Құм-қоңырау күмбірі
25.05.2018
1232
0

Құмға сыр айтып көріп пе едіңіз? Құм қадірін білмегендер күле қарар, бұл дүниеде құмнан артық ғибрат берер табиғат-ұстаз бар ма екен? Өмірдің сусымалы, бақтың жылжымалы екенін күн көзіне шағылысып жатқан сары алтын құмнан артық кім түсіндіріп бермек? Беті тыншып аққанымен, тереңінде алапат ағын бар Іле-судың да айтар ойы да сан тарау. Жиегін жыл өткен сайын мүжіп тауысар дана Іле: «Тамшы теспейтін тас, су қиратпас қорғаның бар ма еді?», – деп арқырап сауал тастайтындай көрінетін. Тамыры тереңде қалған қарт тораңғының да демегіне құлақ қойсаң, бұл даланың бары мен жоғын түгендеп бере алар құдіреті бар еді ғой. Уілдеген боранының екпініне төтеп берер бұта мен шөптесін ғана көктей алар құм етегіндегі ауылда жазға салым әр сынып оқушылары қант қызылшасын түптеуге кетіп бара жатар еді…

Иә, оның алдын соңғы қоңырау үні сыңғырлайтын. Бірақ, біздің Айдарлы атты алақандай ғана ауылдың қоңырауы – суысып аққан құм үнімен құмығып, сұлу сазбен күмбірлеген үн шығарушы еді. Бәлкім, біздің бала жүрекке сондай әсер берген болар?
Соңғы қоңырауыңыз әр жүректі әрқалай лүпілдетер сиқыры болатынын кім жоққа шығарар? Біреуі мектебін қимайды, келесісі қатал ұстаз бен тәртіпті талап етер партадан бір сәтке болса да сергитінін ойға алып, шаттанады. Не десек те, үлкен арманына қол созып, кішкентай отанына қол бұлғайтын түлектің сезімі көпке таныс. Басын тауға сүйеген, аяғын Ілеге тіреген Айдарлы атты айнадай ауылда өскен біздің арман да асқаралы еді. Өзге жұрт киікпен жарысса, ауылдың аппақ автобусымен шаңдатып келе жатып, Қарақұйрыққа жол беретін біздің арманымыз сол бір жүйрік аңмен тау-тас қуалап кете баратын.
Айғайқұмның етегіндегі бұл ауыл тұрғыны, қоңыр күзде тораңғытоғайға барып, дүниеде сары түстің жетпіс жеті түрі бар екеніне көзін жеткізер еді. Сол жетпіс жеті түспен бірге құбылған бала арманның соңынан соңғы қоңырауға асыққан оқушы-жүрек те лүпіл қағып кете баратын.
«Бір жылдары аққу қонып еді!» – деп ауыл жұрты жыр ғып айтар Сасықкөл мен тереңдігі шым батырып әкетер Іленің жырын айтып тауысу мүмкін емес. Осындай табиғат аясында жүрген бұл ауылдың оқушылары соңғы қоңыраудың күмбірін аңсамағанда, қайтпек?
Ауылды жерде еңбек біткен бе? Ала жаз бен ерте күзде егістік алқабынан табылатын шұрқыраған балалар мектеп оқулықтарындағы пәндерде айтылмақ ілім мен білімді еңбекке араласып жүріп-ақ жинап алатын. Ел мен жердің тарихын бойымызға сіңіріп алған біз және болашаққа қажет ілім мен білімді жүрегімізге құйып берген ұстаздар бірлестігі дәл осы құмдауыт даладан басталатын еді.
Әсілі, әр мұғалім әр мінезімен, әр тәлімімен оқушының есінде қалар. Ұстаздың бәрі – әдемі. Ізгілік, мейірім, білімге ынтызарлық дәнін сепкен сол жандардың бейнесі жүректе қалып қойғанының бір себебі – биікке ұмтылуға күш-қуат берген мінезінде жатқан шығар.
Осы күні дүниенің арғы бетіне өткен Тышманова Гүлдархан Әсетқызы, Көркембаева Мәрия Құрманғалиқызы, Мұстапаева Ырсалды Тұрлығожақызы, Жақупов Дәулеткелді Тұрдыұлы, Шахарбаева Айымхан, Құрабалдиева Рая Бауашқызы, Тәжиева Мәулипа Баратқызы, Иманбеков Бақтыбай Айдарбекұлы, Сатқұлова Гүлбаршын сынды ұстаздар келбеті жылылығымен, мейірімімен, нұрлы бейнесімен есте қалғанын айту парыз.
Иә, қатаңдығына мейірімі ұласқан, талапшылдығы ізгі мінезіне алмасып отырар, білім шуағын төккен ұстаздың қай-қайсысы да әр шәкірттің есінде. Олардың барлығының аты-жөнін санамалап шығу мүмкін емес. Ең бастысы – жүректегі жазулар ғой. Сол жүректегі жазуларда ұстаздар есімі мен тәлім-тәрбиесі тұрғанын осы күні әркім де мойындайды…
Хош, жазға салым бір топ оқушы еңбекке білегін сыбана кірісіп кететін еді дедік қой. Сол оқушының әрқайсысының арман-мақсаты әртүрлі еді. Кең дүниеге кішкене ауылының көкжиегінен де биігірек қараған олардың бірі – жер-дүниенің сырын оқыр ғалым болғысы келетін, тағы бірі күн кірпігінен үзіліп түскен сәуленің «әнін тыңдайтын». Тағы бірі – байырғыдан жалғасып келе жатқан баба жолына үңіліп, далада мыңғырған түліктің симфониясын сызылтпақ болатын… Иә, сол бір топ оқушыны тербеген арман, жетелеген мақсат көп еді. Және мұның барлығы да тап-таза көңілдің, аппақ жүректің арманы-тын. Жаз шыға жерсағыз іздеп, қыс түсе Қарақат теріп жүрген бұл оқушы-жүректер Көктерек пен Көкбастау, Қызылжиде, Қойбын… деп кете берер жерлерді аралап жүріп-ақ әлемнің кілтін қолында ұстап тұрғандай, патша көңілмен айналаны сән-салтанатқа бөлейтін. Әлі де бөлегісі бар…
Иә, құмға сыр айтып көріп пе едіңіз деген сауалымызға қайта оралайық. Құм жарықтық айтқан сырыңды да, арыз-мұңыңды да сынық мінезімен тыңдайды. Тыңдайды да, дүниенің сусымалы, жылжымалы екенін өзіңе үнсіз ұғындырып береді. Әйтпегенде, құммен сырғи жөнелген уақыт шіркін бір орнында тоқтамай шыр айналып жүре беретінін соңғы қоңырауды аңсап күткен жас түлек қайдан білер дейсіз?

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір