«Жеткізбей кетер жүйрік жоқ…»

0
198 қаралды

Сұлтанмахмұт Торайғыров – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, қоғамдық ой-пікірінің аса көрнекті өкілі, ағартушы, демократ ақыны. Өнер-білімге құлшына бас қойған ол қазақ, татар тіліндегі газет-журналдарды, кітаптарды жатпай-тұрмай оқиды. Осы кездері «Оқу», «Кезек қашан келеді?», «Зарландым», т.б. ірілі-уақты өлең, әңгімелер жазады. Бұларда ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер-білімнің пайдасы, байлық, кедейлік, еңбек, т.б. туралы мәселелер көтеріп, олардың біразын «Айқап» журналына жариялайды. 1912 жылы оқу іздеп Троицкіге барады. «Айқап» журналында әдеби хатшы болып қызмет етеді. Екі жылдан кейін туған жері Баянауылға қайтады. 1916 жылдың аяғына дейін Қатонқарағайда мұғалім болып жүріп, «Оқудағы мақсат не?», «Қазақ тіліндегі оқу, оқыту жолы қалай?» дейтін публицистикалық мақалаларды, «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдарын жазады.

Торайғыровтың өзінен бұрынғы қазақ ой­шылдарының тәлім-тәрбие мәселелері жай­лы ой-пікірлерін ғылыми жағынан сара­лап, кемелдендіре түсуіне сіңірген еңбегі елеу­лі болды. Ол адамның сана-сезімі әре­кет үстінде дамитынын, оқу-тәрбие адам­ның өзіндік белсенділігін қажет ететінін ай­та келіп, талант, зейін, зерде секілді қа­сиет­тердің мән-мағынасын ашып көрсетеді.
Торайғыровтың адамгершілік, эсте­ти­калық тәрбие жөнінде айтқандары да көңіл ау­дарарлықтай. Мәселен, оның ұлттық ән мен күйдің адам өміріндегі маңызы жайлы тол­ғаныстары қазіргі кезде жасалып жатқан ұлт мектептерінің тұжырымдамалары үшін із­де­се таптырмайтын қағидалар.
Сұлтанмахмұт «Қазақ тіліндегі оқу, оқы­ту жолы қалай?» деген мақаласында қазақ ауы­лындағы оқуға 7 жастан 21 жасқа дейінгі ба­лаларды біріктіріп, олардың білім кө­ле­міне қарай 10-12 топ қылып оқытудың қиын­дығын сөз етеді.
Сұлтанмахмұт техникалық білім беру мә­селесіне ерекше көңіл бөледі. Айшылық алыс жерлерден телеграф, телефон арқылы алынатын техникалық біліммен, ақыл-ой парасатын жетілдіретін ар азығы болатын білімдерді қоса меңгертуді уағыздайды. «Оқу» деген өлеңінде:
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса басқа елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.
Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек.
«А, құдай өзің берден» түк шықпайды,
Талаптанып, талпынсаң сонда бермек.

Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін еш өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек! – дейді. Сондай-ақ, ақын өзінің «Оқып жүрген жастарға» деген өлеңінде:
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.

Тепкісінде басқаның
Қор боп жүдеп барамыз.
Көріне көзге азапта
Мәңгі қайтіп қаламыз? –
деп, оқыған жастарға зор жауапкершілік жүктеп, үлкен талап қояды. Сондай-ақ «Оқу­­дағы мақсат не?» деген өлеңінде сол кез­­дегі оқыған жастар қандай азамат болуы керек? – дегенді сөз ете келіп:
Отанымызды сақтауға
Ақиқатты жақтауға.
Біз де басты көтерсек,
Қала бермей таптауда.

Демейміз оқымады біздің халық,
Болса да оқу – анық, мақсат – танық,
Болса егер ойларыңда соңғы мақсат
Еш мұндай болмас еді артта қалық –
деген өкінішін білдіреді. Ақын өзінің «Жар­лау» деген өлеңінде қараңғы қазақ елінің ал­тыбақан ала ауыздығын өлтіре сынай ке­л­іп:
Миллетке жәрдем деген сөз айтылса,
Тығылдың көрден көрдің арасына.
Партия, дау-жанжалдың шеті шықса,
Мал тұрсын аямайды баласын да, –
деп, оқығандардың соңынан еруді үндейді:
Бұл күнде бастаушылар шықты бізден,
Солардың айрылмайық салған ізден.
Басшының соңынан ер, айтқанын қыл,
Тілейтін бар тілегім осы сізден.
Ақын өзінің «Шәкірт ойы» деген өлеңін­де сол кездегі қалада оқып жүрген жастар ойын:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда, кім болам? –
деген асқақ сеніммен жыр етеді. «Алаш ұраны» деген өлеңінде:
Алаш туы астында,
Қолдайтын Алаш бабамыз.
«Туысқандық», «теңдік» деп,
Туын қолға ап шабамыз.
Алаш туы астында,
Өлсек бірге өлдік біз.
Не жақсылық, не қайғы,
Көрсек бірге көрдік біз.

Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз.
Жасасын Алаш, өлмейміз,
Жасасын, Алаш, жасасын! –
Ақынның заман шындығына көзі анық жетпей, 1920 жылы 15 мамырда небары
27 жасында өмірден өтеді.

Серғазы Қалиұлы,
Қазақ білім академиясының Құрметті академигі, педагогика ғылымының докторы, Қазақ қыздар педагогикалық университетінің профессоры.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.