болғандай,
Қауіпті емес пе бұл ісім?
Жалт беріп лезде қашып қорғанбай,
Қаперсіз қалай жүрісім?

Шүріппені ұзақ баспағаныңа
Жылуың бар деп сеніп ем.
Жаутаңдай қарап қас-қабағыңа
Жақындап қана келіп ем.

Шығардың қайдан қатқыл үкімді,
Арамдық іздеп еліктен.
Күдігің жеңіп тәтті үмітіңді,
Жаралап кеттің неліктен?

***
Жәннаты бұл жалғанның иман екен,
Қатесін білген құлға қиған екен.
Ішінен адамзаттың қалап алса,
Иемнен артық қандай сый дәметем?

Ғайыпқа көрмесем де кәміл сендім,
Шүкірмен өртін бастым жалын шердің.
О, Рахман, осы ғапыл қалпымызбен
Киелі кәләмыңның дәмін сездім.

Құлыңнан Құраныңды – құтыңды алмай,
Арадай құмар қылшы зікір балға.
Иманмен ұл сүйгізген, қыз сүйгізген
Шектеусіз нығметіңе шүкір, Алла.

***

Озушылар, озмаңыз,
Озсаңыз бізім бетке бармаңыз!
Доспамбет жырау, ХVІ ғ.

Перзентхана – періштелер мекені,
Терезеге телміреді жаны бар.
Жаназасы бүгін егіз бөпемнің…
Қорықпаңыз, жерлейтін жер табылар.

Алғанбыз ба көздің жасын тауысып,
Бүгін менің селт етпейді сезімім.
Әйелдердің ақылдары ауысып,
Еркектердің еңірейтін кезі бұл.

Қайғыңызға қайыспайды бұл әлем
Кірпік қақпас кенет аштан қатсаңыз.
Төрт ұлынан айрылғанда бір әйел
Төрт сарбазын жоғалтыпты патшаңыз.
Ажалменен арпалысып мен кеше,
Бір мүмкіндік берші дедім, Тәңірім.
Тағы табам егіз ұлды ендеше,
Тірі табам болса Сенің әмірің.

Кем дүние кете қалған кетеуі.
Қияметте болса дедім өтеуі.
Сүйегімнің соңғы сөлін қалдырмай
берерімді білмеді ме екеуі.

Қызметі мен мансабының қамымен
Қатер болмай құрт деп еді көзіңді.
Жылы орынын суытпасын дәрігер,
Сыз топырақ, жылыт егіз қозымды.

Үмітсіз кім, туылмаған бала ма?
Ана ма әлде, қалмаған еш қадірі?
Баспанасы бастан қымбат қалада
Екі құлаш арзан екен қабірі.

Ғапыл – І

Кітәбімды жазып отыр періште.
Жаңыламын жол таба алмай пейішке.
Жоқшылық пен тоқшылыққа арбалып,
Менің жаным түсіп жатыр бөліске.

Ұмытылған түс секілді өмірім.
Қапастағы құс секілді өмірім.
Жылай-жылай толтырсам да теңізді
Жуылмайтын күс секілді өмірім.

Ыстық-ыстық қан айдаған тініміз,
Суық-суық сөз айтады тіліміз.
Жалықпайтын жарылқаудан пендесін
Жаратқаннның екіжүзді құлымыз.

Ғапыл – ІІ

Бәрі – кеш. Бәрі – зая. Бәрі – жалған.
Бір сырын алдырмады кәрі жалған.
Сен неге оянбайсың өлген жүрек,
Сен неге сілкінбейсің жаны қалған.

Мен – жаман. Сен де жаман. Ол да жаман.
Шындық сол көзден жасы сорғалаған.
Ай асты жарық таппай адасқан жан.
Үй біткен жылу жетпей тоңған адам.

Жақын кім? Жанашыр кім? Дұшпан қайсы?
Сенсең-ақ суық қанжар құшқандайсың.
Адалың ай өтпей-ақ айнығасын,
Өлгенше өмірлік серт ұстанбайсың.

***
Адасқан үйірінен мен ақбөкен,
Жолымда қандай жыртқыш аң жатты екен.
Сүйретіп сүлдерімді келем саған,
Кейімей күтші мені, жәннат мекен.

Аң едім азуым жоқ, тырнағым жоқ.
Қулықпен жанға қақпан құрғаным жоқ.
Әлсіз қып әділ Аллам жаратқасын
Көндігіп оған қарсы тұрғаным жоқ.

***
Сіз – сұңқар қызылды ілген қиядағы,
Біз – бір құс ұшу білмес ұядағы.
Тағдырдың ғажабы ма, мазағы ма,
Міскінге көңіліңіздің құлағаны.

Сіз – тұлпар топты жарған бәйгі бермей,
Біз – бір жан жасырынған әйгіленбей.
Алланың бүл ісінен не қайыр бар,
Аман-сау қалам ба енді қайғы көрмей?

Сіз – сұлтан сайран салған сарайдағы,
Біз – ұлтан мазақ қылған маңайдағы.
Тектіге тең болудан дәмеміз жоқ,
Хабарым сізге жеткен қалай барып?

***
Жау шапқан жоқ ойран етіп ошақты.
Қанды жебе көздемеді қосақты.
Мейірімсіз менмендіктің құлдары
Тірідей-ақ жетім-жесір жасапты.

Есіл ерлер егес болған сәлемі,
Жауы олардың – жас босанған әйелі.
Жүкті жарын талақ қылар тексіздік
Қай атаңның тәлімінде бар еді?

Тірі жесір жетімегін тастамай,
Ізгілікке талпыныпты қасқам-ай!
Күлкі, мазақ естігені елінен,
Алғыс-атақ бұйырмапты басқадай.

Жеті миллиард өтіп жатты қасынан
Біреуі де сипамады басынан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір