АКАДЕМИК
25.05.2018
1227
0

Көпжасар Нәрібаев есімі білікті басшы, талантты жетекші, тәжірибелі ұстаз, дарынды ғалым, қарымды қайраткер ретінде халыққа етене жақын. Өзіне де айналасындағы жандарға да табанды талап қоя білетін, өзі қолға алған істің барлығына шынайы жанашырлықпен, жіті жауапкершілікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше Көбекеңнің бойынан қамқорлық, адалдық, әділдік, адамгершілік қасиеттер айқын көрінеді. Дәл осы қасиеттер Көпжасар Нәрібайұлын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, Қазақстаннның Еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі дәрежесіне жетуіне ықпал етті.

Балалық шағы Екінші дүние­жү­зілік соғыстың сұрапыл жыл­дарына тұспа-тұс келген ғалым ер-азаматтарын қан майданға аттандырып, көздерін жас, көңіл­дерін сағыныш меңдеген асыл аналардың күн-түн демей еңбек еткенін, майданға азық-түлік жөнелте жүріп, балаларын да өсіріп тәрбиелегенін көріп, кө­кейіне түйіп өсті. Өздері аш құр­сақ жүріп, Украина, Беларуссия, Кавказ, Ресейден көшірілген отбасыларға бір тілім нанын бөліп берген қазақ халқының қайырымды болмысына жас­та­йы­нан-ақ қанық болды. Туған халқының қанымен біткен адам­гершілік қасиеті оның жүрегіне жылы­лықтың, адалдық пен аза­мат­­тықтың, кішілік пен кісіліктің сәулесін құйды. Ана сүтімен сү­йе­гіне сіңген қайырым мен ме­йірім, сабыр мен сергектік оның ғұмыр бойғы кісілік та­нымына, табиғи бол­мыс-біті­міне, адами игі қасиетіне айналды.
Мектептегі жылдары – соғыс­тан соңғы тұралаған шаруашы­лық­ты қалпына келтіру науқаны қызу жүргізіліп, қоғамдық тәр­тіп­тің күшейген жылдарына сәй­кес келді. Ол 1952 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Қызыл шарық ауылындағы жеті­жылдық мектепті, одан соң 1955 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №38 орта мектепті тамамдады.
Қалдығыз әжесінің немере­сіне Көпжасар деп азан шақырып ат қойғызғаны «көп жасасын», «өмірі ұзақ болсын» деген игі ниет­тен туғаны анық. Әжесінің баласын ата-ана, туған-туыс, бү­кіл ауыл-аймақ «Көбей» деп атап кетті. Бастауыш, жетіжылдық, онжылдық мектептерді де «Кө­бей» болып бітірді. Тек осы Алма­тыға оқуға түскен соң ғана есімі құжат бойынша атала бастаған. Тіпті, ат жалын тартып, қызметке араласа бастағаннан кейін ғана бастапқы есімі орныға бастады десе де болғандай. Тараз өңірінің өзі құралпылас азаматтары, жақын-жуықтары әлі күнге дейін «Көбей» деп атайтынын бертін келе білгеніміз бар.
1955 жылы 17 жасында жас талапкер Көбей сол кезде С.М.Ки­ров­тың атымен аталатын Қазақ мемлекеттік университе­тіне оқуға түседі. (Арада 36 жыл өткен соң өзі оқыған универси­тетке ректор болып келіп, оған әл-Фараби бабамыздың атын алып беретіні, ұжымның атақ-абыройын асқақтатып, әлемге әйгілі ететіні ол уақытта оның ойына да келмеген шығар). Бұл Сталиндік қатал талаптың тарап, елдің ішкі қоғамдық-саяси өмі­ріне жылы сәуле түсіп, адамның жеке басына аз да болса азаттық орнаған жылымық кезең еді. Мұнда алыс ауылдан келген ұяң жастың ұғымы ұлғайып, ой-өрісі, таным-түйсігі, пайым-түсінігі тереңдей түседі. Ол 1960 жылы экономика факультетін ойдағы­дай бітіріп, Мәскеу қаржы инс­ти­тутының аспирантурасына түседі.
Көбекең аспирантураны ойда­ғыдай аяқтап, 1964 жылдың басында кандидаттық диссер­тациясын сәтті қорғап шықты да, алғашқы ұстаздық қызметін Алматы халық шаруашылығы институтында бастады. Онда аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқар­ды. Жылдар жылжып өтіп жат­ты.
Көпжасар Нәрібайұлы өзі­нің қызмет бабында министрдің орынбасары, министр дең­ге­йіне дейін көтерілді. Оған қоса шет елдердің озық тәжірибесін терең зерттеп, біздің өмірімізге енгізді. Сондықтан да ғалым­ның еліміздегі білім беру ісінің болашақ даму бағыттары мен олардың ғылыми негіздерін қалыптастыруға байланысты айтары аз емес. «Білімсіз бен білімдінің арасы жер мен көктей. Ал білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету», – дейді ол. Рас сөз. Өйт­ке­ні, Көбекең өзінің барлық ақыл-ойын, күш-қайратын, іс-тәжірибесін, бүкіл ғұмырын осы ұстанымға бағындырған жан.
Еңбек жолында Көпжасар Нәрібайұлы қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. 1975 жылы Алматы қаласының Кали­нин аудандық «Білім» қоғамының төрағасы, аудандық кеңестің депутаты болып сай­ланды.
…1973 жыл болатын. Көбе­кең Америкаға тағылым­да­мадан өтуге аттану үшін ауылда қатты ауырып жатқан әкесінің алдынан өтіп, ақылдасады. Нәрі­бай ата қарсы болмай, қайта ке­рісінше қолдап-қуаттайды. «…Қолыңды жай балам, саған бата берейін», – дейді де: – Жорытқанда, балам, жолың бол­сын, Сапарың мынау оң болсын. Бір Алла өзі жебесін, Әруақтар демесін. Ғайып ерен, қы­рық шіл­тен, тигізіп жүрсін себесін. Жат жерменен танысқын, Жақсы­лар­мен жарысқын, Аман-есен оралып, Отбасыңмен табыс­қын. Әумин!», – деп баласына сәт-сапар тілейді.
Әкесінің ақ тілегін арқалаған Көбекең мұхиттың арғы жағына аттанып, 1974 жылдың маусым айында елге оралады. Онда Америка Құрама Штаттарының белгілі ғылыми орталықтары мен Принстон, Фл­ори­да, Нью-Йорк универси­тет­терінде мол тәжірибе жинақтайды.
Елге оралысымен ол министр­дің орынбасары қызметінде есеп­теу мен басқару жүйесіндегі және мамандар дайындау, білім беру салаларындағы шет елдердің озық тәжірибесін тереңірек талдап, кеңі­нен насихаттауға, оны ұйым­дастыруға кіріседі.
Министрлікте қызмет ете жүріп, қай істі бастаса да оны тың­ғылықты түрде аяғына жеткізуге тырысты. Ол өзінің әкімшілік-басшылық қыз­метін үнемі ғылыми жұмыспен ты­ғыз байланыстырып отырды да 1980 жылы Мәскеу қаржы инс­титутының мамандан­дырылған ғылыми кеңесінде «Есеп жұмысын есептеу техникасын қолдану ар­қылы ұйымдастыруды жетілдіру (КСРО мен АҚШ тә­жірибесі)» деген тақырыпта док­торлық дис­сер­тациясын ойдағыдай қорғап, профессор атанды.
Ал 1983 жылы республикамыз­дың Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып тағайын­дал­ды. Мұнда профессор К­.­Нә­рі­ба­ев­­тың ұйымдастыру­шылық талан­тының жаңа қырлары ашылды. Ол Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлуетін дамыту жолында өлшеусіз еңбек етті.
Тынымсыз еңбек, терең ақыл-ой, биік парасат, өмірлік тәжірибе-тәлім, іскерлік қарым-қатынас, атқарар міндетіне деген адалдық­тың арқасында Көбекең респу­бли­кадағы абыройлы, беделді басшылардың бірі болғанын барша жұрт біледі. Айталық, 1986 жылы қаңтар айында Мәскеуде, Кремльде жоғары білім жүйесін жетіл­діру жөнінде СОКП Орта­лық Комитеті Саяси бюросы мүшеле­рінің қатысуымен өткен жиында бүкіл республикалар атынан сөз сөйлеу мәртебесі біздің министр К.Нәрібаевқа бұйырды. Көбекең өзінің өрелі ой-пікірлерімен, тың ұсыныс­та­рымен тыңдаушыларды да, Одақ басшыларын да елең еткізген. Министріміздің Одақ­тағы абы­ройы елімізге көп пайда­сын ти­гізіп, бірқатар мәселе­лердің орын­ды және өз уақы­тында ше­шіл­уіне мүмкіндік туды. Мәсе­лен, республикаға ауадай қажет болған зәру мамандықтар мен жаңа оқу орындарын ашуға тіке­лей жетекшілік жасап, Алма­ты мемлекеттік театр және көрке­м­ө­нер институты, Рудный индус­триалды институты, Қостанай ауылшаруашылығы институты, Семей ет және сүт өнімдері тех­ноло­гиялық институты секілді ондаған жоғары және арнаулы орта оқу орындары, техникумдар мен училищелер жаңадан ашыл­ған еді.
Көбекең жайлы әңгіме қозға­ған­да, 1986 жылғы әйгілі Желтоқ­сан көтерілісін айтпай кетуге болмайды. Ол оқиға халқымыз­дың басына түскен ауыртпалық, үлкен нәубет болғанын бүкіл әлем біледі. К.Нәрібаев «ұлт­шыл» деп айыпталып, министр қызметінен босатылды. Негізгі тағылған айып – министр қызме­тін асыра пайдаланды, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа ұлттардың өкілдеріне, әсі­ресе, орыс халқының мүддесіне орасан зор зиян келтірді дегенге сайды.
Ал шын мәнінде Қазақстан жоғары мектебінде ешқандай ұлтшылдықтың иісі де, ұшығы да жоқ болатын. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын әңгіме еді. Оны Министр К.Нәрібаев дә­лелдеп те берді. Сонда да оған құлақ аспаған жоғарыдағылар Министр ағамызға «өз еркімен кетуге» өтініш жазғызды.
Дегенмен, уақыт деген ұлы төреші бүгінгі күнде бар нәрсені өз орнына қойды. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін», – деп Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, Көбекеңнің болашақ үшін – бүгінгі егемен еліміздің келешегі үшін өлшеусіз қызмет еткен біртуар тұлға екенін өмір дәлел­деді. Сондықтан да ел басына сын сағаты туған сәтте бүкіл ұлтына түскен нәубетке қаймық­пай қарсы тұра білген азаматқа болашақ ұрпақтың айтар алғысы шексіз болуы тиіс деп ойлаймыз.
Министрлік қызметінен босағаннан кейін К.Нәрібаев 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Эко­но­ми­ка институтында алғаш жетек­ші ғылыми қызметкер, кейінірек бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ал 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанын­дағы Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ҚазМУ-ге лайықты басшы таңдау міндеті тұрды. Ректорлық қызметке тә­жіри­белі ұстаз, ұйымдастыру­шылық қабілеті мол, жоғары білімнің жағдайын жетік білетін, ғылым әлемінде өз биігі мен бе­делі бар, парасатты, мәдениетті адам қажет болды. Бұл талапқа қай қырынан алғанда да сай келетін Көпжасар Нәрібайұлына университетті басқарудың үлкен жауапкершілігі жүктелді. Содан арада өткен он жыл жемісті бол­ды. Университет ішінде бас­қару мен ұйымдастырудың айрықша әдістерін, тосын шешімдерді талап ететін мәселелерді ерекше назарға алған Көбекең ректор ретінде өз қызметінің түбегейлі мұратын, ағымдағы мақсаттары мен әдіс-тәсілдерін жаңа арна­лар­ға бағыттап, дұрыс жолға қойды. Соның нәтижесінде бас­ты мақсат ойдағыдай орындалды: барды ұқсатып, бұрыннан жал­ғасып келе жатқан озық дәстүр жетілдіріп, байытып қана қой­май, студенттер мен қызмет­керлердің, оқыту­шылардың мазмұнды да мағыналы шығар­ма­шылық еңбегін жан­дан­дыратын, басқару және ұйым­дастыру тетіктерін жаңартуға жол ашатын баянды да салиқалы өмір салты орнықты.
К.Нәрібаевтың табанды­лығы мен талап етуінің арқасында 1991 жылы қазан айында Қазақс­тан Үкіметінің арнайы қаулысы­мен университетке Шығыстың әйгілі ғұламасы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің аты берілді.
1993 жылы 9 қаңтарда Қазақ­с­тан Республикасының Президен­ті Н.Ә.Назарбаевтың қау­лы­сы­мен әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универ­си­тетінің автономиялық мәртебеге ие бол­уы университеттік білімді рефор­малауға қуатты серпін берді.
Халық арасында көп айтыла­тын сегіз қырлы қасиет эко­но­мист-ғалым, білікті басшы Көп­жасар Нәрібайұлына тән. Көбе­­кеңнің жарты ғасырдан ас­там уақыт ешкімге сездірмеген бір сыры оңашада ғана жазылып қағазға түскен жырлары екенін бірге қызметте жүрген біздің біл­генімізге де көп уақыт бола қой­ған жоқ. 2013 жылы Көбей Нар­байұлы деген атпен, «Жасы­рын жатқан жырларым» деп аталатын өлеңдер жинағы «Ұлағат» бас­пасынан жарыққа шыққан еді.
Автордың жастық шағынан бас­тау алатын жыр жинағын оқи отырып, өзіміздің де жастық ша­ғы­мыз, бала күніміз еріксіз еске орал­ды.
Автор оқырманға арнауында:
Әрине, маржан емес мұның бәрі,
Болса да жүрегіме менің дәрі.
Керегін, оқырманым, өзің таңда,
Болса егер сөздің мәні, ойдың нәрі, –
дейді.
Жинақтағы жырлар оқыр­манға ой салып, қиялына қанат бітіретін өскелең өршіл, өрісті, өміршең өлеңдер. Онда табиғат көріністері мен адамның ұнату, ғашық болу, күйіну, сүйсіну сын­ды сыршыл сезімдері автор­дың өзіне тән иірімдерімен шебер өріледі. Дағыстандық авар хал­қының көрнекті ақын қызы Фазу Әлиева өлеңдерін Көбекең өте сәтті аударған. «Күлімде көктем» атты өлеңін автор 1957 жылы нау­рыз айында, 19 жасында жа­зыпты.
«Күлімде көктем, күлімде,
Шаттық бар сенің үніңде.
Аямай төк шуақты,
Күлімдей түс бүгін де!».
Жинақта мұндай сәтті шумақ­тар, тәтті қиялдан туған шынайы жырлар көп-ақ.
Жалпы, Көбекеңнің сөз өне­ріне, әдебиет пен мәдениетке жа­қындығын КазГУ-ге ректор бо­лып тағайындалғанда байқаған едік. Оқу орнының ректоры ретінде Білім министрлігінің алқа мәжілісінде сөз сөйлеп, қа­зақ тілінде де, орыс тілінде де өте сауатты, шешен, әр сөзін мірдің оғындай нықтап айтты. Шаша­сына шаң жұқтырмайтын нағыз тарпаң жорғаның өзі екен. Ойын тереңнен толғады, сөзі сабырлы, салмақты, байыпты да байсалды. Тыңдаушысына ой салып, мә­жі­ліс­те отырғандардың барлы­ғы­ның жанын жадыратып, көңіл­дерін қанаттандырды. Бұл да бізге – өзінен кейінгілерге үлгі ететін өнеге боларлық қасиет.
Қазақстанның халық жазу­шысы Әзілхан Нұршайықов өзі­нің 70 жылдық мерейтойын ҚазМУ-де дүркіретіп атап өтті. Сол мәжілістегі ректор К.Нәрі­баев­тың терең мазмұнды баянда­ма­сын тыңдаған жұрт «Қазақтың үлкенді-кішілі зиялылары ана тілін, ұлт әдебиетін экономист Көпжасардай білсе, ұлтымыздың мұртын балта шаппас еді-ау!», – деп сүйсінгені әлі есімізде.
Ардақты азаматтың әдебиетке жақындығының сыры, қасиетті сөз өнерінің парқы мен нарқын сезінуінің түп-төркіні – ең әуелі шағын ауыл Бектөбедегі Қалды­ғыз әже мен Нәрібай ата, Бибігүл апаның отбасындағы тәлім-тәрбиесінде жатқан еді. Одан кейін Жамбыл қаласындағы №38 орта мектепте сынып жетекшісі болған қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі, көрнекті фо­ль­к­лорист-ғалым, шешендік өнер­дің атақты зерттеушісі Балтабай Адам­баев берген білім-білік, үлгі-өнеге болатын. Көбекеңнің сыныптас-парталас достары, қазақтың айтулы ақындары Жарылқасын Аманов, Әбдірах­ман Асылбеков, институттағы курстас, қанаттас-қабаттас келе жатқан құрбы-құрдастары, белгілі ақын Нәзікен Алпамыс­қызы, әйгілі экономист ғалым­дар, академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин сынды есімдері елге кеңінен танымал тұлғалардың ырысты ықпалы, игі әсері жатқаны да аңғарылады.
Қазіргі таңда профессор
К.Нә­рібаев – экономиканы басқару мен экономикалық білім беру, жоғары білім жүйесін зерттеу салаларында республи­кадағы аса көрнекті ғалымдардың бірі. 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Оның 30-ы – монография, оқулық, оқу құ­рал­дары сияқты ірі де іргелі туындылар.
Көбекеңнің таяу және алыс шетелдерде 4 кітабы және 15 ғы­лыми мақалалары жарық көрді; екі еңбегі Америкада, біраз жұ­мыстары Германия, Франция және Ұлыбританияда шетел тілдерінде басылып шықты. Ға­лым­ның жетекшілігімен эконо­мика ғылымының жаңа салалары бойынша 6 докторлық және 15 кандидаттық диссертация сәтті қорғалды.
Көпжасар ағамыз 2008 жыл­дан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­теті ректорының Кеңесшісі қыз­метін абыроймен атқарып жүр. Ол өзінің көп жылдар бойы жи­наған бай тәжірибесін және бойындағы бар күш-қуатын жастарды тәрбие­леуге, оларға заман талабына сай білім-тәрбие беруге жұмсап келеді. «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Еңбегі сіңген зиялы» медальда­рымен (Моңғолия), Қазақстан ЛКЖО, бұрынғы КСРО Жоғары білім министрлігінің, КСРО Ғы­лыми мекемелер, жоға­ры мектеп және ағарту қызмет­керлері кә­сі­подағы Орталық Комите­тінің, Бүкілодақтық «Білім» қоға­мы­ның, БЛКЖО (ВЛКСМ) ОК, Шетелдермен мәдени және дос­тық байланыс қоғамы одағының Құрмет грамоталары­мен мара­патталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Кембридж халықа­ралық орталы­ғының «Халық­-
ара­лық жыл адамы – 2000 ж.» (Ұлыб­ри­тания) құрметті атағын иелен­ген.

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір