Шығармашылық ұлағаты
25.05.2018
1574
0

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жаңа тарихының жоғары білім беру жүйесіндегі көрнекті ғалым-ұстаздардың уақыт талабына сай сапалы еңбек нәтижелері халықтың ыстық ықыласына ие болып отыр. Сондай ғалым-ұстаздардың қатарындағы Л.Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі Рахымжан Сағымбекұлы Тұрысбектің ғылыми-педагогикалық шығармашылық еңбек жемістерін де өнеге ретінде айтамыз.

Аққұм кеңшарында (Жамбыл облысы, Талас ауданы) туып-өс­кен Р.С.Тұрысбек балалық жастық шағынан бастап оқу-ғылымның қажеттілігін, оны өмір мұратына айналдыруды ерте түсінді. Оның отбасындағы әке-шешенің әсер-ықпалы, мектептегі ұстаздарының қолдап-қамқорлық көрсеткені, замандастарының – баршасының рухани қолдауы арқасында ауыл-аймаққа қадірлі болып ержетті. Балалық, жасөспірімдік кезінен-ақ ол болашаққа зор сеніммен, үмітпен қарады. Жас кезінен-ақ оқу-білімге, өмірге құштарлығы­мен ерекшеленді. Әсіресе, елдік мүддеге, халық мұрасына, руха­ният ісіне сергек қарайтынды­ғымен ұстаздарына, ауылдаста­рына айрықша танылды.
Рахымжан орта мектепті ойда­ғыдай бітіріп, сол жылы – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филоло­гия факультетіне оқуға түсті, оны филолог – «Қазақ тілі мен әдебие­ті» мамандығы бойынша бітірді. Одан кейінгі еңбек өтілі жыл­дарында ҚР Баспа комитетін­де, кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік мекемеде редактор­лық, ҚР Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының ғылыми қызмет­кері, Т.Жүргенов атын­дағы Театр және кино институты­ның «Әдебиет пен тіл» кафедрасы­ның меңгерушісі қызметтері бойынша абыройлы еңбек етті. «С.Мұқанұлы­ның 20-жылдарындағы прозасы» (кандидаттық), «Ж. Ай­мауытұлы және 20-жылдардағы қа­зақ прозасы» (докторлық) атты тақырыптарда диссертация қор­ғады. Осы іргелі еңбектерінен кейін ол ұстаздық пен ғылыми-зерттеу тұтастығымен жемісті шығар­ма­шылық еңбек нәтиже­лерін жүзеге асырды.
1993-2005 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­сите­тінің филология факульте­тінде, 2005-тің қыркүйегінен – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцент, профессор болып еңбек етіп келе­ді. Ұстаздық-ғалымдық еңбек нәтижелері арқылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болды.
Р.Тұрысбек – жоғары білім беру жүйесіне арналған іргелі зерттеу еңбектерімен танымал ұстаз, ғалым. Оның «Қазақ әде­бие­ті­нің тарихы (ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ.)», «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1920-40 ж.ж.) пәндері мен «Ақын-жы­рау­лар поэзиясының көркемдік әлемі», «Жыраулар поэзиясындағы фо­льклорлық дәстүр», «Ғылыми зерттеуді ұйымдастыру», «Ж.Ай­мауытұлы», «С.Мұқанов», «Қазіргі әдеби процесс» атты арнаулы курс­тар бойынша оқитын дәріс­тері әдеби-ғылыми сипаттарымен бірге бай мазмұн, мол дерек көзде­ріне негізделгендігімен шәкірттер көңілін баурауымен мәлім. Ғалым-ұстаздың нақты тақырыптар төңі­ре­гіндегі ізденістері, аналити­ка­лық талдау-зерделеуі әлеуметтік қырларымен, көркемдік-рухани сипаттарымен ерекшеленеді, тео­рия­лық тұжырымдар мен мәтіндік талдаулар тұтастығын­дағы эстети­калық таным тағылымын таны­тады.
Р.Тұрысбек оқу жүйесін, оқыту ісін жетік меңгерумен бірге қоғамдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына да белсене арала­сып, халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференция­ларға жиі қатысып, әрі оның өз деңгейінде өтуіне үлес қосып ке­леді. Рахымжан Сағымбекұлы – жан-жақты шығармашылық еңбек етіп келе жатқан танымал қалам­гер. Ол көптеген жинақ, кітаптар құрастырды, оқулық пен оқу құралдарын жазды. Оқу бағдар­ла­маларын дайындап, әдеби-ғылыми кітаптар жазды.
Рахымжан Тұрысбектің аудан­дық («Ленин жолы»), облыстық («Еңбек туы») газеттер бетіндегі мақала, очерк, фельетондарынан бастап, бүгінгі уақыттың тыныс-тіршілігін терең танытатын проб­лемалық мақала, зерттеуле­ріне дейін­гі аралықтағы өсу, есею баспалдақтары қазіргі жас толқын ұрпаққа өнеге. Әсіресе, оның туған ел-жер жөніндегі көзқарас-ықыласы, өзі туып-өскен Әулие Ата өңірі мен Талас өлкесінің аңыз-әңгімелерін, жер-су атта­рын, әдеби-мәдени ескерткіште­рін, сондай-ақ ұлттың рухани байлық мұрасына айналған әрі әулие, әрі батыр Қарахан, Сыпатай батыр, Бөлтірік шешен, Байзақ би, Ұлбике ақын, т.б. өмірі мен қызметіне арналған оның мол шоғырлы тарихи-танымдық еңбектері профессор Р. Тұрысбек­тің өткен ата-бабалар тарихын –туған жерді, байтақ Қазақ Елін – биік тұғыр санаған айырықша көзқарасын, берік сенім-сезімін де танытады, оқырмандарын аза­маттық-отаншылдық ұстаным­мен рухтандырады.
Ғалым-қаламгердің сұлулық­тан сыр тартқан, өмір-өнерге құш­тар жас жүректерге тағылымды тарту – «Достық мектебі» атты кітабының (Б.Мекішевпен бірге) айтары да, рухани-эстетикалық әсері де мол. Шағын-шағын үш бөлім­нен тұратын кітаптың алғашқы тарауында осыдан жарты ғасырдан астам бұрын іргесі қа­ланып, өнерсүйер қауым­ға кеңі­нен таны­мал болған Қазақ Ұлттық универ­си­тетіндегі – «Жеті муза» қоғамы­ның тағылымды істерінің өткен тарихы мен бүгінгі бет-бағыты баяндалады. Сонымен бірге кі­тап­тың екінші бөлімінде Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогика институтындағы «Қыз Жібек» атты эстетикалық клубтың игілікті істері тілге тиек етілген. Клуб мүше­лері ұйымдастырған
«Рафаэ­ль Санти», «Әйел бейнесі – өнерде», «Біз өнерді сүйеміз» тә­різ­ді көрмелердің, «Өнердің қай түрін ұнатасың?», «Өмір мен өнер – егіз», «Сөйлеу мәдениеті мен модалар», «Би өнері» мен «Косме­тика, киім үлгілері және сыйлас­тық» сияқты пікірталастар, эсте­тикалық көзқарастар туралы лекция-кештер, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, сияқты көркемсөз алыптарымен, Ә.Байжанбаев, З.Қойшыбаева, В.Қармысова, Е.Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов сияқты өнер тарландарымен, алыс-жақыннан келген мәдениет, әдебиет пен ғылым салаларының белгілі өкілдерімен өткен кездесу­лер осы тағылымы мол, нәтижелі жұмыстың дәлелі бола алады.
Қаламгердің «Дүниетаным және шығармашылық» атты зерт­теуінде – халық сүй­ген қаламгер Сәбит Мұқановтың алғашқы шығармашылық мұрасы (прозасы) жаңа қырынан – бүгінгі күн талап, тілегі тұрғысынан қарастырылған. Зерттеуші қалың көпке таныс жайларды негізгі назарда ұстаумен бірге архивтік-құжаттық дерек­терге, ХХ ғасыр­дың 20-жылдары шындығына, дәуір дидарына, уақыт сырларына жіті үңіледі, тиянақты ғылыми-теориялық тиянақты тұжырымдар жасаған. Әдебиетші-ғалым Р.Тұрысбектің кезекті кітабы – «Сөз сарасы» бірыңғай әдеби-ғылыми мақа­лалар топтамасынан тұрады. Қоғам, уақыт сөзі айқын. Талап пен талғам жоғары. Көз­қара­сы мәнді. Талдауы терең. Кітапта ХV-XVIII ғасырлардағы ақын-жы­рау­лар мұрасына байыпты көзқарас білді­ріледі, ондағы тақырыптық-көркем­дік қырларға, тілдік-стильдік құ­бы­лыс­тарға қатысты ізденіс-жүйелер түйінді ойлармен тұжырымдалады. Қазақ әдебиеті тарихында әдеби және ғылыми шығармашылығы тұтасты­ғымен еңбек еткен көрнек­ті ұстаз, қай­раткер тұлғаларымыз Сәбит Мұ­қанов­тың, Қажым Жұмалиевтің көр­кем шығарма­лары мен іргелі ғылыми еңбектері зерттеушінің жаңаша бағалауымен айрықша маңызды.
Ғалым-қаламгердің әдеби-ғы­лыми мақалалар кітабындағы «Ақын арманы – азаттық», «Тәрбие тағы­лымдары» атты ізденістері халқымыз тарихындағы ақындық, шешендік өнерге үлес қосқан Ұлбике, Бөлтірік шешен секілді тұлғалардың өнердегі өмірін танып-талдауға арналса, «Ауыз әдебиеті ме, әлде халық әдебиеті ме?», «Белден басатын бес мәселе» сынды проблемаға құрылған таным­дық туындылар – кеше мен бүгіннің тынысын әр тараптан ашуға арналған. Өмір шындығы мәнді. Уақыт бедері, көзқарас айқын.
Алаш ардағы – Ж.Аймауытұлы жайлы екі бөлімнен, алты тараудан тұратын «Жүсіпбек» атты мон­о­графия­сы ХХ ғ. басындағы қазақ ру­ханияты, дүниетанымы туралы сыр­ларға толы. Монографияда
Ж.Ай­м­ауыт­ұлының поэзиясы, прозасы, драматургиясы, пси­хология, педаго­гика салаларын­дағы зерт­теулері алғаш рет кешенді қамтылып қарас­тырылған.
Р.Тұрысбектің«Ар айнасы» (Екі томдық) атты әдеби-сын, зерттеу кітабында құрылым-тү­зілісі мен мазмұн, мұратында бе­рік көзқарас, айқын мақсаттылық, жүйелілік се­кілді сипаттар кеңінен көрініс береді. Кітаптың төрт бө­лімі («Ж.Аймауыт­ұлы және 20-жылдардағы қазақ про­засы», «Көзқарас», «Жылдар жемісі», «Сұхбаттар») мазмұн-мұраты тұр­ғысы­нан бірін-бірі толықтырып, жүйелі дамып, кең өріс-арна алады. Кітап авторы қазақ тарихының даму бел-белестерін, мәдени-руханияттық мәселелерді өзіндік ерекшеліктеріне сай саралап, ортақ жайттарын, түйінді тұстарын бүгінгі күннің талап-тілек­теріне, талғам таразысына салады. Бәрінен де шығарма­шылық ізденіс, өзіндік көзқарас, қалыптасқан қол­таңба бедері та­нылып тұрады. Уақыт шындығы мол. Қолтаңба мен көзқа­раста, ізденісте бірлік бар. Қазақ мем­лекетінің құрылу тарихынан, көр­ші елдермен жасасқан қарым-қатынас мәселелерінен бастап Керей, Жәнібек хандардың хал­қымыздың ұлт ретінде танылып, одан кейінгі кезеңдердегі дамуына қосқан үлес­терін, жалпы қазақ хандығы дәуірін­дегі қоғамдық-әлеуметтік жағдаят­тарды, ұлттық-тарихи, руханияттық мәселелері бүгінгі уақыттың талабы тұрғы­сынан қарас­тырған. Қазақ хан­дығы мен тарихына қатысты М.Х.Дулати, Қ.Халид, Ш.Құ­дайбердіұлы, М.Тынышбайұлы, С.Асфен­дияров, Ә.Бөкейханов, Х.Дос­мұхамедов, т.б. қайраткер-ғалымдардың зерттеулері жүйелі, дәлелді бағаланған.
Профессор Р.Тұрыс­бек­тің «Ұлт мұраты және руханият», «Тарих. Таным. Тағы­лым», «Ақи­қат айнасы», «Тәуелсіздік кезеңін­дегі қазақ әдебиеті», «Ав­торлық ұстаным һәм көркемдік мұрат», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Көр­кемдік кеңістігі», «Тәуел­сіздік кезеңіндегі қа­зақ әдебиеті», «Сыр­лы сөз», т.т. әдеби-ғылыми, оқу­лық пен оқу құралдары, көпшілік-таным­дық еңбектері әр алуан бағыт­тардағы іргелі ізденістерімен, тақырыптық һәм жанрлық жүйе­сімен, көр­кемдік-эстети­калық құнды­лықтары­мен, мәдени-рухани арналарымен назар аудартады. Көзқарас пен қолтаңба, жаңаша ойлау жүйе­сі, ізденіс арналары айқын.
Р.Тұрысбектің қоғамдық салада атқарған іс-жұмыста­ры­ның жан-жақты жарқырай көрінген тұсы М.О.Әуезов атын­дағы Әдеби бірлестікке, М.Жұмабаев атын­дағы Әдеби бірлестік пен «Алқа» студенттік клубына жетекшілік жасап, оның ішінде студент жас­тарға, жас қа­лам­герлерге, басқа да қо­ғамдық-рухани сипаттағы игі­лікті істерге жанашыр-ұйытқы болған жемісті жылдарынан анық аңғарылады. Студент жастарға, жас қаламгер­лерге қамқорлық жасап келеді. Ел өміріндегі әдеби-ғылыми Һәм мәдени-рухани шаралар студент жастар арасында кеңінен көрініс тауып, тәлім-тәрбиелік мәніне көп көңіл бөлінеді. Адам Һәм маман ретінде қалыптасуына зор маңыз беріледі.
Қорыта айтқанда, мың­жыл­дықтар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдеби-мәдени қазы­насын қазіргі рухани жаңғырудағы Тәуелсіз Қазақ­с­танның мәңгілік игі­лігіне ай­нал­дыру – бәріміздің абырой­лы борышымыз. Әдеби және ғылыми шығармашылық тұ­тас­тығымен еңбек етіп, оны жас ұрпақты адамгершілік-иман­­дылық қасиеттермен қалып­тасуы­на арналған тәлім­герлік-тәр­биешілік қызметімен ұштастырған Рахымжан Са­ғым­бекұлы – өнегелі тұлғалар дәстүрін жалғастырған азамат. Қазақ сөз өнерінің жаңа буын ұрпақтарын қалыптас­тыру жолындағы оның шығарма­шылық еңбек ұлағаты жаңа тари­хымыз­дың болашақ асула­рына жалғаса береді.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымының докторы, профессор, Жамбыл атындағы Халықаралық
сыйлықтың лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір