Ақ көйлекті қыз (әңгіме)
08.06.2018
2747
0

 

Қойшыбек МҮБАРАК

__________________________________________________________________

Қаладан кеше келгем. Осы ауыл­да анау алыстағы қаладан оқып жат­қан жалғыз менмін. Туыс-ту­ған, көрші-қолаңның барлығы ме­нен сарқыт дәметеді… Ша­мам­ша қалтамдағы қалған соңғы жар­мағыма дейін қаланың неше түрлі тәт­ті-дәруменін ала келетін әде­тім… Биыл ерте қайтам деп хат жа­зып жібергем… Қайта­тын қар­жы­ны Есен ағам салып жіберіпті. Тіп­ті бұрынғы­лардан молырақ. Сосын Есен ағамның үйіндегі жең­­геме арнайы таңдап жүріп, қос етек­­ті әдемі көйлек сатып алған­мын. Сонымды алып үйлеріне кел­дім. Мен келгенде Есен ағам үй­де жоқ екен, жеңгем әлі жасқа то­ла қоймаған баласын емізіп отыр. Алтын адам… Қай уақытта кел­­сеңде жарқылдап отырады. Ме­­­ні Тентекқара дейтін… Аман­дық сұрасып болған соң сәлем­де­мемді жеңгеме ұстаттым. Сыртта ой­нап жүрген балаларды шақырып мен әкелген тәттіні үлестірген жең­­­гем көйлекті көріп балаша мәз бол­ды…

– Әй, Тентекқара-ай, алтын қай­ным-ай, несіне әуре болдың? Қан­дай тамаша еді! Өзі арлы-берлі ау­дарып көріп тұрып бір заманда өңі сұрлана қалды. Бірдемесі ұна­май қалды ма деп ойлай қалдым.

– Жарайды, жаным, кел шай­ға. Рахмет ескеріп сыйлық алға­ныңа. Бірақ осы құрғырды тағы кию­ге бұйыртпайды ғой, – деп күр­сінді. Менің есіме осыдан он жыл­дың алдындағы бір оқиға түс­ті.

***

Біздің үй сол жылы төр жайлау­ға жай шыққан. Тағы сол қарасан кел­гір көк бұқаның кесірі. Жыл­да­ғы әдеті ғой. Әні-міні көшеміз де­сек болды, жоғалады да кетеді. Ал, көк бұқасыз атам ешқайда кө­шу­ге рұқсат етпейтін. Малымның басы дейтін…

– Ата-ау, осы малыңның ба­сы­на көк бұқаны қойғанша ана апам­ның сары қасқа сиырын қойсаңыз­шы. Күніне екі шелек сүт шығады. Көк бұқаңда не бар? Қасына бар­ған адамды да, малды да сүзіп елге лаң салғаннан басқа, – дейміз ғой бар­лығымыз жиналып.

– Тәйт ары!.. Қасиетті малға тіл тигізбе! – деп зекіп салатын.

– Кеше ғана табындағы сиыр­мен бірге жүрген қарасан келгір бүгін жоқ. Сай-сайдан таппадық. Төр­ге қарай тартып кеткен шығар, бол­маса ойға түсіп кетті ме екен… Бұрындары атам өзі ғана іздейтін. Осы жолы мені де жоқшының қа­тарына қосты. Былтыр нағашы атам бәсіреге берген құла құна­ны­ма жайдақ тоқым сала салып мен де кеттім. Ерменсайды аралап кел де­ген. Түс ауа жаман құнанды те­пек­тетіп әзер жеттім. Осы сайды не­сіне «Ерменсай» деп атайты­ны­на таңым бар. Бір тал да ермен өс­пейтін, қайта бөктерді алып жа­тқан қып-қызыл бүлдіргенге то­лы еді. Неге «Бүлдіргенді» деп ата­мады екен деп ойладым. Ша­масы артық жүрістен құнанымның қолы түсіп қалған болар, алдынан ақсап әзер жеттім. Қып-қызыл бүлдіргенді көргенімде атамның қа­сиетті көк бұқасы есімнен шы­ғып кетіпті. Таңдайға жете езіліп жоқ болып кететін бал бүлдіргенді күй­седім-ай келіп… Қанша жеге­нім­ді кім білсін. Әйтеуір бір за­ман­да маужырап барып ұйықтап ке­тіп­пін… Жер теуіп осқырынған құ­нанның дауысынан оянып кет­тім. Кеш батып қалған екен. Күн­нің қызыл шапағы таудың биік шо­қысынан ары қарай құйылып ба­рады. Манағы шамадан тыс же­ген бүлдірген ішімді керіп, шөл қы­сып барады. Мана келе жатып жол­дан тастұманы көргем, солай бар­мақ болдым. Енді жайлап қор­қа бастадым…

– Иен жерде сайтан болады, – деп айтып отыратын үлкендер. Ен­ді қол- аяғым қалтырап, әдетте се­кіріп мініп алатын құнанның шоқтығына қанша жармасқа­ным­мен міне алсамшы. Маңайда бір биік тас та, тұмар да көрінбейді. Ен­ді құнанды жетелеп манағы көр­ген бұлаққа қарай жүгіре жө­нелдім. Тұмаға жете бере әлденеге ша­лынып омақасып кеттім. Құна­ным үркіп қолымдағы шылбырды жұлып кетті.

– Абайла, бала, ақырын жүр­мей­сің бе? Құлағымның түбінен әйел­дің мүсіркеген жағымды дауы­сы естілді. Басымды жерден жұ­лып алдым. Қасымда шамасы ме­нен оншақты жастай үлкен әде­мі қыз тұр. Аппақ көйлегі баяу соқ­қан самалмен дірілдеп тұр. Сас­қалақтағанымнан:

– Еш жерім ауырған жоқ. Көк бұқа көрдің бе? – деппін…

– Ааа, ана сыңар мүйіз бұқаны айтасың ба?

– Иә, дәл өзі. Төрге көшейік деп ек, жоғалып кетіп… Атам көш­пей­мін деп. Балпылдап ананы бір, мы­наны бір айтып жатырмын…

– Неге жүгірдің?

– Шөлдеп кеттім, бұлақтан су ішем.

– Сен менің бүлдіргенімді жеп қой­дың.

– Сенікі емес… Бұқа қайда?

– Бүлдірген менікі…

– Атама айтам… Бұқа қайда?.. Бұқа атамдікі…

– Жоқ, бала, бұқа атаңдікі емес… сенікі…

– Жоқ, менікі емес… Атамның сү­зеген көк бұқасынан, шолақ құйрық қызыл тайынша әлде қай­да жақсы еді… Өзі менің қасымнан кет­пейді. Анда-санда апам берген қант­ты тартып жеп алатыны бол­маса…

– Жарайды, өзің біл, атаңа бұ­қаның не керегі бар дейсің…

– Соны айтам, көше берейік де­сек болмайды…

– Жүр, су ішесің бе?

Біз бұлаққа қарай бара жатыр­мыз. Қыздың аяғы жерге тигені білінбейді, сырғып бара жатқан сы­қылды. Артынан дыздаңдап мен келемін. Кенет ойыма сайтан деген қайта түсті. Жүрегім дір ете қал­ды. Артынша ойымнан тез арыл­дым. Осындай әдемі қызды сай­тан деуге қимадым. Шіркін, Есе­н ағамдай үлкен жігіт болсам, осы қызды алар едім деп арман­да­дым. Екеуміз суға жеттік. Екбеттеп жата қалып сімірмек болып ем:

– Тұра тұр, бала, қазір, – деп ана­­дай­да қалың құрақтың ара­сы­нан бір жарқыраған күміс кесе алып келіп сонымен су алып берді. Су емес, нағыз бал дерсің… Төңке­ре салып қайта ұсындым… Үш ке­сені сіміріп жеберіп барып тілге кел­дім…

– Бұқам қайда?

– Бар, әне тұр… – деп қаптал­да­ғы қалың самырсын жақты нұс­қады… Бағана келгенде бүлдірген­ге қызығып кетіп сәп салмаған бол­сам керек, тура жанымызда сыңар мүйізін шайқап тұр екен…

– Мен кеттім…

– Бұқаны бермеймін…

– Неге?

– Айырбастаймын…

– Атама айтам…

– Жәй айтамын… Беремін… Сен жақсы бала екенсің, тұра тұр, кіш­кене әңгімелесейік…

– Апам ұрсады…

– Тұра тұр, сенен бір нәрсе сұ­райын…

– Тез сұра…

– Мөлдір қандай қыз?

Жүрегім дір ете қалды… Сай­тан Жұмақанның сол қызы мен үшін әлемдегі ең сұлу қыз бола­тын… Тез ер жетіп жігіт болсам, со­­ны алсам деп армандайтынмын… Бірақ шешесі жаман… Жігіт болып сені келіншек қылып алам деп ай­тып ем, шешесіне айтып барған екен, шешесі мені ұстап алып: «Тен­­тек, менің қызымды аламын де­­сең, атаңның көк бұқасын, со­ны­мен бірге Есен ағаңның күрең тө­­белін қалың малға бересің!» де­ген.

Атамның көк бұқасын берер ем… Ал, Есен ағамның күрең тө­бе­­­лін… Жоқ, қызын бермесе қой­сын… Күрең төбел болмаса, Есен ағам… Жоқ болмады… Әйенің жал­басын берем деп ем… Қу ше­шек, күрең төбелді бермесең, қы­зым­ды бермеймін деп құйры­ғым­нан шапалақпен бір салып қуып жіберген. Бірақ мен Мөлдірді әлі ұмы­та қойғам жоқ. Жігіт болғанда алып қашып кетем деп ойлайтын­мын.

Енді Мөлдір де бойжеткенде ту­ра осы қыздай әдемі болса ғой деп ойладым… А, жоқ, мына қыз­дай әдемі бола алмас… маңдайын­да­ғы тас тіліп кеткен тыртығы, бе­тін­дегі секпілі…

– Мөлдір екеуміздің қайсымыз сұлу­­мыз?.. Қыз сайқалдана күлді.

Мен ойланғам жоқ… ойла­на­тын да дәнеңесі жоқ-ты.

– Сен сұлусың…

– Мені алғың келмей ме?..

– Жоқ, мен әлі кішімін… Сені Есен ағама алып берейін…

– Жоқ, Есен мені алмайды… Ба­рысқанның қарындасына сөз са­л­ып жүр…

Мен ойланып қалдым. Барыс­қан­ның қарындасын танимын. Ан­да ел орта жайлауға көшерде ма­ған көп тәтті берген. Жақсы қыз… Бірақ мына қыздай сұлу емес.

– Мен сені өсіп, Есен ағаң сы­қылды үлкен жігіт болғаныңша кү­темін…

Мен тағы ойландым. Мен Есен ағам­дай болғанша әлі он бес жыл… Оған дейін бұл қыз қартайып ке­теді ғой…

– Мен жігіт болғанда сен кәрі қа­тын болып қаласың, – деп бұр­ти­дым…

– Жоқ, мен қартаймай күте­мін… Сен апаңның сандығының т­үбіндегі күміс сақинаны әкеліп берсең… Қыз тағы аярлана күлді…

– Сенбеймін…

– Онда көк бұқаны бермей­мін…

Менің де шамалы қулығым бар. Соған басқым келді… Атам бір жаққа барарда «Мен атамның қас­қа құлынымын» деп басымды шұл­ғып-шұлғып жіберіп, тай бо­лып кісінегенде атам: «Әй, менің қу құлыншағым-ай!» деп ақыры ер­тіп кететін… Сол қулыққа бас­қым келді.

– Жарайды, келістік… Сен ал­ды­мен көк бұқаны бересің, мен ер­тең сақинаны әкеліп беремін… Қыз менің қулығымды білмей қал­ды ма, әдейі сенді ме білмеймін
…Анадайда осқырына үріккен құ­ла құнанды қуып жүріп ұстап әке­ліп берді де, мені лып еткізіп құ­нанн­ың үстіне қондыра салды… Менің құнаным да бүлдіргенді аямай жеген бе? Ышқынып барып қып-қызыл қылып сиіп жіберді… Көк бұқаны алдыма салып қуалап, үйге қарай тарттым… Түн болып айнала қап-қараңғы болып кет­кен… Жүрегім атша тулап қорқа бастадым…

«Ерменсайдан» шыға көк бұқа өкіріп, астымда құла құнан шың­ғыра кісінеп ауылға қарай заула­ды… Көк бұқаның мынадай қор­қы­­нышты дауысын естіп көр­ме­гем, қатты қорқып кеттім. Құла құнан­нан ауып қалмайын деп жалына жабысып мен де бажылдап жылап келем…

Мен есімді жиғанда біздің ал­ты қанат кең үйдің іші тола адам екен. Тура бас жағымда Әдеп бақ­сы отыр.

– Есін жиды…

– Есін жиды…

– Періштесі қаққан-ғой…

– Көк бұқа мен құла құнан да бауы­рымен жер соғып, орындары­нан тұра алмай жатыр…

– Қорқуды білмейтін күнәсіз сә­би ғой, ересек адам болғанда жү­ре­гі жарылып өліп қалар еді… Кә­рі құдағи менің сол қолымды уқалап отыр екен…

Менің сөйлеуге шамам келер емес… Іштей қорқуды білмейді де­генге масаттанып қоям… Өзімді бір үлкен батыр сезініп… Аузыма су тамызып жатыр…

– Қарасан келгір көк бұқада нең бар еді, қасқыр жемесе, бір кү­ні өзі қайтып келер еді ғой… Апам атама ұрсып отыр… Атам үн­сіз. Енді сөзді бақсы алды:

– Жарайды, даурықпаңдар… Көп сөйлесеңдер бала шаршайды, бар­лығың шығыңдар, – деп атам­нан басқа елдің барлығын шы­ға­рып жіберді… Бәрі сыртқа шығып кет­кен соң атам екеуі не көрдің деп сұрай бастады… Тілім күрмеліп сөйлей алар емеспін… ортадағы ошақ­тағы ашық оттың ішінен қып-қазыл болып тұрған шым­шуыр­ды ұстаған Әдеп бақсы қып-қы­зыл шоқты тілімен быж-быж еті­к­ізіп жалап-жалап жіберіп, мені ең­бектетіп жатқызды да, арқамды жа­лаңаштап қып-қызыл шым­шуыр­мен тартып-тартып жіберді… Мен баж ете қалдым… арқам күйіп қалды ма деп қорқып, қолымның жет­кен жеріне дейін арқамды си­па­лай бастадым… Күймеген сы­қыл­ды… Тілім енді сөзге келді… Бол­ған жайды бастан аяқ айтып бер­дім…

Екі шал өзара шүңкілдесіп отыр, сөздерін еміс-еміс құлағым ша­лып қалады.

– Ең қиыны ол енді адамның бер­ген уағдасын орындатпай қой­майды… Олар үшін бала ма, кәрі ме, бәрібір…

– Сіз екеуміз енді екі жақтасақ тоқ­тата алармыз… Мен көк бұқа­ның қасиетімен тоқтатып келіп ем, оны… Енді амалым қалмады… өзім­нің тауып алған бәлем… Ал­ғаш рет Есен туғанда көріп ем… Со­дан бері ізімнен бір қалмады…

– Иә, бұл Есенге құрылған тұ­зақ… Мұнысы да дұрыс болды… Ен­ді тірі жанға қастық жасай ал­май­ды… Тек затына ғана зәбірін ти­гізер… Молдаке, осы туралы та­лай рет сұрадым, айтпаған едіңіз… енді айтарсыз…

– Әдеке, баяғыдағы менің Ақ­таңгерімді білетін шығарсыз…

– Иә, иә, жаралмаған жануар еді… Өзің Ерменсайда та­стан құ­лап өлді дедің… Бірақ менің кәрі жы­ным оны өзіңіздің тасаттыққа шал­ғаныңызды біледі…

– Иә, сол Ақтаңгердің жал-құй­рығы қарадан-қарап өріліп қа­ла­ды… Бітеу қораға байлап қой­сам да, қара терге түсіп, мал­шы­на­ды да тұрады… Сосын бір күні түн­д­е аңдыдым… Баяғыда марқұм атамыздан шамалы оқығанымыз бар еді… соны оқып… Түн ортасы ауа бере қасына аппақ киініп бір жас келіншек келді… Сосын атты шығарды… Ақтаңгер қан сиіп ос­қырынып үркеді, анау жіберер емес… Бір заманда мініп алды да, шап­қылай жөнелді, көз жазып қал­дым… Неде болса, бір пәленің бол­ғанын біліп, қайтып келіп жа­тып қалдым. Таңертең атым ор­нын­да тұр екен… Сосын Барыс­қан­ның жүйрік торысын сұрап алып келесі түнде тағы аңдыдым… Тағы келді… Ол да кетті… Жүйрік торы аузымен құс тістеген жануар ғой, артынан бір елі қалмай «Ер­менсайға» жеттік… Артынан түс­кен қуғыншыдан тайсап, ол «Ер­мен­сайға» тоқтамай өте шықты… Бұрында осы сайда бір нәрсе бар деп еститінмін… Сол жерден кү­тейін деп бұлақтың басына келсем, жаңа туған бала шырқырап жатыр екен… Әйелдің енді құтылмасын білдім… Баланы бас салып ұстап ал­дым… Қызыл шақа бала енді қолға тоқтамай сақ-сақ күліп қа­ша­ды… Қойнымдағы бір кітапша­да оларды тоқтататын дұға бар еді… Соны оқып баланы аттың тер­лі­гіне орап матап тастадым… Сүт пісірім болмай әйел келді… Ол менің атыма жуымайтын болып уағда берді… Сол уағдасы ретінде маған күміс сақинасын қал­дыр­ды… Соны алмауым керек еді… Кейін Есенім туғанда келді маған, құда боламын деп… Мен тік шап­шы­дым. Онда тұқымыңа дейін құр­та­мын деп сес көрсетті… Екеуі­міз Ерменсайға барып, жатып келіп дауластық. Адамнан ақылды туған бәлелер ғой, аузымды аш­тыр­мады. Сөйтіп отырғанда үсті­мізге ана жынды Темірхан келді. Не қасиетінің барлығын қайдам… Темірхан келе сала қолындағы ар­қанымен әйелді байлап тастады да, маған:

– Кет үйіңе, кет!.. Мен өлгенше бұл саған тиісе алмайды… Мен өл­ген соң ағаңның ала сиыры ер­кек көк бұзау туады… соны ал… Үйі­ң­нің маңайынан алыстатпай бақ… көк бұқаны ұстап алғанынша са­ған тисе алмайды… Көк бұқадан ай­рылсаң, ұлыңды ананың қызы әке­теді… – деді. Сонымен ел-жұрт­тың наразылығына қарамай көк бұқаны сетерледім. Енді сол көк бұқаны құрбандыққа шалуға тура келді…

– Бір есептен мына бейкүнә сә­би арқылы беті ашылғаны да дұрыс болыпты… Ересек адам бол­ғанда тіптен құтыла алмас еді… Таң атсын… Оған дейін үйдің ал­дын­дағы алаңқайға от жағыңдар… Әдеп бақсының бұйрығымен атам сыртқа шығып кетті…

– Қорықпа, балам… Сен деген үл­кен батыр болдың… – дейді бақ­сы шал маған.

Сыртқа үш жерден от жағылды. Қарағайдың қу бұталары шатыр-шұтыр етіп маздап жанып жатыр. Ме­ні елден ерек сол үш жақтан жан­ған оттың ортасына отырғы­зып қойған. Әдеп бақсы қолына лапылдап жанған қарағайдың үл­кен бұтасын алып ортан белінен ау­зына тістеді де, үйді айнала жү­гір­ді. Ана жақта атам бір қолында са­рала қамшы, бір қолында көк ті­кені бар, жер сабалап жүр… Бір за­манда атам атқа мініп, Әдеп бақ­сы аузынан қып- қызыл шоқ бүр­кіп «Ерменсай» жаққа қарай жө­нел­ді… Әдеп бақсы жаяу жүгіріп ба­рады… Атам Есен ағамның күрең­төбелін борбайлап әзер еріп бара жатыр… Таң ата арсы-күрсі болып екеуі де жетті…

– Көк бұқаны алып жүріңдер – деді… Апамның сандығының тү­біндегі сақинаны менің сол қо­лы­ма ұстатты да, мені де өздерімен бірге алып алды…

– Сақина алақанымды қарып күй­діріп барады…

– Алақаныңды ашушы болма! – дей­ді атам мен Әдеп бақсы…

«Ерменсайға» жеттік… Бұлақ­тың басына келіп көк бұқаны жық­ты да, Әдеп бақсы бұлақты ай­нала жүгіріп бірдемелер оқып, бұ­лақтың суына бұқаны бауыздап жі­берді. Бұқаның орылған тама­ғынан атқақтаған қан бұлақ суын қып-қызыл қанға бояды… Бір за­ман­да бұлақтың түбінен шыңғы­рып, шашы жалбыраған, алба-жұл­ба киімді, саусақтарының тыр­­­нақтары жерге сүйретілген кем­пір шыға келді… Менің жүре­гім аузыма тығылды… Алақаны­м­да­ғы сақина тіптен өртеп барады…

– Ата, ата, қолым, – деймін шыр­қырап…

– Балам, аз шыда… аз шыда… – дейді атам маңдайымнан иіс­ке­леп.

Судан шыққан кемпір мен Әдеп бақсы арбақ-құрбақ алыса кет­ті. Енді анадайдан шырқырап ке­шегі мен көрген қыз келе жа­тыр… Атам қойнынан әлдебір нәр­сені алып көрсетіп еді, анау ба­жылдап анадай жерге қашып кет­ті. Шамасы сүт пісірімдей уа­қыт өтті-ау деймін… Бір заманда Әдеп бақсы кемпірді астына басып буындырып жатыр екен. Кемпір тұн­шығып қыр-қыр етеді… Әдеп бақсы күшейіп кеткен сықылды… Кемпір енді ышқына бастады да басы кішірейе берді…кішірейе берді… Әдеп бақсының уысында кем­пірдің басы мен мойны сау­сақ­тың жуандығындай ғана болып кішірей­­іп кетті… Сол кезде атам ма­ған андағы колыңдағы сақина­ны кемпірдің басына кигіз деді… Мен айтқанын орындадым… Са­қи­на басына киіле кемпір аласұра тулап-тулап барып отқа айналып жа­нып кетті… Манадан бері ана­дайда бажылдап жүрген қыз енді шырқырап жалға қарай тұра жүгір­ді… Менің қызға жаным ашып кетті… Көзімнен бір тамшы жас та­мып кетіп еді… Әдеп бақсы кө­ріп қойыпты… «Алданба оған, ол өтірік елес…». Ары қарай не айтқа­нын білмеймін… содан үйге қайт­тық…

Сол жылы ойға түскеннен кейін Есен ағам Барысқанның қа­рындасына үйленді… Масқарасы сол, жаңа түскен келіннің барлық жа­сауын біреу таң атқанша қай­шы­лап қиып тастапты… Ел оны сан саққа жүгіртті… Менің ойыма екі шалдың: «…енді тірі жанға қас­тық жасай алмайды… тек затына ға­на зәбірін тигізер…» – дегені ора­латын.

***

Одан кейін де біраз уақыт өт­ті… Мен де ержеттім… Сол тура­лы ойласам, кейде денем түршігіп кетеді… Бірақ, сол қыздың бейнесі көз алдымнан бір кетпеді… Ол жайын­да қаладағы достарыма ай­тып берсем, барлығы мені келеке етеді: «Мына заманда сондай ер­те­гіге кісі сене ме», – деп…

Қаладағы қаптаған қалың адам­ның ішінен сол қызға кейде біреу­лер қатты ұқсап кетеді… Ақ көй­лекті қыздарды көрсем болды әр­дайым тұла бойымнан бір ыстық ағын тулай жөнеледі… Ауылға кел­генде, әсіресе, Есен ағамның үйін­де болғанымда сол ақ қызды са­ғынамын. Уақыт өте өзім де, ол да ұмыт бола бастаған іспетті… Көз ал­дымда тек сол аппақ көйлекті қыз. Мені күтуге уағда бергені… Қа­те болды ма, дұрыс па білмей­мін, мен оны сатып кеттім…

– Тентекқара, шай ала бер… Мен тамақ салып жіберейін, – деп жең­гем сыртқа қарай шыға жөнел­ді. Ізінше есік сықыр етіп ашылып қо­лындағы жарқылдаған қайшы­сын сырт-сырт еткізіп қайшылап баяғы аппақ көйлекті қыз кіріп ке­ле жатты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір