Табиғат аясында
25.05.2018
2772
0

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Мен жылдың төрт мезгілінде ат-өгіз бен түйеге жүгін артып, даланы басып, таудан да асып, «таудан асқан бұлттармен араласып» көшіп-қонған көшпендінің баласы болдым. Сұлу табиғаттың әлі де қаймағы бұзыла қоймаған, аңы мен құсы жыртылып айырылған Аспантау өңірінде туып өстім. Әкем атақты аңшы болды. Айналамызда басқа да ағайын-туыс аңшылар аз болған жоқ. Бұғанамыз қатып, ат жалын тартып мінуге жараған соң, біз де сол кәсіпке қызығып, сол кісілерге ұқсап бақтық. Соларға ілесіп тау-тасты кезген аңшы бала болдық.

Қаршадай кезден қанға сіңген сол қасиеттен кейін де көпке дейін қол үзе қойған жоқпыз. Елдегі аң­шы, малшы, орманшы ағайын­дардың арасында жиі болып, олар­мен бірге мылтық алып та, бүр­кіт салып та аңға шығып жүр­дік.
Бала кезден бастау алған осы­нау өмір жолы ұлы табиғатты та­нытқан табиғи мектеп болды; оны шексіз сүюге, аялап қорғауға, ол туралы жыр­лауға алып келді; тіпті жан дүние­міздің, мінезіміздің қалып­та­суына дейін әсер етті. Сон­дықтан да болар, қазір мен ой­лануға жағдайы жоқ, у-шуы мен даңғазасы көп жиын-тойда бол­ғаннан гөрі оңаша ойланып орман ішінде, табиғат аясында жүргенді ұнатамын.
Енді сол тума табиғатпен етене араласуымның арғы-бергі бір-екі сә­тін еске түсіріп, оны қалай шы­ғар­машылық кәдеге жаратқаны­мды айтып берейін.

І
Мына Кетпен тауының солтүс­тік етегінде, Қарадаланың қақ төрінде Сүмбе деген үлкен ауыл бар. Онда менің туысқандарым мен ауылдастарым тұрады. Ерте­рек­те сонда бір барғанымда Дүң­ген­бай інім мен Сарбұлақтағы ор­маншы Асанбайды алып Сүм­бенің жай­лауына шықтым.
Бала кезден бірге өскен, ақ
көң­іл, аңқылдақ Сәбетханның үйіне барып түскенбіз. Бір малын жеп, қымызын ішіп, әңгіме-дүкен құрып дегендей сонда қондық.
Ертесінде Керімбек деген көр­ші­сін қосып алып, бес жігіт бес ат­қа мініп, төрт мылтық асынып аңға шық­тық.
Бет алысымыз – Беріктұғыл де­ген жер. Бұл – Сүмбе өзенінің аңға­рындағы мал аяғы тимеген, адам аяғы баспаған шыңырау шат­қал, берік «қамал». Шығыс жақ қапталы – бір-біріне мінгесіп-ұш­тасқан тұтас ақ жартас. Ал батыс жақ бет­кейі ит тұмсығы батпайтын қалың орман, ұзын да биік жалама жартас, табан тұрмас тайғанақ қия болып келеді.
Бұл шатқалға бұрынырақта бір-екі жүрек жұтқан аңшы арқан байлап түскен екен. Біреуі өз мыл­ты­ғына арандап, енді біреуі аюға та­ланып әрең жандары қалыпты. Содан бері мұнда жүрегі дауалап ешкім түскен емес дейді.
Бұл шыңырау шатқалды тау­еш­кі-таутеке, аю сияқты жартаста жү­ре беретін аңдар мен бүркіт тәрізді қиянға ұя салатын құстар­дың берік қорғаны деуге болады. Тіпті, бұл жерден тас үстінде күнге қақтанып, жарқырап жатқан алып жылан – ай­даһарды көрдік деушілер де болған.
Беріктұғылдан біздің көздеп бара жатқанымыз – тауешкі-таутеке. Олар жартасты пана­лай­тын жан­уарлар ғой. Қасқыр қуса да биік жар­­тасқа шығып кетіп жан сақ­тай­ды. Беріктұғылдың адам тү­се алмай­тын құзар тастары олар­ға бұйым емес. Тыныш кезде жар­тастан бері шығып жайылады да, қауіп төнсе қашып шатқалға түсіп кетеді.
Бес аңшы Беріктұғылдың мал баратын тұсына дейін атпен келдік те, одан ары қарай жаяу кетпек болып, Орыстекше деген жерге көлігі­мізді тастадық. Мылтығы жоқ Дүңгенбай да аттарға қарап сон­да қалды.
Төрт аңшы қаруымызды иыққа асып шатқалға қарай еңістедік. Қарағай мен тал, шетен, бұта аралас өскен қалың жыныстан әрең өтіп, Беріктұғылдың шатқалын бойлай созылған құз жартасқа келіп тірел­дік. Бір тепсеңдеу жерге сәл аялда­дық та, кімнің қай бағытта жүретінін белгіледік. Және екі сағаттан кейін осы арада қайта кездесетін боп келістік.
Сәбетхан екеуіміз жартасты жа­ғалап төмен қарай кеттік. Біріміз­ден қашқан аң бірімізге кезіксін деген оймен жұбымызды жазып, бөлек-бөлек жүрдік.
Мен едәуір алға озып кеттім. Тау баласы болсам да жартастың қаба­ғына онша жақындамай, сақтана жүріп келемін. Кейбір қия жерлер­ден ағаш, бұта, тастардан ұстай, әупірімдеп өтіп, жартас желкесіндегі үй орнындай тепсеңге келдім. Мұн­дағы бұта мен шөп арасынан бес-алты таутекенің жатқан жатағы мен құмалақтары көрінді. Сонда тұрып төмендегі шатқал жаққа көз салдым. Шыңырау табанындағы Сүмбе өзе­нінің өзі көрінбейді, сарылы естіле­ді. Бір бүркіт астыңғы жағым­нан сыза ұшып өтті. Жалпыл­дата қанат қақпауына қарағанда ол да біз сияқ­ты аң қарап жүрген болу керек. Арқа-басы жирендеу, үлкен құс екен.
Осы көрініс өзіме ерекше әсер етіп, оның табиғи суретін сөзбен салған, «айналасы теп-тегіс жұмыр» бір шумақ өлең бас құрағандай болды. Оны ұмытып қалмау үшін:
– Шыңырау шатқал жатыр
шалқасынан,
Түсе алмай біздер жүрміз
жартасынан.
Көретін көкке қарап бүркітті де,
Көреміз төмен қарап арқасынан, – деп екі-үш мәрте қайталадым.
Қай жерден кезігер екен деп аң қа­рап жүрміз ғой, әлгі тепсеңнен тағы да ары қарай аяңдадым. Екі жар­тастың арасындағы жырашық­тың желкесінен өте бергенде астың­ғы жақтан домалаған ұсақ тастардың сылдыры естілді. Отыра қалып қарасам, бір тауешкі былтырғы екі лағы мен биылғы екі лағын ертіп, жартаспен жоғары шығып барады екен. Атайын десем, кілең ешкі-лақ. Оқ тисе де шатқалға қарай құлайды, оны барып ала алмайсың. Босқа обалына қалмайын деп атпадым. Олар артта келе жатқан Сәбетханнан үріккен болу керек, әне-міне де­генше қайтадан артқа қашып, шатқалға түсіп кетті.
Сағатыма қарасам, уәделі уақыт таяп қалыпты. Сол жерден келген ізіммен кері қайттым. Сәбетхан алдымнан шықты. Ол жаңағы ешкі-лақтарды жартастан шыққан жерін­де көріпті. Мылтығын оңтайлай бергенде, олар да байқап қалып, жалт беріп жөнеліпті.
Екеуіміз сыбырлай сөйлесіп, әлгі жиналатын жерімізге жеттік. Сәлден соң Асанбай мен Керімбек те келді. Ентігімізді баса отырып, не көріп, не білгенімізді айттық. Олар егіз қонжығын ерткен қоңыр аюды көріпті. Тауешкі-таутеке кезікпепті.
«Енді не істейміз?» деген сұрақ болып еді, оған кәнігі аңшы Керім­бек жауап беріп: «Бұл жерде аңды ай­дап ата алмаймыз. Қашып шық­қан тауешкі-таутеке дереу шатқалға түсіп кетеді. Олар қазір қалтарыс-қалтарыста жусап жатыр. Кешкі жайылымда ашыққа шығады. Сол кезді күтейік», – деді.
Ол аузына тістеген темекісін тұтатпақ болып, шырт еткізіп сіріңке жағып қалып еді. Бізден 60-70 метр­дей жердегі үйдей тастың түбінен бір таутеке атып шықты! Керімбек жалма-жан оқтаулы шиті мылтығын кезеп, бір атып қалды. Теке кішкен­тай белеңнен асып, көрінбей кетті. Бірақ асқан жерінде бір талдың басы қимылдағандай болды. Біріміз: «Тиді!» дедік, біріміз: «Тимеді!» – дедік. Не болса да барып көрейік деп, орны­мыздан тұрып, текенің ізіне түстік. «Бәсе, тигендей-ақ болып еді», – деп Керімбек шөпке тамған қанды көрсетті.
Дереу белеңге шықтық. Теке ары еңкейе беріп-ақ жығылған екен, құлап барып бір түп талға тіреліп тоқ­тапты. Жануарды Керімбек өзі бауыздады.
Әр мүйізі жарты шаңырақтай нән теке екен, үлкендігі тайыншадай бар. Жатқан жері тым қыя. Сою үшін есік пен төрдей өр жағындағы тек­шеге шығару керек болды. Ол жерге төрт жігіт жабылып, әрең сүйреп апардық. Мен шаңырақтай мүйізіне қызығып, іштей осының басын ал­сам ба екен, сонда оны қалаға қалай жеткіземін?», – деп тұр едім. Керім­бек: «Мұның басын Сүмбедегі үйіме апарып, сыртқы есіктің маңдай­ша­сына орнатып қоямын», – деп қалды. Со­дан кейін мен әлгі әрі-сәрі ойым­нан арылдым.
Текені сойдық. Оқ екі өкпені қа­тар түйреп өтіпті. Ішек-қарынын ақ­тарып, одан бауыр, бүйрек, жүре­гін ғана алдық. Бұтын бұт, қолын қол етіп бұзып бола бергенде, Құдайдың күні сіркіреп кеп жауды дейсің. Үсті-басымыз малмандай су болды. Жүретін жеріміз – ит тұмсығы бат­пай­тын қалың жыныс. 70-80 келі ет тұрмақ өз қара басымызды алып жүрудің өзі мұң.
Бір-бірімізге қарап: «Мұны атқа қалай жеткіземіз?!» – дейміз. Оның да амалын Керімбек тапқандай болды. Ол ағаш арасынан әлді-әлді екі сырық алып келді. Етті екіге теңшеп бөлді де, қолын қол, санын сан күйін­де соған тесіп өткізді. Сөйтіп екі­ден жұптасып, сырықтың екі ба­сын иыққа қоя көтеріп алып кеттік. Бірде тайып, бірде ағаш-бұтаға шалына жығылып жүріп, ат келетін жерге жеттік, әйтеуір.
Орыстекшеде отырған Дүң­ген­байға айқайлап, аттарды алдырдық. Етті қоржын-қаптарға салып алып, атқа міндік. Керімбек таутекенің басын арбита алдына өңгеріп алды.
Күн бата шатқалдан шығып, Асанбайдың сонда отырған ағасы­ның үйіне келіп түстік. Таутекенің етін жіліктеп бұзып, бөлісіп алдық. Ұжымшардың қойын бағатын Сәбетхан мен Керімбек: «Малымыз бар», – деп шайға да қарамай үй­леріне кетті. Қалған үшеуіміз осында қондық та, ертесі Сарбұлақтағы мал­шыларды аралай ауылға қайт­тық.
Бұл сапарда бұрын көрмеген сай-сала, шыңырау шатқалдарды көріп жер таныдық; тума табиғаттың өзінен, аңшы-малшы, орманшы өмірінен көрген-білген, көңілге түйгендеріміз де көп болды. Олар кейін «Қоңыр қонжық», «Шыңырау шатқалында» деген повестерімді жазғанда кәдеге асты.

ІІ
Жоғарыда баяндалған жайт осы­дан 40 жылдай бұрынғы бір аңшы­лық еді. Одан кейін бүркіт салып саят құрғаным болмаса, мойынға мылтық асып аңға шыққан емеспін. Ал, қазір мылтық алып та, бүркіт салып та аң ауламаймын. Өйткені, табиғаттың сәні болған ешбір жа­байы жан-жануарды жазым еткім келмейді.
Бұдан менің табиғат аясында болуым, табиғатпен етене араласуым азайып қалған жоқ. Ол жүректің қалауымен, ештеңеге еш зиян кел­тірмейтін, мәнді де мағы­налы басқа бір түрге – табиғатқа саяхат жасауға ауысты.
Қазір бос уақытта үйде көп тұр­ғым келмейді. Ең болмаса қасым­дағы Медеу, Шымбұлақ, Алмаара­сан, Үлкен Алматы көлі сияқты жер­лерге шығып кетемін. Жаз кезін­де алысырақтағы Асы, Екіаша, Қарқара, Шәлкөде және басқа атақ­ты жайлаулар мен Қайыңды көлі, Саты сайы, Көлсай көлдері сияқты көрікті жерлерге жиі барып тұрамын. Жаяулап жүріп, таза ауа жұтып, таза су ішіп, сұлу табиғатты тамашалап дегендей демаламын.
«Жүрген аяққа жөргем ілінер» демей ме, сондайда шығармашылық жұмыста кәдеге асатын, тіпті жеке шығармаға арқау болатын дүниелер де көп кезігеді.
Енді сондай ештеңеге зияны жоқ, мәнді де мағыналы бейбіт «аң­шы­лықтың» бірін баян етейін.
Осыдан бірнеше жыл бұрын:
– Сәлем, Көлсай,
інжу-маржан тағынған,
Бір көрген жан ғашығындай сағынған.
Мен де келдім аңсап сені, арман жер,
Артық көріп қаланың гүл, бағынан…

Ата болып кеткеніме қарамай,
Саған келсем қуанамын баладай.
Неше түрлі әнші құсын сайратып,
Қарсы алады тұрып қалың қарағай, –
деп, бала-шаға, немерелерімді алып Көлсай көлдеріне барғаным бар.
Көлігімізді арнайы тұраққа қой­дық та, жүктерімізді арқалап жаяу­ладық. Күнгейдегі қарағай мен арша, бұтаны аралай өтетін соқпақ жолмен бір сағаттай жүріп, көлдің өзен құйып жатқан жоғарғы басына келдік. Күн жауса пана болады деп, түзең жердегі қарағай түбіне шатыр тігіп, сонда түнедік.
Ұйқыға жатар алдында шатыр­дан шығып, бір сәт түнгі көріністерді тамашаладық. Қоңыр салқын тымық түн. Таза ауа. Айнала қоршап, қарауыта көрінген тау жоталары. Мүлгіген жым-жырт орман. Сансыз жұлдыз жыпырлап, алтын табақтай Айы жарқыраған ашық аспан. Соларды айнасына түсіріп, тұңғиы­ғында көрсеткен көл айдыны. Әлде­қайдан тымық түнді жара «бәәу, бә­әу» деген елік дауысы естіледі.
Барша табиғатпен бірге біз де түнгі ұйқыға кеткенбіз. Таңертең алдымен мен ояндым. Қасымыздағы орманда бір әнші құстар сайрап, тоқылдақ ағаш тоқылдатып жатты. Көл жақтан саралақаздың саңқылы естілді. Орнымнан тұрып, олай-былай жүрдім, өзенге барып беті-қо­лымды жудым.
Балалар да орындарынан тұрған екен, екі немеремді шақырып алдым да, өзен ағысында адамнан зымырай қашқан патша балық-форельдерді көрсеттім. Бір иірім жерге барғанда бізден ыршып суға түскен шегірткені балық жарқ етіп қағып әкетті. Оны көрген балалар суға шегіртке тастап, оларды балықтың қалай қақшы­ғанын тамашалады.
Ертең жұмыс күні болғандықтан бүгіннен қалмай қалаға жетуіміз керек еді. Сондықтан өзен бойында көп жүрмей, жатқан жерімізге кел­дік. Таңертеңгі шайымызды іштік те, төмен қайтудың қамына кірісіп кеттік. Мұнда көп кідірместен, жүк­терімізді арқалап жолға да шықтық.
Жарты сағаттай жүрген соң, көлге жақындау бір биікке аялдап, кішкене демалдық. Көл беті тымық, айнадай жарқырап жатыр. Әр-әр жерден балықтың суды шолп еткізіп жем қаққаны көрінеді. Бір сара­лақаз кішкентай бес балапанын ертіп, көл бетін өрнектеп жүр. Балапандарға көз тіккен бір қарақұс төбелеріне таман келіп еді, қаз қаңқылдап, балапандар суға сүңгіп-сүңгіп кетті. Олар қарақұс кетісімен қайта шы­ғып, енелерінің соңынан ерді.
Осы жерде «Саралақаз» деген өлеңімнің:
– Көлдің жүзін көркейтіп балапаны,
Көзді өзіне еріксіз қаратады.
Кейде суға шолп етіп сүңгиді де,
Шеңбер-шеңбер толқынын таратады, –
деген шумағы есіме түсті.
Таудан бір қара бұлт көтеріліп, күннің түрі бұзыла бастаған. Жауын­ға ұрынбай, жетер жерімізге жетіп алайық деп қайта қозғалдық. Алды­мыз­дағы қарағайлы жыраға таяй бергенде жаңбырдың алды да қуып жетті. Біз бір үлкен қарағайдың түбіне паналай қалдық. Өткінші жаңбыр сатырлата сабап өте шықты. Аспанның арты ашылып, қайтадан күн жарқырап, жер бусанды.
Қарағайлы жыраның қырына шыға бере екі таудың арасын жалға­ған, керемет бояуы қанық кем­пір­қо­сақты көрдік. Балалар таңғала тама­шалап, суретке түсіріп жатты. Менің осы сапардан жазған «Сәлем, Көл­сай» деген өлеңімдегі:
– Күн жауғанда аспаннан нұр шашылып,
Күн шыққанда бұлттан көзі ашылып,
Кемпірқосақ жер мен көкті жалғайды,
Бір тауыңнан бір тауыңа асылып… –
деген шумақ осы көріністен туған еді.
Көл басына келіп, көппен араласып кеттік. «Ел іші – алтын кеніш» емес пе, сондағы бір қымыз сатып тұрған жігіттің ауызынан ғажайып бір оқиғаның шет-жағасын естіп қалдым. Суыртпақтап сұрай-сұрай сол оқиғаны көзімен көрген адамның аты-жөні мен мекен-жайына дейін біліп алдым. Ол жолымыздағы Саты ауылында тұратын Бердібек деген жігіт екен. Табиғатпен байланысты бұл оқиға маған өте қызық көрінді де, оны бүге-шігесіне дейін білгім келді.
Көл басынан асығыстау аттанып, жолай Саты ауылына соқтық. Сұрай-сұрай Бердібектің үйін тауып, сонда біраз аялдадық. Бала-шаға ауыл іргесінде жарқырап жатқан Шелек өзенінің бойына түсіп кетті де, Бердібек екеуіміз оңаша қалдық. Мен өзімді таныстырып, іздеп келгендегі бұйымтайымды айттым.
Бердібек – адам сыйлай білетін тәрбиелі де ақылды азамат екен. Ол жұмысқа асығыстығына қарамастан, болған жайды болған күйінде қысқа да нұсқа етіп айтып берді:
– Ол өзі былай болды, аға. Мына Шелек өзенінің бойындағы Сарыкер деген жер көктеуіміз еді. Соған кө­шіп барғанбыз. Бір үлкен қоңыр сиы­рымыз тууға жақындап, же­лін­деп жүрген. Бір күні кеште бас­қа малдың бәрі қораға келді де, сол жан­уар өрістен келмей қалды. Туып қалды ғой деп, біраз жерге іздеп барып, қас қарайып кеткен соң қайтып келдім. Ертесінде малды өргі­зіп жіберіп, өрісімізді түгелдей атпен аралап шықтым, маңайы­мыздағы малшылардан да сұрадым. Ешбір дерек болмады. Оның ер­тесінде «Бұл жануар бошалап, оңаша бір жаққа барып туған болар» деген оймен орман-тоғайлы таудың біраз сай-жырасын сүзіп шықтым. Бұғы-маралға дейін кезікті, бірақ қоңыр сиыр табылмады. «Аман болса бұ­зауын ертіп өзі-ақ келер», – деп үміт үзбей үйге келдім. Шай ішіп, кіш­кене көз шырымын алайын деп қисайған едім, кәдімгідей ұйықтап қалыппын. Бір уақытта оянып, сыртқа шықсам, кеш кіріп, малдың алды қораға келе бастапты. Ерте-жарықта түгендеп, бас-аяғын жиып түсейін деп, мамада тұрған атыма мініп, былай шыға бергенде анадай жерде келе жатқан қоңыр сиыр кө­зіме аттай басылды! Қасында бұзауы да бар сияқты. Әрі табылға­нына қуанып, әрі бұзауын көруге асығып, қасына шауып бардым да, өз көзіме өзім сенбей, аңырып тұр­дым да қалдым! Сөйтсем, қоңыр сиырдың соңы­нан ертіп келгені өз бұзауы емес, сирақтары серейген, арқасы ақ теңбіл шұбар бұғының бұзауқасы екен! «Ой, тауба! Мұндай да болады екен-ау, ә!» деп таңғалып, бұларды жайлап үй жаққа айдадым. «Қоңыр сиырдың өз бұзауы қайда? Әлде оны мынау сияқты бұғы ертіп кетті ме екен?» деймін ішімнен. Үйге таяған­да жабайы аңның баласын көрген ит те абалап келіп еді, қоңыр сиыр оны бұзауқаға жуытпай қуып тастады. Қораға келген басқа сиыр­лар да көздерін алайта қоршап, біреулері оны сүзбек болып еді, қоңыр сиыр олардың өзін мүйіздеп, бұзауқаны жанын сала қорғады. Сөйтіп малы­мыз­дың басы, үлкен қоңыр сиыр тау­дағы жабайы бұғы­ның баласын бұзау етіп алды.
Бердібек әңгімесін аяқтағандай болған соң мен:
– Қоңыр сиырдың өз бұзауы не болыпты? – дедім.
– Оны да кейін таптық, арыстай көк бұзау екен, қос кіндік болып өлі туыпты, – деді.
– Бұлар бір-бірімен қалай та­быс­ты екен, ә? – деп едім, Берді­бек:
– Соны мен де білмедім, аға, – деді.
Мына әңгімеге жерден алтын тапқандай қуанып, Бердібекке шексіз ризашылық білдіріп, рақ­метімді айттым. Бесін ауа Көлсай-Сатыдан Алматыға қайтып кеттік.
Бұл сапардан «Сәлем, Көлсай» деген 7 шумақ өлең және «Бұғының бұзауқасы» атты мақала жазып, кейін оны әңгімеге айналдырдым. Менің табиғат аясындағы қазіргі тір­шілігім, міне, осы тақылеттес болып келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір