«КОРСАР» БАЛЕТІ – «АСТАНА ОПЕРАДА»
25.05.2018
1042
0

«Астана Опера» театрының сахнасында Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында А.Аданның шытырман оқиғаға толы «Корсар» балетінің тұсауы кесілді. Спектакльден хореографияны, костюмдер сценографиясын, сондай-ақ кейіпкерлердің батыл партияларын көріп, тамсануға болады. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында, сонымен қатар ұлы хореограф Мариус Петипаның 200 жылдығына орай өтеді.

Елордамыз Астананың мерейлі 20 жылдығына орай тағылымды мерекелік шаралар басталып та кетті. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың
20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», – деп атап көрсеткен еді. Елімізде алғаш рет сахналанатын аталмыш қойылым да осы мерекелік шараның негізгілерінің бірі деуге болады.
Танымал француз драматургы Жюль Анри Вернуа де Сен-Жорж бен франциялық балет әртісі, хореограф Жозеф Мазильенің корсарлардың романтикалық әрі қызыққа толы өміріне арнап жазған либреттосының оқиғалар желісі 1856 жылдан бастап күні бүгінге дейін сол қалпында сақталған. Спектакльдің қойылымынан бері тек қана хореографиясы ауысып отырған. Осылайша, Мариус Петипаның бірегей хореографиялық партитурасына Петр Гусевтің балетке қосқан тұстары енген. Алтынай Асылмұратованың дәл осы редакциядағы қойылымы елордалық көрерменнің назарына ұсынылады.
Дж.Байронның осы аттас поэмасының желісі бойынша қойылған «Корсар» балеті шығарманың әуелгі романтикалық биігін, еркіндіксүйгіш рухын, қуатты ынтызарлығын жоғалтпаған.
Теңіз қарақшылары – корсарлардың өмірі туралы, ондағы махаббат пен қастандық, саудагердің күлкі шақыратын жасанды әрекеттері және «Жанды бақтың» романтикалық көріністері бар сюжет көрермендер арасында үлкен қошеметке ие.
Классикалық балет репертуарының бұл інжу-маржаны әлемнің барлық айтулы театрларының сәнін келтіруде, себебі осы жауһар туынды әртістерге барлық партияларда балет техникасымен де, драмалық дарынымен де жарқ етуге мүмкіндік береді.
Бақытты әрі сәтті аяқталатын оқиғаны би тілімен балет, миманс әртістері баяндап берсе, «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі музыка жағынан сүйемелдейтін болады. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, қоюшы хореограф – әлемге әйгілі балерина Алтынай Асылмұратова, қоюшы сценограф – қазіргі заманның атақты суретшісі Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани, қоюшы хореографтың ассистенттері – Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстнева, костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Анна Верде, музыкалық редактор – Долорес Үмбетәлиева.


2018 жылғы 23 сәуір күні Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінде ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің өткізілуі бойынша баспасөз конференциясы өтті.
«Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, бұл өте ауқымды мәдени іс-шара, себебі Елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 16-29 маусым аралығында өтетін ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі елордалықтар мен қала қонақтарының үздік театр қойылымдарымен танысуына мүмкіндік береді. Дүниежүзілік мега жобаның ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театры, «Астана мюзикл» театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры ұсынады. ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде келесі әлемдік театр ұжымдары бас қоспақ: «Piccolo Teatro di Milano» (Италия), «1927» (Ұлыбритания), «Meno Fortas» (Литва), «TRWarszawa» (Польша), Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры (Грузия), «Beijing People’s Art Theatre» (Қытай), «Nakamura Gekijo» (Жапония), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), «Московский губернский театр», Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры (Ресей).
Фестиваль шеңберінде белгілі француз кино және театр актрисасы, Оскар сыйлығының, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» жүлдесінің, Берлин, Венеция кинофестивальдері сыйлығының иегері Жюльет Биноштың өнерін, шеберлік класстарын тамашалау сәті түспек.
Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов сөзін «Театр – актерлердің лабораториясы» деп бастады. Театр өнеріндегі кәсіби шығармашылық ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында фестивальға Алексей Бортошевич (Ресей), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон-Валлен (Франция), Есихиро Накамура (Жапония), Давид Папава (Ұлыбритания) сынды Еуропа мен Азияның белгілі театр сыншылары мен драматургтері қатысады. Өзге мемлекеттің театр өнерін тамашалау дүйім жұртқа қызық болары сөзсіз.
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешева – аталмыш фестиваль былтыр Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына арналса, биыл Елорданың 20 жылдығына арналып отырғанын айтып өтті. Баспасөз конференциясы соңында «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдоллаұлы барлық астаналықтар мен қала қонақтарын осы айтулы шараға шақырып, игі іс-шаралар жылдан-жылға өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір