Аққан жұлдыз – Рух жаңғырығы
18.05.2018
1535
0

(Зәкария Сағындықұлының 125 жылдығына орай)

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
тарих ғылымының докторы,
профессор


Міне, енді заман оңалды, заң тү­зелді. Елбасы Н­.­Ә.­Назарбаев­тың: «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» үндеуінің игі ықпалы тиіп, талай көненің көзі жоқталуда. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілуде. Ұлттың бағалы құнды­лық­­­тары бүгінгі күннің кәдесіне ұсынылуда. Осылайша, қуғын-сүргін құрбаны болған Зәкария сынды ерлердің күні қайта туды.
Маңғаз Маңғыстау даласы не кеш­педі?
Сондай қилы тағдырдың ба­сын­­да, тарихта өшепестей із қал­дыр­­ған, Маңғыстау төңірегіне та­­нымал ірі тұлға Тобанияз Әл­ния­з­ұлы еді.
Тарихқа көз салсақ, 1918 жы­лы, тамыздың 23-де Маңғыстауға, Қа­раған түбегіне, Астрахань қала­сы­нан теңіз арқылы Әліби Жан­гел­­дин бастаған интернацио­нал­дық отряд келіп түсті. Бұларды То­банияз Әлниязұлы бастаған ел азаматтары қарсы алып, Бозашы түбегіне, ел ортасына апарды. Ха­лық арасында дұрыс түсінік жасап, сол кездегі саясатқа үн қосып, Жан­гелдинге қолдау көрсетті. Ол өз тарапынан, ел арасында үкі­мет­тің бастамасы мен жақсы мақсаты жөнінде түсінік жасады.
Сөйтіп, Әліби Жангелдин бас­таған белсенді топ Қаратөбе, Мәс­тек жерінде адай елінің съезін ашып, Маңғыстау революциялық комитетін құрып, оның төраға­лы­ғына Тобанияз Әлниязұлын сай­лаған болатын.
Осы кезеңде Тобанияздың төңі­­регіне елдің не бір талантты, үлгілі азаматтары топтасты. Жаңа үкіметті қолдап, оның үгітіне се­нім артып, ел үшін, жер үшін адал­дықпен еңбек етуге кірісті. Соның бірі – Тұрниязов Зәкария болды.
Зәкария Сағындықұлы Тұр­ния­зов 1893 жылы бұрынғы Ақ­төбе округінің 14-ші ауылында дү­ниеге келген. Оның ата тегі: Ад­ай – Құдайке – Қосай – Тіней – Арық – Құдайберген – Бекболат – Сары – Жанаман – Тұрнияз – Сағындық – Зәкария болып та­рай­ды. Қарапайым халыққа, қа­лың Алашқа қайыры тиген атақты Қалнияз, Жұбан есімді сақи бай­лар – Зәкариямен немере туысқан. Жұбанның баласы Шам, Талпақ­тың аты ел аузында Зә­кария­мен бірге айтылуы да сондықтан болар.
Жастық шағы Жем, Ойыл, Қиыл бойларында, табиғаттың тал құ­шағында әлдилеумен өтсе ке­рек. Жасынан Махамбеттің отты жыр­ларын санасына құйып, Ақ­тан, Қашаған сынды ақындардың ақындық дәстүрлерінен үлгі алған Зәкария өз жанынан да өлеңдер шығара бастаған.
Ақынның азаматтық атқа мін­ген шағы ақтар мен қызылдар ар­сындағы күрес дәуіріне дөп келді. ХХ ғасырдың басындағы ала­са­пыран оқиғаларда ол халық мүд­де­сіне тиімді жолдарды таңдады. Қазан төңкерісінен кейін де өмірі мен күш-жігерін елді қоныс­тан­дыру­ға жұмсап, Ойыл бойындағы Сулыкөл, Наршөккен, Қоғалыкөл, Қоңырсай сияқты елді мекендерде елдің отырықшылануына ықпал ет­ті. Алайда халқын ойлаған ақын­ды қақбайлаушылар, күншілдер, қаскөйлер көбейді.
Дәл осы кезең, Қазақстанда Голощекиндік саясат атқа мініп, қызылдасу науқаны барынша қы­зып тұр еді.
«Адай көтерілісі» деген атқа ие бол­ған халықтық дүрбелең Маң­ғыс­тау тарихының бір қаралы беті болып жазылып қалды.
«Адай көтерілісі» – жабық та­қы­­рыпқа айналды.
Қысы-жазы малын аяқтай жайып, қора салу, пішен дайындау дегенді білмей келген, табиғатпен біте қайнасып өскен көшпелі елді тұсаулаған отырықшыландыру саясаты; түрліше аудандастырудан туындаған әуре-сарсаң; Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Шәбден Ералиевтің өлі­міне байланысты аласат; Құрмаш Қос­жановтың «барымташы то­бы­ның» үкімет құрығына ілінуі, То­ба­нияздың «контрреволю­цио­нер» то­бының «әшкереленіп», жазаға тар­тылуы; тәркілеу; салық саяса­ты­ның келеңсіздіктері; 1931 жыл­ғы дүрбелең, т.б. оқиғалардың бәрі – Маңғыстауға бас-аяғы үш-төрт жыл ішінде келген алабүлік болды.
Осы кезді дана Әбіш Кекілбаев бы­лай сипаттайды: «Бұл – Маң­ғыс­тау өңірінің халқы үшін «малы мен дәулеті түгілі, ақылы мен әуле­тінің қайда қалғанын білмей қалған кез болды».
1926-1927 жылдар кезінде көзі ашық, көкірегі ояу ақын Зәкария Көкжар мен Миялы арасындағы шұрайлы жер «Аққұдықтан» «коопе­ратив» ашпақшы болады. Бұған жергілікті дәулетті адамдар ара­ласады. Яғни, олар «Аққұдық­ты» өз пайдасына жаратуды көз­дей­ді. Даудың соңы келіспеушілік-кесірге ұласып, Зәкарияны «бай­­дың баласы, әлі байлықты, фео­далдықты көздейді» деп қара­лап, үкіметке шағым түсіреді.
Сөйтіп, «ескі өмірді аңсаушы, жаңа заманға жат адам» деген жа­ламен ақын Ойыл түрмесіне қа­ма­лады. Мал-мүлкі тәркіленіп, 1928 жылдан 1930 жылға дейін жаза ке­сіліп, түрмеге жабылды.
Зәкария ақын түрмеде отырған кез­дерінде қадірлес досы Мамай Сал­ғараұлына өлеңмен хат жазып, бы­лайша толғайды:
Тұтқында ерлер ойлайды,
Ойласа ойға тоймайды.
Дертке толған сұм жүрек,
Ерді еркіне қоймайды.
Орынсыз көрген оқиға
Көңілдің шерін қозғайды.
Байлауда жатқан нартайлақ,
Үйірін іздеп боздайды.
Осылайша кеңестік кезеңнің қу­далауына ұшыраған ақын «бай­лауда жатқан нартайлақ, үйірін іздеп боздайды» дегеніндей қасі­рет­ті өз басынан да кешті. «Адам­зат­тың баласы», «Құдіреті күшті құ­дайым», «Адай деген ел едік», «Көл­денең жатқан Маңғыстау», «Ша­тылу бүгін емес, бұрыннан бар» атты жырлары арқылы ерлік­ті, бостандықты жырлады. Өз бойы­­на да жұбаныш, бас имес рух ті­леді.
…Ойылдың біз жатырмыз түр­ме­сінде,
Құдайым не салмайды пендесі­не?
Тайпалған талай жүйрік, талай жорға,
Заманның тап болып тұр кермесіне. Солардан жаным, тәнім артық емес,
Құр бекер күйзелемін мен несіне….
Зәкария «Адай деген ел едік» деген жырында:
Адай деген ел едік,
Аруағы бұлттай торланған.
Есепсіз дәулет қорланған.
Екі талай іс болса,
Бір жағын күшпен қолға алған.
Батырлық, байлық, биліктен
Жоқ еді жерім құр қалған, – дей ке­­ле, арғы-бергі бабалар батыр­лығын тілге тиек етіп, кейінге қал­ған рухты жырлар үнін жаң­ғыртады.
Ерлерім өтті тұмсарған,
Арлы жерге ат салып,
Халық үшін терлеп, бусанған.
Қазақ түгіл қалмақты
Қонысынан қуып қол салған, – деп толғап, рухы мен намысын биік ұста­ған аталастарының атақ­ты адамдарын еске алып, олардың хал­­қы үшін, елі үшін еткен ерен ең­бектерін баяндайды. Зәкария ақын енді бір өлеңінде:
Жүйріктен мәстек озар ма?
Артқан жүк ауыр болмаса,
Бұйдасын нарлар созар ма?
Ақпары кеткен арнаның
Алқабы құйсам толар ма?
Құлпырып шыққан бәйшешек,
Уақыт жетпей солар ма?
Ата-анасын зарлатып,
Азар берсе жасынан.
Оларға оңай болар ма?
Біздер түгіл кешегі
Қасиеті күшті пайғамбар
Қайғылы болған екен солар да, – дей келіп, «Алалы жылқы, ақтылы қой өсірген, қордалы дәулет бітіп, қо­ралап қонақ түсірген», қазақы қай­мағы бұзылмаған өмірдің аз­ғындағанын күйінішпен жыр­лай­ды. Ақын осындай ой-толғамдары ар­қылы ол өзінің көрген азабын, аяу­сыз қорлығын ұмытпақ болады. Ба­балар ерлігін көңіліне медеу қы­лады.
Қойғаның ба, бір Алла,
Түрмеден тағам татырып! – деп түрменің тар тесігінен шер жұ­тып, жырын аһ ұрған өкінішпен, жа­ратушы Алласынан медет тілеп та­мамдайды.
Тас қапас, тар заман ақынды түр­мелеп, қара жердің қойнына ер­те аттандырса да оның жырла­рын құрта алмады. Орнында бар оңалар – ұрпағы өсіп-өнді, жыр­лары түгенделді. Жала алынып, жақсы заманның шуағы жүректер­ді жылытты.
Мұрағат деректері бойынша «Тұр­ниязов Зәкария 1930 жылдың 2 шілдесінде Ақтөбе округтік ОГПУ органдарымен тұтқын­да­лып, ОГПУ-дың үштігінің (трой­ка) шешімімен 5 жылға сотталады. 1962 жылы 8 ақпанда КССР про­куратурасының шешімімен ақтал­ған».
Сталиндік жаналғыш диір­мен­нің оттығына түскендердің бірі – Зәкарияның інісі, 1900 жылы туған Сағындықов Бейнеу де 1932 жыл­дың 5 мамырында тұтқында­лып, 1991 жылдың 7 наурызында ақ­талады. Бұл қуғын мен қызыл қыр­ғын Зәкарияның да отбасын айналып өтпеді. Ұлы Сағындықов Хамит 1915 жылы туған 1949 жылы тұтқындалып, 1950 жылы 15 қаңтарда 12 жылға сотталады. 1997 жылдың 12 қарашасында ҚР бас прокуратурасының шешімімен ақталады.
Бұл бір отбасының ғана басы­нан өткен нәубет еді. Сөйтіп, елдің белгілі азаматы Сағындықұлы Зә­карияның шаңырағы қатты шай­қалды. Бұл жағдай бір отбасының ғана көрген қиямет-қайым тауқы­меті болғанмен бүкіл елді шарпы­ды. Жазықсыз жалалы болған ел азаматтары бірінен соң бірі түр­меге тоғытылды.
Енді міне, «елу жылда ел жаңар­­ды», заман оңалды, Қазақ­стан тәуелсіз ел болып, ұлт өз бос­тандығын тапты. Қаралы күндер келмеске кетіп, жазықсыздар ақ­талды. Зәкария және оның әулеті халқымен қайта қауышты. Зә­ка­рияның ұрпақтары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Алматы облыс­тарында тұрады.
Оның бірқатар толғаулары 1992 жылы «Қапаста жазылған хат­тар» жинағында жарияланды. Ақын шығармаларын жинақтап, ал­ғы­сөзін жазып, баспаға дайын­даған – талай асылдарымыздың мұ­раларын бүгінгі ұрпаққа жал­ғаған, филология ғылымының кан­дидаты, белгілі ғалым Қа­би­болла Сыдықов ағамыз бо­ла­тын.
Зәкария туралы сөз болғанда, оның атбегілігі хақында да хикая көп.
Көнекөз қариялардың ай­туын­ша, ол шашасына шаң жұқ­тыр­маған Шұбар атымен тарихта қал­ған азамат. Ескі көз қария­лар­дың аңызы бойынша оның ат құ­мар­лығы хақында мынадай бір әң­гіме әлі күнге дейін айтылады.
«Зәкарияның нағашысы Бек­ше бір бәйгеден жүлдемен оралып, жол­да апасына сәлем бермек ой­мен жиенінің үйіне соғады. Сонда Зәкария:
– Нағашы, қалағаныңды тауып бе­рейін, маған Шұбар атыңды бер, – деп қолқалайды.
Кім жүйрігін бергісі келеді дей­сің, нағашысы келіспей өз жө­ніне кете барады. Салы суға кеткен Зә­кария үш күн бойы нәр татпай жа­тып алады. «Ананың көңілі ба­лада, баланың көңілі далада» де­мей ме халқымыз. Үш тәуліктен бе­рі баласының қас-қабағына қа­рап отырған анасы:
– Құлыным, саған не болды? Бір жерің ауырып жатыр ма? Үш күннен бері асқа жақындамадың ғой, – дейді.
– Шеше, менде нағашы, сізде бауыр жоқ екен, – деп шорт кеседі сонда ұлы. Мән-жаймен толық танысқан шешесі үн-түнсіз үйден шығады да, сыртта байлаулы тұр­ған қара жорғаға мініп алып, шаба жөнеледі. Сол шапқан күйі Жем өзені бойында алаңсыз кетіп бара жатқан інісін қуып жетіп:
– Балама Шұбар атыңды беріп, қа­лағаныңды ал. Болмаса, мені осы жерде өлтір, екінің бірін таң­да! – дейді. Қазақтың әдебімен апа­сын сыйлағаны ма, әлде жие­нінің назарына қаламын деп қо­рықты ма, інісі қайта келіп, жие­ніне:
– Қойларыңның ішінен төрт жүз ісек бересің, оның екі жүзі қа­ра, екі жүзі қызыл болсын, – деген шарт қояды. Зәкария қойларының ішінен бар болғаны жүз елу-ақ ісек шығады. Ат десе ішкен асын жерге қоятын Зәкария дереу рулас аға­ларының бірі Талпақ Жұбанұлына кісі жіберіп, екі жүз елу қоспасыз ісек тауып беруін өтінеді. Талпақ лез­де екі жүз елу ісек тауып, бұған ай­датып жібереді. Мұндайды күт­пеген нағашысы:
– Болмады, мен жеңілдім, Шұ­бар сенікі, – деп төрт жүз ісегін ал­дына салып, жиенінің атқұ­мар­лығына таң-тамаша болады. Ел аңызы бойынша, Шұбар ат Зәка­рияның пырағы болған. Қазақта серілер мал жиған ба? Осы оқи­ға­дан кейін Зәкарияның малы азай­ған дейді. Соны көзімен көріп жүрген сол кездегі замандастары:
«Баласы Тұрнияздың сағыр қақ­­қан,
Айырылып, бір мың қойдан
шұбар баққан», –
деп жырлайды екен.
Оның өзінің түрмеде отырып шығарған өлеңдерінің бірінде:
«Көлденең жатқан Маңғыстау,
Қар жатпайтын ой еді.
Сарыарқаны жаз жайлап,
Күнде қызық той еді.
Сауын айтып он бестен
Мыңдап сойған қой еді, – деп жыр­лай келіп, сол кездегі далалық ауыл тірлігін тамаша суретпен кес­телейді. Одан ары қазақы атқұмар­лық пен тұлпарларға ойысады:
Жиынға жүйрік жаратып,
Басын көкке қаратып.
Талай қостық алқаға,
Қаншырдай бұтын таралтып.
Белдеуге қойдық байлатып,
Арқан тағып ойнатып.
Алмадай мойнын үзілтіп,
Жал-құйрығын сүзілтіп.
Күйіне салып шіркінді
Қаңтардың талай кіжінтіп.
«Қосайлап» ұран шақыртып,
Сөреден сүйреп жапыртып.
Мінбеген жылқы қалдырмай,
Ортадан ойып олжа алдық.
Көтермешіні қапылтып,
Осындай көрген қызықтан,
Айырды, құдай, шатылтып», – деген жолдарынан ат жаратудың бол­мыс-бітімі айшықталып тұр.
Осы шұбардан басқа, тағы бір көк жүйрігі болғанын қариялар былай әңгімелейді:
Бірде Зәкария көк атын Әли Тауанның асында ошақ бәйгесіне қо­сып, жүлдесіне боталы түйе бұйы­рады. Сонда ол марқайған көңіл­мен: «бәйгемді ертеңгі ала­ман бәйгедегі бас жүлдеммен қо­сып бірге алармын! Бүгін тап­сы­рып әуре болмаңдар» дейді. Алай­да айтқаны Аллаға күпірлік бол­ды ма ертеңінде көк ат бәйге­ден екінші болып келіп, аты жан тә­сілім болған екен. Қариялар мұны албырт ақынның асылығына балайды. Бәлкім, тәңірі оның кейінгі өмірінің мысалы ретінде де осындай бір оқиғаны орайластыр­ды ма екен, кім білсін!?
Ат бәйгесінде Зәкария өмірінің сал-серілік, жомарттық танытқан сәттері де көп болған деседі. Бірде Жұбанның ұлы Шамның қыз ұзату тойында аламан бәйгенің жүл­десі­не 50 жылқы тігіледі. Аты бас жүл­дені алған Зәкария 50 жылқыны тойға шашуым деп ошақ басына тастап кеткен екен. Құдай таби­ғатынан дарын берген ақынның бұл сақилығы жеке дара бір жағдай емес, ірі турайтын мырзалығы та­лай мәрте кезіккен деседі.
Демек, Зәкария Сағындықұлы­ның ақындығымен қоса, жүйрік аты­мен де, атбегілік өнерімен де тарихта есімі қалғаны мәлім.
Зәкарияның жырлары халық іші­­не кеңінен тарады. Түрмеде отыр­ған шағында да тоқтамай өлең­­дер жазды. Сондай жазба­лар­дың бір тобын иманды түрме кү­зет­шілері жасырын түрде артынан бар­ған інісі Бейнеудің қолына та­быстайды. Өкінішке қарай, Бей­неу аталған өлеңдерді жаяу-жал­пылап, еліне оралып келе жатқан са­парында абайсызда жоғалтып ала­ды.
Сөйтіп, бүгінгі оқырманның кә­де­сіне ұсынылған Зәкария жыр­лары жады жомарт жыршылар мен ізгі жандар арқылы ғана бізге жет­кен нұсқалары болды.
Зәкарияның соңғы өмірі жайын­­да, жазалау лагерінен Әу­лиеатаға, одан әрі Түрікменстан­ның Шаржоу қалаларына жер аударылғаны айтылады. Інісі Бей­неудің айтуы бойынша ақын 1933 жылы емдеу орнында қаза болған екен. Бейнеу ағасын өз қолымен жер­леп, топырақ салған, оған мы­на сөзі дәлел:
Түрікменстан жерінде,
Шаржаудың асқар белінде.
Қырықта тұрған жасында,
Ажалы жетіп өлулі,
Арманым жоқ, Аллаға,
Қолымнан өзім көмулі…
Бейнеудің дерегі бойынша Зә­кария 1933 жылы 40 жасында қай­тыс болса, 1893 жылы туғандығы анық деген сөз.
Ақын Әмударияның Шаржау кө­пірінің тұсындағы Фарап атты ел­ді мекендегі қазақ ауылдарына жа­қын «Қожадәулет» деп аталатын зи­ратта жерленіпті.
Бүгінгі ұрпақ жазықсыз жа­ла­лы болған азаматтарды ақтап, тәуел­сіздіктің еркін желімен қа­нат­танған абзал азматтар мен тұл­ғалардың есімдерін ардақтап, ең­бектерін бағалауда белгілі қа­дам­дар жа­сады. Қызылқоға ауданында бір гек­тар жерді бөліп, «Зәкария пар­кі» салынды, ескерткіш қойылды. Ол туралы кітаптар, мақалар жа­зылып, ақынның еңбектері жа­рия­ланды.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Қа­зақ­стандағы Голощекиннің «Кіші Октябрінен» жазықсыз зардап шеккен аяулы ақын Зәкәрия Са­ғын­дықұлы қысқа ғана ғұмырында артына аққан жұлдыздай із қал­дырып, ұлт рухына, поэзиясына өзін­дік үлесін қосып кетті. Бүгінгі қуғын-сүргін күніне орай айтар бол­сақ, ерлерді жоқтау, олардың үлгі-өнегесі мен рухын ұрпақ бойы­на сіңіру бүгінгі күннің қа­жет­тілігі болып табылады. Азат ел­дің аспанында Зәкария сынды ер­лердің рухы қыран құстай қа­лық­тай береді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір