«Күміскеткен» хикаясы
08.06.2018
1304
0

 

Серік БАЙХОНОВ,
жазушы,
Ахмет Байтұрсынов атындағы
Ұлттық сыйлықтың лауреаты

____________________________________________________________________

Жол басы. Күдік пен күмән.

1
Жолға таңалакеуімде үшеу болып аттандық. Жанымда – Сыр бойына мәлім су маманы, өзім кеше ғана аудан басшыларынан ат-түйедей қалап алған Жүзен Қоңқаев бар. Бүгінгі сапарда Жү­зен мен үшін «көне арналардың жоқ­шысы» болса, Бауыржан іні­шек Жүзеннің «оққағары» іспет­тес.
Ұмытпасам, ең соңғы рет тоқ­сан үшінші жылы келгенімде ау­дандық су шаруашылығының бас инженері болып жұмыс істейтін осы Жүзгенді «К-9» деп аталатын алып қашыртқының бойынан көргенмін. Шиелі ауданының шар­уашылықтары ыза судан қиын­шылық көріп, күріштен шық­қан қашыртқы суын дарияға қайта құюды жүзеге асырып жат­қан кез болатын. Қаржы тапшылы­ғына қарамай, үш жарым ай ішінде асар әдісімен жиырма шақырым­дық канал қазылған. Бүкіл аудан халқын әбігерге салған сол жұмыс­тың аяғы қалай бітіп еді?.. Жоға­ры­дан «қашыртқы суды дарияға тастауға болмайды» деген бұйрық келген соң, қашырты суы Ошақты көліне қарай бұрылған… Бір қызығы, суы мол болған жылдары Ошақты көлі дарияға құятын… Ал ең қызығы, сол жылдары күріштен шыққан қашыртқы судың құрамы дария суынан тазарақ екенін ғалымдардан білген ел-жұрт аң-таң болсын… Табиғаттың бір пер­зенті Үлкен судың өзін-өзі тазарту қабілетіне таң қалып, таңдай қағысқан…
Иә, не біліп жатырмыз?..
Айналып келгенде, әңгіме су жайлы, су болғанда мәселе сол судың бірде көп, бірде аз суға тіре­ліп жатқаны анық. Кеше де суға қатысты жоба мен жоспар көп еді, бүгін де солай.
– Жүке, Күміскеткен менің ата мекенім екенін білесіз ғой, ауы­лынан су қоймасы салынып жатқанын кім жек көреді…
– Сенің туыстарың тұратын Жөлекте қорғаныс іс-шараларын жасадық. Керделі ауылдық окру­гын­да тасқын суға қарсы іс-шара­лар ұйымдастырдық… – дейді күмілжіп. – Облыс әкімі Қырым­бек Көшербаевтың өзі вертолетпен ұшып келді… Әйтпегенде, қарап болып кетеді екенбіз…
Мынандай жауап Төтенше жағ­дайлар қызметкерінің аузынан естілуі керек еді… Менің Жүген ағам?..
– Жүке, әңгіме сол облыс бас­шысының өзі қолдап отырған су қоймасы жайлы емес пе?
– Иә… Су қоймасы жасалатын жердегі Қарғалыда үш шақырым қорғаныс тоғанын тұрғызып, елді тасқыннан қорғадық…
Манадан бері үнсіз отырған Бауыржан бауыр тамағын кенеді.
– Біздің ауылда ыза су кө­те­ріліп, бау-бақша түгілі, жаңадан еккен тал-терек қурап қалды… Су қой­масы салынса, көшетін шы­ғар­мыз…
Иә, солай деді. Ал «Қарғалы» дарияның арғы бетіндегі ең үлкен елді мекен… Әркімнің өз жұмағы өзіне, әрине…
Осымен әңгіме аяғы тұйықтал­сын. Ал менің онсыз да күпті көңілімде күдік көп еді…

2
Басқа-басқа, Сыр мен Арал­ды, одан қалды адамзат тарихының түп бастауында тұрған Қосөзен тарихын бір адамдай білетін секілді едім. Туған жерге қызметке келгенде: «Қалған өмірімді ағайын­ға, жерлестеріме арнағым келеді» дегенді айтқан Қырымбек бауырдың аузынан Күміскеткен су қоймасы жайлы сөз шыққанда, сол бір шайлығып қалған жүректің бүлк ете түскені бекер деймісіз. Бәлкім, үміт, бәлкім, күдік… Солай болатын да жөні бар еді…
Машинаның алдыңғы орын­ды­ғында бүрісіп отырған Жүген ағамның күжірейген желкесін кө­рем. Жетпіс бестен асқанда да су жағалап жүрген ағаға ішкі күдігімді айтып сыр бөліссем деймін ғой баяғы…
… Сырдарияның сол жағалауы­на салынатын Күміскеткен су қой­­масының су сыйымдылығы ал­ты жүз миллион текшеметр деседі. Ал жер полюстерінің ор­наласу заңы бойынша біздің дария мыңдаған жылдардан бері солтүс­тікке қарай аунай ағып келеді. Мен білетін Шиеліде солтүстігінде мұндай мол су жинайтын жер, жер болғанда шұңқыр жер жоқ екенін білемін. Шиелі – Сыр бойындағы біршама жақсы игерілген, эконо­ми­калық жағынан дұрыс дамып келе жатқан өңір. Адами тұрғыдан қарасақ, «жер қымбат па, су қым­бат па?» дегенде, несібе, нәпақа­сын кеңес дәуірінде инженерлік жүйеге келтірілген күріштік жер­ден тауып үйренген ел үшін жер қым­бат екені анық. Шиелі – елі­міз­дегі уран кенін өндіретін ба­за­лық нысандардың бірі. Әлемдік тұрғыдан, ұлттық тұрғыдан қара­ғанда, осындай маңызды нысан­ның жерін суға бастыру… ке­ші­ріңіз… авантюристік қадам емес пе деген ой кімнің де болса басына келетіні анық қой…
Әңгіме уранға келіп тірелгенде Бауыржанға тіл бітті.
– Ауылдағы құдық суының бет жағы кілкілдейді де тұрады… Өң­сіз, түссіз пленка тәрізді…
Атының өзінен адам жаны түршігетін уран жайлы әңгімеге құлқым жоқ екенін білдіріп әңгі­мені Арал тағдырына қарай бұра­мын.
Өз басым әлем назарында тұрған Арал тағдырын өз тағдыры секілді сезінетіндердің бірімін. Жер бетінде теңізді екіге бөліп тұрған Көкарал секілді бөгет жоқ, Кіші Арал жобасы секілді ұлы жобаны жүзеге асырған ел жоқ екенін білемін. Сол Кіші Аралдың еншісіне тиесілі суды жолшыбай жырып алып жатқан пендені ме­нің де жаным сүймесе қайтейін…
Осы ойларымды сезгендей Жүген ағаға тіл бітті.
– Шардараны былай қойғанда жоғарыда Көксарай мен Өгізсай бар… Төмен жақтағы Қараөзекте мың жарым текшеметрлік су қоймасы салынбақшы. Сонда біз кімнен кембіз деймін-ау…
«Кімнен кембіз» дейді… Әр­кім­нің өз жұмағы өзіне… Әркімнің бас-басында бір-бір жасанды су қоймасы болғанына не жетсін! Көрпесіне қарай көсілмейтін кең­қолтық халықпыз ғой, күні ертең бармақ тістеп қалмасақ болғаны да…
Үлкен суға жақындап қалға­ны­мызды жолдың екі бетіндегі қара шабырлардың оты қалыңдай түс­ке­нінен сеземін. Көп ұзамай көк жиде мен қызыл жыңғыл арасынан жарқ ете түскен дария арнасының биігінде иіріліп тұрдық. Иіріліп тұр­ған жалғыз біз емес, қалқыма көпір­дің аузында машиналар легі мол.
Биылғы шілде айында шіреп аққан дария суының күн санап төмендеп бара жатқанын қалқыма көпірдің деңгейі байқатып тұр. Қазір қазан айының жуан ортасы. Көпір баспалдағының құламасына қарағанда су мөлшері ең кемі төрт метрге төмендеген. Сол құлама баспалдақпен қалт-құлт етіп тө­менге түстім. Аяғын сылти басқан Жүген аға соңымнан ерді.
Бұл уақыты түскірді қойсаңшы. Мен паромға мінбегелі, қалқыма көпірмен өтпегелі қанша жыл. Мына көпір мен бір кездері өзім өтетін қалт-құлт еткен пантон көпір емес. Күзге қарай суы тө­мен­деді дегенмен, мына дария сонау сексенінші жылдары арна­ның табанымен жылап аққан бір құлақ суға мүлдем ұқсамайды. Биыл­ғы маусым мен шілде айларында қарақошқыл түске боянып, лайытып аққан ен-тегін суға да ұқсамайды, мөп-мөлдір болып шымырлай ағады.
Дембіл-дембіл су бетіне шең­бер сызық салып балықтар секіріп ойнайды. Қарсы жағалауда қар­мақ­­тарын сүйретіп жүрген бір­неше балаға қарап қармақтар­дың көз алдау екенін сеземін. Өйткені бір кездері дәл осы жердегі дария­лықтың көне арнасының бір қуы­сына екі құлаш торды жайып тас­тап… ондық жилкаға байланған оншақты қармақты дарияға лақ­тырып тастап отырғандардың бірі өзім.
Ал Күміскеткен салынатын Қызылдың іші менің атамекенім Осы пәндауи ойымның «қарына тартпағанның қары сынсын» де­ген ұғымына үш қайнаса сорпасы қосылмасын сезіп қана өзімді-өзім жұбатқым келген еді. Сонда деймін-ау, сонда…

Ата мекен –  ғажап екен

1
Мен бала күнімде өзімді д­­а­рия­ның арғы бетінде туғанмын деп ойлаушы едім. Кейіннен ойласам, арғы беттін көшіп келген менің туыстарым мен ата-анам екен ғой. Есейе келе білгенім, менікі көрпенің астында көзім жылтырап жатып үлкендерден естіген әңгімелердің жаңғырығы болып шықты. «Сал үстіндегі маусым» саяхат-сапары кезінде соғып кеткенімді былай қойғанда, ес білгеннен бастап дарияның арғы бетіндегі атамекенге талай рет ат ізін салыппы. Сонда деймін-ау сонау бала күнде өз қиялымда жасап алған естеліктер әлемінің түк те өзгермегенін көріп таң-тамаша қалғаным бар. Мен көрген жер де, су да баяғы, иә, сол бәз-баяғы, менің жадыма сіңіп қалған қалпында еді.
Жас кездегі дүние адамның жадында жақсы сақталатыны рас болды. Қарғалыдан шыға тораң­ғыл тоғайларының арасымен мың бұратылған қостабан қара жолдың сорабын қуалай жүріп Қарақуыс көліне жеткенше жас күнгі ес­те­лік­тердің талайы өтсін мыйымнан. Бәрі, бәрі-і-і қаз қалпында. Тек төбе-төбенің басында шошайып тұрған тораңғыл ағашының жа­пы­рағы қалың, қызыл жыңғыл мен қарабарқын тұтасып өскен қара­ша­бырлардың бояуы қанық көрін­ген. Дариядан су кеткен жетпі­сінші, сексенінші жылдармен салыстырғанда, әрине. Өкінішке қарай, алпысыншы жылдарға де­йін­гі Үлкен судың болып та, толып тұрған шағындағы дария бойының әсем табиғаты жайлы ертегі іспет­тес әңгімелерді тек үлкендер­ден естідік. Қайта айналып су келіп еді, Қызылқұмның көрер көздің «қызығына» айналып сала берге­нін көрмеймісің…
«Шаштылар бейіті» деп аталар қалыңға жетіп тоқтадық. Бұрын­дары бірнеше рет келген жерім. Бір кездері қара жолдың екі беті қа­лың бейіт секілді еді, анда-мын­да ну шеңгелдің арасынан шошай­ған бірен-саран төртқұлақтар бол­маса, мына араның қорым еке­нін айырып болар емес. Кенет жол­дың оң жақ бетіндегі ашық алаң­қайға жете кідірдік. Темір қор­шау. Қара мрамордан тұрғы­зыл­ған кісі бойы құлпытас. Қор­шауы да, құпытасы да су жаңа. Шие­ліден өңірінен шыққан бір­туар ақын Бұдабай жырауға тұр­ғы­зылған жәдігер. Иә, жәдігер. Ал сүйегі ана қалың шеңгелдің ара­сындағы көп төмпешіктің бірінде болуы керек. Қалың ел дарияның келесі бетіне ауа көшкен алма­ғайып заманда көзден кетсе де көңілден кетпеген ақынға жақын арада ұрпақтары қойған ескерткіш осы. Менің Досбол бабамның да, өз атам Байхонның бейіті де осы маңда болуы мүмкін екенін ойла­сам… Менің Торы Қыпшақ­тың ішіндегі Көзей руынан екенімді жолшыбай тәптіштеп сұрап алған Жүзен Аманжолға жүгінді. «Кө­зей­лер мұнда емес, ана тұстағы «Үш молда» бейітінде. Онда Кі­сен­­бай мен Төлеген молда сал­дыр­ған мешіт болған ғой. Мешіттің маңындағы ескі қорымда шашы­лып жатқан көктастар мен ақтас­тар көп. Арнайы іздеген адамға табылып та қалар» деді бауыры­мыз. Иә, «үмітсіз – шайтан». Әлде, әлде… қол қалт еткенде арнайы келіп сол қалың қорымның көр­не­кілеу бір тұсына атама арнап құлпытас орната салсам ба екен? Жаугершілік заманда сүйегінің қайда қалғанын ешкім білмейтін бабаларына ас беріп, ескерткіш тұрғызып жатқандардың да бір білгені бар шығар…
Дария бойында туған Мұхтар Шаханов ағам айтқандай: «Бұл даланың әр төбесі, әр белесі е­р­тегі… Бір белесін басып қалсаң, бір ертегі шертеді…». Осы маңды атам заманнан өзіміз бала күнде «Ана тілі» оқулығынын оқып, санаға сіңірген Қыпшақ Сейіт­құлдың ұрпақтары мекендеген. Мыңғыртып мал өсірген най­ман­дар сән-салтанатпен жаз жайлауы Арқаға қарай көшкенде , атала­ры­мыз көне арналар мен көлшік, көлдердің бойындағы бидай, та­ры­сы мен қауын, қарбызына қарайлап отырып, отырып емес-ау «жатып» қалады екен. Кеңес дәуірі кезінде кедей тап өкілдері ретінде кеңінен насихатталған жатақтар. Кәдімгі отырықшылар.
Таптық қатынастарын білме­дім, ал өзіміз «қызығы мен шы­жығын» көре бастаған жер қа­ты­нас­тарының сол кездері-ақ дәуір­­леп тұрғаны анық. Көнекөз қариялардың сөзіне құлақ салсаң, дария бойындағы жер атаулары­ның сол кезеңдегі жер қатынас­тарынан хабар беріп тұрғанын се­зесің. «Таршакөлдің арғы беті – соқпандар мен абыз руларының, ішкі беті – шаштылардың мекені, Жуантөбе – қонақбайларға, Қызылқайың – көзей руларына тиесілі» деген секілді. Өзімнің трайбализм ауруымен ауырмайты­нымды айта тұрып, мына жер ат­ау­ларының мен үшін де ерекше ыстық екенін де мойындауым қажет. Өйткені… «Жер астынан құлақ етіп қияқты… менің ата-ба­ба­ларым тыңдап жатқан сияқты…».
Ақ қайыңдардың арасындағы қалың шеңгел арасына жасы­рын­ған көне бейіттен ұзай бердік. Ата бейіттің биылғыдай ен-тегін мол судан аман қалғанын да жақсы­лық­қа жоримын. Сексен алтының су тасқыны кезінде ғасырлардан бері дін аман келе жатқан қорым­дардың су астында қалғанына түсіне алмағам. Ал су қоймасы салына қалса ше? Шардара мен Қапшағай су қоймасы салынған кезде сүйекті алып кететін ұрпақ­тары табылмаған көне бейіттердің бетін бір-бір машина бетонмен жа­ба салғанын білем. Осы ойымды айтқанымда Жүзен ағам артына қарай мойын сүйегін сындыра бұрылған.
Су қоймасы негізінен көл­та­бан­дарды толтырады. Карта бойын­ша бұл ара су қоймасынан әл­деқайда биікте тұр, – деп жұбатты.
Өзімнің бүгінгі сапарымның басты мақсаты киелі орындарға тәу ету емес, сол қасиетті мекенде жасалатын су қоймасы екенін ойлайын, көкіректі тұмшалап ал­ған ауыр ойлардан әрең дегенде арылайын.
Қарақуыстың жиегіндегі төбе басына жетіп кідірдік. Көл беті – қаптаған құс. Машина даусынан үркіп қиқулай көтерілгенде байқа­ға­ным – көк жүзінде көлбеңдеген қос қанаттылардың қарасынан ағы молдау көрінген.
Көлдің кенересіне қарап су­дың төмендеп кеткенін байқай­мын. Осыдан төрт-бес ай бұрын ғана ен-тегін мол су құйған көлдің табанында шалшық су ғана қалған. Ендеше, құм арасы құрдым бол­ғаны. Ал қыс түсіп мұз қатқан соң, таяз судағы балық қырылып қалуы кәдік. Тағы да күдік. Тағы да кү­мән. Осы ойымды Жүзен ағаға айт­қанымда:
– Жиырма бір жыл су құймай қаңсып жатқан көл ғой… Екі-үш жылда табаны қатып, кенересі қатайып шыға келеді… – деп жұбатты.
Адам әдетте өзі сенгісі келетін нәрсеге сенетінін білем. Су қой­масы жасалған соң Қызылдың ішіндегі қаптаған қарақуыстар мен сарықуыстардың табаны бекитініне сенгім келеді.
Көлдің бір шетінен ақ тамның төбесі шошайды. Қызылдың ішінде не көп – «Ақ там» атанған жер атауы көп. Кәдімгі сырты ақ балшықпен сыланған шатырсыз үйлер, кәдімгі малшылар қыстауы.
– «Үсен қыстауы»… – деді Жүзен ағам аузын толтырып. – Су қоймасының хабары шыққалы ел-жұрт көшіп келіп жатыр… Ал мал дегенің миллион…
Қанша адамның көшіп келге­нін кім білсін, ал мен білетін мына ақ там атам заманнан атақты ба­луан Амангелді Ешпанов ағамның қыстауы екенін білем. «Балық ау­лаймыз, құс атамыз» деп талай рет шақырып еді. Қол тиді ме? «Мил­лион» дейді. Қазақ халқы болып-толған атам заманда болмаса, Жаңадария мен Қуаңдарияның бойында жаңа аудан ашуды арман­даған кеңес дәуірінде де Қы­зылқұмдағы мал саны миллионға жетпегенін білем. Ал енді құм ішінде су қоймалары жасалып, жаңа ауылдар мен аудандар ашы­лып жатса деймін ғой…
Алдымызды тағы да жылқы үйірі кесіп өтті. Кілең кесек жыл­қы екенін байқап келем. Ішінен бірде-бір құлын немесе жабағы, тай көрінсе-ші. Қызылдың қа­лыңын­да қасқыр көп екенін білем, әрине. Ел ішінде жаңадан пайда болған байшікештер арасында қонаққа еті жұмсақ жабағы мен тай соятын дәстір пайда болға­ны­нан да хабардармын. Қайтесің, ата дәстүр…
Жаратқан Ие жар болса енді бір бес-алты жылда туристік са­пар­мен Күміскеткенге келіп жаңа туған құлынның балдай тәтті етінен ауыз тиетін шығармыз…

2
Жүзен ағамның не ойлағанын қай­дам, Күміскеткенге емес, Таш­топқа бастап әкелді. Бүгінде иен далаға айналған Таштоптың аты жер жарып тұрған кездер де бол­ған. «Таш» дегені кәдімгі «Таш­кент» те, «топ» дегені «топливо база­сы» дегені. Соғыс кезінде Таш­кент пен Еуропаның екі арасын қосып тұрған күретамыр темір жолмен ауыр составтарды сүйреткен тепловоздарға арнап сексеуіл дайындаған стратегиялық ны­сан. Иә, сексеуіл. Кәдімгі қыз­уы мол сары сексеуіл. Сол жыл­дары Ташкент пен Қызылорданың екі арасында бумен жүретін су қатынас кемелері де болғанын естіп өстік. Ал бала күнімізде сек­сеуіл тасыған тар табан темір жол­дардың орнында құмға көміліп жатқан темір жол рельстерін көзбен де көргенбіз.
Зымырап өтіп жатқан уақыт шіркінді қойсаңшы. Бүгінде бәрі де өзгерген. Қараймын келіп, қараймын. Сол баяғы орнында, бәз-баяғы орнында тұрған атам заманғы ақ там ғана. Сосын… Қалың бұта арасындағы ағараңдап жатқан төмпешік көзіме оттай басылғаны. Осыдан жиырмашақты жыл бұрын келгенімде төрт қабыр­ғасы қалқайып тұрушы еді… Алпысыншы жылдардың басында ғайыптан тайып Алматысын тастап елге оралған Қалмақан Әбдіқадіров ағамның асарлатып мектеп салатын, кітапхана жинай­тын жері осы. Мектеп жабылған соң кітапхана жаңағы ақ тамға көшірілгені, арлы-берлі өткен жолаушылардың кәдесіне жарап тұрғаны да есімде.
«Жаңа арнаның» табанында отырмыз. Дария арнасы үш-төрт метр төменде жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде көтерілген көл-көсір су табаны тазартылған жаңа арнамен ағып, Бұлақтыкөлге құйған.
– Секундына отыз текшеметр су ақты… Тіптен бар-ау суға шо­мыл­ған балаларды ағызып алып кете жаздады… – деді Жүзекең.
«Отыз текшеметр су»… Биыл көктемдегі дабыра «жоғарыдан екі мың текшеметр су келеді» деген дақпырттан шықты емес пе? Екі мыңның жанында отыз текшеметр дегенің немене тәйірі… Шиелілік­тердің ішкі ойы Жалағаштағы күретамыр тас жолды су басқан кезде шыққан дабыра, дақпыртты пайдаланып, Қызылдың ішінде қаңсып қалған көлдерін суға толтырып алу болса да өзі білсін… Әркімнің өз жұмағы өзіне, әрине.
– Күміскеткеннің сағасына барып дем алсақ қайтеді, аға?.. – деймін орнымнан тұрып жатып.
– Күміс-кет-кен… Сол су қой­ма­сының жобасын бізге көрсетті ме? – деді Жүзекең күмілжіп. – Нақты жобаны көрмеген соң, не айта аларсыз…
Жүзекең көрмеген жобаны көргенмін. Жүрген жерінде жұ­мыс­ты жапырып істейтін облыс басшысының қарқынына ілеспек болып асығыс жасалған жобаның шикі тұстары көптеу секілденген.
Уақыт ағымына қарай алдымен әлдеқайда асығып, аптығып, артынан бармақ тістеп қалатын заман туды ғой. Шиеліліктерді сабылтып қойған мәселенің түп төркіні жоғары жақта жатқанын сеземін. Сол… Жемқорлыққа тосқауыл бола ма деп енгізілген сол баяғы – тендерлік жүйе. Су ресурстары Комитеті тарапынан берілген тапсырмада су қоймасы­ның жобасы конкурстық талаппен екі вариантта жасалуы керек деп көрсетілген. Дәл қазір Жүзен ағаның айтып тұрғаны сол екі жобаның бірі. Сол дайын жобаны жүзеге асыру аудан түгілі, облыс­тың да құқында емес. Су сыйым­дылығы он мың текшеметрден асатын су қоймасын жасау тек республикалық тапсырыспен ғана жүзеге асырылады. Осы ойымды айтқанымда, Жүзекеңнің қабағы түсіп кетсін.
– Екі жобаны біріктіруге болады ғой…
Әрине біріктіруге болады. Бірақ ол үшін жер қазу жұмыс­та­рын былай қойғанда, дариядан су алатын екі тоспа, сол суды дарияға қайта тастайтын екі су реттегіш жасалуы керек. Ол үшін қосымша қаржы керек. Бұл дегенің түптің түбінде таптық та, экономикалық та емес, кәдімгі капиталистік қоғамның бас ауруы – ақша қаты­настарына барып тіреліп жатса қайтерсің… Күміскеткеннің жо­басы дайын. Құрылыс жұмыс­тары енді бірер айдан оң басталып та кетуі керек. Әзірге су қоймасын салуға бір миллиард алты жүз миллион теңге ақша бөлініп отыр. Оншалық көп ақша емес. Халықтың қалтасына қолды бір салғанда бірнеше миллиардты суырып алатын ортақол шенеунік­тердің көзімен қарағанда, әрине…
Таштоптан ұзай бердік. Ата мекенді қайта тірілткісі келген Жүзен ағама да, Жүзен ағаны дария бойында сабылтып қойған Қайратжан бауырға да ырзамын. Өйткені, әркімнің өз жұмағы өзіне емес пе?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір