Әке аманаты
25.08.2015
2940
0

ЖанузаковӘкеміз Сатаев Жанұзақ 1942 жылы, 1 шілдеде әскер қатарына шақырылып, майданға аттанғанда інім Тельман әлі жеті жасқа толмаған еді. Әпкем Күләй екеуміз 8 сыныпты аяқтап, демалыс­та жүргенбіз. Үйіміз Кеген ауданының болашақ орталығы Жалаңаш ауылында болатын.

 

Аудандық әскери комиссариаттың бұй­ры­ғы бойынша әкем 2 шілдеде таңғы 9.00-де 70 шақырым жердегі аудан орталығы – Кеген ауылындағы аудандық военкоматқа атпен жету керек, түстен кейін шығарып салуға жолдас-жоралары, мекеме қызметкерлері жи­налды. Кешкі 7.00-де үйден аттануға дайын­­дық басталғанда, мен де жайдақ тайға мініп ілесуге бел байладым. 14 жастағы сам­да­ғай кезім. Үйден шығуға дайындалған кез­де тәтем (әкейді бәріміз «тәте» дейтінбіз) бәрімізбен қоштасу рәсімін жасап, бетіміз­ден шөпілдете сүйіп алды да: «Ел-жұрт, аман бол, өрімдей жас бауырларым қан майданда жаумен жағаласып, жан беріп шайқасып жатқанда мен үйде отыруды ар санадым. Қо­лымда броным бар мекеме бастығы бола тұра, өз еркіммен майданға аттанып барам. Мен де оларға қосылып жауды жеңіп, ит тері­сін бастарына қаптап, әлі-ақ жеңіспен қайта­мыз! Бүбиша, Күләй, Телқожа – бәрің Тель­ман­ға жақсы қараңдар, күтіңдер, оқы­­тың­дар!», – деді де, алдында отырған Те­ль­манның бетінен сүйіп: «Күзде мектепке барасың, өте жақсы оқы, елдің мақтаулы ұлы, ардақты азаматы бол, шырағым!», – деп, көзі сәл жа­саурап: «Қош, қош туған ел, өскен, өнген қас­и­ет­ті мекенім, суын ішіп, көк шалғын, ну ор­ма­ныңда ойнап-өсіп, ер жеткен қимас қымбатты туған жерім!», – дей берді.

Тельман 1935 жылғы тамыздың 13-де дүниеге келгенде Мұқа атам оған ерекше қуан­ды. Өйткені, Тельман немерелерінің ішін­дегі ең кішісі еді. Ол кісі Тельманды қолына алып тұрып, «Сенің атың Баққожа» деп үш рет айқайлап, қайталады. Ол жылдары – Кеңес үкіметі молда, қожаларға, жалпы Ислам дінін ұстаушыларға үдете соққы беріп тұрған кез. Онда біздер Қарқара совхозында тұратынбыз. Совхоздың политотделінің бастығы И.Бек­те­місовтің әйелі Күлшара Бектемісова әке-ше­ше­мізге келіп: «Сендер коммуниссің­дер, ком­мунистің баласына ескі ат, қожаны дәріп­те­ген ат жараспайды, жаңа ат, революцияшыл ат қою керек», – деп үгіттейді. Содан қой сойып, той жасап, совхоз белсенділерінің жұбайлары жиналып, Баққожа деген есімнің орнына Тельман деген есімді таңды да, содан Тельман аталып кете барды. Туу туралы куәлі­гін де өзгертіп, Жанұзақов Тельман деп жаз­дыр­ды. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ рота политругі болып қатысып, аман-сау келген соң кіші тәтем Сатаев Сейдін Мұқаұлы Науша есімді өзінен 21 жас кіші қызға үйленді де, 1948 жылғы тұңғыштарына Мұқа атамның құрметіне Баққожа деп ат қойды. Сол Бақ­қожа­мыз белгілі жазушы-драматург, ҚР Ме­м­­лекеттік сыйлығының лауреаты, елге бе­делді де абыройлы азамат болып өскен еді.
Тельманымыз кішкентайынан сүйкімді, өсе келе тілі тәтті, өте зерек те алғыр, зейінді болып қалыптасты. Жанұзақ тәтем ерекше жақсы көріп, қатты еркелететін. Тәтем кешкі­сін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек – Төлеген», Шәкәрім өлең түрінде жазған «Дубровский» поэмаларын әндетіп оқып отыр­ғанда көптеген шумақтарын, оның кей­бір тұстарын ертесінде қайтадан айтып бе­ретін. Күләй екеуміз үйге берген тапсырма бойынша Абай өлеңдерін, не ауыз әдебиетіне дайындалып отырғанымызда, бізден бұрын жаттап алып, әке-шешесіне бұлжытпай айтып беретін.

Тәтемді Жалаңаш ауылынан үш шақырым жердегі Тоғызбұлақ ауылындағы колхоз бас­тығы, досы Халықов Манасұр өз үйінен аттандыру үшін дайындық жасап, күтіп отыр екен, кешкі 9.00-де бәріміз келіп, сау ете қалдық. Түнгі сағат 3-ке дейін сый-құрмет көрген Жанұзақ тәтем отырған көппен қош айтысар алдында, Мәкеңнің (Манасұр ағаның) жұ­байы­на қарап: «Ардақ! Домбыраны әперші», – дегенде ол кісі орнынан ұшып тұрып, екінші бөлмеден домбыраны әкеп, тәтемнің қолына ұстата берді. Домбыраның құлағын бұрап, күйіне келтіріп алған соң «Аққу», «Бозінген», «Қаратөбет», «Бозайғыр», «Қаракүй» деген бұ­рыннан бізге таныс күйлерді нақышына кел­тіріп, құлақ құрышын қандыра, бебеулете тартты. Тыңдап отырғандар: «Пәлі! Па, шіркін! Тағы да, тағы бір-екеуін», – деп дүрілдеп кетті. Тәтем тамағын кенеп алды да, енді біздің құла­ғымызға үйір, өзі сүйіп шырқайтын «Смет», «Ардақ», «Сары бидай», «Екі жирен» сияқты өлеңдерді бұл жолы ерекше бір асқақ үн, қайталамас шабытпен айтқанда, үйдегілер ду қол шапалақтап, әйелдер болса көздерінен мөлт-мөлт жас домалап жатты.
Тәтем Кеген-Нарынқол өңіріне есімі мә­лім жақсы күйші, әрі әнші еді. Жүрген жерін қы­ран күлкіге батырып жүретін, қалжыңбас, әзілқой, бірақ бірбет жан болатын. Жора-жолдас, дос-жарандары мен тең құрбылары ол кісіні ылғи «Найзағай Жанұзақ» деп атайтын. Ол кісі 1920 жылдарда аудан орталығы – Жаркент уезінде, одан соң Қарқара, Кеген аудандарында қызмет істеп, көпке белгілі болған адам еді.

Мәкеңнің үйінен түнгі сағат 3.00-де аттанып, Шет Меркінің терең сайына түсіп, өзен­нен өтіп, қарсы беттегі қалың қарағайлы ке­зең­ге де шықтық. Сол жерде бәріміз аттан түсіп, сәл тыныс алып, енді аттанар кезде, Манасұр: «Жәке! Туған ел, өскен жер үшін жаумен шайқасуға аттанып барасың. Аман кел, жеңіспен қайт. Күтеміз, бауырым», – деп көңілі босап кетті. Тұрғандар тағы да еңкілдеп, көз жастарын әрең дегенде тыйды. Тәтем мені бауырына басып тұрып: «Төкен (мені үй-іші еркелетіп осылай атайтын), шырағым, енді сен үйдегі бас көтерер жігітсің. Ат жалын тар­тып мінген азамат болдың, үйдегі арқа сүйе­нер кісі сенсің. Айтулы азамат бол, бағың жансын. Басқа не айтайын, қош бол!», – дегенде, басқалар да қоштап: «Көрінген таудың алыстығы жоқ деген ғой, Бүбиша шешесінің ендігі қолқанаты осы ғой», – десіп жатыр. Біз­дер қоштасып қала бердік. Тәтемді Кегенге дейін шығарып салуға шешей мен атқос­шысы Әбділда бірге кетті.

Қазан айының басында қар қалың жауып, үйдегі отын таусылып, малымызға шөп тауып беру қиынға түсті. Басқа да шаруаның бәрін ат­қару менің еншіме тиді.
Тельман осы 1942 жылдың 1 қыр­күйе­гінде 1 сыныпқа барып, үй-ішімізбен мәз-мәйрам болдық. Үлкеніміз Күләй екеуміз 1944 жылы 10 класты бітіргенімізде, оның 2 сыныптан 3 сыныпқа көшкеніне де қуа­нышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ 1943 жыл біздің үй-ішіміз бен атам Мұқа ең ауыр, қа­ралы қайғыға ұшыраған. Сол жылдың көктемінде оның екінші ұлы Оқас аға Севас­тополь майданында, ал тәтем Жанұзақ минаметшілер ротасының командирі болып жүріп, Калинин майданында, Сатай атамыздың ағасының ұлы Өмірзақ Горький қа­ла­сы үшін шайқаста қаза болды да, кезек-кезек қара қағаз алып, қара қайғыға тап болдық. Мұқа атам осы ауыр қайғыны көтере алмай құса болып, 1944 жылдың қыс айында 63 жасында дүние салды.

Иіні келген соң айта кетейін, шежіре бойынша үлкен атамыз Сатай биден – Мұқа, Жанұзақ. Осы екі атамыздың балалары: Сатаев, Мұқаев, Жанұзақов, Сейдінов, Әші­мов болып түрліше жазылып жүр. Сырт қара­ған адамға бір кісінің баласындай емес сияқ­ты. Шындығында, сол үлкен атамыз Сатай есімін фамилия (тек) етер болсақ, бар­лы­ғымыз Сатаев, Сатаевалар болып, бір атаның ұрпағы екеніміз айдан ашық көрініп-ақ тұрар еді. Біздің ішімізде Сейдін тәтем ғана Сатаев Сейдін Мұқаұлы болып дұрыс жазылып жүрді.
Соғыстың қаһарлы 1944 ауыр жылы әп­кем Күләй екеуміз оныншы класты, Күләй «өте жақсы», мен «екпінді» болып бітіріп шықтық. Шілде бойы үйде болдым. Шілденің аяғында аудандық мал дайындау мекемесінің бас бухгалтері сәл-пәл қазақшасы бар Кириллин Алексей Васильевич мені кеңсесіне шақырып алды да: «Сенікі әке Жанузақ, менікі бастық директор болган, биз дос болдық, тамаша кісі еді. Сен маған счетовод бол», – дегені. Қуа­ныш­та шек жоқ. Анам да, Күләй да мәз. Ол мені 3 айдан соң Алматыға алты айлық бух­гал­терлік курсқа оқуға жіберді. Одан оралған соң 1947 жылға дейін бухгалтер, аға бухгалтер болып қызмет істеп, көп нәрсеге үйреніп, өмірде пісіп-жетілдім. 1947 жылдың қысында Нарынқолдағы Сейдін тәтеме хат жазып, жоғары оқу орнына барып оқығым келетінін айтып, тілек білдірдім. Ол кісі жазған хатында, менің оқуға баруыма ықыласын білдіре келіп, Бүбиша шешем мен Тельманды Нарынқолға, өздерінің қолына көшіріп алатынын хабарлады. Ол кезде Жалаңашта отырған әпкем Күләй мен жездеміз Кәрім қызмет бабымен Нарынқолға ауыс­ты. Сөйтіп, Тельман 1949 оқу жылынан бастап Нарынқол орта мек­тебінде оқып, оны 1952 жылы «өте жақсы» бағалармен бітіріп шықты. 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген мені аспиранту­ра­ға қалдырды. Әрі оқып, әрі қызмет істеп жүргенімде Ғылым академиясы Тіл және әде­биет институтының директоры, ұстазым Ахмеди Ысқақов институтқа шақырып, қызмет­ке алды. 1952 жылдың қыркүйек айында Тельман келіп оқуға түспек болды. Мен оған Тау-кен институтына бар, инженер боласың деймін. Ол болса, менің айтқаныма көнбей, КазГУ-дің журналистика факультетіне түсем деп бой бермейді. Ол өз айтқанында тұрды.Ол кезде әркім өз дайындығымен емтихан тапсырып, қалаған оқу орнына түсе беретін-ді. Сол 1952 жылы Ғылым академиясының президенті болып келген Д.А.Қонаевтың қа­былдауында болып, өзім тіркеліп, тұрып жатқан бөлмеме қалалық кеңестің ордер бермей отырғанын айтып едім. Сол үйді алып берді. Нарынқолдағы шешеміз Бүбишаны көшіріп әкелген соң уақытша жатақханада жатқан Тельманды қолға алдық. Оларды көшіріп әкеліп, басымыз қосылып, әбден жырғадық та қалдық. Бар-жоғы 10 м2 кішкене, шағын бөлмеге ауылдан келген туыстар да сияды. Мен болсам айлығым қолым түсе сала шешейге әкеп берем. Бара-бара бұл кішкентай бөлмеге Тельманның Қалихан бастаған курстас жолдастары да келіп тұратын болды. Тельман болса дыңдай студент, бойы да ақылы да өсіп, есейіп көрікті де сымбатты жігіт болды. Әйтеуір тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін, басымызда бас қалқамыз бар. 1953 жылы жел­тоқ­санның аяғында мені Ленинградқа ғы­лыми командировкаға жіберді. Қызметтес жолдастарым келіп шығарып салды. Ленин­г­радтағы сәулетті ғимараттарды, мәдениет орындарын, Эрмитажды көріп, ірі ғалымдар­дың алдында болып, әңгімелесіп, сұхбаттасып, мәдени, рухани тұрғыдан тәлім-тәрбие алып санам байып есейіп қайттым. Әсіресе, есімі әлемге әйгілі, атақты түркітанушы, академик Сергей Ефимович Малов үйіне апарып, сый-құрмет көрсетіп, кандидаттық диссертация тақырыбын ұсынып, бір жарым ай бойы кеңес бергені естен кетер ме! Ленинградтан құрқол қайтпай шешеме, Тельманға арнап сый-сияпат әкелдім. Үстіме жаңа костюм алғам. Бір қызығы, үйге келген соң ертесіне әлгі кос­тюмді Тельман киіп кетіпті. Оған іштей қуандым да. Бірақ оған арнайы костюм әкеп беруге қаражатым жетпегеніне де налығам. Содан кейін әлгі костюмді екеуміз кезек-кезек киетін болдық. Ленинградта кластас досым, финанс академиясының студенті Әкімхан Жұмаділовті әдірісі бойынша тауып алып, бір жарым ай бойы бірге жүрдік. Ленинградтан Мәскеуге келіп, Ғылым академия­сының жатақханасына орналасқан соң Жоғары комсомол мектебінде оқып жатқан до­сым Сапар Байжановқа барып Мәскеуді араладық. Сол кезде түскен суреттеріміз әлі бар.
Жыл соңынан жыл өтіп жатыр. Біздің кіш­кентай бөлмеміз жазды күні адамға­ то­лып ­ке­теді. 4 баласын шұбыртып, КазПИ-де сырттай оқитын әпкем Күләй келеді. Кейбір туыс­тарымыз ауылдан іздеп келгенмен, қонар жер болмағандықтан кетіп қалады. 1955 жылдың қыс айында бір күні Телманым үйге бір бой­жеткенді ертіп келді. Ілтифатты, майысып-ақ тұр. Өңі қараторы, бірақ қазақ қыздарынан гөрі басқа ұлтқа көбірек ұқсайды. Бір қара­ғанда татар, не башқұрт қызы болар деп қаласың. Анам болса, «екі езуі екі құлағына жете» мәз. Осы 1955 жылдың ақпан айының орта кезінде Тельманды студент жолдастары «Сенің «Күнделік» деген әңгімеңді радиодан тыңдадық. Қуанышың құтты болсын!» деп ортаға алыпты. Тельман болса аң-таң. Үйге келгенде: «Көке, менің «Күнделік» деген әңгі­мемді радиодан беріпті, оны қайдан ал­ғанын білмеймін», – деп отыр. «Ол әңгімеңді мен оқып, ұнатқан соң студенттік досым Ғафудың жездесі, жазушы Амантай Байтанаевтың жұбайы Байтанаева Назираға апарым бергем», – дедім. Тельман менің жазған шатпақ өлеңдерім мен көркем аудармаларымды өзім жоқта оқып, редакциялап, түзетіп те жүруші еді.

Сол жылдары «ашаршылықта жеген құй­қаның дәмі кетпес» дегендей, студент кезім­нен ниеттес, көңілдес досым Ғафу Қайыр­беков «Көркем әдебиет» баспасында бөлім меңгеріп жүргенде, алғаш рет балалар жазушысы В.Бианки шығармаларынан, одан соң А.Куприн әңгімелерінен аударма беріп еді.
Көктем де болды. Бір күні Тельман түн ор­тасына дейін келмеді. Бізде зәре жоқ. Бір ұйықтап, бір оянып жүргенде таң да атты. Қызметке келіп көріндім де, Киров көшесімен Ұйғыр көшесінің түйіскен жеріндегі КазГУ-ге келе жатыр едім, қарсы алдымнан Тельман мен әлгі қасындағы қыз шыға келгенде, қуан­ғаннан айқай сала жаздап, әзер тоқталдым: «Сені түнімен күтіп, әбден қорықтық. Бұның қалай, баратын жағыңды неге айтып кет­пейсің» деймін. Онда үн жоқ. «Далада жүрдің бе, қайда болдың» деймін. Қасындағы қызды нұсқап, «Қыздармен бірігіп жеке пәтер жалдап тұрады ғой, сонда болдым», – дейді інім ерні күбірлеп. Жүрегім орнына түскен соң көрген-білгенімді анама айтып кеттім. Әлгі қыздың бір күні біздің үйге қонып қалғанын көргенімде, ол емес, мен ұяттан жарылып кете жаздадым. Апам болса, «Еш нәрсе етпейді, текке ашуланба» деп басып қояды. Қалайша ашуланбайын, «Мынауың кәпірдің қызы ма, немене? Қай қазақтың қызы күйеу­ге шықпай жатып, жігітінің үйіне қонады? Бұл сұмдық емес пе? Дәл мынауың қазақ емес, бір пәле ғой, көр де тұр, осының түбін көрер­сің, маған ұнамайды» деймін. Сол жылдың күзінде КазГУ-дің студенттері Мақтааралға мақта теруге кетті. Бір айдан кейін Тельманнан хат алайын: «Аға да, әке де бір өзіңіз, студенттер комсомолдық той жасап берді біздерге, енді біз барғанша 2 бөлмелі үй тауып қойыңыз. Тойға дайындық жасаңыз» депті. Олар әлі 3 курс студенттері. «Мә саған, безгелдек!» деп міңгірлеп жатырмын. Апам, «Не депті, не жазыпты?» деп сұрайды. «Балаң үйленіп қойыпты, комсомолдар той жасап қосыпты. Енді тойды өзің жасайсың, дайындал, ана!» деймін. Ол кісі болса асып-сас­пайды, мені сабырға шақырады. Бас қатты. Амал жоқ, пәтер іздеуге кірістім. Істің сәтіне орай, бір бөлмеде отырып, жұмыс істеп жүрген Зылиқа апай күйеуге тиіп еді. Ол Гурьев облысына кетіп бара жатырмыз, үйімді апама табыстаймын дегеніне қатты қуанып, «Айналайын Зыха, міне 1 жылға 3000 сом, пәтерақыңды өзім төлеп тұрайын» деп келіс­кен соң, Тельманды шешеммен сол үйге шығарып, Тельман мен қыздың жолдастарын (60 адам) екі бөлмеге сыйғызып, той жасап бердім. Ол тойда қызметтес жолдастарым Айтым, Мырзабек, Хамит, Евгения Васильевна Лизунова, Ғафу, Сапар, Есет, Оқастар да болған еді. Ауылдан Әшім аға мен Науша жеңгем де келді. Олардың әкелгені бір қой ғана. Сол үйде үшеуі қыстап шықты. Мен баяғы бір бөлмеде жалғызбын. Қызметтес, әрі курстас жолдасым Айтым пәтер таба алмай жүрген соң оны қасыма алдым. Көктемде, мамырда әлгі үй иелері, уәдеден 3 ай бұрын қайтып көшіп келді. Анамды, Тельман мен әйелін өзім жатқан бөлмеге қайта көшіріп әкелдім. Мен жататын орын жоқ, кіреберісте төбесі жабық, жан-жағы ашық сенек бар. Жататын жерім сол. Менің кроватымда – Тельман мен келін. Мен де тірі жанмын ғой. Танысып жүрген қы­зым бар еді. Ол 1956 жылы университетті бітірді. Үйленетін ойым бар. Жағдайым болса мынау. Ойлана келіп, бала кезден досым Сапарға бардым. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінде бөлім бастығы әрі жауапты хатшы. Тельман болса 1957 жылы университеттің журналистика факуль­тетін бітіреді, оны қыз­метке алғын деп өтін­дім. Сапар досым студент Тельманды «Лениншіл жасқа» әдеби қызмет­кер етіп орналастырды. Әрі оқып, әрі қызметін істеп, диплом жұмысын да осы газеттің күрделі бір мәселесі бойынша жазды. Тель­ман­ның журналист болып қалыптасуына досым, марқұм Сапар Байжановтың игі әсері, ағалық қам­қорлығы, еңбегі айрықша ғой. Хал­қы­мыздың жүздеген алтын қалам мамандары еңбек еткен осы ортада Тельман да өсіп, есейіп, қаламы төселіп, айтулы журналистер қата­рына ілікті. Бұл мамандыққа әбден ма­шық­танып, қыры мен сырына мейлінше қа­нып, газет редакторының орынбасарлығына дейін көтерілді. Ол кезде бар-жоғы 30-дан жаңа ғана асқан, бойында от-жалын тасыған жалынды жігіт. Егер де сол орнында 2-3 жыл отырғанда, сөз жоқ, бас редактор да болып тағайындалар еді. Мен оның іскерлігіне, әріп­тестері арасындағы абырой-беделіне шексіз қуанатынмын. Менің айтуыммен көптеген туыс, жора-жолдастарыма адамгер­шілік жасап, айтарлықтай жақсылық көрсетті ғой. Бірде Мұқағали ініміз арсалаңдап келіп: «Аға, білмей жүр екенбіз, Тельман ініміз екен ғой, айтып қойсаңызшы, маған қол ұшын бере жүр­сін» дейді. Мұқағали мен студентік досым Ға­фулардың өлеңдері газет беттерінен үздіксіз жарқылдап жария болып жатушы еді.
Ал Мұқағалимен ең алғаш кездесіп, та­нысқан кезім 1949 жылдың шілдесі еді. Ол кезде екінші курстың студентімін. Жазғы демалыста Нарынқолға үйге келгем. Әпкем Күләй Нарынқол аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, жездем Кәрім Тұрсынов аудандық заготскот мекемесінің директоры болатын (қазіргі белгілі кино-драматург, кинорежиссер, «Келін», «Шал», «Жат», «Кенже» кинофильм­де­рі­нің авторы, ініміз Ермек Тұрсыновтың әке-шешесі). Мен Нарынқолдағы анама келіп, са­ғынып қалған кішкене інім Тельманды құшып-сүйіп, он шақты күннен соң сол кезде Калинин колхозы аталатын Көміршідегі колхоз бастығы кіші тәтем Сатаев Сейдіннің үйіне келіп, бір жасар інім Баққожаны ермек етіп, мауқымды басып, бір жетіден соң сол кезде Энгельс аталатын Қарасазға келдім. Ол жердегі мектепте тарих пәнінің мұғалімі, бала кез­ден бірге өскен дос Бураев Қожаханды із­деп келгенмін. Оның келіншегі Ұлхан болса қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімі еді.

Мұқағали бұлармен іргелес көрші, ауыл­дық кеңестің хатшысы болып қызмет істейді екен. Мен бір жеті бойы олармен бірге болып, жыға танысып, туыстығымыз да жарасқан-ды. Олар Лашын екеуі сол жылы бас қосыпты. Сұңғақ бойлы ақсары көркем жігіт Мұқағали мен ақсары өңді, қызыл шырайлы Лашын маған іні-қарындас болып қала берді. Мұқа­ғали домбыра тартып, ән салатын. Сол кезде Мұқағали Алматыға барып жоғары оқу орнында оқығысы келетінін айтып, жөн-жоба сұраған соң бәрін өзімше түсіндіріп, өз мекен-жайымды жазып бергенім бар. Кейін Ал­ма­тыға көшіп келді, оқуға түсу жайы, радиоко­ми­тет­тегі қызметі, шығармашылық жолы, өсіп-өркендеуі – бәрі көз алдымда. Ол кезде жоғары оқу орнында Нарынқолдан оқып жүрген студенттер саусақпен санарлық қана едік.
Лашын қарындасымыздың ағасы Әбекең – Әбдімүтәліп ағаймен танысуым, ол кісінің інісі Әбдіқайым Исабаев пен Тельманның Нарынқолда бір сыныпта оқуы. Екеуінің де есейіп ер жетіп өсіп, танымал тұлға болуы Әбдіқайымның генерал-майор, Тельманның жазушы, журналшы – «Правда» газетінің меншікті тілшісі болуы – Нарынқолды, ол аймақты, ел-жұртты аспанға шығарып, асқақ­тат­қаны көпке мәлім.

Тельманның өз қаламынан шыққан еңбектері де бұл кезде қалың қауымға кеңі­нен таныс болып, бара-бара көптеген көлемді очерктері жарық көріп тұратын. Солардың біразы ғана есімде қалыпты. «Азаматтар», «Металлургтер, артистер, спортшылар», «Жай­саң жігіттер», «Мұз құрсауда», «Аға тәрбие­сінде», «Сибирь жерінде», «Қазақтың тұңғыш партизаны», «Маған операция жасаған академик Мешалкин», «Алтайдың алыбы», «Қойшының қосағы», «Ертедегі олимпиада», т.т. Ол көркем әдебиет саласында да тыңғылықты туын­ды­лар қалдырып, орыс, Батыс әдебиет­терін көп аударды. Әсіресе, көпке әйгілі «Инженер Гариннің гиперболонды», «Могиканның соңғы тұяғы», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі». Көбірек көңіл бөлген саласы әде­биеттің белгілі жанрына тән әңгімелерді де көп жазды. «Лениншіл жас», «Правда» газет­теріндегі публицистикалық мақалалары мен көлемді очерктерін жинап кітап етіп бастырар болса, кемі екі-үш том болар еді деп ойлаймын. Әсіресе, «Правда» және «Ленинская смена» газеттерінде жарияланған мақала­ла­ры көпке танымал болған-ды. Егер универ­ситет­тердің журналистика факультеттерінің дипломшы жастарына оның шығармаларынан дипломдық жұмыстарға тақырыптар ұсынып, «Жас Алаш» газетінің Тельман Жанұзақов атын­дағы жүлдесіне ие болғандар да ізденіс­тер жасап, шығармалары бойынша мақала­лар жазып жатса, «нұр үстіне нұр» болары сөз­сіз.

1956 жылы менің уәделесіп жүрген қы­зым да университетті бітіріп шықты. Қазан айының 30-ында үйлендік. Пәтер жалдап, сонда тұрдық. Баяғы бір бөлмелі үйімде шешем, Тельман, әйелі және сол жылы дүниеге келген Майраны қалдырдым.

1957 жылдың тамызында Президентіміз, академик Қ.И.Сәтбаевтың арқасында ие болған 4 бөлмелі үйді алғандағы қуанышымыз­да шек жоқ. Тұңғышым Еркін де сол тамыз айының 12-інде дүниеге келіп, бізге аса қымбат қуаныш және өзі мен бізге қымбат сый­лық, сол баспананы ала келген. Үйді алғаш рет апарып көрсеткенімде шешемнің қуан­ғаны-ай! Енді бұл үйге өзім ғана көшіп қой­май, анамды жұртқа қалдырмаймын деп, Тельманды үй-ішімен қоса алып кеттім. Екі жетіден соң қуанышы қойнына сыймаған Тельман «Лениншіл жастың» бас редакторы Саттар Бөлдекбаевты бас етіп, он жігітті үйге алып келгені бар. Шама-шарқымыз келгенше анам бас болып сыйладық. Олардың ішіндегі бұрыннан таныс етене Сейдахмет әрі еркелеп, қалжыңға басып, «ағамыз, университетте өзіміздің көзіміз түсіп жүрген қызымызды жеңге қып алыпты ғой» деп күлдіргені. 1961 жылы мен кандидаттық диссертация қорға­ған­да, олардың Тельманмен бірге үйде болғандары да бар.

Анамның бауыры Дәукең бұл кезде Жоғары және арнаулы білім министрінің орынбасары. Алматыдағы орыс мектебін бітіріп, 1941-1946 жылдары соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, 1951 жылы ауыл­ша­руа­шылық институтының механика факультетін үздік бітірген болатын. Бұрын армияға кеткенге дейін, кейін студент кезі­мізде қатар оқып, көп араласқанбыз (1948 жылы Димаш Ахметұлының туған қарындасы Найля Ахметқызы Ұлы Отан соғысынан оралған соң, қыз кезінде-ақ туысқандары айттырып қойған Дәукеңе тұрмысқа шыққан, тойында болғам). Ол ағай Тельманды ерекше жақсы көріп, әңгімелесуге құштар болып тұратын. Бірде, үйіне барғанымда Тельманды өте қабілетті де, сауатты деп жүрсіз, қолқабыс, қолдау керек боп тұр ғой дегенімде, Төкен, оны өзім де ойлап жүрмін. Реті келсе, бір жайы болар деп қойған-ды.

Менің бір кітабымды министрліктің методика кабинетінен шығаруға уәде берген болатын. Кейінірек сол мәселемен алдына барып отырғанымда баяу ғана, ақырын сөйлесіп отырып: «Осыдан екі күн бұрын Димекеңнің үйіне барғанмын. Әңгіме үстінде Қаржаубаев­тың орнына «Правда» газетіне Қазақстаннан меншікті тілші болуға кандидаттар барып еді, бірінен кейін бірі барған сегіз журналистің бірі де сынақтан өтпей қайтып келіп, қатты ұялып отырмыз. Сенің білетін адамың бар ма?» дегендей емеурін білдірген соң: «Мен білетін бір жас жігіт бар. Ол «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары» дедім. «Аты кім?» дегенде, «Тельман» дегенім сол еді, «Неміс пе, қазақ па?» деп қалжыңға басып күлімсіреді де, «бұл есте болар жайт екен деп қойды», – деген әңгімесін айтты. Ол үлкен кісінің «есте болар» дегені бекер қалмайды деп ойын нықтады. Арада бір жеті өткен соң Тельманның Әнуар Әлімжановтан естіп айтқаны: «Димекең мені шақырып алып: – Әнуар, «Лениншіл жаста» Тельман деген журналист орынбасар екен ғой, оны жақсы білесің бе? – деп сұрапты». Ал Әнуар Әлім­жанов болса Тельманмен ара қатысы жақсы, тым сыйлас жігіттер еді. Ағынан жарылып, Тельманның орысша сауатты, білімді, жақсы журналист екенін айта келіп, сол орынға Тельман лайықты деп айтуға өзіңізден бата алмай жүр едім» – дегенін Тельманға толық жеткізіпті. Бұны інім Тельман маған зор қуанышпен айтқан-ды. Арада бір-екі күн өт­кен соң Орталық Комитеттің хатшысы Саттар Имашев Тельманды шақырып алып, екі сағат, ұзақ сөйлесіпті де, «Сен дайындала бер, жа­қында Москваға барасың» деп тапсырмалар береді. Осыдан соң Тельман үйге келіп өткен­дегі әңгімеден кейін осылай-осылай жағдай­лар болды деп түгел айтып кетті. Көп ұзамай Тельман Москвадан соң үйге келіп, барлық жағдайды егжей-тегжейлі етіп, құлағымның құрышын қандыра, аспай-саспай әңгімелеп бергенде ініме қатты разы болдым. «Правда» газетінің бас редакторы Зимянин қабылдап, 2 сағат сөйлескен соң үш адамның алдында болады сол күні. Келесі күндері де қабылдау­ларда болып, әйтеуір 17 адамның алдынан сынақтан өтеді. ОПК баспасөз секторы бас­ты­ғының қабылдауында 1,5 сағат болған соң, ол кісі Зимянинге бар деп қайтарады. Зимянинге келгенімде, арқамнан қағып, «жарай­сың, азаматым, Алматыға қайта ғой, бір же­ті­ден соң шақырамыз» деп шығарып салыпты. Бір жетіден соң шақыру бойынша барып, «Правда» газетінің бас редакторы Зимяниннен жеке куәлігін алған соң Тельман іске де кіріс­ті. Оның сан-салалы мақалалары жарық­қа шыққан сайын қуанатын едік. Әсіресе, көлемді очерктерінің «Туған жердің тынысы», «Марусяның тауы», «Астықты алқап Жетісу», «Мұз құрсау», «Шекарадағы шайқас», т.б. жұрт­­тың көңілінен шығып, ауыздан-ауызға іліккен еді. Әсіресе, «Шекарадағы шайқас» республи­камыз­дағы орыс және қазақ тілді газеттердің бәрінде жарияланған болатын. Ол «Правда» газетінің меншікті тілшісі кезінде өз тарапымнан тапсырма бергенім бар. Соның бірі Шота Уәлихановтың атасына жасаған жақсылығы, кезек күтіп сарғайып жүрген ардагерге үй алып беруі. Мұндай көмекті басқаларға да көрсетіп еді. Менің тағы бір тапсырмам өз ба­сыма ғана қатысты емес, елімізге, жеріміз­ге, мәдениетімізге қатысты зәру мәселе болатын. Біздің жер-су аттарын орыс тілінде бұрмалап, қате жазудың етек алуымен байланысты жайт еді. Оны ең алдымен Медеу атының Медео болып теріс те бұрыс жазылуын түзеп, мақалаларында орысша Медеу деп ашық жазып көрші дегенмін. Одан кейін басқа атауларды да орыс тілінде бастапқы тұлғасында жазуда насихаттау болатын.

Бір күні Тельман маған келгенде, Димаш Ахметұлы «Медео» дегенді өзінің бастапқы қазақша түрінде Медеу деп «Правда» газетін­де жазғаның өте дұрыс болған деп қолдап, енді Көкшетау, Имантау сияқты атауларды да осылайша бастапқы қазақ тілі нұсқасында жазып, қалыпқа келтірейік депті. Бұған мен де ерекше қуандым. Бірақ… арада көп ұзамай, қаладағы орыс тілділер өре түрегеп, қатты дабыл қағып, Тельманның үстінен арыз­ды қардай боратты ғой. Әуелгі таяқ Тель­манға тиіп жатыр. Пәлені шығарған мен тасада таяқтан аманмын. «Правда» газетінің редакторы Зимянин ғана сабыр танытыпты да, «Егер осы Медеу деп жазу дұрыс болса, Мем­лекет­тік терминологиялық комиссиядан заңды қаулы тапсыр» депті. Тельман маған звондап, «көке, жағдай осылай болды. Мем­ле­кеттік терминология комиссиясы төраға­сы­ның орынбасары академик Ісмет Кеңес­бай­ұлы екен, сол кісіге айтып, қаулы әпересіз бе?» деді. Секең ол кезде Тіл білімі институты­ның директоры, ғылыми жетекшім болғандық­тан ол кісінің алдында жүріс-тұрысым еркін болатын. Сол күні Секең үйінде екен, мен телефон соғып жағдайды толық баяндап едім, Тельманның өзін ертіп, тез үйге келе қойыңдар дегені. Өйткені, Секең Тельманды ескі үйімде бір рет, екінші рет жаңа үйіме қоныстану тойына шақырғанымда Тельманды, Дәукеңді, әйелі Найля Ахметқызымен және сол кездегі Димаш Ахметұлының көмекшісі Яков Петрович Белоусовты әйелімен біздің үйде көргенде «вот, где зарыта собака!» дегені бар болатын.
Секең Тельманға қарап, «Шырағым, бол­ған жағдайды қысқаша ғана бір бет етіп жазып берші» деген соң Тельман Секеңнің жазу столына отыра қалып, қара сиямен тасқа басылғандай, өте әдемі де көрнекті, маржандай етіп жазды да қолына берді. Секең оқып шығып, Тельманға бір, ол жазған әлгі қағазға бір қарап, қатты таңданғанын жасыра алмай, «Орыс класын бітіріп пе едің?» дегенде, Тельман «Нарынқол орта мектебін қазақша бітір­дім» дегенде, «Странно!» деп қағазды алып қалды. Академиктер С.Кеңесбаев, М.Қара­таев және 5 адам қол қойған Мемтерминком қаулысын алған Зимянин үндемегенде, Алматыдағы шуылдақтар дамыл бермеді, тіптен «ұлтшыл», «националист» деген айдар да тағып үлгерді. Мәселе осымен тынды да қалды. Сол кезде құқайды (әлбетте саясатқа орай ғой) марқұм Саттар Имашев пен Каймирасов деген журналистен көргенін ашына айтушы еді маған інім.

Халқымыз ғасырлар бойы қастерлеген, ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес ескерткіштей болған атауларды орыс тілінде дұрыс жазып, таңбалау мәселесі өз кәсі­біммен тікелей байланысты болған соң еш көкейден шығарғам жоқ. Арада көп жыл өткеннен кейін, атақты қанды желтоқсан оқиғасынан соң, 1989 ж. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы председателінің орынбасары В.В.Сидороваға жазған батыл да ақиқаты мол хатымнан соң, ол адам түсіністік білдіріп, менің Жоғарғы Советтің мәжілісінде баяндама жасауыма жағдай жасап, ақыр аяғында Министрлер Советінің жанынан Мемлекеттік ономастика комиссиясының құрылуымен тынды. Табандатқан 10 жыл бойы қоғамдық негізде осы комиссияның ғалым хатшысы бола жүріп, жүздеген тарихи атауларды қалпына келтіру, қайта атау, өзгерту, орысша транскрипция, транслитерация мәселелерін реттеуге де қол жеткіздік. Үкіметіміз Астанаға көшіп кеткенде де 2003 жылға дейін комиссия мүшесі ретінде қаты­сып келдім. Мен, өз тұсымнан осы игі ісім ар­қылы, жайдары мінезді, парасатты да ойлы, елі, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен зор тұлға, қандас інім Тельманға тұғыры мықты ескерткіш қойып, екеуміз де ата аманатын халық алдында орындағандай болам да тұрам. Иә, ескерткіш демекші, нағыз тұғырлы ескерткішті ет жүрек бауырым Баққожа екеуміз қол ұстаса жүріп, Рихард Зорге туралы романды аударып, соның қаражатына қойған едік.

Тельман оқушы кезінде-ақ спортқа өте құштар, оның ішінде тауға, биік шыңға шығуға, альпинист болуға құмартқан. Сөйтіп жүргенде қыстың қара суығында өзеннен өте берген кезінде аяғы тайып, суық суға белшесінен батқан. Содан ревматизм – сары буын болып азап тартты. Сол кеселі студент кезінде де маза бермеді. Соның салдарынан жүрек ауруына шалдықты. Жастық жігері мол, күшті де қуатты кезінде оған бой бермей жүргенімен 1965 жылдардан мойынсұна бастаған еді. Ол үдей келе 1970 жылдары қатты асқынған болатын. 1971 жылы Новосибирь қаласында операция жасағанда мен, келінім Фарида, дәрігер қарындасымыз Зейнеп, Тельманның курстас жолдасы Қалихан басында болдық.Тельман спорттық өнерімен қатар сурет те салатын. Оның өз қолымен қарындашпен салған менің портретім үйімде өз көзіндей сақтаулы тұр. Сол операциядан соң 8 жылдан кейін айналдырған ауру алмай қоймады. Бұл жағдайға жұбайы арасындағы кикілжіңі де ерекше әсер етпей қалмады. «Правда» газетінен, операциядан соң жұмыс істеу қиын болғандықтан, «арыз» беріп, өз еркімен кетіп, үлкен алғысқа ие болып қоштасқаннан кейін Орталық Комитет екі тілде шығатын «Ара-Шмель» журналына бас редактор етіп та­ғайындады. Бұл журналды да зор абыроймен басқарып, кейіннен киностудияда орынбасар, одаң соң Қазақстан Кинематография одағының екінші хатшысы қызметін атқарып еді. Оның қандай қызметте болса да өзінің іскерлігі, білімділігі, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, көптің сый-құр­метіне бөленгені баршаға аян.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, КСРО Журналистері және Қазақстан жур­на­листері одақтарының мүшесі Тельман бұл күндері ортамызда болса, бұрынғы еңбек­те­рінің үстіне тау-тау еңбектер жазар еді. Тельманды жерлегенде бірге болған әріптесім, әрі ақниет қаламдас академик Шора Сарыбаев ылғи есіне түсіргенде: «Тельманның жақсы жолдастарының көп екенін сонда көрдім, Орталық Комитеттегі М.И.Исеналиев, С.Жандосов, Б.Тілегенов, В.Владимиров, Г.Толмачев, тағы да басқа белгілі журналистер мен жазушы, композиторлар келіп қоштасты. Дәл сол жерде қасымда тұрған Нұрғиса Тілендиев құлап түсіп, талып қалғанда, қатты састық, мен дереу бір машинамен Нұрғисаны Совмин­нің ауруханасына апарып едім. Сенің сол інің ерекше талант еді, басқа інілерің неге сендердей емес», – дейді. Басқа інілерім де жақ­сы ғой, сіз олардың бәрін көрген жоқсыз, ке­лешекте бізден де мықты, ерекше артық, мақтаулы азамат болатындары бар деген едім.
Қан майданда ерлікпен 43 жасында қаза болған әкеміз Жанұзақ сияқты Тельман да 43 жасында арамыздан о дүниеге кетті. Топы­рақтарың торқа, жандарың жәннатта болсын, арыстарымыз!

«Артында бар оңалар» деген. Тельманның тұңғышы Майра өзіне тартқан журналист, ортаншысы Лейля заң ғылымдарының докторы, профессор, Сәулесі өнертанушы, кен­жесі Әсел экономика саласында маман болса, немерелері Әділ, Санжар және Сәу­ленің бойжеткендері ата жолын қуып, зор арманмен алға ұмтылуда. Ал шөбересі болса жас құстай қанат қағып, еңбектей бастады. Тельманның 50, 60, 70 жылдық мерейлі жылдарын еске алып, туған-туыс, ел-жұрты­ның көңілдерін жібітіп, шынайы достықпен жүректерінде сақтап, үнемі жазып жүретін халық жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Шерхан Мұртаза, Балға­бек Қыдырбекұлы, Ұзақ Бағаев, Сейдахмет Бердіқұлов,Мемлекеттік сыйлықтың иегер­лері Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Баққожа Мұқаи, жазушылар: Әбіқұл Ибрагимов, Сейфолла Оспанов, Қуанышбай Құманғалиев, Нұрмахан Оразбек, Геннадий Толмачев, Владислав Владимиров, Эрнест Төреханов, Үмбетбай Уайдин, тағы басқаларына шексіз-шексіз ризамыз. Әсіресе, Тель­манға жазған Сейфолла інісінің арнау өлеңі әрдайым бізге қайрат, жігер беріп, Тель­ман­ның кісілігінің, оның адамгершілік болмы­сы­ның, биік бітім тұлғасының, қадір-қасиетінің мыңдаған жанның жүрегімен бірге соғып тұрғандай сезінеміз. Ондағы баяндау мен суреттеу, тебіреністер мен көркемдеу, бейнелеулер шындықтың көрінісі еді.

«Тәлімді етіп, тәңір берген ағамыз,

Өнегеңді әр кез еске аламыз.

Арамызда болмағанмен өзіңіз

Сөзіңізді қастер тұтып қаламыз.

Ағалықпен жымиғаның ақырын,

Сары алтындай сабыр сақтар ақылың.

Көз жұмғанша көкіректен өшпейді

Үстем етпес көкіректің жан үнін.

Бойыңдағы жарқыраған нұр-маңыз,

Қай кезде де тудыратын жырлы аңыз,

Халқыңызда мәңгі жасап қалады

Қарапайым қасиетті тұлғаңыз!».

Телқожа ЖАНҰЗАҚ,
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, ҚР Үкіметінің көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының иегері, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі,
«ҚР-ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, Еуропа ғылым және өнеркәсіп палатасы Еуропа алтын медалінің иегері (2013), филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім және ғылым министрлігі
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің бас ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір