Цеденбал-Филатова кім?

1
435 қаралды

немесе келген жерін жұмаққа айналдырған келін

2015 жылы қаңтарда «Түркістан» газетінде менің «Басыбайлы бодан болғаннан ашқұрсақ азат болған артық» атты портреттік мақалам жарияланды. Анастасия Федоровна тақырыбын жалғастыру ойда жүрген. Тұрсын Жұртбайдың «Кекті бесік» немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда ұйыған хандық» деген мақаласын әуелде «Жұлдыз» журналынан шолып оқығанмын. Онда хандардың ханымдары туралы айтылатын. Енді қайта айналып соғуға тура келді. Өйткені мен де қырық жыл «хандық тақта» отырған, шынтуайтында бір мемлекеттің билік тұтқасын, тізгін-шылбырын ұзақ уақыт ұстаған адамның құдай қосқан қосағы, жат жұрттық жары туралы жазбақпын.

Аса жоғары лауазымды адам­дардың алған жарларының сол елдің не­месе мемлекеттің болашақ саяси-әлеуметтік өміріне ықпалды әсері бо­ла­тыны тарихтан белгілі. Ал бір ел­дің ең жоғары билігінің жарты ға­сырлық ғұмырын уысында ұстаған адам­ның алған жары басқа ұлттың, бас­қа ұлт болғанда сол елді отар­лау­дың жасырын, жабық тәсілімен өзі­нің ерекше бақылауына алып, ашса алақанында, жұмса жұдырығынан шығармаған, заманында «аға ұлт» деп атал­ған, «қаны жерге тамбай» тұрған ха­лықтың өкілі болса ше? Оның ке­лін болып келген елінен гөрі, айбар­лы, азулы төркінінің күйін көбірек күй­теп кетуі тіпті заңдылық болуы да мүм­кін ғой. Осы жағы да есте тұра­тын. Мен бұдан бұрын да әйел тақы­ры­бына, дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Шыңғыс ханның ханымдары ту­ралы зерттеу мақала жазғаным бар. «Әйел затының үш күйеуi болады, – деп­ті Шығысхан. – Алғашқысы – ал­тын тақ (елi), одан кейiнгiсi – ар-на­мысы, ал ақырғысы – алған жары. Ал­тын елiн ардақтаса, адалдықпен аты шығады. Адал атын сақтаса, ал­ған жары қайда бармақ». Шыңғыс хан­ның пайымында ерге болашақта жар болатын әйелдің, ол мейлі ханның яки қараның қатыны болсын басты мақсаты күйіп-жанған құмар­лық, отты ғашықтық сезім емес, ел тағ­дыры, айнала қоршаған ортасы еке­нін, Ер адамның алған жарына қойы­латын талаптың тым жеңіл-жел­пі болмайтындығын меңзеп отыр ғой.
Ал «Орталық Азияның ойранын шы­ғарған ойраттардың» жұрнағы, біз «жойып жібердік, жұтылып кетті» дей­тін Жоңғардың тұқымы, Моң­ғо­лияны ХХ ғасырда табаны күректей 44 жыл тапжылмай билеген Юм­жаагийн Цеденбалдың жұбайы Анас­тасия Ивановна Филатова кім? Ал Анастасияны кім жетектеп әкеліп қал­мақ ұлына қосты? Қандай мұрат, мүд­де оны жер түбіндегі Моңғолияға ай­дап әкелді? Әлде боз далаға боз­тайлақтай боздатып әкелген шы­ны­мен де ғашықтықтың қуатты күші ме? Әлде ол, кекті бесік тербеткен, кекті жа­тырлы, кекті қатын ба? «Цезарьдың да (Клеопатра), Аттиланың да (Иль­дико), Юстинианның да (Феодора), Таң гаузұңның да (Узы тянь), Шың­ғыс ханның да (аңыз бойынша таңғұт хан­шайымы), Сайын Сүлейменнің де (Рок­салана), Наполеонның да (Жо­зефина), мәнжу патшалығының да (Чань фыңның жа-мағаты, Фуң зы­ның шешесі Сычи тайху) қыр жел­ке­сін қиған осы «ұлы қа-тындар» (Т.Жұртбай) сияқты байына қосып бай­­­тағын жалмаған бас кесер ме? Осын­дай сумаңдаған сұрқия сұрақ­тар­дың себебі бар. Биліктің биік ба­сын­да отырған адамның алған жа­ры­ның жұбайына, отбасы, үй ішіне ғана емес, ол шеңберден сытылып шығып, елі­нің, мемлекетінің ішкі-сыртқы сая­сатына дейін сұғынып, кірісіп, ара­ласып, көп жағдайда оң-теріс ық­пал-әсер етіп жататыны тарихтан бел­гілі. Ал орыс қызы Анастасия ха­ным кешегі әлемді дірілдеткен Шың­ғыс хан құрған Ұлы мемлекеттің оша­ғын тұтатып отырған бүгінгі Моң­ғолияның қырық жыл бойы бі­рін­ші ханымы болғанда не істеді? «Ал­тын ұрықтардың» (Шыңғыс тұ­қым­дарының) «атажұртын» аздыр­дып, тоздырды ма?
Әуелі Цеденбал жайында бір ауыз сөз.
Цеденбал 1916 жылы қазіргі Баян-Өлгий қазақ аймағымен бүйір­ле­сіп жатқан Увс (Убсы – у су – Б.Б) ай­мағында баяғы жоңғар қалмақ­тары­ның жұрнағы, төрт ойраттың төр­тiншiсi, қазақ «дөрбет» не «дүрбiт» деп атайтын, ауыз әдебиетінде «ұран­қай, қазақ дөрбетім, // дөңгеленген келбетің» деп жырға қосқан дөрбөд (дөрбет) текті Юмжаның отбасында он бір баланың бесіншісі болып дүниеге келген қалмақ. 1925 жылы Улаанғом (Ұлан құм немесе Қызыл құм – Б.Б) қаласында ашылған мек­теп­ті 1929 жылы бітіреді. Қарша­дайы­нан ерекше қабылетімен көзге түс­кен. Үкімет осы жылы оны Ир­кутск қаласына жібереді. Ол Иркутск, Улан-Үд қалаларында 9 жыл жүріп, Сібірдің Қаржы және экономика инс­титутын өте жақсы тәмамдап, қар­жы және экономика маманы бо­лып шығады. 1938 жылы еліне ора­ла­ды. Қаржы-қаражат саласында түр­лі қызмет істейді. 1940 жылы, бар жоғы 24 жасында МХРП-ның бас хатшы­сы, партия басшысы болып сайла­на­ды. Осы лауазымды ол 44 жыл, яғни 1984 жылға дейін үзіліссіз атқарды. Арқа сүйегені – Ресей.
Жалпы Ресей патшалығының ағы­ның болсын, қызылының болсын қалмақтарға «бүйрегінің бұруы, бо­лысуы» ата-бабасының салтына ай­налып кеткендей. XVII ғасырдың ал­ғашқы жартысында жалы күдірейіп шық­қан жоңғарды қақ бөліп, бір жар­тысын түстік сібір арқылы аман да есен ноғай қазақтарының қара ме­кені Еділге өткізеді. Солар (қал­мақ­тар) арқылы қазақты қос бүйірден қы­са жаншып оңбай жеңілген соң Алтай, шығыс қалмақтарын Цин им­периясы (қытай) жер бетінен жойып жібереді. Дегеніне жетпеген ақ патша Еділ қалмақтарын және екіге жәр­кем­деп, бір саласын Абылай ханның апа­нына тастай салады. Соның жұр­нақтары Шыңжаң (батыс қытай) өңі­­рінде жасап жатыр. Қандай да бол­сын күштінің әлде кімнің қолы­мен жылан ұстату әккі саясатының бірі ғой. ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығы Еділдің Дамдижанцан деген тағы бір қалмағын сынақтан өт­кізіп, тәрбиелеп батыс Моңғолияға жі­береді. Ол жендет ондағы қал­мақтар мен қазақтарға ойына келген аяр­лықты істейді.
Қолында билігі бардың қалың бұ­қараны айтқанына көндіріп, айда­ғанымен жүргізудің тағы бір тәсілі ха­лық­ты қорқытып, үркітіп, оның жү­ре­гін алу ғой. Дамбижанцан (ха­лық Жалама атап кеткен) қарсы шық­қандардың терісін тірідей сы­пыруға дейін барған деген аңыз-шыны аралас әңгімелер де айтылып қалады… Патша ағзамыңыз 1914 жы­лы сол Дамбижанцанның басын өздері кесіп алып, Санкт-Петрбургтің кунсткамерасына апарып, ертінді ішіне салып сақтап қойды. Осыдан кейінгі таңдау Цеденбалға түскен.
Кеңес үкіметі Моңғолия билігінің ке­лесі мұрагері сөзсіз өздері дайын­дап, иін қандырып жіберген Цеден­бал болатынына күмәнданбады. Алай­да, «сақтықта қорлық жоқ». Моң­­ғолиядағы социализмнің бары­сын бақылап отыратын сенімді бір адам қажет. Ал ол адам оның (Цеден­бал­дың) «қабырғасынан жаратылған адам болса» құдайдың бергені емес пе?! Сол үшін кішкентайынан көзі­нен таса қылмай барлық басқан-тұр­ғанын бақылауға алып, болшевиктік (орыстық) рухта тәрбиеленген Це­ден­балдың кімге үйленетініне дейін Мәс­кеу шешкен. Олар бұл істі Моң­ғолияның премьер-министрі, мар­шал Чойбалсанның саяси кеңесшісі Николай Важновқа жүктейді.
Моңғол билеушісінің болашақ жары болмақ бойжеткенге артылмақ жауапкершілік, жүктелмек міндет (құпия) аса салмақты, өте ерекше бол­ғаны сөзсіз. Таудай талаптың тал­ғамы (таңдау, әрине, КГБ тарапынан жүр­гізілгені белгілі) Рязань қала­сы­ның тұрғыны, Николай Важновтың туысқаны генерал Филатовтың қызы Анас­тасияға түсіпті. Жазмыштан оз­мыш жоқ, ауыр аманатты мойына алу Анастасияның маңдайына жазылып, пешенесіне бұйырған екен. Тағдыр оны нақ сүйерінен айырып (мүмкін күш­пен, ол кезде Анастасия Димит­рий деген жігітпен қол ұстасып үлгір­ген ғой) сәбеттік идеологияның құр­баны болуға шешім шығарса, «адам­ның обалынан ойыншық жа­саған» нарттай империяның дегені мен десіне үкідей үлбіреген бойжет­кен­нің қарсы тұрар қауқары қайдан болсын? Көнген. Кездесуге барған. Кез­дестірген. Түр-әлпеті дақсыз, әл­де қағаз, әлде там сорған жылы жүзді, жүріс-тұрысы ширақ, Карл Маркс­тың «Капиталы» мен Лениннің ілім­де­рін жатқа соғатын, орыс тіліне су­дай, орта бойлы тығыршықтай жігіт те ұнаған. Николай Важнов Настя­ның Цеденбалға ұнағандығы жөнінде КПСС-тің ОК-іне «сүйінші хабар» жет­кізген. Сәтті қадам. Осы жерде «31 жасқа жеткенше Цеденбалдың ға­шық­тық сезімі оянбаған ба, жар сүю­ді пешенесіне жазбаған ба?» деген сұрақ тууы кәдік. Жазғанда қандай, қал­қаның (этнос) хас сұлуы екен. Қауе­сет солай дейді. Тағдыр олардың бір жастықта бастары түйісіп, қосы­лып, ерлі-зайыпты болуын кешеуіл­дете берсе керек. Адам тағдырымен ойнау тотаритарлық режим үшін не тұра­ды, тәйірі. Әспеттей айтылатын «әйел теңдігі» әдірем қалып, Цог­золмаа атты бойжеткен де жарқ дү­ниеге жарқ етіп бір көрінген де таңғы жұлдыздай шексіздікке батыпты…
Цеденбал мен Филатова 1947 жы­лы үйленеді. Мәскеуде Цеденбал мен Анастасия қол алысып, құшақтасып, бір-біріне адал жар болуға серттесіп, СССР-дің орақ пен балғасының ал­дын­да тұрып ант суын ішкен. Бізге жет­кен шолақ ақпар түйіні осы. Ақи­қаты Анастасия ханымның ішіндегі ал­тын сандығы мен КГБ-ның «тө­тен­ше құпия» белгісі басылған архивінде ашылмаған күйінде, құлыптаулы жатқаны мәлім ғой. Кремль билеу­ші­лері Анастасияны Моңғолияға «кекті қатындардың» рөлін ойнауға жібер­мегені айқын.
Осылай моңғолдар тұңғыш рет орыс­тан келін түсіреді. Моңғол билі­гінің жоғары шыңындағы адамның жат жұрттан әйел алғанына сол тұста на­разы, жақтырмаған саяси қайрат­кер­лер болғанымен, Кеңестің кеңе­сіне кет әрі дей алмайды. Моңғолия билігін түгелімен қолына алған тұста Цеденбалдың өзінде Анастасияны еліне қайтармақ ниеті болғаны жө­нінде де сыбыстар естіліп қалатын. Алай­да сол кездегі Моңғолияның Ұлы Құралының төрағасы, абыз, ақ­сақал Ж.Самбуудың ақылымен «аға-бауырлық достыққа» сызат түсіруі мүм­кін мәселе пышақ кескендей тыйыл­са керек.
А.И.Цэдэнбал-Филатова өткен ға­сырдың алпысыншы жылдарының ақырынан бастап Моңғолияның сая­си өмірінде қандай бір мем­ле­кет­тік лауазымға ие болмаса да белсенді һәм ашық түрде көріне бастады. Әуелде билікке тікелей қол сұқпаса да жасы егделей келе мемлекет саясатында ық­палды адамдардың біріне айнала­ды. Елдің өркендеп, дамуына өзіндік үлес қосқан тұлға деп есептелінеді. Әсі­ресе, оқу-ағарту, өнер-білім, спорт, әлеуметтік салаларда өзінің өш­пестей ізін қалдырды. Жасөспірім балалардың, жастардың болашағы үшін өте көп еңбек сіңіреді. Өнер, шы­ғармашылық адамдарын қолдады.
А.И.Цэдэнбал-Филатованың ті­келей бастамасымен Азиядағы ең алғашқы ұлттық иниститут болар Ба­лалар Қоры құрылып, 1972-1984 жыл­дары оның орталық комиссия­сы­ның басшысы қызметін атқарады. Осы жылдарда Ұланбатырдағы жас­тар саябағынының, Жас табиғатшы­лар үйінің, Пионерлер сарайының, Жас техниктер сарайының және Жастар сарайының бой көтеруіне мұ­рындық болып, олардың құрылыс істе­рінің жүйелі атқарылуын ба­қы­лауды өз құзырында ұстап, шалбар, куртка киіп алып, іске сылбыр басшы бағыныштыларды бір шыбықпен айдаған. Адуынды әйелдің бетіне тік қарай алмай, алдында құрша жор­ға­лағандар артынан «авғай» (қатын) деп кекетеді. Бұл сөз Анастасияның лақап аты болып кеткен. Құрылыстың жедел әрі сапалы жүруін күн құрғат­пай қадағалап отырғандығы­ның ар­қасында тамаша сарайлар бой кө­тереді. Ол сол кезде совет елінде ат­а­ғы дүрілдеп тұрған Сочидегі «Ар­тек», Алтайдағы «Монжироктан» бір кем емес халықаралық «Найрамдал» (Дос­тық) пионер лагерін табиғаты та­маша, нулы-сулы өлке салдырады. Сол лагерде социалистік елдердің озат пионерлерінің қаншамасы жаз­ғы-қысқы демалыстарын қызықты да көңіл­ді өткізгені жөнінде аузының суы құрып айтатын ел ағалары біздің елде де болуы әбден мүмін. Фила­това­ның осы істерін қазір ғана аса іл­типатпен еске алатындар болмаса, ке­зінде онша бағалай қойған жоқ…
Ел аузында мынадай бір аңызға бер­гісіз әңгіме бар. 1974 жылы Совет­тер Одағының басшысы Бреж-
нев Моңғолияға барады. Осы са­па­рында ол Моңғолия халқына «Неке сарайы мен Жас техниктер сарайын» (А.И.Ц-Филатова өтініші бойынша деседі) сыйға тартқанында Анастасия Ива­новнаның «Ешкім де естен кет­пес тап осын­дай ғажайып естелік қал­дыра алмас еді» дегені Брежневтің тұ­ла бойын дір еткізгені рас, ал ай­наласындағылардың бірі «сен қыз, біз­ге тым қымбатқа түстің-ау» (Элла Фур­манская) деген екен.
Өткен ғасырдың сексенінші жыл­­дардың басы совет елінде билік­тің ұлғайған басшылары бірінен соң бірі өмірден озып, ел билігі әлсірей бастаған шақ. КПСС ОК-нің саяси бюро ішіндегі жастауы М.Горбачев 1981 жылы Моңғолияға барған са­па­рында Цеденбалдың қауызы қа­лың, құрсауы берік, тағына тас кенедей қа­далған билігінің оңай бұзыла қой­майтын қамал екеніне көзі жетіп қай­тады. Ал Цеденбалдың зайыбы, со­­веттік құпия қызмет өздері жетек­теп әкеп қосқан қосағы да билікпен мидай араласып, бет қаратпас күшке еніп, енді орыстың емес, ұлы моң­ғол­дың күнін жоқтаушысына айналып кет­кендігінен түңіліп кетеді. Осы са­парында ол Цеденбалды қалайда тақ­тан тайдыру керек екенін іштей түйіп қайтса керек. 1984 жыл. Цеден­бал­дың басына қара бұлт үйіріледі.
1984 жылы, шілдеде Цеденбал әйе­лімен Совет еліне келеді. Мәскеу­де денсаулығын қаратып, тыңайып қайту мақсаты мақұрым болады. «Аса қауіпті ауруға душар болған, ұзақ уақыт емделуі керек» деген дәрігерлік анықтаманы дереу шығарып, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің 4-басқармасының бастығы Е.Чазов МХРП-ның саяси бюро мүшелеріне жағ­дайды толық баяндап, «ақыл-есі­не қатысты ауруды» дәлелдеп, сен­ді­реді де Батмөнх бастаған уәкілдермен Мәскеуге оралады. Олар Советтің кеңе­сімен Цеденбалға «тағын боса­тудың» қажет екенін жеткізу керек болады.
Осы жайдан хабардар болған Це­денбал сол жерде Совет Одағына, оның коммунистік партиясына адал бол­ған­дығын және де ары қарай да адал бо­лып қалатындығын мәлімдеп КПСС ОК-не жеткізуін өтініп қол-хат жа­­зып береді. Бұл хат көмбесіне
жет­­пей, ар­хивте қалады. Ал А.И.Цеден­бал-Филатова болса қатты ашу­ланып, өліп қала жаздайды. 1984 жыл 20 тамыз күні Филатова КГБ бас­тығы Чебриковпен жолығып Моң­ғолияға қайтаруын талап етеді. Алай­да, бұл кезде оның сөзін құлаққа іле­тін адам қалмаған еді… Өйткені Ком­мунистік партияға Цеденбал енді ке­­рек­сіз адам, ал ол еліне қайтып бар­са істің немен тынатыны да бел­гілі, сондықтан оның мәселесі әл­деқа­шан шешіліп қойса керек. Ал, Це­денбалдың денсаулығы ұлы Зориг­тің айтуына қарағанда емделіп жа­зыл­ғанның орнына Е.Чазовтың күн құрғатпай салған екпесінен күннен күнге төмендей берген. Цеденбалдың басына күн туған қиын-қыстау кезде қасында болған, 30 жыл қорғаныс қыз­метінің басшысы лауазымында іс­те­ген Л.Нанзад деген генерал. Оны 1989 жылы қаңтарда ғана еліне қай­тарды. Ол Цеденбалдың 1984 жылы шіл­денің 26-нан 1985 жылдың 25-ақ­панына дейін Мәскеуда арнайы жер­де қамауда болғанын айтып берген. Одан кейін Мәскеу орталығынан төрт бөлмелі пәтер беріп, «мырза қа­мақ­та» ұстаған. Осы пәтерде (Москва, Алексей Толстой көшесі, 12- үй, 23, 24 пәтер) Цеденбал өмірінің ақырғы ая­нышты жеті жылын Мәскеуде, мырза қамақта жары Анастасия Ива­новна және немере қызымен өткіз­ген. Өмір бойы мемлекеттік қамқор­лық­та болған, қызметші ұстаған Анастасия Ивановнаға Москваға келгеннен кейін үй шаруасын игеріп кету оңайға түспесе де ас, тамақ әзір­леу, кір жуу, дүкенге бару сияқты жұ­мыстарды жедел меңгеріп, өзі ат­қарғанын көз көргендер айтады. Ол Цеденбалды сүріндірген кезінде сүйеу бола білді, өле-өлгенше қасын­да болып, атаукересін ішкізді. Тағ­дырдың жазуымен жат жұртқа күйеу­ге шығып, сол елге балдай батып, судай сіңіп, алтын елін ардақтап, адал­дықпен аты тарихта қалған Анас­тасия Ивановнадан екі ұл туады. Вла­дислав Цэдэнбал экономика, Зо­риг Цэдэнбал табиғатты қорғау са­лалары бойынша тек ғылыми жұ­мыспен айналысқан.
Қазақ баласының тегін анық­тағанда алған жарының (әйелінің) ұлт-ұлысына, ұрық-нәсіліне қарап жат­пайды, аталығымен сүйегін анық­тайды ғой. «Сүйегі – менікі, еті – се­нікі» дейтін тәмсіл-мәтелдердің төр­кіні де аналық жолының нағашы­сы ретінде аталатындығында туында­са керек. Оның есесіне әкесі белгісіз шаталарға ерекше шүйлігеді. Негізі бұл дәстүр біздің түп-тұқиянымыздан бері жалғасқан жақсы салтымыз. «Ұлын Ұрымға, қызын Қырымға қондырған» бабаларымыздың ұлан байтақ өрісін, қол ұшы жеткен қо­нысын көрсетеді. Осындай жер тү­бінен келін түсіріп, қызын ұзатқан хал­қымыз нәсілі басқа анадан туған ұлы­ның «шыққан жатырын» тектеп, тер­геп жатса не болар еді? Елде бір­лік-береке қалар ма еді? Демек қа­зақтың баласының шешесі кім бол­ғанын тектемейтінің тегі осында, бір­лік ұғымына да, бір атаның баласы етіп, «абысын тапқан баланы алала­ған – кәпір» (Зуқа батыр) болатынды­ғын ұғындыра тәрбиелеу маңызды еке­нінде жатыр.
Егер Анастасия Ивановна моңғол жұртына адалдық танытпағанда оның ұрпақтарына немере-шөбересіне де­ген бүгінгі заман адамдарының көз­қарасы мүлдем махаббатсыз, жир­ке­ніш­ті көрініп, моңғолдардың бетіне қа­рай алмай, именіп, жасып тұрар еді. Онда немересі Анастасия бар дау­сымен әлемге, дөрбет-қалмақ бой­жеткенінің ұлттық киімін мақта­ныш­пен киіп тұрып, «Менің алпыс екі тамырымда атамның қаны, моң­ғол қаны ағып жатса мен қалай моң­ғол болмаймын» деп қасқайып тұр­мас еді. Анастасия немеренің осы сөзі маған Шыңыс хан айтыпты дейтін мына бір пәлсапаны берік ұстанғанын есіме түсіреді: «Балаң мен бауырла­рыңа тәлiм-тәрбие үйреткенде ата-тегiн ұмыттырма! Егер, олар жақсыны киiп, дәмдiнi жеп, жақсы ат мiнiп, сұлуға құмар болуды ғана бiлсе бiздiң құрған мехнатымызды ұмытады». Анастасия Ивановна немересінің алдына суретті альбомдарын жайып қойып, атасы, олардың өткен өмірі жай­лы айтудан жалықпағанын Зо­ригқызының естеліктерінен оқимыз.
Анастасия Ивановна Бірінші ха­ным болса да дүниені оңды-солды ша­шып, алтын алқа, бриллиант, не бір қымбат тастар тағып, үлде мен бүл­деге бөленген адам емес. 1990 жы­лы «балалар қорының қаржысын рәсуа еткен» деген айыппен оны «Тойрон хүрээлэгчдийн хэрэг»» (итар­шылардың ісі) атты қылмыстық іс бойынша бірнеше рет прокуратура (Моңғолияның) тарапынан сұраққа алғанда совет азаматы болғандықтан ақша, қаржыға жауап бермедім, қара­жаттың дені балаларға байланысты мәселерге, құрылыс-құрылымдары мен ойыншықтарға жұмсалғанын, туған күніне орай түрлі естелік, ра­диоқабылдағыш, магнитофон сияқты заттарды сыйлайтынын, қымбат дү­ние алып көрмегенін айтқан екен. «Біз­дің үйде кәдеге келген біраз күміс аяқ­тар бар еді, оларды басқа адам­дарға сыйға беретінмін. Солардан 3-4 күміс аяқ қалған шығар. Цеденбалға алтын ақша, алтын аяқ бергені жайлы естімемпін де білмейді екенмін. Ал маған сыйға келген тастардың жи­на­масының ішінде таза алтын болғанын білмедім, 1988 жылы елге барғанда сол тастар табылмады» депті. Цеден­балдың отбасы тұрған үйі 1984-1988 жыл­дары дүние-мүлкімен, үкімет қор­ғауына өткен.
Саясиланған, желкесінен жендет төнген «махаббатты» адамгершіліктің ас­қақ арлы сезімімен аялап, «ибалы ма­хаббатқа» (Тұрсынбек Кәкішұлы) ай­налдырған Анастасия Ивановна Цэдэнбал-Филатова (Анастасия ав­ғай) ұлты орыс болса да аса мем­ле­кетшіл, қаһарман, қалмақ-қалқа әйе­лінің бейнесін сомдап кетті. Мәс­кеуде мырзақамақта ғұмырының соң­ғы жеті жылын аянышты жағ­дай­да, өле-өлгенінше өксікпен өткізген Цеденбал-Филатованың еңбегіне кейінгі толқын әртүрлі баға береді. Солай болса да 2006 жылы Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында оған ескерткіш қойылып, халықаралық «Найрамдал» балалар лагеріне оның есімі беріледі. 80 жасында 2001 жылы 21 қазанда Мәскеуде қайтыс болды. Ваганьковское қабіріне жерленеді.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

1 пікір

  1. Ақиқаты бұл мақаланы жазуға мұрындық болған ҚӘ газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан еді. Біздің қолдан келген осы болды. ҚӘ газеті ұжымына және Жанарбекке мың да бір алғыс айтамын.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.